МӘҢГІЛІК КІТАП

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

СӨЗ БАСЫ

1995 жылғы 20 желтоқсан. «Халық кеңесі» газетіндегі шығармашылық топ мүшелері біздер алдағы жылға арналған жаңа жобаға кірісіп жаттық. Ол басылым бетінде «Мәңгілік кітап» атты айдар ашып, соның аясында әлемдік әдебиет жауһарларының қазақ тіліне аударылған нұсқалары туралы әр ай сайын бір танымдық дүние беріп тұру жөніндегі идея еді. Оған 1960-1995 жылдар аралығында жарық көрген атақты «Манас», «Құдіретті комедия», «Құтадғу білік» және «Фауст» дастандары таңдалып алынды. Ендігі міндет осы озық руханият үлгілерін тәржімелеген, қолжазбаға редактор болып, баспадан кітап етіп шығаруға атсалысқан адамдармен сұхбат жүргізу-тін. Осыған байланысты Мұқаң, Мұқағали Мақатаевтың аударуындағы Данте шығармасына редакторлық еткен ақын Қайрат Жұмағалиев пен Гете туындысынан мол хабары бар жазушы Герольд Бельгерге қолқа салуымызға тура келді. «Ойланайық» деді бұл кісілер. Байқаймыз, басқа шаруалардан қолы босамайтын сияқты. Мұны білген соң Жүсіп Баласағұнның білгірі, белгілі ақын Асқар Егеубаевқа қоңырау шалдық. «Жарайды. Сұрағыңды әзірлеп алып кел. Мен ол сауалдарға байланысты жауап тезистерді қағазға түсіріп берейін» деді курстас досым. Содан не керек, айтылған нәрсенің бәрі рет-ретімен атқарылып, сұхбаттың жазба мәтіні толық дайын болды емес пе. Міне, сол кезде «Халық кеңесі» газеті жабылды да қалды. Сөйтіп, берекеміз кеткен бізбен бірге жоғарыдағы есіл еңбек те желге ұшты. Ғажабы, Асқардың сабырлылық танытқаны дер едім. Ішкі мәдениеті мол жан ғой. Материал жөнінде үндемеді. Сұрамады да. Басқа біреу болса шаңымызды аспанға қағар еді. Жоқ, ол олай істемеді. Ұмытқандай кейіп танытты да қойды.
…Таяуда сол Асекеңнің зайыбы Гүлжиһан Әбуғалиева Елордаға телефон соқты. Аман-саулық сұрасқан соң курстасымның 70 жылдығы жақындап келе жатқанын есіме салды. Сол кезде қатты ойландым. «Естелікті әркім-ақ жазады ғой. Одан гөрі мойнымдағы аманат, баяғы жарияланбай қалған сұхбатты оқырманға ұсынсам қайтеді» дедім ішімнен. Сөйттім де, үйден оны іздеуге кірістім. Бар екен! Осыдан 25 жыл бұрынғы оған берілген сұрақтар мәтіні… Оның сонда бізге әзірлеген жауаптарының қысқаша тезистері… Сұхбаттың әбден дайын болған 12 беттік нұсқасы… Бәрі-бәрі сақталыпты. Енді танымы мен тағылымы мол сол жазбаларға назар аударайықшы, құрметті оқырман!

– Асеке! Сіз көне түркі поэзиясының классикалық туындысы «Құтадғу біліктің» төл тіліміздегі тұңғыш аудармашысы әрі оның бірден-бір зерттеушісісіз. Осы ерекшелікті ескере отырып, біз ойымызды: «Дастанның авторы Жүсіп Баласағұн кім? Аталмыш шығарманы жазуға оған нендей жәйт себеп болған? Ұлы ойшыл өмір сүрген сол кездегі заман, уақыт, дәуір… Ол қандай еді?» деген сауалдардан өрбіткенді жөн көріп отырмыз. Бұған қалай қарайсыз?
