Роза МҰҚАНОВА, жазушы, драматург: ЖАЗУ – МІНӘЖАТ, ЖАЗУ – БАҚЫТ!

Оның кейіпкерлері кітаптардан, театр қойылымдарынан, кинолардан бізге етене таныс, жақын, аяулы. Оның шығармалары да бізге өз кейпімізді, сипатымызды, керек десеңіз, қасіретімізді айқын көрсетіп беретіндей. Сөйте тұра, оның шығармаларында өр рух, қайсар мінез де менмұндалап тұрады. Жазушы Роза Мұқанова ілгерідегі бір сұхбатында: «Суреткерді өнер тудырушы деген дұрыс. Жазушы да, суретші де, композитор да – өнер тудыратындар, өнерді жаратушы,­ өнерді жасаушы деп білемін. Ал актер, музыкант, әнші, күйші – орындаушылар. ­Суреткер мен орындаушының арасы жер мен көктей. Сол себепті суреткердің жаратылысы да, табиғаты да, өмірі де, тағдыры да өзгешелеу» деген екен. Өнер тудырушының бүгінгі сұхбаты жазу мен жазушыға арналды…

– Әңгімемізді бала Розаның қол созған биігінен бастасақ деймін. Шығыстың топырағында отырып алып, атар таңға, батар күнге, бәлкім толған айға қарап нені армандап едіңіз? Балалық пен балғын жас­тық­тың қимас әңгімелері қалып қойған сол күндерге көп қайырыласыз ба?
– Адамның жаратылысы қызық, о баста бәрінен қашып жүресің. Балалық шағың да бір бітпейтін кезең сияқты, тым ұзақ, арманың көп. Сол арманға тезірек жеткің келеді, тезірек есейгің келеді. Есейіп алғандардың бәрі бақытты сияқты көрінеді, ешкімге тәуелді емес сияқты. Мен де балалық шағымнан қашқан адаммын. Ата-анам Алматыда студент, атам мен әжемнің қолындамын. Қаладағы ата-анамды сағынамын. Бар арманым екеуінің жанында болу. Олар институтты бітірген соң, мені қолдарына қайтарып алды, бірақ мен осы екі кісіден де жырақтау жол іздедім. Кеткім келеді, кетіп қалып ата-анамды қайтадан сағынғым келеді. Сөйтіп, Алматыға ­ҚазМУ-ге түстім, студенттік кезеңнің 2-курсында­ жалыға бастадым. Қазақ телевидениесінде өндірістік практикада­ жүріп, сценарий жазуға машық­тандым. Мұрағаттардан көп­сериалы хабарлар жасадым, мұнан соң журналистикадан да қаштым. Өмір солай жалғаса берді.
Қазір бақытты балалық ­ша­ғым­ды­ сағынамын. Келмеске кеткен ата-анамды ойлағанда, оларды еске алғанда балаларымның, сту­денттерімнің отырғанына, тіпті эфирде отырғаныма да қарамастан жылап қаламын. Менің балалық дәуірімнің ең биік шыңы, бақытты кезеңі – мені дүниеге әкелген, маған қамқор болып, өмірге жетелеген аяулы ата-анаммен енді кездесе ­алмайтынымды ойлағанда жылаймын…
Білесіз бе, енді кездесу жоқ екен, екі айналып келетін ғұмыр жоқ. Осыны­ ойлағанда көзімнен парлап жас ағады, тоқтай алмай қаламын… Меніңше, барлық адамға тән қасиет. Олардың өмірден озуы мені есейтті, мәңгілік ештеңе жоқ екеніне көзім жетті. Уақыттың өтпелі екенін ұғындырды. Ешкімге ренжімейтін, ешкімді кінәламайтын, үлкен-кішіге мейірімді болуды санама құйып кетті. Олар өмірден озуы арқылы жүрегіме салмақ, жаныма мұң салып кетті. Содан бастап, мен асықпайтын, қашпайтын, тұрақты адамға айналдым.
