Құлқынымызды емес, ұрпағымызды ойлаймыз

Қазақтың қара шаңырағы – Қазақстан топырағына «атамекенім» деп көшіп келген де, оралуға құштар да қазақ аз емес. Қазақстан егеменді ел болысымен Елбасы Н.Назарбаевтың «шет жүрген туыстар, тарихи атамекендеріңе оралыңдар» деп лебіз білдіріп, көшіп келушілерді ат-көлікпен, ақшалай демегені рас. Алайда туып-өскен ел-жерді, мал-дәулетті, кәсіпкерлікті тастап, жалаң қабат киіз үй, бір қабат киіммен ғана ауып келген жандар қалай күн көрері беймәлім.

Үй-күйі, мал-дәулеті бар жергі­лікті ағайындардың өзі тұралап қалған мына қиын кезеңде сүйенері де, сенері де жоқ қоныс аударушылар қалай күн көрмек. «Әттеген-ай, бекер келдік-ау!» деп өкінуге дәс жүргеңдер де жоқ емес. «Ағайын деп келді ғой» дейтін жанашыр табылмаса, жансақтарлық жалақылы жұмыс бермесе, мамандығы мен кәсіпқойлығын лайықты бағаламаса «орысша білмейсің» деп көзге түрткі етсе, кейбір тоңмойын бастықтар қит етсе «қуамын, айдаймын, соттаймын» деп қоқан-лоққы жасаса, адамның адамы ғана төзері белгілі. Осындағы ағайындар арасында қоныс аударушыларды жақтырмайтын, атамекенге оралғандарды құлдыққа келгендей көріп, қолынан келсе төменшіктетіп, басынғысы келе­тіндер де ұшырасатыны өтірік емес. Тек атамекен топырағынан дәм тартып көшіп келгендерді Алла Тағала бұйыртқан кәсібінен айырмасын. Өйткені біз құлқынымызды емес, ұрпақ тағдырын ойлап келген жандармыз.
Қара бастың қамы үшін ұлы­лы­ғымызды, ұлттық ұлағатты қасиеттерімізді бөтеннің табанының астына тастағаннан-ақ азаптан азапқа, тозақтан тозғынға түсіп, бір серпіле алмадық. Біздің осал­ды­ғымызды пайдаланған өзге ұлттар елді, жерді өзбілермендігімен бөліске салды. Төрге шығып төсекті иеленді. Төрелігін ­айтып, төбеге шай қайнатты. ­Сонда да мыңқ еткен қазақ жоқ. «Қала салып даланы игерді, өндіріс орнатып, өзегімізді жалғады» деп, тәттіге айналған жас сәбидей қуандық. Бұл қуаныштың ақыры жерді апат ошағы, елді ақ нәсілдердің отары болғызды. Кім ұтты?! Екі беткей жағымпаздар мен пара­қорлар, ар-намыссыз азғындар ғана қарны тоқ, кайғысы жоқ, алдында асы, астында аты бар – шайқап өтті. Қазақ­тың жаулары да осы атқамінер «мық­тыларды» пайдаланып, халықтың түбіне жеткені тарих бетінде сайрап жатыр.
«Мал аласы сыртында, адам ­аласы ішінде» дейді халық. Соңғы кезде ұлттық намысы жоқ, байлық пен мансапқа құныққан, адамгершіліктен, иманнан ада атақкұмарлардың көбеюі халықтың басына төнгелі тұрған қасіреттің нышаны болса керек.
«Қазақ-орыс» үкіметі деген ­атауды естігеніміз жоқ. Мемлекетімізді Қазақстан деп атап, дүниежүзіне жариялап алып, мемлекеттік тілдің қай тіл болуын сарапқа салудың қажеті қанша?! Әрбір тілдің көктейтін өз топырағы бар. Ол – сол ұлттың өмір сүрген тарихи атамекені. Қазақ тілінің Қазақстаннан өзге өмір сүріп, көктейтін ортасы бар ма?
Қазақстанда көптеген ұлт өкілдері өмір сүреді. Осылардың ішінде қазақ тілінен өзге ұлт тілдерінің барлығының тіршілік ететін өз Отаны – топырағы бар. Қазақтың қолынан дәм татып, тағдырдың қиын-қыспақ кезеңінде тонның ішкі бауындай бауырласып күн көрген ағайындар, соның ішінде орыс халқының ұл-қыздары меймандостығы мен кең қолтықтығын көрсеткен қазақ халқының ұлттық тілі мен ділін сыйлап, тірлік құрған жер-суын қастерлеп, көмектесуге тиіс. Қазақта «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін тәмсіл осыдан қалған. Орыстың тілі мен мәдениеті Қазақстандағы орыс ағайындардың көмегінсіз-ақ халықаралық мәртебесі мен ұлттық тіл дәрежесін жоймайды. Ал бірен-саран тіл мамандарының өз ортасына барып, үлес қосуына ешкім де бөгет болмасы анық. Өгей тілді қазақтар мен ар-намыссыз тоғышарлар қазақ тілі шын мемлекеттік деңгейге көтерілсе, ­мансабынан, мол байлығынан, қаралық ­жасайтын тізгінінен ­айырылып қалам деп қорқады. Қазақша дым білмей, орысша кібіртіктеп, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсе қалатын әкімдер, басшылар ресми істі де, іс-қағаздарын да қазақша жүргізе ­алмасы айдан анық қой. Жоғарғы лауазымдағылардың ­көбісі-ақ қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қарсы және самарқау қарайтынын өткен екі жылда атқарған қарекетінен тануға жетіп жатыр. Оны қойып, қазақ тілі туралы, ұлттық намыс, ар-ұждан ­жайында сөз қозғаған адамды «екі ұлт арасына от жағушы, халықты бұрыс жолға уағыздаушы» деп кінәлайтындар да табылып жатыр. Өзінің төл азаматынсыз үкімет те, Отансыз азамат та қорғансыз. Қосазаматтықты көксеу өмір сүрген жеріне сенімсіз әрі күмәнмен қараудың айғағы. Ондай адам Қазақстанның егемендігі үшін де, елдігі мен жерінің бүтіндігі үшін де зиян келтірмесе, пайда әкелмес. Тек Қазақстанның төлқұжатын төс қалтасына салып жүретін азамат қана Қазақстанға жанашыр бола алады. Ал, мемлекеттік тілді білу – сол елдің азаматы үшін міндет. Тіл мәселесінде тартыс болуға тиіс емес. Бұл – қазақтың ұлттық тілінің Отаны. Мемлекеттік тіл сол елдің дүниежүзіне танылатын әрі кім екендігін танытатын ұлттық тұмары. Ал, көп тіл білу – әркімнің өз еркінде. Ана тілінде сөйлеп, ана тілінде ойлаған халық қана аршыл, намысшыл, адамгершілікті болады және өзге ұлттың қасірет-қайғысына да ортақтаса алатын сезімталдыққа ­баулынады. Ақиқатын айтсақ, қазақтың күнін жоқтап, үнін қосатын аздаған ақын-жазушылар, әнші-сазгерлер, қазақтың тіл мамандары мен тілшілер, бірен-саран басшы азаматтар ғана шырылдап жүргені болмаса, көбіміз әлі де ұйқыдан көз ашпаған халдеміз. Тіл оңалмай, діл оңалмайды. Діл оңалмай, дін оңалмайды. Осы үшеуін оңалта алмаған ел оңбайды.

Ұятхан РАХЫМТЕГІ

Көкшетау облысы
Тамыздың 25-і, Ит жылы,
1994 жыл

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.