– Сіз бен біз сөз еткелі отырған ­парасат қазынасының иесі Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн өз заманының ірі ғұлама ғалымы әрі үлкен ойшыл ақыны болған ерекше адам. Ол Х ғасырдың соңы мен ХІ ғасырдың басында қазіргі Қазақ елінің жер ауқымына енетін Баласағұн шаһарында дүниеге келген. Аталмыш қала осы күнгі Шу өзенінің бойындағы Талас даласында бой көтеріп, тарлан тарихтың талай-талай дулы да шулы оқиғаларына куә болған көне кент. Сөз реті келген соң айта кетейін, уақыт атты күрмеуі көп күрделі өмір керуенінің қатал сынына төтеп беріп, ғасырлар бәйгесінен озып келген қай ескі жәдігерді алып қарасаңыз, солардың бәрінде де Баласағұн және Қашқар ­деген екі атау ерекше аталады. Бұдан біз осы шаһарлардың сол кездегі Қарахан мемлекетінің бас қалалары ретінде елдің батысы мен шығысындағы ірі мәдени орталық қос астана болғанын байқап, білеміз.
Жүсіп Баласағұн 1010-1015 жылдар шамасында, міне, осы қалада өмірге келген. Рас, ғұлама-ойшылдың біз нақтылап көрсеткен туған жылы мен одан кейінгі өмір сүрген дәуірінің ­хронологиясы туралы күні кешеге дейін әртүрлі пікір, болжамдар айтылып келді. Мұның да өзіндік себебі бар ғой деп ойлаймыз. Неге десеңіз, ғалымдар бұл адамның өмірі мен қызметі, алға қойған мақсаты, жас шамасы хақындағы деректерді оның «Құтадғу біліктегі» өзі жазып қалдырған там-тұм мәліметтерден ғана тауып, сондағы меңзеулерге сүйену арқылы есептеп шығарған. Мысалы, Түркияның атақты ғалымы Р.Араттың пікіріне жүгінсек, ол ұлы жазбаның авторы бұл дастанды аяқтағанда шамамен ­54 ­жаста болған, демек, 1015-1016 жылдары туған деген болжам айтады. Ал сол елдің екінші бір әйгілі зерттеушісі А.Ділашар «Құтадғу білік» авторы ­дастанды ­жазуды 50 ­жасында бастаған, сонда 1018 жылы дүниеге келген болып шығады деп ­пайымдайды. Сөйтеді де, ол: «Шығарма иесі 1068 жылы Қашғарға аттанып, кітабын сол жерде өмірге келтірді» ­деген тағы бір болжам білдіреді. Оның мұндай пікірге келуіне дастанның 24, 25, 59-бәйіттеріндегі: «…­Қашғарда жазып бітірдім» деп айтылған деректер себеп болса керек. Бірақ қанша дегенмен де: «Жүсіп Хас ­Хажыб өзінің аталмыш еңбегін Баласағұнда бастап, Қашғарда аяқтаған» деген Р.Арат пікіріне ден қойған жөн ғой деп ойлаймыз. Себебі «Құтадғу білік» авторының өзі ол ­туралы 6495-бәйітте: «Бұл сөзді үлгімен 462 жылы жазып бітірдім» десе, 6624-бәйітте: «Он сегіз айда айттым бұл сөзді, сөздерді теріп түзіп сараладым, таңдадым» деп жазады. Осы жерде тағы бір мәселе – шығарманың өмірге келген жылына қатысты пікірлерге байланысты да өз ойымызды білдіре кетелік. Ол мәтінде айтылғандықтан, зерттеушілердің бұл жөніндегі қайтара анықтаулары негізінен бір жерден шыққан деп пайымдауда ­болады.
