АЛЫПТЫҢ ИМАМЫ

Бүгін 1972 жылғы маусымның 9-ы (Қазақ өкіметі Жамбыл ақынның мерейтойын сол жылы бір жыл кешіктіріп 1972 жылы ресми түрде атап өткен екен. – И.Иминов). Қазақстан жұртшылығы ұлы ақын Жамбылдың 125 жылдық мерейтойын атап өтпекші. Радио мен теледидардан осы туралы беріліп жатқан хабарларға құлақ түремін. Газет, журналдарға жазылған естеліктер мен мақалаларды қадағалап оқимын. Бір қызығы, осылардың бәрі Жамбыл туралы емес, басқа бір, маған мүлдем бейтаныс адам туралы айтылып, жазылып жатқандай әсерде қаламын.

Иә, мені тағы да ешкім есіне ал­мады, Жамбылдың салтанатына да шақырмады. Менің ақынмен бір кезде ерекше араласқаным ­туралы айтылатын кез келер ме екен? Бірақ Жамбылдың діни ұстанымы, Жамбыл мен имамның араласы жөніндегі тақырып жабық. Мүмкін ол мәңгі жабық күйінде қала беретін де шығар…
Таңертең зайыбымның ­шелпек пісіруін өтіндім. Сонау алыста қалған 30-40-шы жылдары маған әке орнына әке болған, тіпті тура келген ажалдан арашалаған ­осынау адамға арнап Құран оқып, дұға қайырып, еске алсам деймін. Бұл салтанаттың да әбігері басылар, содан кейін мен ұлдарымды ертіп алып, басына барып қайтармын. Тағы да оған арнап Құран оқырмын.
Кейде ол менің түсіме кіреді. Түсімде екеуміз ұзақ әңгімелесіп отырамыз, тіпті жас кезімдегідей кейбір мәселелер туралы айтысып жатамын. Бүгін түсімде ол маған «мен туралы жазсаңшы, мүмкін күндердің бір күнінде қажет болар» деді. Содан кейін қолыма қалам алып, екеуміздің достығымыз ­туралы қағазға түсіре бастадым.
Алдымен өзім туралы біраз ­айтып өтейін.
Мен, 1917 жылы, көктемде, Қашқар қаласында, қожалардың әулетінде туыппын. Балалық шағым бақытты болды. Ата-анам ­Иминахун мен Сакинаханды, ­бауырларым мен қарындасымды шексіз жақсы көрдім. Мұсылманша жан-жақты білім алдым, медресе бі­тірдім. Құранды зерделедім, араб, парсы тілдерін, зайырлы пәндерді меңгердім.
1931 жылы ұйғырлар қытай бас­қыншыларына қарсы көтері­ліске шықты. 1933 жылы 12 қарашада Шығыс-Түркістан Ислам рес­пуб­ликасы жарияланды. Ақпан-сәуір айларында Қашқар үшін қантөгіс ұрыстар өтті. Мен қаланы қорғау­шылар қатарында болдым. Ол ­кезде 17-ге де келмегенмін. Қашқар құлаған соң, халықты ­жаппай ­жазалау ­басталды. Атылатындар ­арасында мен де тұрдым. Алайда Алланың ерекше бір дәргейімен өлімнен кездейсоқ тірі қалдым. Құлағаным есімде. Мені алдымдағы бірнеше адамның мәйіті басып қалды. Өмірімді сақтаған осы жағдай.
1934 жылы сәуірдің соңында мен Кеңес Одағынан келген ­керуенге ілесіп, Эркештам ауданында ­шекарадан бері өттім. Туыс та, дос та жоқ, жалғыз едім. Қайда ­барсам да жат екенімді анық сезіндім. Жұмыс пен тыныштық іздеп қай жерге табаным тимеді десеңізші. Ош, Әндіжан, Ташкент, Красноводск қалаларын кездім, теплоходпен Каспий теңізінен ары өттім. Бакуды көрдім. Гянджа қаласында май шығаратын зауытта алты ай жұмыс істедім.
1935 жылы тағдыр мені ­Алматы қаласынан бір-ақ шығарды. Бұл кезде бүкіл елде дінсіздік етек ­жайып, мешіттердің түгелге жуығы жабылған. Қай жерде жүрсем де, Құран мен намазды ашық ­оқи­тынмын. Сол ғадетім өмірімді сақтады деп ойлаймын. Осы діндар­лығым арқылы мен Жамбылмен таныстым, жаңа достар таптым, пікір­лес жандарды кездестірдім.
