ҰЛЫҚ ПЕРІШТЕНІҢ УӘДЕСІ (Әңгіме)

Сайлаубай Жұбатырұлы

Бұл – екі құрамды әңгіме емес.
Көне әпсана мен бүгіннің болмысы арасында бір тірі тамыр сезіледі. Соның тұтас уәжі…
Мен естіген аңыз былай дейді:
Дәуіт пайғамбар (ғ.с) өлім Періштесі Әзірейілмен дос болған. Сол достық үдесінде пайғамбар бірде Періштеге бір өтініш айтқан деседі.
– Хазіреті Әзірейіл достым, саған мезгілі жеткен пенденің жанын алу міндеті жүктелген. Бұл фәниден бәріміз де өткіншіміз. Менің де санаулы өмірім бар. Ал енді, асылық болмасын, доспыз ғой, дос көңілде саған бір өтініш ­айтайын: мен өлетін күнді сен маған ертерек ескертіп қойсаң қайтеді?
– Ол не үшін керек болды, құрметтім?!! – деп сұрайды Періште.
– Алды-артыңды біле өмір сүруде – тиім бар.
– Мақұл, – дейді Періште. – Айтқаның болсын, достым.
Уәде – кепіл! Әсіресе, Періште сөзі!
Пайғамбарлардың да пенделігі болатынын алдыңғы-кейінгі тарихтар аз дәлелдемеген ғой… (Пенделік дегенің кім-кімнің де жан қалтарыстарында бүргедей бұғып жүретін, әлде, сайтандай перделі, әлде, ұрыдай сылтсыз бір жымысқы, сірә…) Ұлық Періштенің сондайлық уәдесін алған пенденің көңілі жайланып, алаңсыз, өмірін ары жалғай береді. Яғни өлім хабары келерінен кепілі бар адам, өмір мәселелерін алаңсыз атқара берсе жөн ғой, оның несі айып?.. Жасөспірім шағында Жалут дәуді жеңіп, ел алдындағы адами беделі артқан еді. Жаратқан өзіне отыз ұл берді. Мол байлыққа кенелтті. Күш-қуатын ­асырды. «Дәуіт жұлдызы» Синай көгінде биік жарқырады. Пайғамбарлық дағауасы зор еді… Шүкіршілікті ұмытқан емес. Ал ақыл-парасаты пайғамбар дәрежесінде кемел екеніне кім шәк келтірер?!!
Әрине, пайғамбар да – ет пен сүйек бітімді пенде… Өмірдің көлеңкелі, тіпті қасіретті сәттері де аз болмаған. Асылық та болды, жаза да болды… Біледі: пайғамбарлар өмірі қиын сындармен әдіптелген. Бұл бәріне бірдей кесімді шарт болмас, бірақ өмір ақиқаты бір ­реттерде, сондайлық жағдайларға мықтап телінген ғой…

Бір күні мінәжат алдында дәрет алып отырған Дәуітке досы, Әзірейіл, яғни Өлім Періштесі жетіп келген еді. Періште жай жүруші ме еді!
– Достым, мен сенің жаныңды алуға келдім! – дейді ол пайғамбарға.
– Ау, біздің уағдамыз қайда, дос?!
– Біз уәдені ұмытушымыз ба? Біз өз сөзімізде тұрдық.
– Қалай сонда?
– Достым, уәде – Құдай сөзі. Оны жұтқан нәмәрт-қасиетсіз… Саған берілген аманатты қайтарып алу сәті бір Жаратушының ғана құзыретінде. Ал өлім сәтінің жақындап келе жатқанын біз өзіңе көп ескерттік: шашыңды, сақал-мұртыңды ағарттық. Тісіңді босатып, қолыңа таяқ ұстаттық. Пенденің желкөрік көкірегі тым аспанси бермей, тәубеде болсын деп, түрлі сын, ауру-сырқауды жиілеттік. Сындардың қаттысы – ­намаз үсті, «Ассалаумағалейкүм, ­Рахматулла!» сәтінде, оңға-солға көз салып, екі жағыңдағы отыз ұлыңды көріп, көңіліңе сәл астам ой енгенде, сол отыз ұлыңды бір сәтте алдық. Есесіне, Сүлеймендей асыл перзент бердік… Соның бәрі жақын қалған өлімнің ескертпелері еді. Өмір нышандарына пайым жасау – парасат ісі. Сен парасатсыз ба едің, қадірлі достым?!!