– Ол уақыттағы балалардың әдеби-көркем дүниені оқуы көп ешкімді таңғалдыра қоймағаны анық. Сонда да, ең алғаш кітап бетін парақтап, көркем сөздің тәтті дәмін таңдайыңызда сезе бастаған тұста сізге қандай және кімнің шығармалары ұнайтын? Ол әдеби талғам уақыт өте өзгерді ме? Бұлжымай сақталып қалғаны қайсы?
– Әкем жазушы болғандықтан, өзіне ұнайтын авторларды оқуды ұсынатын. Көңіл күйін мақал-мәтелмен, шешендік сөздермен, Абай сөзімен, М.Әуезов тілімен жеткізіп отыратын. Сөз саптауды әкемнен үйрендім. «Абай жолындағы» Абайдың бала кезін оқып шық деп тапсырды. Ұмытпасам, 7-сынып болуы керек. «Абай жолындағы» ең қызықты тарау – Керімбаланың Абай мен Тоғжанды кездестіру сәті. Мен осы тарауды қайталап оқи-оқи жаттап алсам керек. Мектепте «еңбек сабағы» деген болады. Сол сәтте осыны құйқылжытып сыныптастарыма айтып беремін. Мен үшін М.Әуезовтен артық жазушы жоқ еді. Еңліктің монологын жатқа айтатынмын, Жапал болып ойнайтынмын. Әуезовті жақсы көргенім соншалық, басылымдарға шыққан суреттерін, фотосуреттерін жинайтынмын, оқулықтардағы суреттерін қиып алып, сақтап қоятынмын. ­ҚазМУ-ді бітіретін жылы дипломмен бірге жұмысқа жолдама берді. ­Жолдама бойынша ­Алматыда қалдырылған едім. Желтоқсан оқиғасына қатысқаным себепті, жолдамамды жоғалтып жіберді. Көп қиналдым, сондай тығырыққа түскен сәтімде түсіме Мұхтар Әуезов кірді. Сол түсім дәл бүгін көргендей ап-анық көз алдымда.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Мәңгілік бала бейне» спектаклім 17 жыл бойы репертуардан түспеді, 1997 жылы ұлы жазушының 100 жылдығына орай «Қаралы сұлу» әңгімесінің желісінде инсценировка жаздым, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды. Ақыры өзім пір тұтқан ұлы жазушымен осылай табыстық.
Тәкен Әлімқұлов сүйікті ­жазу­­­шым. Мен өзімнің алдымдағы үл­кен­дердің бәрін пір тұтамын, бәрін жақсы көремін. Әрқайсысына қарыз сияқтымын. Өйткені соларды оқып қалыптастым, солардан үйрендім. Жоқтан бар болмайды ғой, әр жазушы көркем әдебиетті оқу арқылы үлкен әдебиетке келеді.
– Шығармаңыз баспасөзде жарқ ете қалған алғашқы қуанышты сәт есіңізде ме? Жазушылық қаламыңыз көпті мойындатып, алғаш тасқа басылған кітабыңызды қолға алған шақтағы көңіл күйіңіз ше?
– 7-сыныпта оқып жүргенде «Қазақстан пионері», «Балдырған», студент кезде-ақ «Жалын», «Жұлдыз» журналы сияқты басы­лым­­дарға ерте шыға бастадым. Етім үйреніп қалса керек, бірақ ең алғаш жинағым жарық көргендегі қуанышым ерекше болды.
– Кез келген өнер адамының өзге де салалардан құралақан қал­майтыны белгілі. Бала күнімізде, теледидардағы бір сұхбатыңызды тыңдап отырып, қобыз шал­ғаныңыз туралы әңгімені естіп едім. Қобыз сарыны қыз бала, әйел адам үшін ауыр ма екен?