Алматыға келген соң, бірнеше күн мешітті паналадым. Сондағы адамдардан естіп-білгенім, қаладан онша қашық емес Қаскелең ауда­нының «Политотдел» деп аталатын колхозында мектеп салынып ­жатыпты. Әкем Иминахун мені ­жастайымнан еңбекке баулып өсіріп еді, соның пайдасы тиетін кез келді. Өзім тәп-тәуір құрылысшы болғам, сондықтан әлгі колхозға барып жұмыс істеуге қуана келістім.

Келе-келе менің қазақтай қарапайым да дархан халыққа деген сүйіспеншілігім арта түсті. Қазақ тілін тез үйрендім, олардың әндерін, әсіресе Құрманғазының күйлерін қатты ұнаттым. Ол кезде қазақтың жазуы латын қарпінде болатын. Араб жазуының негізінде басылған әдебиеттер жаппай жойылып жатқан. Мен ескі кітаптарды ­жинай бастадым. Сөйтіп жүргенде, Абайдың жинағы қолыма түсті. Оны жанымнан тастамай оқып, көптеген өлеңін жаттап алдым, әлі күнге жадымда.
Колхоз басшыларының бірі Жамбылға туыс болып шықты. Ұлы ақынмен соның үйінде таныстым. Мен туралы Жамбылға «осында бір дін жолын ұстанған жас жігіт тұрып, жұмыс істейді» деп біреулер айтса керек. Ақын менімен сөйлесіп көрмек ­болыпты. Бір күні ұлы ақын мені өзі отырған жерге шақыртты.
Үйге кірген кезімде маған орта ­бойлы, сақалды, үстіне шапан, басына тақия ­киген қарт адам ұшырасты. Ол кезде мұндай ақсақалдар аз емес еді. Алайда бір нәрсе мені ерекше қайран қалдырды. Ол – ақынның жанары. Өзіме мұқият зер салған осы көзден мен сабыр, ақыл және мұңды сезіндім. Бұл – данышпан адамдарға жылдар арқылы даритын көзқарас еді. Ол жылы амандасты.
– Балам, атың кім? Қай жердің адамы­сың? – деді жылы жымиып.
– Атым – Әбдіқадыр, Қашқарда туып өстім, 1934 жылы, сәуірде туған жерді тастап шығуға мәжбүр болдым, – дедім мен.
Әрине, бұған дейін де Жамбыл туралы естігенмін. Осындай ел құрметтеген үлкен адаммен танысу мен үшін сүйініш еді. Алғаш танысқан күні көбіне мен сөйледім, Жәкең мұқият тыңдап отырды. Әрегідік сұрақтар қойды. Өзім туған қала, әке-шешем, оқығаным, Шыңжаңдағы көтеріліс туралы қысқаша айтып бердім. Әлбетте, әңгімеміздің көбі дін туралы болды. Біз екеуміз екі ұлттың, екі басқа ұрпақтың өкіліміз, тағдыры әртүрлі адамдармыз. Дегенмен, екеумізді біріктірген бір нәрсе – Алланың құдіретіне деген сенім, оның рахымынан үміттенетін ерекше бір сезім еді. Бұл кезде исламға шүбәсіз сенетін адам ғана ­намазды ашық оқитын. Жәкең Құранды жақсы білетін, қасиетті кітаптағы алғашқы сүрені оқығанында оның көздері күлімдеп, тіпті жасарып кеткендей әсер қалдырды.
Осынау алғашқы кездесуіміз бізді туыс адамдардай жақындастырды. Ол маған әкелік қамқорлықпен қол ұшын созды, менің ащы тағдырымды шынайы түсініп, өз ауылына шақырды. Сөйтіп, маған Қастек (қазіргі Жамбыл ауданы) ауданынан дәм бұйырды.
Ақынның дінді құрметтейтін ­отбасында өскені белгілі. Оның үлкен ағасы Тәйті қажылық сапарға екі мәрте барған адам. Жамбылдың өзі де өмір бойы намаз оқыған, мұсылмандық ғұрыпты жақсы орындаған.