Енді дастанның жазылуының ­тарихи себептері мен сол кездегі заман, уақыт, дәуір, ондағы ел билеушілері ­туралы жәйттерге келейік. Бұл жөніндегі деректерді біз Құрбанғали Халидтің ­«Тауарих хамса» кітабы мен Еуропа ­ға­лымы Г.Вамберидің, орыс зерттеушілері В.В.Бартольд пен А.Н.Кононовтың еңбек­терінен табамыз. Олардың әртүрлі шежі­релермен, естен кеткен ескі заман­дағы қоғамдық құрылымдармен салыс­тыра отырып айтқан пікірлері аталмыш жәдігер ежелгі түркі жұрты – Қарахан мемлекетіне мұсылмандық ұшқындары келе бастаған кезеңдегі туған шығарма екендігін аң­ғартады. В.В.Бартольдтың пікірінше ол уақытта бұл жердегі ел билеушісі Тауғаш Бұғра хан еді. Жүсіп Баласағұн аталмыш шығармасын аяқтап біткен соң, оны осы кісіге тарту етеді. Хан ойшыл ғұлама еңбе­гін жоғары бағалап, оған «Хас Хажыб» деген лауазымды атақ және өз қасынан бас кеңесшілік қызмет берген. Сөйтіп, ұлы жазба иесінің Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн деген аты дүниежүзіне тараған. Жылдар бойы әлем елдері түркологтарының танымында қалыптасқан тұжырым-деректің бізге айтар сыры, міне, осындай.
Енді оқырман көкейіне: «Құтадғу білік» қандай кітап?» деген сауалдың келері анық. Аудармашы әрі зерттеуші ретінде мен Жүсіп Баласағұнның бұл еңбегі арқылы бүгінгі ұрпақ осыдан он ғасыр бұрынғы қараханидтер дәуіріне барлау жасап, тарихи-этнографиялық, моральдық-эстетикалық аспектілерге байланысты құнды пайымдауларға қанығып, түйін жасауына болады дер едім. Шығармада ел басқарудың қырлары, экономиканы, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалды, әскери істі ұйымдастырудың мемлекеттік тұрғыдағы үлгі-шаралары суреткерлік-философиялық тілмен ­шебер баяндалады. Сондай-ақ мұндағы әр тарау, бөлімдерде сол заманғы ғылым мен мәдениеттің жетістіктері де қоса аңғарылып отырылады. Рас, дастан көне түркі өркениетіндегі тіл білімінің биік шыңы екені анық. Солай бола отырып, осы жетістік ауқымымен шектеліп қалмайды: жалпыадамзаттық, имандылық, иба-ибадаттылық мұраттарын терең толғайды. Сөйтіп, өз бәйіттеріне күллі адам баласына тән ізгі қасиеттерді лейтмотив етіп алып, оларды ұрпаққа ұлағат етіп ұсынады. Сондықтан да біз академик А.А.Кононовтың бұл жәдігер туралы: «Құтадғу білікте» әлемнің көптеген халықтарын ежелден бері толғандырып келе жатқан арман-мақсат идеялары өз көрінісін тапқан» деген тұжырымды ойы өте әділ айтылған баға деп білеміз.
– Осыдан тура он ғасыр бұрын жазылған бұл көне мұра бүгінгі ұрпаққа қалай аман жеткен? Зерттеуші ретінде қолжазбаның тарихы мен тағдыры туралы не айта аласыз?
