Жақсы жандарға ұқсағым келеді

Алғаш қолға қалам ұстатып, әріп танытқан ұстаз еңбегі оқушы үшін орасан зор. Әр шәкіртін өз баласынан кем көрмей, оқуға, жазуға, армандауға үйреткен мұғалім, Ыбырай Алтынсарин айтпақшы, «мектептің жүрегі». Бізге сабақ берген Сәуле Қарашбаева апай әр тоқсанның басында «Өскенде кім боласың?» тақырыбында шығарма жаздыртатын, әр бала әртүрлі армандап, ұшқыр қиялымызға ерік беріп, қалам тербейтінбіз. Анамның тізесі қақсап, белі шаншып ауыратындықтан, «Дәрігер боламын» дейтінмін. Жоғары сыныпқа өткенде дәнекерлеуші болсам ғой деп армандадым. Себебі «әкемнің көзіндей болып сақтаулы тұрған велосипедті жөндеп алсам, газ баллонды ауыстыру, азық-түлік дүкеніне бару, дәріханадан анама дәрі-дәрмекті әкеліп беру үшін әлгі велосипедпен зырғитын едім» деп жүрдім. 

Жоғары оқу орнына түскен кезде тағы бір арман қосылды. Бауыржан Момышұлы: «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де – ұстаз өсіреді» деген ғой, мен де ұстаз болсам дедім. Шүкір, қазіргі таңда «Балбөбек» бөбекжай балабақшасының саз жетекшісімін. Арманым қазір де көп. Ол армандар қайдан, қалай пайда болады? Бала күнімде айналамдағы жақын адамдарыма көмектессем деген оймен түрлі мамандық иесі болуды армандадым. Ал осы күні айналамда жүрген, тұлғалық қадір-қасиетін, ұстанымын құрметтейтін адамдарды өзіме үлгі тұтатынмын. Мәселен, Түркістан қаласы әкімдігінің Білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова секілді жан-жақты тұлға болып қалыптасқым келеді. Ақмарал апай қандай жағдайда да байыппен жауап қатып, ұстаздардың мәртебесі туралы заңды жіпке тізгендей түсіндіріп береді.
Бірде Шымкент қаласында өткен облыстық олимпиадасына қатысқан оқушылар мен ұстаздарды Ақмарал Үсенқызы құттықтап, арнайы диплом, медаль, сыйлықтарын тапсырды. Балабақшада семинар өткенде де барлық педагог қызметкерлерге мадақтаманы өз қолымен беріп, алғысын айтты. Бұл екі басқосуда да Ақмарал Үсенқызының тағылымды әңгімесін тыңдаған педагогтар мен оқушылар тәлімді сөзді жүректеріне орап қайтты-ау деп ойлаймын. Отырар мөлтек ауданында бой көтерген Ахмет Байтұрсынов атындағы №1 жалпы орта мектептің ашылуы туралы сыңаржақ пікірлерге қатысты әлеуметтік желіде байыппен, дәлелді жауап қайтарған еді.
Иә, осы күні есейсем де арман жетегінде жүретінім, осындай жақсы жандарға ұқсасам екен, солардай биіктен көрінсем деген тілектен туындайды. Арамызда кісілік болмысымен бізге үлгі-өнеге болатын жандардың бар екені де көңіл қуантады.

Ержан Ахметжанұлы,
«Балбөбек» бөбекжай
балабақшасының саз жетекшісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.