МҰРАТЫ АЙҚЫН БАСЫЛЫМ

Алматыға көшіп келген алғашқы жыл әр істің басын бір шалумен өтті. Тиянақты кәсіп табылмай, үйренген журналистік жұмысыма қайта кірісейін деген ойға табан тірегем. Жүрексіне бас сұққаным «Ана тілі» газеті болды. Бұл 1998 жылғы қаңтардың басы. Газеттің бас редакторлығына жазушы Мереке Құлкенов ағамыз кеп жатқан кез. Жауапты хатшы – Ертай Айғалиұлы. Газетте бос орын жоғын осы Ерағамнан естігем. Менің де барар жер, басар тауым қалмаған-тұғын. «Газетке қажет тапсырмаңыз болса орындайын» деп, кетпей, табандап тұрып алдым. «Жазуымды ұнатып, жұмысқа алып қалар» деген есек дәме менікі. Ерағам да қызық, өзім онша құмарта қоймайтын спорт тақырыбын ұсынғаны. 

Журналистік тәжірибем де анау айт­қандай емес, көрген-баққаным облыстық телеарнаның тілшілігі. Оны да бар-жоғы үш жылдан сәл астам уақыт істеппін. Тележурналистика деген бүгінгі күннің оқиғасын бүгін айтып үлгеру ғой. Сол әдетіме басып, тапсырманы тез орындауға тырысып бағып жүрдім. Ардагер палуан Аманжол Бұғыбаевпен, ардагер боксшы Әбдісалан Нұрмахановпен сөйлесіп, сұхбат жасадым. Ол сұхбаттарым газеттің бір-бір бетін алып, нөмірге жедел кетіп жатты. Газет журналистері болса, керіліп-созылып мақалаларын соңғы күнге дейін созып жүріп алатын сияқты. Маған ­солай көрінеді. Кейін өзім де сондай болдым. Осылай бір ай өткен. Штаттағы журналистермен бірге жұмысқа ерте келем, кеш кетем. Еңбекақы жоқ, бір мәрте қаламақы төлегені болмаса. Мақалаларым кідіріссіз жарияланып жатыр. Ерағам желпінтіп мақтап қояды. «Бас редакторға айтсаңызшы, жұмысқа алсын» деймін мақтау сөзіне сеніп қалып. «Өзің барсай» дейді ол. «Е, барам, бармай не бопты!».
Бастапқыда аздап күлімсіреген бас редактор, әңгіме штатқа алуға келгенде қабағын қайта түйіп ала қойды.
Осылай тағы екі апта өтсін. Келесі бір бейсенбіде газет қызметкерлері лездемеге кетіп, кабинетте жалғыз өзім қалған бір сәт еді. Есіме облыстық теледидардан кеткен себебім сап етіп түсе қалғаны. Мәссаған, қалай ұмытқанмын, «енді журналистиканы желкемнің шұқыры көрсін» деп, өзіме-өзім ант беріп кетіп ем ғой. Өйткені үш жылдан аса журналистік жұмыста жүргенде бар болғаны үш-төрт-ақ өлең жазыппын. Журналистика жаздырмапты. Журналистикамен сол үшін қоштасып ем ғой. Енді келіп, сол ноқтаға басымды қайта сұғуым қалай? Көңілім нілдей бұзылсын. Табанымды жалтыратпақ боп жылдам жинала бастап ем, хатшы қыз – Раушан жетіп келді. «Сені шақырып жатыр» дейді. «Кім?» «Бастық!». Қайтпек екен шақырып, ­шамасы кешегі мақаладан бір қате кеткен ғой. Екіұдай ойға қалып, қобалжуымды баса алмастан лездеме өтіп жатқан бас редактордың кабинетіне бас сұқсам, бір тілшіні тұрғызып қойып іреп ­жатыр, «жұмыстан шығасың, корректор боласың» дейді. Бір жарым айда жалғыз ақпарат жазған ба, қалай. Онысы да қате боп шыққан ба, немене. Бас редактор сосын жауапты хатшыға мені нұсқап: «Орнына анау балаға приказ бергіз» дегені. Жүрегім су ете қалды. Мәссаған! Баяғы антым есіме енді түсіп, жөнімді таппақ боп тұрғанда ұсталған жерімді қара! «Енді маған журналистикадан құтылу жоқ шығар» деген өкініш өзегімді өртей жөнелді. Сол күні үйге торығып, көңілсіз оралдым. Түнерген түрімді көріп, келіншегім шошып кетті. «Не болды?» деп бәйек. «Газетке жұмысқа алды» дедім мен әлдебір жайсыз жағдайды естірткендей.