– Бізге «Құтадғу біліктің осы күнге дейін аман жеткен үш қолжазбасы белгілі. Олардың әрқайсысының тағдыры бір-бір аңыз, бүгінге жету жолы өзінше бір тарих. Соның алғашқысы Вена нұсқасы деп аталады. Кейде көшіріп алған жеріне қарай Ғират қолжазбасы деп аталатын бұл жәдігер қазір сол Австрия астанасында сақтаулы тұр. Академик А.А.Кононов араб әрпімен жазылған «Құтадғу білікті» ұйғыр қарпіне түсірген адамның есімі: «Хасан Қара Сейіл Шамс болуы керек… Ол оны 1439 жылы 17 маусымда көшіріп біткен» деген деректі алға тартады. Содан өзіміз сөз етіп отырған нұсқа Ғираттан Түркиядағы Тоқат қаласына жетеді, одан 1474 жылы Ыстамбұлдан бір-ақ шығады. Қолжазбаның бұл жерге келуін түрік ғалымы Р.Арат: «…­Хижра бойынша 879-шы жылан жылы Тоқаттан Ыстамбұлға Фәнәризада Қади Әлі Әбдіразақ Шейх-заде Бақсы үшін алдырылған» деп түсіндіреді. Осыдан соң ол біразға дейін қолдан-қолға көшіп жүргенге ұқсайды. Өйткені қолжазбаның 13-14 беттерінде: «Біз мұны Налбан шаһарындағы ­Хайреддин молланың жұма мешітінің жанында Хамза әпендіден ­сатып алдық. Оған делдал Хожа Қажы куә» деген жазу бар. Ақыры 1796 жылы елшілік қызметінде жүрген Австрия ғалымы Иосиф фон Хаммер-Пургшталь оны ­букинист дүкенінен көріп қалады да сатып алып, Венадағы Король кітапханасына тапсырады. Осы нұсқаны соңғы рет венгр оқымыстысы Г.Вамбери 1870 жылы Инсбрук қаласында бастырып шығарған. Одан сәл кейінірек, 1890 жылы ол орыс ғалымы В.В.Радловтың ықпалымен Ресейде қайта жарық көрді.

Екінші қолжазба – араб әрпімен жазыл­ған Каир нұсқасы. Мұны 1896 жылы сол Египет астанасында кітапхана директоры болып жұмыс істеген неміс оқымыстысы Б.Мориц тапқан. Каир нұсқасының бар екенін естіген В.В.Радлов оны 1898 жылы Петербург Ғылым академиясының Азия музейіне алдырады да мұның да көшірмесін қайта бастырып шығарады. Қазір ол Ресей Ғылым академиясы жанындағы Шығыстану институтының Санкт-Петербург бөлімшесіндегі қолжазбалар қорында сақтаулы тұр.
Енді үшінші қолжазбаның тарихына келейік. Ең толық әрі жақсы сақталған ол Ферғана нұсқасы деп айтылады. Араб әрпімен жазылған оны 1913 жылы Өзбекстанның Наманған қаласындағы Мұхамедхожа ишан Ләләріштің жеке кітапханасынан А.З.Валидов тапқан. Кейінірек, бұл осындағы оқымысты-ғалым Фитраттың қолына түседі де ол оған Ташкентте қысқаша сипаттама жазады. Аталмыш нұсқа қазір Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Шығыстану институтында сақтаулы. Осы жерде ескерте кететін бір жәйт бар. Жоғарыдағы өзіміз сөз еткен үш нұсқаны салыстырып қарағанда, бұлардың ішіндегі Каир, Ферғана (Наманған) нұсқаларының өзара жақын, үндес келіп отырғандығы дер едік. Ал Ғират – Вена нұсқасы көп жағдайда аталған екеуінен алшақ тұр. Мұны мен «Құтадғу білікке» қызығып, ынта танытқан жас зерттеушілердің қапе­рінде болса деген ниетпен айтып отырға­нымды оқырман түсінеді ғой деп ойлаймын.
– Айтыңызшы, сіз қатардағы оқырман ретінде осы ұлы жазбамен ең алғаш қашан, қандай жағдайда танысып, жүздескен едіңіз? Кітапты аудару идеясы туралы ой неден бастау алды? Тәржімеге қашан кірісіп, қай уақытта аяқтап шықтыңыз?