Менің Құран оқығанымды сүйіп тыңдай­тын. Бірнеше сағат жалықпай отыратын. Көптеген сүрелерді мен қазақшаға аударып түсіндіретінмін. Сүннені, ­пай­ғам­барымыздың өмірі ­си­пат­талатын әңгімелерді ынты-шынтысымен тың­дайтын, хадистерге жіті зейін қоя­тын. Сондай-ақ мен кейде өзім ерекше сүйіп оқитын ақындар – Әлішер Науаи, ­Молла Біләл, Абай мен Ғабдолла Тоқайдың өлең­дерін жатқа айтатын едім.
Жамбылдың арқасында кәдімгідей ­танымал бола бастадым. Ел де ықыластанып, «Жамбылдың молдасы», «бала молда» деп құрмет тұтты.
Ақынның үйінде көптеген жазушылармен, мәдениет, өнер қайраткерлерімен таныстым. Сәбит Мұқановпен шешіле сөйлескенім есімде. Ол да дінге берілген адам еді. Сәбит аға менен Қашқар өмірі туралы жиі сұрайтын, әр нәрсеге бойлай үңілетін. Кейіннен «Қашқар қызы» пьесасын жазды.
1938 жылдың аяғында ақын мені күтпеген жерден шақырып алды да:
– Менің жасым, міне, 92-ге келді. Сен де бала емессің. Егер мен ертең өліп қалсам саған кімнің жаны ашиды, кімге керексің, Әбдіқадыр?! – деді. Мен үндемедім. Ақынның айтып тұрғаны нағыз шындық еді… Ол сөзін әрі қарай жалғап: «Соңғы кезде сен туралы көп ойландым. Ақыры, толғана келе, сені үйлендірсем деймін. Мына Ұзынағашта Шәріп деген бір кісі тұрады. Оның Гүлжаһан дейтін сұлу қызы бойжетіп отыр. Үй-іші ауқатты, ел сыйлайтын адамдар. Саған сол Шәріптің қызын әперсек, қалай қарайсың? Екеуіңнің жарастығыңды көрсем, о дүниеге де алаңсыз аттанар едім» деді.
Ол отбасын білетінмін. Гүлжаһан, ­расында, сұлу еді. Содан да болар, көп ойланып жатпай-ақ бірден жауап қаттым: «Жәкем, бәрі сіздің еркіңізде. Егер солай шешсеңіз, қыз ризашылығын берсе, мен қарсы емеспін!».
Келесі күні Жамбыл атам екеуміз Ұзынағашқа келдік. Гүлжаһан да бізді ­жадырай қарсы алды. Шәріп Жәкемнің сөзін бөлмей тыңдады да, бір жөткірініп, «Бұйрық шығар, жастар келіссе, сөзіңізді жерге тастай алмаймын» деді. Сол күні аздаған қонақ шақырылып, Жамбыл атамның өзі некемізді қиды. Мен Шәріптің күйеу баласы болдым.

Одан бері 40 жылға жуық уақыт өтіпті. Мен бірақ сол бір қасіретті күнді ешқашан есімнен шығарған емеспін. 1980 жылғы тамыздың 26-сы. Осы күні менің әкем Әбдіқадыр қари Иминов жүрек талмасы ұстап жығылған еді. Өте ауыр жағдайда Алматыға жеткізілді. Қалалық орталық ауруханаға жатқыздық.
Мен ол кезде КазГУ-дың филология факультетінің ІІІ курс студентімін. Әкемнің қасына жатып, күтіп қарау маған жүктелді. Қыркүйек айын түгелдей бірге өткіздік. Қазанда оқу басталды. Түске дейін сабақ, түстен кейін аурухана.
Иә, әкем өзінің халі мүшкіл екенін білді. Оның бұл ауыр науқастан айығу-айықпауы екіталай екенін мен де іштей түсіндім. Бір қызығы, адам өмірінің ақыры таяғанын сезе ме, туған жерін, балалық, жастық шағын, өзінің әке-шешесі мен жақын да қымбат адамдарын жиі еске алады екен. Менің әкем де сөйтті. Ұзақ күн қасында болғандықтан, бұл әңгімелері менің құлағыма әбден сіңісті, көбін қағазға түсіріп алдым. 1981 жылы 7 шілдеде әкем жан тапсырды. Оның ең соңғы ләмі – «Алла!» деген бір ауыз сөз болды.