– Қазақтың қара қобызы тылсым, жұмбағы бар аспап. ­Жазушы болмағанда қобызшы болар ма едім. Қобыздың үнін ғарышқа ұқсатамын, үрейі ішінде. Қобызды адам бейнесінде елестетер болсаңыз – қызығы таусылып, ойға көмілген қартқа ұқсатуға болар. Сезім іздемек болсаңыз – қуаныштан гөрі үрей мен өкініштен тұратын болар. Ол да қарағайдың қисық бұтағынан жаралған, көне қоймайтын – көнекөз, айтары көп – шерлі. Сондықтан қобызды әйелден гөрі жын қуған бақсы немесе абыздың ұстағаны ­жарасады. Шығармаларымда қобыздың сарыны бар, оны өзім ғана білемін.
– Жазу қайдан келеді: біреулер шалқар шабытсыз ештеңе жазу мүмкін емесін айтады, енді бірі үлкен еңбектің керек екенін тілге тиек етеді. Сіз ше? Жазу үшін нені іздейсіз?
– «Шабытымды шақырамын, шабытымды күтемін» дегенді аса түсіне бермеймін. Кейбір ақындар шабытпен жазады, шабытын күтеді деп естимін. Олар бірде – өрт, бірде – жалын ғой. Жазуға ­дайын екенімді сезгенде ғана қолыма қалам ұстаймын. Тіпті дайын болған ­кезде де қашқақтап, жаның тұсауға түскендей бостандығыңнан ­айырып әкететін бір алапат сойқаннан бас сауғалап жүргендей боламын. ­Жазудан қашып, қонақ шақырғыш, үй жинағыш, базар аралағыш, балалардың қамын жасағыш болып мың сан себеп іздеймін. Ұялмай соған өзімді сендіруге тырысамын. Ақыры бұғауға көніп, басымды ноқтаға өзім салып, дүниәуи нәпсімді тыйып, сәждеге жығылғандай иілемін. Жазу – мінәжат! Жазу – пенделіктен, өтіріктен, жағымпаздықтан оңаша­латады, тазартады. Жазатын адамның жаны – таза, ақылы – сергек. Ең бақытты сәт – жазуға бойұсынған сәтің. Жазу – бақыт! Бірақ бұл сәт менде жиі кездесе бермейді, өте ­сирек. Сағынтып, сарылтып, әбден есеңгіретіп, ұмыт­тырып алып қайта келіп тұрады. Жазу – тазарып ­отыру ғой. Үнемі бұл образда өмір сүру мүмкін емес те шығар. Кірленген жаныңды тазарту үшін – ­жазасың-ау. Жаза алмай жүргендер жанын кірлетіп алған­дардан болар. ­Данышпан Абайдың «Кірлеген жүрек өз ішін тұра алмас әсте жуынбай… Дүние кірін жуынып, көрініп ойға сөз салар» дегені де осы ойымызды құптар.

Журналист Әкім ағаңызға: «Орындалмаған арманыңыз бар ма?» деп сұрақ қойды. Ол кісі «Бар» деген болатын. «…Орындалмаған арманым бар» деп еді. «Қазақ халқы өз елінде өз орнын ала алмай жүр. Қазақстан республикасы әлем елдерінен орын тапты. Қазақстан азаматы ретінде мақтануға тұрарлық күн туды. Ал қазақ ретінде өз орнын әлі ала алған жоқ. Алдағы уақытта елуінші орынға да, отызыншы орынға да жетіп қалармыз. Бірақ Қазақстандағы қазақ өз орнына өзі ие бола алмай келеді. Қазақ өзін-өзі сыйламайды. Өзін өзгеге сыйлата алмайды. Арамызда жүрген басқа ұлтты мәпелейміз. Оларға керемет жағдай жасаймыз. Алдымен ұлт ретінде төрде өзіміз отыруымыз керек. «Түрікпен төрін бермес» деген сөз бар ғой қазақта. Қазақ төрін ешкімге таптатпауы керек» деген болатын.

– Драматургияның жүгі жеңіл емесі анық. Сол ауыртпалықты арқаңызға салып алғандағы азаптың ләззаты қандай?
