ХХІ ғасыр мамандығы – нанотехнология

2019 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде химиялық физика және ­материалтану ­кафедрасы «Химиядағы наноматериалдар мен ­нанотехнологиялар» білім беру бағдарламасы бойынша бакалавриатқа алғашқы талапкерлерді қабылдады. Бұл – елімізде осы бағыттағы бакалавр мамандарын даярлайтын тұңғыш білім беру бағдарламасы.

Кафедрада бұған дейін 2011 жылдан бастап «Наноматериалдар мен нанотехнологиялар» мамандығы бойынша химия саласында магистрлер мен PhD докторлар дайындалса, енді бакалавриат деңгейінде де аталмыш бағытта мамандар даярлауға мүмкіндік туып отыр. Бұл заманның талабына сай, болашақта нанотехнология ­саласында мамандарға сұраныстың арта түсуімен өзекті болып отыр.
Елімізде бұл саладағы алғашқы ғылыми-зерттеу жұмыстары Жану мәселелері институтында, әл-Фараби атындағы ­ҚазҰУ-да ХХ ғасырдың 90-шы жылдары басталған еді. Сол жылдары нанокөміртекті материалдар, фуллерендер алу бағытында профессор З.А.Мансұровтың жетекшілігімен ғылыми жобалар жүзеге асырылды. Кейінірек университетте Ұлттық нанотехнологиялар зертханасы ашылып, қазір физика саласында да осы бағыттағы зерттеулерді жүзеге асыруға өз үлесін қосып отыр. Химия және химиялық технология факультетінің басқа кафедралары мен ғылыми орталықтары да нанотехнология бағытын дамытуға жемісті еңбек етуде.
2000 жылдардан бері Жану проблемалары институты кафедрамен бірлесе 2 жылда бір рет «Көміртекті материалдардың физикасы мен химиясы. Наноинженерия» атты халықаралық симпозиум, жыл сайын жас ғалымдар мен студенттерге арналған «Химиялық физика және нанотехнология» конференциясын өткізіп келеді. Аталған симпозиумның өтуіне ХҒТО (МНТЦ) демеушілік жасап, көптеген шетелдік ғалымдардың қатысуына қолдау көрсетті. Профессор З.А.Мансұров­тың редак­тор­лығымен «Нанотехноло­гия­ның ақ кітабы» атты ғылыми мақалалар жинағы жарияланады. Кафедра оқытушылары «Нанотехнология негіздері», «Нанотехнологиялар мен наноматериалдар» атты оқулықтар шығарды, «Құпиясыз ­нанотехнологиялар» оқулығын қазақ тіліне аударды.
Қазіргі кезде кафедра оқыту­шылары және Жану мәселелері ­институты қызметкерлері ­на­но­тех­нологиялар мен наномате­риалдар бағытындағы 10-нан аса ғы­лыми ­жобаларды жүзеге ­асыруда. Бұл жобалар нанокеуекті электрондты материалдар көмегімен бағалы металдарды бөліп алу, кө­міртекті нанотүтікшелерді элек­троэнергетикалық жүйелерде қолдану, олардың негізінде суперконденсаторлар алу, жалында фуллерендер мен графендердің түзілуін зерттеу, наноқұрылымды материалдар көмегімен суды тазарту, нанокөміртекті катализаторлар әзірлеу, суды тазалау үшін нанокеуекті мембраналар алу бағыттарын қамтиды.
Кафедра және Институт қызметкерлері суды тазалауға арналған наноқұрылымды сорбенттер негізінде сүзгілерді нарыққа шығарды. «Singo» маркасымен шығарылып жүрген бұл сүзгілер өсімдік қалдықтары негізінде дайындалғандықтан экологиялық таза, суды ауыр металдар мен органикалық ластағыштардан тазартып, ұзақ мерзімге қызмет етеді.
Бұл бағытта мамандар дайындауда кафедра шетелдік жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Ресейдің Халықтар достығы университетімен қос дипломды білім беру бағдарламасы әзірленді. Магистранттар мен докторанттар ­Ля-Рошель (Франция), Брайтон (Ұлыбритания), Техас (АҚШ), Берлин техникалық (Германия), Афины (Греция) және басқа да алыс-жақын шетелдік университеттерде ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алуда. Кафедра оқытушылары, профессор З.Мансұров, оқытушылар А.Керімқұлова, С.Азаттың Бельгияның Корольдік Әскери академиясының профессоры П.Людовикпен бірге дайындаған «Өсімдік қалдықтары негізінде тиімділігі жоғары наноматериалдар алу» жобасы НАТО-ның «Бейбітшілік және қауіпсіздік үшін» ғылыми жобалар сайысында жеңімпаз атанды.
2018 жылы профессор З.Мансұров Біріккен ұлттар ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) «Наноғылым мен нанотехнологияны дамыту саласына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Медаль көрнекті ғалымға жану режимінде көміртекті нанотүтікшелер мен графендерді синтездеу және нанокөміртекті материалдар өндірісінің технологиясын әзірлеуге қосқан үлесі үшін берілді.
2014 жылы «Сколково» басқару мектебі дайындаған «Болашақ мамандықтар атласында» нанотехнолог-мамандарға деген сұра­ныстың көбейе түсетіні айқын жазылған. Бұл, әсіресе, материалтану, құрылыс, ғарыш, медицина, өнеркәсіп салаларында қазір де байқалады. 3D-принтер, «ақылды» материалдар, өзін-өзі тазалайтын материалдар, нанокомпьютер, нанобиореактор, ­нанороботтарды пайдаланатын күн алыс емес.

Ердос Оңғарбаев,
химия ғылымының докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.