Әкем өмірінің ақырғы күндері ұлы Жамбылмен арадағы достық қарым-қатынасы жайлы кең толғап еді. Араға әлденеше жылдар салып мен әкемнің жазып қалдырған деректері мен ­ауызша естеліктерін оқырман қауыммен бөлісуді жөн көрдім. Тұңғыш рет. Мархабат!

Исмаилжан ИМИНОВ,
жазушы-саяхатшы

Революциядан кейінгі жылдар адам ­санасын күрт өзгерткен еді. Әрбір ­кеудеге үрей мен күдік ұялап, жұрт бір-біріне ­сенуден қалған, тым қорқынышты кезең болатын. 1937-1938 жылдары «ананы алып кетіпті, мынаны ұстапты» деген қасіретті хабарларды күн сайын еститінбіз.
Ораз Жандосовтың отбасымен таныс едім. Үйінде бірнеше рет қонақ болғам. Оразды ұстаған соң, оның туыстары мен достарын, тіпті таныстарын да тұтқындай бастады. Әрине, мен де қорқып жүрдім. Бұл сүргіннің құйыны бір күні іліп әкетер ме екен деп қауіптендім.
Жамбыл қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі І-онкүндігінен оралған соң, біздің ауылға Сәкен Сейфуллин екі мәрте ат басын бұрды. Сонда мені көріп танысып, дәрілік шөптерге қызығатынымды аңғарып еді. Екінші келгенінде маған «Дәрілік өсімдіктер» деп аталатын кітап әкеліпті. Бұл 1903 жылы Қазан қаласынан татар тілінде басылып шыққан кітап екен. Сәкен аға оны өзі 30 жылдан аса уақыт ұстаған көрінеді. Сондықтан сыйлықтың баға­сы екі есе арта түскендей болды. Ол маған бұл кітапты қолтаңба жазып сыйлады, өзінің жеке қолын кітап ішіндегі бір параққа бейнеледі.
Сәкен Сейфуллинді ұстап әкеткен соң, оның қолтаңбасы тұрған кітаптың бірінші бетін жыртып тастауға мәжбүр болдым. Ал ақынның қолы қойылған парақ ішінде қалды. Осы кітапты мен күні бүгінге дейін аялап сақтап келемін.
Иә, енді Гүлжаһанға үйленгенім туралы әлгі әңгімеге қайта оралайық. Екеуміздің өміріміз біртүрлі оғаш сияқты көрінетін. Екеуміз де жас едік, әдемі едік. Бір-бірімізді сүйетін де сияқтымыз. Алайда адам­дар­дың жанына бойлап енген үрей біздің де шырқымызды бұза берді. Бұған дейін мұсылман діні қызметшілерінің көбі ұсталып, атылған, лагерьлерге айдалған, кейбірі жер аударылған. Ал мен намазды ашық оқимын. Мұсылмандық шарттар мен ғұрыпты тиянақты ұстанатынмын. Қайын атам Шәріптің сүргін тәртібінен зәресі қалмай қорыққаны сонша, өзі мен қызының өмірі үшін иманы қасым болатын. Бірнеше рет маған жалынып та, зекіп те намазың мен діндарлығыңды тый деді. Мен тыя алмадым. Осылайша, қайын атам мен әйелімнің маған деген ықыласы суып, арамыз ушыға түсті. Сондай күндердің бірінде, анықтап айтқанда, 1939 жылы, жазда күтпеген жерден ауданнан НКВД қызметкерлері келіп, мені Ұзынағашқа алып кетті. Үйді тінтіп, ХІХ ғасырда Қазан қаласында басылған қасиетті Құран кітабын, Сәкен сыйлаған кітап пен өзге де әдеби дүниелерді тәркілепті.
Бұл жайсыздықтың дақпырты Жамбылға жедел арада жетсе керек, ақын Ұзынағашқа өз машинасымен келіп, НКВД үйінің ішіне кірмей, сыртқы есікті тая­ғымен тықылдатыпты. Сол заматта іштегі қызметкерлердің бәрі сыртқа атып шығады. Бастық та келеді. Кейіннен көрген адамдардың айтуынша, Жәкем оны да таяғымен бір салып қалып, мені дереу босатуын талап етіпті. Бастық ­болса, әйелімнен арыз түскенін, ел арасында діни үгіт жүргізіп, мұсылман жазбаларын сақтап жүргенімді, сондықтан тұтқындауға мәжбүр болғанын айтып шырылдапты. Оның сөзін қаперіне ілмеген Жамбыл атам әлгі арызды көрсетші деген екен. «Міне!» деп әкеліп ұсынса, сол жерде паршалап жыртып тастапты. Сөйтіп, ұлы Жамбыл мені тұтқыннан босатып алды. Кітаптарымды да қайтартты. Сондағы кітаптардың түгелге жуығын осы күнге дейін сақтап келемін.