– Драматургия жанры әрі күрделі әрі қызық. Күрделілігі – ең әуелгі сұлбасын өзің жасайсың, иесіз, жансыз дүниеге жан бітіресің, кейіпкеріңнің түрлі образы арқылы интригасын, трагедиясын жасайсың. Енді әрі қарай режиссер, актер, композитор, суретші автордың идеясына жұмыс істейді. Жұмысыңды сахнадан көргенде, кейіпкеріңнің адам бейнесіне көшкенін көресің. Драматург – сахнада адам жаратады. Адамның жанын, мұңын, аласапыран тағдырын, жеңісін, жеңілісін, адамның әлемін көрерменге ұсынады. Адам табиғатын, әлемін алдымен дра­матург өзі танып-білуі керек. Тәжірибесі, өмірбаяны, тағдыры жоқ адам драматург бола ­алмайды. ­Сон­дықтан да драматургияға бүгінгі жастар бірден келе алмай кешеуілдетіп жатса, ол да заңды.
– Шығармаларыңыз театрда да, кинода да қойылды, қайсысына сүйіндіңіз, қайсысына көңіліңіз қоңылтақсып қалды?
– «Мәңгілік бала ­бейне», «Сарра», «Ешкім де кінәлі емес» (аб­сурд-­драма), ­«Фариза» көрер­мен көңілінен жоғары орын алды. «Мәңгілік бала бейне» – «Қыз­жы­лаған» – «Молитва Лейлы» режиссер С.Нарымбетов киноға түсірді. Ал «Мысықтар патшалығы», «Шатыр астындағы МЕН», «Сен» –(суретші С.И.Калмыков) «Муза» сахнаға әлі жол тартқан жоқ. ­Жаныма жақыны ­«Сарра», ­«Фариза» Мәскеудегі ­«Современник» ­театрында қойылды. Жылдың үздік шығармасы ­атанды. Әрине, әр режиссердің өз талғамы, өз қолтаңбасы бар. Мен ­шы­ғармаларымның идеясын, кейіп­керлерімнің бейнесін сақтау үшін күресетін авторлар қатарынанмын. Режиссердің жөн-жосықсыз «өзім білеміне» көне алмаймын.
– Осы күні аударма ісінде қара сөз ара-тұра байқалып қалады да, көркем аударманың жайы алаңдатады. Осы саладан хабардарсыз ғой, ­жалпы көркем аударма жасаудың қыр-сыры қандай? «Поэзияның аудармашысы – патша, прозаның аудармашысы – құл» деген сипаттағы сөзбен де таныс шығарсыз. Ендеше, аудармашының құл-қамытын киген сәтте ең әуелі нендей талапты қатаң ұстанасыз?
– Мен өмірімде бір ғана ­аударма жасадым. Онда да өзімнің қызы­ғушылым артқандықтан. Рабғұзидың «Қисса-сүл-Әнбия» атты кітабы. Осы кітаптан соң, енді аударма жасамаймын деп өзіме-өзім ант бердім. Содан бері аударма алған емеспін. Себебі аударманы өз деңгейінде тәржімалау – ЕҢБЕК!
– Осы күні бұқараның жазушыға, қаламгерге өкпесі көп секілді көрінеді. «Әдебиет – өмірдің айнасы» десек, олар сол айнадан өздерінің тағдырын, арманын, толғамын, кескін-келбетін, өзегін өртеген өкінішін ­таппай қалғандай. Қаламға серт берген қаламгерлер қатарында сіз де барсыз. Ол қатарда өзіңіздің таныс-біліс біраз ақын-жазушылар жүр. Әдебиеттің ­айнасынан халық өзін көре алмаса, оның сұрауы кімнен?
– Жалпылама пікір сияқты. Әйтпесе, қазақ әдебиетінің бүгінгі келбеті де ешбір елден кем емес. Күні кеше ғана әлемнің алты тіліне тәржімалаған шетелдік аудар­машылардың сөзін тыңдасаңыз, қазақ әдебиетінің деңгейін бағам­дайсыз. Ал бұқараға келсеңіз, заңды білмесе де кез келген жазушының шығармасын немесе ақынның өлеңін жатқа айтып бере алатын да осы оқырман халық. Демек, халық жанын сөз құдіретімен сусындатады да, жұбатады да.