– Түсіндім, – деді пайғамбар. – Истиғфар! Истиғфар!! Истиғфар!!! Менен болған пенделік ағаттыққа сансыз кешірім сұраймын, Раббым! Жаратушы бұйрығына шәгім жоқ!.. Тек енді, мына таһарат судан қалған жарты кесені ішіп қояйын…
Шарт бойынша, дәрет алудан артық ауысып қалған суды рәсуада қалдырмай, ішіп қою парыз еді.
– Тоқта, достым! – деді Әзірейіл. – Бұл жарты тостақ су сенің татар дәмің есебінде жоқ. Ол саған жазылмаған!
Сөйтіп, өлім періштесі пендеге бұйырмаған сәл жұтымды да өңештен өткізбестен, досының жанын алып жіберді.
Дүния, ырғын байлық… Дәреже, даңқ… Бәрі қалды…
Соның бәрінен өзіне бұйырмаған жарты кесе су да ішілместен қалып еді.
***
Тағы бір жеңіс…
Оның татымы таңдайға таңбала­нардай ерек тәтті. Ол сенің көңіл-құсыңды көкке шарықтатады. Өзіңнің мына ақиқаттағы һамбал мәнділігіңді сезіне түсесің. Табан астындағы Жердің өзі монтаны мойындаған зор салмақ сезінесің бар бітім-болмысыңнан.
Кезекті жеңіс. Ол жанға жағымды бар зіл салмағымен, өз мәнділігін барынша сездіре, таудай боп төбеден қона кетті; дүние-төңіректі әлем-жәлем жалт-жұлтқа толтырды; маңайды ғанибет дабырамен шулатып жіберді… Мұндай нұрлы сәттердің өмірде қаншасы болмады! Бәрінің есебін айта алмас еді (Жә, ондай-ондайды есепке құмарлар есептей ­берер…). Тек, бәрі де ғайыптан-тайып, аспаннан басқа кеп құлай қалған оңай бақ еді деп ешкім айта алмайды (Айтпайтын да болуы керек!).
Жеңістер еңбекпен келеді… Жеңістер және есеппен келеді…
Өмірдің қайбір кезеңінде, тағдыр кестесі алдыңда тек жеңіс өрнектерін сызып жатсын десең, дүние-болмыс қалыбын төңкеріп жіберердей ынта-әрекетті бол! Тек, жағдайлардың орайы мен сәті оңынан келсін де! Сәттіліктің өзі де, айналып келгенде, сол ынта мен әрекет қазығына байланатын бір үркек қой…
«Сен кім едің?» деген сұрақ қояды өзіне… Орнықты ой, мұздай ақыл, қиюлы қисын адамы. Бәрі негізсіз емес. Өмірге айқын да, тайсақсыз көзбен қарай алу. Ерік күші арнасында іс-әрекет жүргізіп, ақыл-парасат шыңдау. Мақсат тым биік тұрды (Соншалық айла-амалсыз да өмір сүретін, өмір сүріп жатқан мың-миллиондар бар, әрине, өмір ғой). Жалпы, халықта «қолдың кірі» деп орынсыздау бағаланатын дүние-байлық қана емес, солардан қасиет-құны көп жоғары ақыл-ойдың асылдарын тани алдым және соларды талмай жинай бердім деп сенді. Құдай қолдағанда, осыны ертерек және тереңнен сезінгені ғажап. Кейбір ұсақ көңілдер, есіл-дерті алдыңғысының жетегінде кетіп, тілдері салақтап жемтік қуған иттей, жатпай-тұрмай ұрына дүние-мансап құрап, сонан біразы өз ойында күлкілі күпінген астамдық, мәнділік сезіне, тайыз масайғанда, бұл өз мақсатының арнасын жоғалтқан жоқ. Әмияндары тоқ, көйлектері көк күлкілі ақымақтар қаншама мына өмірде! «Ақылды екенсің – неге кедейсің?» деген классикалық риториканың мәні де, ендігі, ұққанға түбегейлі өзгерген. Шамшыл байшыкеш, әлде, кеудесі көрік ұлылар – ежелден күлегеш көңілдердің арзан жемтігі ғой…
Орнықты ой, мұздай ақыл, қиюлы қисын адамы.
