КОРОНАВИРУС:ҚОРҒАНА АЛАМЫЗ БА?

Диас Ахметшәріп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:

Қазір ел арасында коронавирусқа қатысты түрлі әңгіме желдей есіп жүр. Қазақстан аумағында бұл дерт тіркеліпті, тіркелмепті, аурудан сақтану үшін сарымсақ жеп, қойдың етін жеу керек екен деген сипаттағы сөзді айтушылар мен таратушылардың қарасы таусылар емес. Мәселенің анық-қанығын министрліктің ресми өкілінен сұрап білдік. 

– Ең бірінші сауал – елде коронавирус тіркелді ме? Түрлі әлеуметтік желілерде, уатсап-топтарда кейбір өңірлерде коронавируспен ауырғандар бар екен, оны жасырып отыр-мыс деген сөз пайда болды.
– Дәл осы сәтке дейін ­коронавирус, яғни ресми аты COVID-19 елімізде тіркелген жоқ. Иә, айдалада емеспіз, жан-жағымызда өзге мемлекеттер бар, демек бізге бұл дерт мүлдем келмейді деп те кепіл бере алмаймыз. Қазірге дейін дүниежүзіндегі 70-ке жуық ­мемлекеттерде коронавирус тіркелді.
Енді қауесеттер жайлы. Әдеуметтік желілерде алыпқашпа әңгіме көбейді. Жалған, ресми емес мәліметтерге ­сенуге болмайды. Жалған ақпарат тек үрей туғызады.
Денсаулық сақтау министрлігі сайтында, өзіміздің Фейсбук парақ­ша­мызда, Телеграмм арнамызда ғана ресми мәлі­меттерді орналастырып, оны БАҚ өкілдеріне таратамыз. Ал жалған ақпараттарды, қауесетті тарататын адамдар туралы ескерте кетейін. Әкімшілік жауапкершілікке тартатын арнайы бап бар. Қауесеттер Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан толық тексерілуде. Олар анықталғаннан кейін жазасын ­алады. Қазақстандықтарға айтарым, жалған ақпаратқа сенбеңіздер.