– Бала кезімнен бастап менің қолымда бір ескі кітап болды. Аты – «Қазақстан тарихы». Әкем мұғалім еді. Кітапты көп жинаған адам. Сегізінші сыныпты бітіргенде оны сол кісіден алып, әлі күнге сақтап келемін. ­Шық­қан жылы, титул беті, мазмұны жоқ. Тамтығы қалмай жыртылған. Бірақ мәтіні аман. 1943 жылғы Алматыға эвакуациямен келген Мәскеу, Ленинград ғалымдарын алдыға сала отырып, өзіміздің І.Омаров, М.Әбдіхалықов және Е.Бекмаханов қатысқан баяғы атышулы еңбектің алғашқы нұсқасы секілді. Оның кереметі ежелгі дәуір өте кең көлемде қамтылып, ал бергі кеңестік кезең тым жұпыны, жүрдектеу жазылған. Міне, сонда «Құтадғу білік» туралы әдемі ­сипаттама беріліп, атақты жазбадан мол үзінді келтірілген. Маған алғаш рет ой салып, назарымды аудартқан жәйт жоғарыдағы шығармадан алынған нақыл өлеңдердің тарихи оқулықта жүргендігі болды. Бұл – бір.
Екінші, 1969 жылы Несіпбек Айтұлы, Жүрсін Ерман, Тұрсын Жұртбай, ­Намазалы Омашев, мына өзіңіз бар бәріміз КазГУ-ге оқуға түскенде: «Осы біз кімбіз? Қайдан шықтық? Тегіміз неден бастау алады?» деген жәйттерге жасқанбай жауап іздейтін дәрежеде едік қой. Оның алғышарты әрі қозғаушы күші Алматы іргесіндегі Есік қорғанынан Алтын адамның табылуы, Орхон-Енисей көне жазуының қолға алынып, зерттеле бастауы, Қазақ хандығының құрылуы мен өмір сүруін баяндаған «Алмас қылыш», «Жанталас» және «Қаһар» кітаптарының оқырман қолына тиюі, төл әдебиетіміздің тарихын 300 жыл арыға жылжытқан атақты «Алдаспанның» жарыққа шығуы дер едік. Бұған КазГУ мен КазПИ-дегі бір топ ғалымдардың құрастыруымен өмірге келген «Ежелгі әдебиет нұсқалары» оқулығын қосыңыз. Өзіміз ІІ курста ежіктеп тұрып оқыған сол еңбекте «Құтадғу біліктен» 45 жол үзінді бар еді. Соған көз жүгірткенде көңіл көкжиегімнің түкпірінен бір ой қылаңытып көрінгендей болған. Бірақ ол соған құлай берілдім дейтіндей ерекше қызығушылық емес-тін.
1974 жылы университетті бітіріп, аспи­рантураға түстім. Тақырыбым «Еңбек­ші қазақ» газетінің 1922-1942 жылдар аралығындағы әдеби сынды қалып­тас­тырудағы қызметі» болатын. Оған ынты-шынтыммен кіріскенім сонша, аз уақыттың ішінде ғылыми ­жұ­мысыма қажет мақалалардың библио­гра­фия­лық көрсеткіштерін жасап бітіп, диссертациямның 75 бетін жазып та қойғанмын. Ізденіске толы сондай күндердің бірінде кітапханада отырып «Советская тюркология» журналында жарияланған «Құтадғу білік» туралы көлемді мақалаға көзімнің түскені… Материалдың тартымды жазылғандығы соншалық, келесі, одан кейінгі апталарда да өзімнен өзім Жүсіп Баласағұн, оған қатысты дүниелерді іздей бастадым. Алғашқы қолыма түскені даналық иесінің 1971 жылы Ташкентте шыққан кітапшасы болды. Керемет! Одан соң «Құтадғу біліктің» сол Өзбекстан астанасында 1972 жылы толықтырылып қайта басылған жаңа нұсқасын тауып алып, оның транскрипцияланған мәтінін қолыма түсірдім. Жатпай-тұрмай оқығандағы байқағаным, мұндағы ұғымдар кәдімгі қазақ табиғатына тән ой, кәдуілгі қазақы сөз жүйесі болды. Әуелгіде мұндағы мақал-мәтелдерге келеді-ау, ішіндегі қазақ әдебиетіне, тіліне жақын-ау деген қанатты сөздерді іріктеп алып жүрдім. Олар көп екен, тіпті жиі кездесті. Мәселен, білім мен бақыт, бақ пен байлық туралы толғамдар өте терең әрі өміршең. Ойым – осыларды жинап алып, мақала жазу-тын. Шамам келсе – зерттей түсу. Содан көне мұраны тұрақты түрде оқуды әдетке айналдыра келіп тағы бір байқағаным, даналық дастанының кейбір шумақтары аудармаға өз-өзінен сұранып тұрғандығы болды. Сірә, Жүсіп Хас ­Хажыб бабаның білімімен, ойшылдығымен қатар, ақын­дық қуат рухы да кімге болсын уақыт таңдамай қатты әсер ететін сияқты. Иә.., иә, осыншама мол пайым-парасатты көмескілендірмей, бүгінгі күнге дейін жеткізіп тұрған бірден-бір құдірет дала данасының ақындық қасиеті-ау шамасы. Атап айтар ерекшелік, сөз етіліп отыр­ған шығармада кез келген қарапайым тіркестің өзі поэтикалық күш-қуатты сездіріп отыратындығы. Сосын ғылым мен поэзияның тоғысы да осында дер едім.