Өмірдің талай жеме-жем сәтінде олар өзіне көмекке келді. Дәлірегі, көптеген сынды сәттерде шұғыл ес жиып, ширыға қуат шақырып, ­солай, өзін ешкімге алдырмас қарымды, күшті қорғаушы дағауасына жетті ол достар. Мәселен, керемет рекордтық зілтемір көтерушінің немесе тым алысқа жүгірер марафон өлерменінің шыңдалуындай зор, рухани-психологиялық сындардан өтіп, өзінің адами болмысы боп қалыптасты. Қатыгез жекпе-жек мықтылары саусақ ұшымен-ақ адам өлтіре алатын өнер шегіне жетеді (Зұлымдық үшін күш жиғанды, жалпы Құдай атсын!). Ал бұның өзі ширыққан ақыл-қисын күшімен кім-кімді де жусатып ­тастар қасиет деңгейіне көтеріле алды. Әрине, нұрлы парасат шамшырағы сілтеуінде, ізгі мақсаттар биіктерінің шақыруында деген сенімде…
Сонан да өмір тізгіні қолда. Тірліктер сенімді. Логика темірдей.
Осынау ойлар бүгін неге тұтаса қаумалап отыр өзін?
Биік тауға бұлт үйір… Ақыл қуаты деген – бітім-болмысыңа мықтап дарыған, балдағы қолыңа берілген зұлпықар. Ақыл – құдірет. Ақыл – кепіл. Әрине, кепіл! Мына жалғанда, сол ақыл қуатында биік көтерілген атағың, дәрежең, беделің – сенің өмірің үшін зор кепіл. Әйтпесе, игі де ізгі істеріңнің бұл өмірдегі мәні, қайтарымы не?
Кепілдің белгісі… Ағайын, дос-жаранның ықыласы мен көңілі. Олар сәт сайын жағалауын кере түскен, қайтуы мүмкін емес шалқу теңіздей. Ұлы айдынның қызуы көтеріңкі, тегеуріні сұрапыл келеді. Бос шулы дабыра емес ол. Көптің ықыласы… Бір жақсылық, бір батаның өзінен ғана пенде Жаратушы рахматынан сонша үмітті болады. Ал көптің алғысы. Ол ұлы күш – биік тау, қорғанды қамал, буырқанған мұхитта сені қамқор қомшасында алып келе жатқан сенімді кеме. Көптің махаббаты… Ол сарқылмас-суалмас игілігі ырғын ­дария, берері мол, пайдасы ағыл-тегіл, ризығы таусылмастай. Көптің пейілі… Ол тосқауылды білмейтін тасқын сел, оның жолына көлденең тұрам деген біреу топан жолына түскен жаңқа болады.
«Көптің алғысын Құдай да бұза алмаған!» деген…
Тек, солардан жанды кіндікті үзіп алмау керек!
Апыр-ай, мына ойлар неге қалыңырақ қаумалап отыр өзін?
Өз сенімінде, бауырларға деген ізгі ниет ұшан-теңіз еді.
Өмір есептен, мықты есептен тұрады. Сәттілік дегенің – елу ­пайыз Құдайдың қарасуы және елу үлес өзіңнің амал-әрекет, ұштастыра-қайымдастыруың. Ал жамандық әр сәт, әр тасада аңдып тұратын өмір пасықтығы. Ол арамшөп, күтімсіз-ақ жолыңа біте береді. Онан мүмкін жағдайларда, сәтімен жырылып кету данышпандықтың бір белгісі. ­«Жырынды» – аса қызық философия.
