КӨКТЕМДІ ЕРТІП КЕЛЕМІН, КӨКТЕМДI ЕРТIП!

Биғайша МЕДЕУ

 «Тастөбе»

Мынау біздің Тастөбе – арман төбе,
Балалықтың бал күні қалған төбе.
Құрбылармен шырқап ән салған төбе,
Ерұланнан еңлік гүл алған төбе!

Үндемейді Тастөбеде арша басқан,
Ағайынның уайымын арқаласқан.
Етегінде Байынқол долданады,
Арындаған ашуын зорға басқан.

Қар түскенде, жан болмай аяқ басқан:
ажал шіркін тұрады таяқ тастам.
Жартас көзін жабады ақ мамықпен
ақ күндікті апам-қыс
оятпастан!

Көктемеде қар көшіп қас-қағымда,
Тайғанақтап тұрмайды тасқа мұң да!
Жауқазынын тереді сол төбенің
Бозұлан да, бойжеткен достарым да.
Шал қайырып қозы-лақ етегінде,
Мама бие мамырлап жетегінде.
ескі қорым басына Құран оқып,
боз жусанды сипайды кетерінде!
Дөңгелейді Дүние, ойланады,
ойланады.
Тіршілік жайланады.

Қаратоған аулында туғандардың,
Тастөбеге кіндігі байланады!
Бағалашы бақытты бастағы ерен,
Сәлем, сәлем ағайын, досқа менен!
Тастөбеден басталып, көкке кетті,
көкірегімнен, ағылып тасқан өлең!
Тастөбені жасындар кескіледі,
жыламайды ол! Адамдай ес біледі.
Бала күннің дауысы сондықтан да,
Құлағыма әлі күн естіледі…
Тағдыр бізбен ешқашан
Кеңеспейді,
өткен күннің барлығын елес дейді,
Көкемарал иісті көктемдерің –
Көкірегімнен, Тастөбе, неге өшпейді?
Шаршадық па ләйлі өмір-аламаннан?
Ай сындымын аспанда дара… маңған…
Көкірегімді басайын Төстөбенің,
Көк тасына,
ит-құстан жараланған.

Роза СЕЙІЛХАН

***
Тереземді ашық қалдырдым,
Енсін деп иісі көктемнің,
Жетсін деп үні жаңбырдың,
Ғажап бір күйді өткердім.

Бұл көктем қандай көктем деп,
Сол шақты өткен ойға алдым.
Айнала сондай көкпеңбек,
Гүл сыйлап оған қойған кім?

Жарық дүние жақсы екен,
Қадірін ұғып, білгенге,
Таң солай күнде атса екен,
Таусылмай өмір бір демде.

Ауырдан босап, жеңілдеп,
Тамыры талдың тіріліп.
Қылтиып қырдан көрінбек,
Бір арман, тағы бір үміт.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

***
Қас-қағым сәтте оянып алған,
Ұялшақ түске боянып алған,
ессіздеу менің арманым…
Мен сенен қайтсем безер екенмін,
Алқынған күйді сезер екен кім?..
Ардағым…

Жан қызуыңды жалап кететін,
бар қызығыңды тонап кететін
күндерім менің бұлағай.
Көзіңде ұяң сыр түнеді ғой…
көрмеуім-дағы мүмкін еді ғой…
Бұ қалай?!..

Жаңбырға тоңған жапырақ сынды,
жапырақ жауған атырап сынды,
сағыныш түстес тағдырым.
Не айтайын саған
күліп тұрсың ғой,
Көрмей-ақ сезіп, біліп тұрсың ғой
барлығын…

Танагөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ

***
Көз бе мынау, жоқ, әлде арлы мұң ба?
Кез бе мынау ұмытар барлығын да?
Ойқастаған ойларым сен жақта жүр,
Айқаспаған кірпігім қалды мұнда.
Қайырлы түн, ханзада, қалғыдың ба?
Жарқ-жұрқ еткен Тәңірдің жарлығында,
Болмысың бар сыймайтын заңды ұғымға.
Ең бір салқын сезімдер отты сенде
Ең бір отты сезімдер қарлы мұнда.

Қайырлы түн, ханзада, қалғыдың ба?
Қалмас, бәлкім, бұл өрттен қалдығым да,
Дүниенің кеңдігі – тарлығында.
Жүз жыл сені іздедім, бекзат жүрек,
Қалып қойған сезімнің хандығына.
Мың жыл енді ұйқыңды күзетейін
Қайырлы түн, ханзада, қалғыдың ба?

Әсем ЕРЕЖЕҚЫЗЫ

***
Аласасы, бар және де асқағы,
Түрлі жайды өтіп жатқан бастағы.
Бәрі өсектеп жатқандықтан,
Өмірім,
Өзіме де қызық бола бастады.

Күлі де жоқ ұсынылған гүлдердің,
Ізі де жоқ сол шуақты күндердің.
Тыным таппай жұдырықтай жүрегім,
Талай жанды жақсы көріп үлгердім.