Қазір жұмыс іздеген журналист іні-қарындастарымды көрсем, өзім бастан кешкен осы оқиғаны айтып бергім кеп кетеді. Журналистің жұмысы басылымға барған бетте көрінуі қажет. Жаза білсең жерде қалмайсың. Журналистика көптің бірі болып, елеусіз жүре беретін басқа кәсіптерге еш ұқсамайды. Шағын ­ақ­парат жазудан басталған журналистік соқпақтың барар жері – үлкен саяси күрес болуы тиіс.
Мені тілші етіп жұмысқа алған соң, Раушан Төленқызы «Біздің сұхбат» ­сынды көлемді дүние жазуға ойысты, мен Раушаннан қалған ақпарат бөлімінің таусылып бітпейтін шаруасына жегілдім. Сабыржан Шүкірұлы көкеміз «Тіл» бөлімінде жеке өзі. Мемлекеттік тіл, терминология мәселесін көп қозғады. Қазақ әліпбиі туралы сөз болғанда, неге екенін қайдам, кириллицаны қалады. Өзіндік дәлел-дәйек келтіріп, табанды түрде соны қорғап бақты. «Қазіргі қазақ тілінің құлақ бұрауы қалай?» атты тіл білімі ғалымдарын өзіне қарсы қойған, тосын ойлардың ­тууына түрткі болған мақалалар сериясын жариялады. Ол кезде мен әлеумет және ақпарат бөлімінде жүргендіктен, тіл мәселесіне дендеп ене қоймап едім. Қазір оқып қарасам, Сабыржан көкеміздің де, басқа да кейбір авторлардың да тіл туралы мақалаларында шикілік кездеседі екен. Ойдың дамуы деген, сірә, осы болар. Қазір басы ашық мәселелер сол ­жылдары әлі талқыланып жатыпты. Сабыржан Шүкірұлының «Мама кімнің сөзі?» атты мақаласы ойымнан еш шықпай қойып еді. Ол мақалада «мама» сөзінің бізге жат емес екеніне емеурін білдірілгенімен, қолға ұстатқандай нақты дәйек жоқ болатын. Тек «мама ағаш», «мама қаз» сияқты сөздер дәлел ретінде келтірілген. Зерттей келе «маманың» түркі сөзі екеніне, оның ішінде қазаққа бәрінен де жақын екеніне көзім жетті. Тапқан дәлелім «Ө-өш… ше… ше…» атты әңгімеме арқау болды.
Байбота Қошым-Ноғай, Марат Қабанбай сынды ағаларым сол ­жылы-ақ басқа қызметке ауысып кеткен. «Ана тілінің» ішінен жарық көре бастаған «Алтын дария» атты қосымша газетке жазушы Қуаныш Жиенбай ағам ­жауапты. Оған ақын Бауыржан Бабажанұлы мен Әсия Ақышева да атсалысты. ­«Жалын» журналымен біріккен редакция болған себепті, журнал қызметкерлері, ақын Нұрлан Мәукенұлы да, Болатбек Төлепберген де газет жұмысына араласты. Тілші құрамы үнемі толығумен болды, Шәкен Күмісбаев, Жұмабай Құлиев, Дағжан Белдеубайұлы, Салтанат Өтеуғалиева, Құралай Үргенішбайқызы, Мақпал Жұмабай сынды қаламгерлер басылымға дем берді. Cол жылдары «Таң-Шолпан» әдеби журналында жұмыс істейтін ақын Мырзан Кенжебай «Саясаттар тоғысы» айдарымен қоғамда болып жатқан саяси жағдайларды талдап, баға беріп отыратын оқылымды мақалаларын үзбей жариялап тұрды.
Қарап отырсам, «Ана тіліне» тура жеті жылымды арнаппын. Сол жылдардағы ­газет тігінділерін ақтарып отырсам, жазған мақалаларымыздың қазір ­әттеген-ай дейтіндей шаласы да, өзіңнің көңілің толатындай тәуірі де жеткілікті екен. Журналистік жол ылғи да сәттіліктен тұрмайтындықтан, күн сайын алдымыздан жаңа тақырып шыға беретіндіктен де солай болған шығар. Оның үстіне нарық заманына қадам басқанымызға бес-алты-ақ жыл болғандықтан, жалпы халықтың бұл туралы түсінігі дәл бүгінгідей емес, шалалау еді.