Осынау өмірде қиянат бар ма еді? Өмірде қиянат-қысым болмаған деп кім айта алар? Оның мызғымас негізі сонау алғашқы табиғи-болмыс құрсағынан; бүкіл тіршілік амалдары соны қайталайды… Қиянат. Ол жарықтың көлеңке бетіндей, медальдің екінші жағындай өмір шындығы, соның құрамдас бөлігі. Бәлкім, тіпті қажеттілігі! Оны қиянат деудің өзі артық. Өйткені өмір күрес. Күрес арты жеңіс (жеңіліс). Жеңістің сырт беті – қиянат. Жеңіс көлеңкесінде жеңіліс тұрады… Мынау фәни-жалғанда абсолютті таза алтын, абсолютті таза су деген болмаған. ­Болса, ол қалыпты өмірден оқшау кеткен нонсенс…
Қиянатқа кім кінәлі?.. (Орынсыз сұрақ деуге болмайды). Кешегі при­митив оқулықтар «дүниедегі құлдар мен міскіндер соғыс тұтқын­да­рынан пайда болған» деп күл­кілі қисын соққанымен, мына өмірдегі күйсіздер мен кембағалдар өз ақылсыздықтарынан, әрекетсіз­дік­терінен, ой кемшіндігінен сондай тағдырды таңдаған деуге болар еді.
Бауырлардың еңсесі биік, жүзі жарқын, көңілі шалқар болса ­деген тілек – жарық күндей анық! Ізгі амалдар көп еді… Ал төңіректе сөз көп. Сөз өте көп. «Қорадағы, айдаған бес ешкісін дұрыс бағып алса қайтеді?!.» дейді төңірек. «Ауласының түкпірінде тозып, ұмыт болған ескі арбаны жөндеп қойса болмас па?..» дейді төңірек. «Тәрбиедегі баласын дұрыс ұстап, түзу жолға салса қайтеді?» дейді сол төңірек.
«Өзі атқаруға тиіс өз міндетін сонша дабыралату не қажет?!.» деген – сұрақтардың ең сүйкімсізі.
Ойлар неге жауар бұлттай тұтаса ұйысып отыр?
«Көпте ақыл жоқ» деді Абай. «Халық – бұл тобыр» деген Кейқауыс-патша. «Адамдарға күн сыйла, олар Солтүстікке қашады» деп жазды сұңғыла Гете. Мұншалық толғам түйіндеріне не айтуға болады?.. ­Дегенмен, көпте ақыл бар. Тек, біртүрлі ақыл, бірлігі сұйықтау ұйытқы сияқты ма?.. Ағайын деген сол. Әрине, ұлы күш. Сұрапыл күш… Олар әр сәт, әр жағдайда, әйтеуір, бақытты көрініп, парықсыз күлуге бейім. Жақсылық та өзінен, жамандық та өзінен еді ғой… Нюанстар кейде түсініксіз… Адам деген әрдайым биікте, биік идеалдарда өмір сүрсе кәні!
Ғарыш тыныш болса!
Ғалам аман болса!
Әнеу шаруадан келетін мың алтын тезірек есепшотқа түссе!
Осынау адами тілектерде не ­кі­нәрат бар?.. Есеппен қаланған өмір кепілі сені қамсыз етіп, ­кесір-­ке­сапаттардан биігірек алып жүре алар қуат. Бәлкім, ол ұзақ та, бақытты ғұмырға да сеп бір шипа!.. Және атақ, даңқ, дәреже биігіне көтеріле алған адам. Пенде қисынында, кереметтей адам бақытын тапқан адам. Теңіздей терең, таудай қомақты жиған-терген… кепіл үлкен. Ол – көзге жағымды көріністер, таңдайға татымды дәм, құлаққа ұнасымды үндер – бір сөзбен, мына өмірдің заңды ғанибеттерін алға тартады… Нәпсі – өмірдің ұлы қозғаушы күші…
Ал сенен гөрі ақылдырақ адамдар ше?.. Әлгі, ерек биіктерге ұмтылып, жарқын әлденелер үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрміз дейтіндер?.. Беймазалар… Қызғанушылар… Әлде, қулар?.. Оларды жоққа шығару ақыл ісі емес. Тек, бәрі де сол анау айтқандай ма?.. Олардың өз есебі өздерінде. Жылы-жұмсақтың төсіне шығу үшін не амал, не әрекет жасалмай жатыр мына дүниеде?!. «Айлакер, қу» деген сөзді осы жұрт жабыла мүйіздегенімен, әр пенденің өз нәміне лайық өз қулығы жетіп-артылады (Онсыз өмір – қалыпты өмір деуге болмас). Қулық – қайраткерліктің құрамдас бір бөлігі болған. Шындық пен жалғанның ара-жігі әлдеқашан жоғалған. Бұл енді өкінішті жайт!