Содан 1977 жылдан бастап мен «Құтадғу білікті» оқып, ой түйіп, оны ­ептеп аударып көруге кірістім. Әу баста тиіп қашып басталған әуестік біртіндеп жүйелі жұмысқа ұласты. 1984 жылдың аяғында өзім қызмет істейтін «Қазақ әдебиетіне» Шерағаң, Шерхан Мұртаза бас редактор болып келді. Жаңашыл басшы әрқайсымыздан тың тақырып талап ете бастаған алғашқы күндері Жүсіп Хас Хажыб бабаның өзім қолға алып, тәржімелеп жүрген тарауларының бірін ұсындым. Бұрын-соңды ешкім шиырламаған соны соқпақ, оқулықтардағы шағын шумақтар болмаса еш жерде жарияланбаған өзгеше дүние. Бас редактор бірден келісті. Нәтижесі 1985 жылғы «Қазақ әдебиетінің жаңажылдық номеріндегі айқара беттің «Құтадғу біліктегі» маржан сөздермен шығуы еді. Сөйтіп, газет қаңтардағы ­ал­ғаш­қы санын түркі руханияты түп атала­рының бірі Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн мұрасымен ашты.
Шерағаңның жоғарыдағы шешімі жұртқа жақсы әсер етті. Сол күндері редакцияға аталмыш дүниеге ­байланысты ризашылықтарын білдіруге келген ­жандар көп еді. Олардың ­арасынан жазушы І.Есенберлин мен ғалым Р.Бердібаевты, сосын Н.Келімбетовті ерекше атап айтқым келеді. Ілекең, Ілияс аға: «Бәрін доғар да осы мұрамен түбегейлі айналыс» деген кесімді сөз айтса, Рахманқұл ақсақал осы «Құтадғу білік» бойынша М.Әуезов музей-үйіндегі «Халық университетіне» шақырып, жұртшылықпен кездесу өткізуге мұрындық болды. Ал Немат аға­мызға келсек!.. Бір қалада тұрғаны­мызбен бұрын көп кездеспеген, көрмеген Нәкең сол 1985 жылдан бастап нағыз жанашырым мен насихатшыма айналды. Осындай қоғамдық күшті пікірдің арқасында «Құтадғу біліктің» мен аударған толық нұсқасы Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетке қарай жол тартты. Содан көп кешікпей, яғни 1986 жылы ол бірі директор, екіншісі бас редактор қызметтерін атқарып отырған С.Мұратбеков пен М.Мағауин ағаларымның қолдауымен «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып жарыққа шықты.