– Өзіңіз айтқандай, коронавирустың біздің елден айналып өтіп кетуіне ешкім кепіл бола алмайды. Құдай бетін әрі қылсын, дегенмен де, бұл індет тіркеле қалған жағдайда, Қазақстанның ресми органдары оны жасыруы мүмкін бе? ­Жасырмаса, дерт туралы хабарды халыққа қалай жеткізесіздер?
– Жасырып қалуымыз еш мүмкін емес. Бұл біздің ел алдындағы, халық алдындағы, халықаралық қауымдастық алдындағы жауапкершілігіміз.
Бізде аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін жедел штаб қызмет етеді. Күніне үш-төрт рет министрдің жетекшілік етуімен ­жиналыс өтеді. Барлық аймақтарда жедел штабтар орналасқан. Оларға жергілікті әкімдердің ­орынбасарлары басшы болып, толық ақпаратты орталыққа жібереді. Олардан бізге жетіп жатқан ақпаратты жіті саралап отырмыз. Еліміздің қандай да бір өңірінен коронавирус анықталса, оны бүкіл халыққа ресми түрде жариялаймыз. Ешқашан жасырмаймыз. Оны жасыру мүмкін де емес. Коронавирустің келу-келмеуі уақыттың еншісінде. Ал дерт елімізде тіркеле қалса, бүкіл халық ­болып төтеп бере алатындай иммунитет қалыптастырайық, күш жинайық. Дертпен күресу жолдарын үйренейік. ­Сауатты болайық. Жалған дақпыртқа сенгенше, ресми мәліметтерден ­дерек алып, дерт туралы ресми дерекпен қаруланып, ­сауатымызды ашып, індетпен күресу жолдарын үйренейік. Дақпыртқа еріп, үрейді ұлғайта бергеннен ештеңе өнбейді. Оның орнына вирустан сақтанудың жолын білуге күш салайық.
Денсаулық сақтау министрлігі барлық қажет құрал-жабдықтарды ­дайындап қойды, жедел-жәрдем дәрігерлері біліктілігін арттырып, сақадай-сай отыр. Олар қандай ­алгоритмдермен жұмыс істеп, қалай дабыл қағу керегін біледі. Барлық қорғаныс құралдары, киімдеріне дейін әзір. Дәрі-дәрмектер де жеткілікті. Вирус тіркелген сәтте өз алгоритміміз ­бойынша қимылдаймыз. Денсаулық сақтау министрлігі ­атынан ресми мағлұмат таратамыз, қорғаныштың жолдарын күшейтеміз.
Ал қазіргі таңда «елде вирус бар екен» деген сөздің бәрі қауесет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша осы коронавирус індеті басталғаннан бері дүниежүзінде бес жүзге жуық түрлі қауесет тарапты. Қауесетті не үшін таратады: халықтың арасында үрей туғызу үшін. Ендеше, үрейге бой алдырмайық.
– Емдеуге, емделуге әлеуетіміз жететінін айттыңыз. Алайда қазірдің өзінде халық дұрыс емделе алмаймыз-ау деп, үрейге бой алдырғандай. Мәселен, қарапайым ғана маскалардың жетіспеуі байқалады. Халық маска таппай отыр­ғанда, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, арнайы бөлмелерді жабдықтау мәселесі жоқ деген сөзге сенбейтін секілді. Осы жағын тарқатып айтып беріңізші.
– Масканың жетіспеуі қолдан жасалған нәрсе. Сау адамға масканың ешқандай қажеті жоқ. Науқас болсаңыз, жан-жағыңыздағы адамды аурудан қорғау үшін маска киесіз. Ал масканың жетпеуі қолдан жасалған дефицит. Оған қоса көпшілік көп жиналатын ортаға шықсаңыз ғана маска тағуға болады.
Елімізде масканың тапшылығы жоқ, күн сайын маска өндіріп жатқан өндірістер бар. Ал вирустан сақтану үшін маска кию емес, профилактика шараларын күшейту керек. Ең алдымен, қолды таза ұстаңыз. Сағат сайын сабындап жуып тұрыңыз. Қолыңызды бекерден-бекер бетіңізге, көзіңізге, аузыңызға тигізе бермеңіз. Бөлмені, кабинетті жиі желдетіңіз. Халық көп жүретін жерге қатты мұқтаждық болмаса, жоламаңыз.
Енді жабдықтау мәселесін айтып өтейін. Қазір облыс орталықтарында, ай­мақтарда арнайы инфекциялық ауруханалардан бөлімдер ашылған. Науқас анықталған жағдайда арнайы бокстарға жатады.
Мемлекет тарапынан ведомс­твоара­­лық комиссия құрылған, Ішкі істер, Сыртқы істер, Қорғаныс, Денсаулық сақтау министрліктері осы комиссияға кірген, жетекшісі – Премьер-Министр. Күніне екі уақыт ведомствоаралық ­комиссия жиналады. Барлық сұрақтар пысықталады. Әр облыс орталығында, әр қалада дайындалған бөлек-бөлек бокс­тар, аурухана маңындағы бөлімшелер дайын. Науқас келген кезде жағдайды бірден қолға аламыз.
– Сырт мемлекеттерден келетін, келіп үлгермеген отандастырымыз, әсіресе ­коронавирусы көп аймақтардан келіп жұмыс істейтін немесе іссапарда жүрген отандастарымыз бен шетел азаматтары мәселесі туралы айта кетсек.
– 2020 жылдың 1 наурызы күнгі түнгі он екіден бастап Қазақстанның бас ­санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаулысы күшіне енді.
Еліміздегі медициналық ұйымдар 3 санатқа бөлінген елдер бойынша келген адамдардың денсаулығын мониторингтен өткізу жұмысын жалғастыруда. Осы уақыт аралығында елге келіп үлгерген азаматтар туралы айтсақ, 1 санат «А» тобында (Қытай, Иран) – 298 адам карантинде, 1 санаты «Б» тобында 353 адам үйде оқшауланған. COVID-19-ға зертханалық зерттеліп-қаралғандар – 969 адам, оның ішінде ҚХР-дан 524 адам эвакуацияланды, 358 – стационарға жатқызылғандар (оның ішінде 2020 жылғы 23 ақпанда Токио­дан (Жапония) 20 адам келді). ­Арнайы тексеру нәтижелері қазіргі күнге дейін ешқайсысы ауру жұқтырмағанын анықтады.
Дүниежүзі бойынша күн сайын бір ел вирус жұқтырғандар қатарына қосылып келеді, ауру жұқтырған адамдар саны артуда. Сондықтан карантиннің уақыты мен 1 «А» санатындағы мемлекеттердің саны көбеюі мүмкін.
– Көп рақмет!

Әңгімелескен
Қарагөз Серікқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.