Адамда қанағат жоқ, тәубе, таупық аз. Және жеу, жеу, жеу…
Жалпы, мына уақыттың ­пы­сықтары. Сырын білмей, сыртынан қарағанға кілең көркем, керім біреулер. Олар мәнді көрінуде, мәдениетті һәм ақылды сөйлеуде, сырбаз ишараларда бірінен-бірі өтеді!.. Есептер мүлтіксіз (Мына жалғанда есепсіз не бар десек те…). Жел баққыш шушыларға бір сөзді бастап бере ғой, олар құйын көтеріп әкетеді. Бейне бір, өздері еш нәрсе көрмей, білмей жүргендей. Таң-тамаша қалып, көптеген қажырлы істер тындырады. Науқандар мен науқаншылдық… ­Бәзбіреудің қолына мүмкіндік тұтқасын ұстат, әсіре пысықтықта әкесін де сатып жіберер қайраткерлікке жетеді ол пысықайлар. Тірліктерінің өз жарнамалары өтімді, даңғаза-дабыралары әлемет. «Рия» дейді мұны тақуалар. Бірақ мына арсы-күрсі арсыз ағымда сенің адал-арамыңды талғап жатқан кім бар?!. Жарнамалары зор, ал шын мәнінде, ұсақ-түйек көңілдердің уақыты ма? «Екіжүзді, үшжүзді, онан да ары стандарттар…» жыр болмай қалды ғой осы күні.
Басын құмға тыққан түйеқұс сонша ақымақ мақұлық деуге болмас. Кейде, қажет болған жағдайда, көре тұра, «көрмей қалу», біле тұра, «байқамай өте салу» ұтымды өмір тактикасын құрайды. Күңкілшілдер, күңкілдей берсін, сен, қусың, биіктеусің, сенікі, бәрібір, жөн және мақұл. Тек, әлгің дер кезінде басын топырақтан суыра алса, сол – ат үстінде ұзақ жүре алатын «мақұлық». Өміршең бір өмір тактикасы осы… Әйтсе де… Қулар… Пысықтар… Анығы, бейшаралар… Олар бір өрісте ерен қайраткер, ал шын мәнінде пасықтар… Ұсақтар ­туралы көп бас қатыру да мәнсіз.
Біразы өз батпақтарында, әйтеуір өмір кешіп жатыр…
Өзінің де «ақыл-ойдың мән­ділері» деп жиғанының біразы, не күлтектейтіні бар, кейінірек мәлім болды (әу бастан да мәлім еді-ау!), негізі, өзіндік бір қулық-есепшілдік шөпшектері екен. Солай болып шықты… (Ау, ондай-мұндай кімде жоқ?!!). Әйтсе де, оларға ірілік, мәнділік бере білу, әр сөз бен істі шын асылдай бұлдай білу онша сәтсіз амал емес. Қалауын тапсаң, сонау туыстарға «жез де – алтын, алтын да – алтын».