Жыр алыбы – Жамбыл Қарғалыдағы «Сәт» мешіті жамағатының ортасында.
Жыр алыбы – Жамбыл Қарғалыдағы «Сәт» мешіті жамағатының ортасында.

Әрине, Жамбыл мені тікелей келген ажалдан арашалап алғанын түсіндім. Арыздан басқа да дәлелді айғақтар көп еді. Кітаптарым НКВД қызметкерлерінің қолында тұрды ғой, қалай айналдырса да ретін табар себеп жеткілікті. Кітаптардың бірінде Сәкен Сейфуллиннің қолы тағы бар.
Гүлжаһан екеуміз бұдан ары бірге тұра алмадық. Ажырасуға мәжбүр болдық.
Ауылға жеткен соң, Жамбыл атам ­Қар­ғалыда жақын адамдары Бүйрекбай мен Жәмиланың тұратынын, мен енді солардың қолына баратынымды айтты. Көп ұзамай мен Қарғалыдан жеке үй салдым.
Екінші дүниежүзілік соғыс ортасында дінге деген көзқарас өзгере бастады. Осындай сындарлы сәтте Алланың көмегінсіз халықтың жауға төтеп бере алмасын мемлекет түсінді. Біздің айналамызға да исламға шексіз сенетін 250 адамдай топ шоғырлана бастады. Олар негізінен Қарғалы мен Майбұлақ ауылының тұрғындары еді, өзге ауылдардан келетіндер де аз емес-ті.
Топ белсенділері ішінде Малсақ Нақысбекұлы, Ыстыбай Кеншімұлы, Сүлеймен Тұрсынов, Қожамқұл Бейсеуов, Аббас, Садық, Сембай, Қожахмет, Жүніс, Жайлау, Іргебай сияқты ақсақалдар жүрді. Олардың ішінде маған шынайы қолдау көрсеткен Қасымбек Арғын­баевты қалай ұмытамын. Қасекең Жамбыл ауданында ауыл шаруашылығын өркен­детуге көп үлес қосқан білікті колхоз басшысы болатын. Бұл адамдарды мен өте жақсы көрдім, қалтқысыз сыйладым. Олар ерік-жігері мықты, на­нымы берік жандар еді. Сталиндік қуғын-сүргін кезінде дінге деген сенімінен мүлт кетпе­ген, мұсылмандық салтты берік ұстанған олар жұма сайын намазға жиналатын. Содан да болар, біз бір-бірімізге туған бауырлардай жақын едік.
Жамбыл да Қарғалы мен Майбұлаққа жиі келіп, осы адамдардың үйіне түсетін, оларға әкесіндей қамқор көңілмен қарайтын. Осынау қарапайым, адал жүректі жандар да ақынның көмегі мен ықыласына риза болатын.
Қарғалыда кезінде Сәт болыстың қаржысы мен іскерлігі арқасында салынған мешіт бар. Октябрь революциясынан кейін ол мектепке айналған. Жамбыл, әрине, бұл мешітті жақсы білді. 1943-1944 жылдары Сталин дінге жайлап ерік бере бастағанда, Жамбыл Алматыға барып, тура Жұмабай Шаяхметовтің өзіне кірді. Сөйтіп, мешіттің қайтадан ашылуына себепкер болды. Жәкеңнің тікелей ұсынысымен сол мешіттің бірінші имамы ретінде жұмысқа кірістім. Бұл сол кезеңде бүкіл Қазақстан бойынша ресми тіркелген алғашқы діни қоғамдастық еді. Алматы мен Семейдегі мешіттер бізден кейін тіркелді.
Ашылу салтанатына Жамбылдың өзі қатысты. Одан кейін де жұма ­намазына жиі келіп жүрді. Осы жерде ақиқатын ашып айту керек, Жамбыл атам болмаса, Қарғалыдағы бұл мешіт те жоқ еді. Сол жылдары бүкіл Қа­зақ­стан аумағында 7-8 мешіт қана жұмыс істеді.