Енді «Бұл еңбекпен айналысуға қанша жыл кетті?» деген мәселеге келер болсақ, оған Жүсіп Баласағұн ­бабамызды еске ала отырып жауап бергеніміз дұрыс шығар, сірә. «Құтадғу біліктің» авторы аталмыш шығармасын жазуға 18 ай уақытын жұмсаған екен. Ал менің сөз етіліп отырған мұраны тауып, танысып, зерттеп, кітап етіп аударуыма, содан кейін 1995 жылы екінші қайтара салыстырып шығып, редакциялап бітуіме 18 жыл кетті. Әрине, бұл мерзімнің бәрін тұтас, үздіксіз «Құтадғу білікке» арнадым деп айта ­алмаймын. Арасында жыл, ай, апталарға созылған үзілістер болды, әрине. Десек те, жалпы алғандағы сол уақыттар ішінде Жүсіп Баласағұн сөздігін жасап аяқтадым. Осы даналық дастаны туралы диссертация қорғап, монография жаздым. Аудармасын бір емес, екі рет салыстырып шығып тиянақтадым. Қорытып айтар болсам, былай: 1977 жыл – көне түркі дүниесінің жауһарына әуестікпен кіріскен уақыт. 1986 жыл – «Құтадғу біліктің» қазақ тіліне аударылып, тұңғыш рет жеке кітап болып шыққан сәті. 1989 жыл – осы көне мұрадан диссертация қорғалып, даналық дастанының ҚХР-дағы «Ұлттар» баспасынан араб қарпімен жарық көрген кезі. 1995 жыл – «Құтадғу білікті» екінші қайтара ­салыстыра тәржімелеп, толық редакциялап біткен кезең.
– Енді Жүсіп Хас Хажыб баба еңбегінің құрылымы мен мазмұнына келейік. «Құтадғу білік» қанша тарау, бөлімнен тұрады? Ол әлемдегі өзі сияқты қадым ғасыр жәдігер­лерімен салыстырып қарағанда қандай қасиеттерімен ерекшеленеді. Аудармашы-зерттеуші сіздің көзқарасыңыз бойынша осыдан 927 жыл (ескерту: жазбаша сұрақтың ғалымға 1995 жылы берілгенін есте ұстайық – автор) бұрын жазылған атал­мыш рухани қазына бізге несімен құнды, несімен өміршең деп ойлайсыз?
– Бұл – құрылымы берік, ойы айқын кітап. Кіріспесі, мазмұны мен тараулары анық желіленген. Түркі жұртының сөз маржаны болып табылатын аталмыш шығарма 85 тараудан тұрады. Оларда 6645 бәйіт бар. Бұларда бала-шаға, жас ұрпақ тәрбиесіне қажетті ғибраттан бастап, мемлекет басқаруға дейінгі мәселелердің бәрі қамтылған. Мұнымен танысқан Батыс және Шығыс ойшылдарының сөз етіліп отырған туындыны «Тұран шахнамасы», «Падишаларға ақыл-кеңес» деп атағаны тегін емес шығар, сірә…
Осыдан кейінгі атап айтатын нәрсе, «Құтадғу біліктің» жанрлық бітімі де бірегей екендігі. Бұл ақлиқаттық-насихат дастаны. Даналыққа толы мұндай ойтолғау ­Еуропада «Құтадғу біліктен» кейін бес ғасырдан соң ғана пайда болған­дығын академик А.Н.Кононов қолмен қойғандай етіп айтып та, жазып та кеткен. Мәселен, француздарда табиғаты осыған ұқсас «Miroiredes Princes», ағылшын­дарда «Mirror of Princes», немістерде «Furstenspicgel», ­славяндарда «Златоструй», орыстарда ­«Златоуст», ­«Домострой» болған. Бірақ бұлардың бәрі жоғарыда айтылғандай 500-600 жыл кейін өмірге келген. Мұны былай қойғанда, «Құтадғу білік» жазылған тұста ежелгі Русьтегі «Игорь жасағы ­туралы жыр» да, Шыңғыс хан заманындағы «Моңғолдың құпия шежіресі» де дүниеде жоқ-тын. Ал есте жоқ ескі дәуірдегі бұлардан басқа поэтикалық жәдігерлер «Илиада» дастаны Троя соғысына қатысты аңыздың жыр желісі болса, «Манас» та сондай тарихи жорық оқиғасының поэзия үлгісіндегі баяны ғой. «Құтадғу біліктің» бұлардан айыр­машылығы, оның өлеңмен жазылған фило­софиялық-этикалық трактат екендігі.