Масаю емес, аяусыз іш сарап, ішкі сын өзіңді алып шығатын ең адал дос. Жұрт ести алмайтын өз үнің… («Дос жылатып айтады» – ақымаққа ғана сүйкімсіз сөз). Өзіңе ең бірінші дос – өзің. Бірінші жау да өзің. Бұл соңғысы, енді, данышпан-тағдырлар сыбағасы деседі. Анығы керек, мұндай данышпандықты соларға-ақ бере берсін; оның қажетінен бұл жалғанда пайда аз, дәні тым ащы, тіпті заһар… Олар өмірді тиімі аз қысыр қиял, елес­тер сағымына апарып ұрындырады… Әсіресе, кейбір ойшыл-айтқыш-жазғыштардың жетек-қиялы…
Біраз желбуаз қиял ағайынды жарға апаруы мүмкін…
Өзінің улы сыны – өзіне мәлім. Іш сыны – неше түрлі уыт қайнаған қара қазан. Әлде, ем-дәрумен… Өзін-өзі қамшылайтын сәттер, Құдай сақтасын, бәлкім, ешкімнің ­ойына келмейтін, талай түсініктерден әрірек азап ол. Онсыз болмайды. Жыланның улы тісі оның ең әлсіз жері – таңдайында, бірақ өз уынан өзі өлген жыланды көрген кім бар?.. Ол – даналық таңбасы… Оның талай сезім мен тәнді қалтыратуында терең мән бар…
Тек, есептің биігі мен төменінің ара-жігін жоғалтып алмау керек.
«Тойымдылық, таупық болса дүние бәріне жетеді» дейді төңірек. Асылы, бұл ақыл сөзі. Тек қана сыбағасыз қалғандардың жан ­шырылы деу жөн емес. «Адамда қанағат жоқ, тәубе-таупық аз…» деген де осы қатардан. Көз еш уақыт, ешнәрсеге тоймаған! Бұл да ежел ақиқат, ­ендеше, ­пенде онан ұзап қайда барады? Бір уыс топырақ, түбі, бәрін жауып кетеді… Мистика, тілін таба алсаң, жүрісі жайлы жорға ат. Жүлгесін тауып түсе алмасаң, жатқан бір қорыс, қойыртпақ. Жалпы наным-сенім деген, абайлап ұстамаса, екі жүзді қанжар; бір жүзі сыртқа өткір болғанымен, бір жағы, ең аз ­дегенде, өзіңді сыза жарақаттап кетуі бек мүмкін. Қалай болғанда да қарудың тұтқасы өзіңде, ал қандауыр жағы сыртқа бейім тұрмағы мақұл.
Дегенмен, мына дүниеде жақсы-жарқын әлеует-әлпет бар. Олар әлдеқайда көп! Сол жарқын әлеуетке сенуге, арқа сүйеуге болады.
Жаратушы сотын қайдам (күпірлік ойды Құдай кешірсін, Ол бәрібір сенің қисын-қалыптауыңмен санас­пас), адам мына жалғанда өзіне-өзі бірінші сот, дәлірегі, өз таразысының екі басын өзі жақсы білетін сұңғыла. Ойбо-ой, бұл таразының екі басында не жоқ!.. (Адам ойын, іш дүниесін көзден таса ұстайтын нәзік те күшті қоршау – Жаратушы берген қандай берік қамал еді!).
Апыр-ай, мына ойлар?.. Адам қайшыласқан ойлар жентегі-ау.
Ертең!.. Талай қуыс кеуде, қалтарыс ниет, алаңжарлы көңіл үшін үміт ­сызатты, құтқарушыдай шапағатты ұғым сол «Ертең». Онда көп мән, көп есеп, көп үміт бар… Олар сол «ертеңді» түрлі бояулармен бояп бағады. Біразының үміті мен сенімі сол жақта. Ал сен өзің сол ертеңді қандай бояумен бояр едің? Өзіңе өзің әділ сот едің ғой! Оны байырқалап пайымдауың қалай? Біртүрлі, тұрлаусыздық бар ма? Неге? Неге???