Имамдықпен қоса мен Ленин атындағы колхоздың мүшесі, егістік алабының бригадирі едім. Біздің бригадада жұмыс істейтіндердің бәрі дінге берілген адамдар болатын. Соғыс жылдарында, жеңістен кейінгі алғашқы кезеңде мешітіміз қорғаныс қорына ондаған мың қаржы жинап, түрлі бағалы бұйымдар өткізді. Сол кездегі тәртіп бойынша өткізілген ақша мен заттардың түбіртек қағаздары менде әлі сақтаулы.
Алғадайды соғысқа аттандырар алдында Жәкемнің үйінде берілген құдайы тамақ та есімде жақсы қалыпты. Оны бәріміз Алма­тыдағы атты әскер сапына шығарып салғанбыз.
Соғыс кезінде ұлы жырау Алғадайдай ұлының қазасына, Ізтілеудей ардағының хабарсыз кеткеніне қатты қайғырды. Ел ішіндегі көптеген қаза да оны тез шөктірді. Соғыс тақырыбына арналған ең көркем өлеңдерін Жәкең, расында, сол ­кезде ­жазған-ау деп ойлаймын. Бірақ бұл ақын өмірінің тек сыртқы жағы болатын. Ішкі әлемінде ол дінге біржола ден қойды. ­Намазын үзбей оқып, Аллаға жалбарына бастады. Мәңгілік туралы, өмір мен өлім туралы пайымдады. Маған кейде балалық шағы жайында естелік қозғап, шешіле сөйлейтін. Айтулы ер болған әкесі Жапаны есіне алатын.
Өкінішке қарай, Жамбыл жиі ауыра ­бастады. Жеңістен кейін дерті тіпті күшейді. Сол кезде мені шақырып алып: «Мен өлгеннен кейін жаназамды өзің шығар. Ол туралы Жұмабайға да, Сәбитке де, жақын-жуық ағайындарға да айттым» деді.
Маусым айында ауруы одан әрі өрши түсті. 15-сі күні ауыр халдегі Жамбыл ­атамды Алматыдағы ауруханаға әкетті.
1945 жылы 22 маусымда ұлы жүрек соғуын мәңгі тоқтатты… Естіген құлақ керең болғыр, қайғылы хабарды маған атамның жеке шопыры Нағашыбек жеткізді.
22-24 маусым аралығында Алматыдағы опера және балет театрында ел Жамбыл ақынмен ақырғы рет қоштасты.
24 маусым күні түстен кейін жыраудың денесі ауылға жеткізілді. Сол күні кешке Сәбит Мұқанов маған: «Әбеке, Жамбылдың жаназа рәсімін сізге жасату жайындағы өсиетін екеуміз де білеміз. Ақынның ақырғы аманатын орындаңыз. Мемлекет басшысы Шаяхметов те бұдан хабардар» деді.
Жаназа рәсімін жасау кезінде маған Алматыдан келген Шәріп қажы жан-жақты көмектесті. Ақынның мәйітін туыстары жуар кезде де өзім қасында тұрдым.
25 маусым күні ақынның ескі үйінде жаназасын елден жасырып шығардым. Бұл рәсімге Сәбит Мұқанов, Қалмақан Әбдіқадыров, Ғали Орманов, тағы біраз жақын туыстары қатысты. Жерлеген соң, бейіті басында алғашқы құранды Шәріп қажы оқыды, мен екінші болып оқыдым.
Ақынды ақтық сапарына мыңдаған адам шығарып салды. Сол кезде бәріміз ­Қазақ­станның мақтанышы мен даңқына айналған аса қасиетті адамды жер қойнына мәңгіге тапсырғанымызды анық түсіндік.
Жамбыл өмірден өткелі ширек ғасырдан асыпты. Алайда, оны ойласам, кеуде тұсым әлі бір шаншып өтеді. Өкінішім мен өксігім әлі басылмапты. Өмірімнің жаңа кезеңі басталатынын сол кезде-ақ айқын түсінгем. Жебеуші періштем ұшып кетті. Өз тауқыметіммен бетпе-бет, жалғыз қалдым. Маған жәрдем ете гөр деп, мен сол ­кезде Аллаға және Жамбылдың рухына бір жалбарынған едім…

Әбдіқадыр қари ИМИНОВ.
1972 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.