– «Отаным жылап жатқанда» дейтін еді ғой Мұқағали. Осы күні Отанның көзіне жас тығылып, жүрегіне зілбатпан салмақ түскенде де ел-жұрт қаламгерлерден сөз күтеді. Олардың азаматтық ұстанымының қандай екенін білгісі келеді. Алайда, жасырып не керек, мұндай сәттерде елге басу айтуға, халықтың жүрек сөзін тыңдау мәселесіне келгенде де жұрт жетімсіреп қалатындай бір сезім ­басым. Мұның да себебін білгіміз келеді.
– Енді ол әркімнің өз еркінді­гіндегі мәселе. Жазушы да халықтың ішінен шыққан. Қолдарында қаламы бар болғанмен, билігі жоқ.. Осы уақытқа дейін 30 жыл бойы мемлекеттік тіл – қазақ тілі болу ­керек дегенді, негізінен, қаламгерлер көтеріп келді. Сол үшін сөз де естіді, сүйкімсіз де болды, басын бәйгеге де тікті. Халық­тың жағдайы да қоғамдағы келеңсіз жағдайлар да негізінен ақын-жазушылардың пікірімен жеткі­зіліп отырады. Бірақ олардың өздерінің мүддесі толық қорғалып келе жатқан жоқ. ­Сон­дықтан заң ше­шетін мәселені ­жазушы қалай шешеді, ондай құқықты оған кім береді?
– Көркемдікке жақын жанның Парламент секілді бір қарағанда салқынқандылықты талап ететіндей салада еңбектенуі қиыспайтындай көрінеді. Сондай сәттері қалам мен қызметтің арасында «дау» тумады ма?
– Иә, ҚР Ақпарат, Мәдениет министрліктерінде және ҚР ­Парламент Сенатында қызмет еттім. Мемлекеттік қызмет – үлкен ­мектеп. Маған тағдыр бүгінгі М­емлекет ­басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығында ­Сенат қабырғасында бес жылдай қызмет жасауды бұйыртыпты. Сол ­тұстарда-ақ мемлекеттің ірі тұлғасын, мемлекетшіл қайраткерді, болашақ мемлекет басшысын көре алдым. Ол кісі әлемдік деңгейдегі саясаткер екені дәледеуді қажет етпейтін де шығар. Әдебиетті, ­тарихты, ­киноны терең талдайтынына таңғалатынмын. Жұмыс барысында кейбір сұраныстарды білмей қаламын ба деп дайындықпен жүретін едім. Осы талап менің деңгейімді өсірді, мүмкіндіктерімді жетілдіріп ­отырды. Ол кісі БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесін, дүниежүзілік ұйымның ірі әрі негізгі бөлімшесін басқарған азиялық мемлекеттің тұңғыш өкілі болды. Бұл, әрине, Қазақстанның халықаралық беделінің айқын көрінісі еді. Бірақ, шынымды ­айтсам, сол кезде Қазақстан білікті ірі қайраткерін жоғалтты деген үлкен өкінішім болды. Енді мемлекеттік қызметте мұндай басшыны кездестіре алмайтынымды білдім. Сол себепті де өз еркіммен мемлекеттік қызметтен біржола қоштасқаным бар.

Әуезовті жақсы көргенім соншалық, басылымдарға шыққан суреттерін, фотосуреттерін жинайтынмын, оқулықтардағы суреттерін қиып алып, сақтап қоятынмын. ҚазМУ-ді бітіретін жылы дипломмен бірге жұмысқа жолдама берді. Жолдама бойынша Алматыда қалдырылған едім. Желтоқсан оқиғасына қатысқаным себепті, жолдамамды жоғалтып жіберді. Көп қиналдым, сондай тығырыққа түскен сәтімде түсіме Мұхтар Әуезов кірді. Сол түсім дәл бүгін көргендей ап-анық көз алдымда.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Мәңгілік бала бейне» спектаклім 17 жыл бойы репертуардан түспеді, 1997 жылы ұлы жазушының 100 жылдығына орай «Қаралы сұлу» әңгімесінің желісінде инсценировка жаздым, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды. Ақыры өзім пір тұтқан ұлы жазушымен осылай табыстық.