– Соңғы сұрақ… Қалай ойлайсыз, «Құтадғу білік» тек әдеби мұра ғана ма? Бұл парасат кітабының бүгінгі күн талабы тұрғысындағы мән-маңызы қандай?
– Қазір көне түркі жұртының рухы тәуелсіздік құдіретімен қазақ ­даласында жаңғырып жатыр ғой. Осындай ақжарылқап күн туған кезде біз сөз еткен ақыл-парасат кітабының кім-кімге де берері көп. Бір сөзбен айтқанда, ол жаңа қоғамның жас ­идеологиясына адамгершілік тұрғыдан бағыт берер ­барометр, салт-дәстүріміз санатындағы құбыланама, ұлттық құндылықтарымызды нәрлендірер рухани қазына.

СӨЗ СОҢЫ

Көзі тірісінде ел Асекеңді, Асқар Егеубаевты көрнекті ақын, білікті сыншы және ғалым ретінде жақсы танып, білді. Бұл дұрыс та еді. Себебі ол аталмыш бағыттарда өте өнімді жұмыс істеді. Оған оның әр жылдары баспалардан жарық көрген «Мөлдір тұма», «Жүректегі жұлдыздар», «Құс жолы», «Сөз жүйесі», «Сыр мен сымбат» және басқа да кітаптары анық дәлел. Бірақ оның ел, ұрпақ алдындағы ең үлкен еңбегі басқада. Ол – түркі дүниесі руханиятының түп аталары Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» дастаны мен Махмұд Қашқаридің ­«Дивани лұғат ат-түрік» сөздігін ана тілімізде сөйлетіп беріп кеткен ғаламат аудармашылығы. Алғашқы еңбек туралы жоғарыдағы сұхбатта жеткілікті айтылды. Ал соңғы жәдігерге келсек, Асқар оған 1990 жылдан бастап кірісті. Сөйтіп, 1998 жылы оны «Хант» баспасынан 3 том етіп жарыққа шығарды. Көненің көзі болып табылатын бұл туынды бүгінгі ұрпаққа несімен құнды дейсіздер ғой. Ол – ежелгі түркі тілінің алғаш рет жинақталған, әліпбиі түзілген, сондағы ұлы қағанатты құраған он сан ұлыс сөзінің тұтастығын дәлелдеп, соның заңдылықтарын ашқан еңбек. Онда тек түркілерге ғана тән 6800 сөзге түсіндірме берілген. Сондай-ақ бұл кітапта біздің бабаларымыз болып табылатын оғыз, қараханид және қимақтар мекендеген жерлердің картасы бар. Ол аз десеңіз, Махмұд Қашқари бұл жазбасындағы 29 ­тайпа түркі жұртының этноним, топонимдерін, олар пайдаланған киім-кешек, тағам түрлерін, салт-дәстүрін, ру таңбаларын да сипаттап өтеді. Осы реттен қарағанда ­«Дивани лұғат ат-түрікті» ежелгі заманның энциклопедиясы десе де болады. Осындай ғажайып қазынаны аударып, бүгінгі Қазақ еліне төл тіліміздегі мұра ретінде сыйлаған Асқарға қалай риза болмайсың?! Қалай рақмет айтпайсың?! Сондықтан осындай талант иесінің, әмбебап руханият өкілінің замандасымыз, досымыз болғанына біз мақтанамыз.

НҰР-СҰЛТАН

Суреттерде: 1. Автордың аудармашыға дайындаған сұрақтары; 2. Тәржімешінің сұхбат­та­сушыға әзірлеген тезистері; 3. Дайын болған интервьюдің бір беті.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.