ҰСТАЗ ЕСІМІ АРДАҚТАЛДЫ

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақтың қабырғалы қаламгері, ұлағатты ұстаз Әбілфайыз Ыдырысовтың туғанына 90 жыл толу мерейтойына арналған алқасөз өтті. 

Іс-шара барысында ­профессор Ә.Ыдырысовтың өлеңдері мен ес­телік суреттері қойылған көрме ұйым­дастырылды. Қазақ журналис­тикасының іргетасын нығайтқан ұстаз құрметіне орай өткізілген алқасөзге белгілі қалам­герлер, танымал журна­листер мен белгілі ғалымдар қатысты. Ә.Ыдырысовтан тәлім алған жур­налистикадағы шәкірті ­Бауыржан Жақып: «Осы шаңырақта факультеттің іргетасын қалаушы, ешкімде жоқ әл-Фарабидің алтын медалінің иесі» деп мадақ етсе, сол сарында Ы.Кененбаев, Д.Баялиева, К.Қабылғазина сынды тұлғалар ұстазының ғибратты ғұмырына тоқталып, толғана сөйледі. Соңына өшпес із қалдырған, ұрпағының болашағына нық сенім артқан жазушының отбасынан отырысқа арнайы келген Қ.Әбілфайызқызы сөз алып, алқасөзге қатысушыларға алғыс айтты.
Жиын соңында ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің ­деканы Сағатбек Медеубекұлы алдағы уақытта ұстаз атындағы аудитория ашылатынын және де мерейтойды 4 мамырға жоспарлап отырғанын айта өтіп, «Бүгінгі алқасөз мақсаты – Әбілфайыз ағаның ісін заманауи талаптарға сай жалғастыру, айтулы мамандардың көзқарасын таразыға салып, маман дайындау ісінде қандай өзекті мәселе бар екенін ортаға салу болатын. Бүгін сол мақсатқа жеттік деп ойлаймын» деп, жиынды қорытындылады.

Ақжүніс Нұртазаева

Суретті түсірген: Азамат Құсайынов

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.