«БҰТ-ымызды айырып алмайық!» деген мақалам еске түсіп отыр. Бұл мектеп бітірушілерінің сынақтың тест түріне көшіріліп жатқан 2003 жыл еді. Бірыңғай ұлттық тест деген сөйлемді қысқартып БҰТ дейтін. Осы мақала шыққан бойда Білім министрлігі БҰТ-ты бір-ақ күнде ҰБТ етіп өзгертіп жіберді. Бұл баспасөздің билікке ықпал етуінің бір мысалы ғана.
Таксистің жазбалары айдарымен «Алматыға келген қыз…» атты деректі әңгімелерім үзбей жарық көріп тұрды. Тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы осы әңгімелер желісімен екі бөлімнен тұратын телехабар түсірді, «Өлке» баспасынан жеке кітап болып та шықты. Кинорежиссер Қалдыбай Әбенов екі сериялы көркем фильмге сценарий жазып еді, қаржы бөлінбей, сол күйі аяқсыз қалды. Бүгін қарасаңыз, Саин көшесі тап-таза. Кім біледі, оған менің әлгі жазбаларым мысқалдай да болса ықпал еткен шығар деп ойлап қоямын.
Газет 2000 жылы қаржы тапшылы­ғын бастан кешті. Жарық көруге тиіс 52 нөмірдің 32-сі ғана оқырман қолына тиіпті. Газеттің он алты беті азайып, сегіз беті әрең шығып тұрды. Журналистердің жалақысы 4800 теңгеге дейін құлдырады. Соның кесірінен тілшілердің біразы басқа жұмысқа ауысуға мәжбүр болды. ­Имандай шыным, мен 1994 жылдан ­былай қарай журналистиканың ақшасына күнелткен адам емеспін. Содан ба екен, қанша қиын жағдай болса да, газеттен кетуді ойламаппын. Шынымды айтсам, барар жерім де жоқ еді.
«Ана тілінің» мұраты – мемлекеттік мәртебе алған тіліміздің қолданылуы мен дамуына көлденең тұрған кез келген кедергімен күресу. «Таяуда Орыс қауымдастығы мен «Лад» славян қозға­лысы бірігіп орыс тіліне мемлекеттік мәртебе сұрап, Президентке хат жазды.
Олардың орындалуы мүлде мүмкін емес нәрсені батылы жетіп еркін талап етуінің өзі тіл төңірегіндегі текетірестің мәңгілік майданға ұласып бара жатқанын аңғартады. Мемлекеттік тілдің көсегесі, осындай бұратартушылардың кесірінен енді он жылда да көгере қоймайтын сияқты. Міне, осындай жағдайда «Ана тілі» газетінің пәрменді күрес құралы екені айқын сезіле түседі. Енді он жылда да, жиырма жылда да, ана тіліміз қашан шын мәнінде мемлекеттік үстемдік құрғанша «Ана тілінің» көздегені осы бола бермек» деппін сол жылдары жазған бір мақаламда («Депутаттық сұрау салды», «Ана тілі», №21, 24.05.2001 жыл).
Осы мақаланың жазылғанына он тоғыз жыл уақыт өтіпті. Бірақ мемлекеттік тілдің қазіргі жайы мақала жазылған 2001 жылдағыдан көп өзгере қойған жоқ. Әлі сол баяғыша сүйретіліп келеді. Иә, ілбіп сүйретіліп. Біздің қоғам мемлекеттік тіл мәселесінде ілбіп емес, қарыштап алға басуы тиіс еді. Тоқсаныншы жылдардың басында қазақ тілінің басымдық алатынына орыстар да сеніп, балаларын қазақ мектептеріне бере бастаған еді, қазір ол сенімнен жұрнақ та қалмаған сияқты. Сенбегені сол, соңғы кездері тегі славян адамдар «қазақ тіліне қажеттілік жоқ» дейтін пікір айтқыш болып ­барады. Кешегі дүнген оқиғасы да соны көрсетті. Демек, енді тағы да он, жиырма жыл, тіліміз қашан шынайы мемлекеттік үстемдік құрғанша бүгінгі «Ана тілінің» де мұраты мемлекеттік тіл үшін күрес бола бермек.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
«Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы,
«Ана тілінің» 1998-2005 жылдардағы бөлім меңгерушісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.