– Сіздің аяулы жарыңыз, біздің құрметті жазушымыз Әкім Тарази туралы да сұрақ қойсақ. Елді сөзіне ұйыта білетін қадірлі жасында ол кісінің жүрегін не қозғайды, көңілін не тербейді? Бүгінгінің бары мен жоғын қалай түгендейді? Әрине, Әкім ағаның өзінен сұрап алуға болатын-ақ сауал. Алайда жар ретінде, ол кісінің қас-қабағына қарап, жүрегіне үңілгеніңізде сіздің де нені қоса сезінетініңізді білсек дедік…
– Рақмет. Адам жас мөлшерімен де есейіп, өзгеріп отыратын болуы керек. Ол кісі жас кезінде де аса қызуқандылардың қатарында емес еді. Көп жағдайға салқынқандылықпен, сабырмен қарайды. Қазіргі жағдайда жұрттың бәрін ақылды санайды, ешкімге сын да, мін де ­артпайды. ­Осыдан жеті жыл бұрын бір сұхбатын есіне салдым. ­Журналист Әкім ағаңызға: «Орындалмаған арманыңыз бар ма?» деп сұрақ қойды. Ол кісі «Бар» деген болатын. «…Орындалмаған арманым бар» деп еді. «Қазақ халқы өз елінде өз орнын ала алмай жүр. Қазақстан республикасы әлем елдерінен орын тапты. Қазақстан азаматы ретінде мақтануға тұрарлық күн туды. Ал қазақ ретінде өз орнын әлі ала алған жоқ. Алдағы уақытта елуінші орынға да, ­отызыншы орынға да жетіп қалармыз. Бірақ Қазақстандағы қазақ өз ­орнына өзі ие бола алмай келеді. Қазақ өзін-өзі сыйламайды. Өзін өзгеге сыйлата алмайды. ­Арамызда жүрген басқа ұлтты мәпелейміз. Оларға керемет жағдай жасаймыз. ­Алдымен ұлт ретінде төрде өзіміз отыруымыз ­керек. «Түрікпен төрін бермес» деген сөз бар ғой қазақта. Қазақ төрін ешкімге таптатпауы керек» деген болатын. Ол әлемдік жаңалықтарды интернеттен өзі оқып, біліп отырады. Газет-журналдарды оқымайды. Оның есесіне, өзінің бүкіл он томдық шығармаларын қайта оқып, ой елегінен өткізіп, астын ­сызып оқығанды ұнатады. Бұл да жұмыс. Бұрын да үйден көп шыққанды қаламайтын адам еді. Қонаққа бармайды, көп сөйлемейді. Кейде жігіттер келіп әңгімелеспек ­болады, оларды тыңдайды, ­кейде кекетіп ­тастайды, көңілдеріне қарамайды. Жалпы ол кісіде адамның көңіліне қарау деген мінез болған емес. Үйге келген адамның әңгіме сиқын ұнатпаса «өздерің отыра беріңдер…» деп тұрып кете беретіні бар.
– Әңгімемізді биыл мерейлі мерекесі аталып өтілетін Абаймен аяқтайықшы. Абайдың сіздің жүрекке жақын сөзі қандай?
– Менің жүрегіме де, жаныма да мәңгілік жазылып қалған өлең жолдары бар. Абайдың сөзі афоризмдерге айналып кеткен ғой, жатталып қалатыны сондықтан. «…Осы жалған дүниеден шешен де өткен не бұлбұл, көсем де өткен не дүлдүл», «Кей құрбы бүгін тату, ертең бату, тілеуі, жақындығы – бәрі сату», «Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ, саған жар менен артық табылса да», «…­Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден, күндестігін қоздырып, азапқа қалма езбеден». Ғажап…
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Қарагөз Сімәділ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.