Жә, «Ертең», болмысы бұлыңғыр мәлімсіз «Ертең», сен мені сонша қорқыта берме! Боларың бола ­жатар… (Бәзбіреулер «өлімнен, өлуден қорықпайды екен» деген тағы бір далбаса бар… Онан кім қорықпаушы еді!.. Ол, бәрібір, ешкімнің қисын-қалыптауымен санаспайды… Әйтсе де, кім білген?.. Кім көрген?.. Сөз ғой бәрі…). Ал мына анық жалғанда жамандық көрмей өту! Осы қолдан келе ме? Осы мүмкін бе?.. Жамандық көрмеу. Мына дүниеде еш жамандық көрмеу!.. Келеді!!! Мүмкін!!! Мұның мықты тұтқалары бар. Олар мына қолда. Әйтпесе, сонша дәреже, қуат, ақыл-ой не үшін? Сонша мәнділік мәні не? Сонша сенімділік тұғырын неге пайдаланбасқа! Кепіл!
Өмірде еш жамандық көрмеу мүлтіксіз шарт бола алмас. Кез келген пенде үшін… Адамның оң және теріс істері тым зілді анықтар. Амалың барда, солардың «бүгінін» асырып, «ертеңін» жасыра тұру мүмкіндігі…
Көптің ықылас-алғысын ешкім бұза алмаған!..
«Ендеше, бұл – мына дүние амалын, кісәпір есепте, тағдырдан жоғары қою, анығы, құдайсыздық ниеті» дейді бір жасын-ой.
«Олай емес! Мен құдайсыз емес­пін!» шырылдайды жан дауысы.
«Осыныңды шын жан үні дей аласың ба?»
«Ізгі жақсылықтарға табан тіреген кепіл бар! Ол бәріне кепіл!»
«Ол, негізі, бұл дүние заты. Таразы үстінде, бір жағдайлардан, ертеңге жүрмеуі мүмкін. Бақи үшін мәнсіз боп шығар… Тіпті кей себептен, құтыла алмас қасіретің болуы да…».
«Бұл мүмкін емес! Мүмкін емес!! Мүмкін емес!!!»
«Өзіңнің әділ сотың не дейді?..».
Осы қазір өзінің ішкі соты да үнсіз сияқты… Мына түнеріп төне берген түмен ойды таратып жіберетін бір құдірет жоқ па?
«Ертең», болмысы бұлыңғыр «Ертең», сен тұра-тұршы!!!
Бұл дүниенің азабы кей тозағыңнан кем бе еді?.. «Расында, қорадағы, айдаған бес ешкінің бұйырған жем-шөбін дұрысырақ қамдап, аула түбінде тозған арбаның сүйегіне өмір беріп, тәрбиедегі баланың тәртіп-тағдырына адал ақыл сөзін айту керек еді-ау…». Ау, өмір бойы қамын соққандары да солар емес пе? Не кінәрат? Не жетпей қалды?..
Мына тұтасқан ой-бұлттар… Жай оты атылатын сияқты ғой…
Өмір деген сұрапыл айдында бәрін қамту мүмкін емес. Сезгендер мен сезімдерді ежіктеу үшін томдаған жазулар аздық етеді деуші еді… Бәрі мүмкін… Өміріңде, сәтін салып, ­апатты тоқырау-күйреуге ұрынбай өтсең де, дағдарыс-сәтсіздік келіп аяқтан шалуы ғажап іс емес. Бұған еш кепіл жоқ.
Шығармашылық климаксы. Ол сүйкімсіз. Біреулер үшін ол – нағыз күйреу… Шексіздіктің шетіне жеткендей… Осыны қазір сезініп отыр ма?! Шынымен, мұны осы кезге шейін аңдамай келіп пе еді?
…Сонау, жауар бұлттардай ­тұ­тасқан қатпарлы ойлардан көкті тіле, найзағай атылды кенет. Дүние өзгеше бір реңкте құбылды. Өзгелеу бір көріністер… шындықтар пердесі түріле бастағандай. Басқа бір ақиқаттардың ерек, ереуіл әлемі ашыла бергендей. Тек, солардың арты неткен салқын-сұрғылт мәлімсіздік?!! (Бұл енді басқа бір әңгіме өзегі).
Әлі де өмір сүрілуі керек еді…
Алдындағы жарты кесе су да ішілместен қалды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.