Неге, неге соңына ердім елестің,
Жалғыз қалсам
қабырғаммен кеңестім.
Талай жанды сүйдім ессіз ғашық боп,
Бірақ олай сүйе алмады мені ешкім.

Адалдықтан жел есердей айдарым,
Теңселмедім, тура жолдан таймадым.
Ата-анамдай көрдім бәрін, өмірде,
Жақсы адамдар ғана бар деп ойладым…

Жер бетіне шын Әділет орнаса,
Жаппар Ием мені қолдар, қолдаса.
Арым таза адамдардың алдында,
Сеніп қала беретінім болмаса.

Сала құлаш тілдерің бар сүйреңдер,
Мейлі, мейлі, той қылыңдар, билеңдер.
Ақ жүрегім менің әлі сәби ғой,
Сәбиіме, қайтесіңдер, тимеңдер.

Қуантса да шыңға басқан қадамдар,
Жанарда мұң, ал жанымда жарам бар.
Менің ғана маңдайыма жазылған,
Тағдырыма тиіспеңдер, адамдар …

Сағыныш НАМАЗШАМОВА

ҚОЛШАТЫР

Жаңбырда да бір жасын бар,
Жанның оты өше ме?!
Жауын жауса қолшатырлар
қыдырады көшеде.

Ауыр тұман ауада кіл.
Қорғанышы санаған
бұлт қондырып бара жатыр
төбесіне әр адам.

Қолшатырлар даңғылменен
дөңгелейді жер үсті.
Кеңістіктің жаңбыр деген
жан қабаты ең ішкі.

Содан екен жүрегіммен
табатыны үйлесім.
Қолшатырды қалдыршы үйге,
Тамшы біткен билесін!

Топырақты сүйсін жауын,
Құшағында ерісін.
Мені қойшы… жаңбыр дәйім
жаусын Қара жер үшін!

Жадыра БАЙБҰЛАНОВА

***
Көктемді ертіп келемін, көктемді ертіп!
Көп өкінген екенмін өткенге елтіп…
Мұңлы адамша жыласам, сөкпеңдер түк,
Жынды адамша қуансам, сөкпеңдер түк!

Көктемді ертіп барамын, қайда барсам,
Жараса ма Гүлден Тәж байлап алсам?
Ренжімеңдер шаттанып, күлімдесем,
Ренжімеңдер біртоға ойға қалсам…

Бір естілмей дауысы, бір естіліп,
Өткен сәттер қалады кіл ескіріп.
Жүректегі Күн нұрлы Көктемімнен,
Барлығыңа берейін үлестіріп!

Жалған жеңіп соңында, Жыр ұтылып,
Сен де сонда кетерсің ұмытылып…
Көктем деген – көнбейтін «Ұмыт, ұмыт…»
Көктем деген – сөнбейтін Үміт… Үміт…

Толқын ҚАБЫЛША
***
Тұңғышпын ғой…
Тұлымшағым желкілдеп,
Туған үйге барушы едім төркіндеп,
Сонадайдан әкем қарсы алатын,
– Құлыншағым, кел, кір, – деп…

Жанарында сәулеленіп мейірі,
Анам жүрер,
алып-ұшып пейілі.
Еркелігім қайта тулап бойымда,
Балалықтың басылмайтын сейілі.

Әр бөлмеден тауып алып ізгілік,
Сағынышым сарқылмайтын,
жүз кіріп.
Әкем жаққан отқа үнсіз жылынып,
Қыс өтетін, жаз жететін, күз күліп.

Қайран күндер,
Төрде әкем жантайып,
Бал-бұл жанып жыр оқушы ем,
… марқайып.
Тұңғышының талабына сүйініп,
Босағада анам тұрар қалқайып.

Кең дүниенің сездіргендей тарлығын,
Ғұмыр кейде,
тәрк етеді-ау барлығын.
Бұл күндері суреті тұр әкемнің,
Жеткізе алмай жалғанымның бар мұңын.

Суреті тұр,
үнсіз ғана қарсы алып,
Жанарында сол мейірім,
жан-салық.
Айтылмастан кетті әкелік қанша арман,
Үмітіңді ақтай алдым қаншалық?!

Әкем жатқан құс жастықта күрсініп,
Сағыныштың таңы атады,
күн шығып.
Батқан күннің базынасы секілді,
Тірілерде сол баяғы тіршілік.

– Қызым, келіп, шәй ішіп кет, үйден, – деп,
Анам жүрер, ас үй жақта күйбеңдеп.
Төргі бөлме, төр жатады, қаңырап,
Тағдыр солай, мойынсұнып, үйрен деп.

Алақанын сағынсам да ананың,
Бұл күндері, үйге сирек барамын.
Әкесіз үй, сондай салқын екен-ау,
Әкесіз үй, ашпайды екен қабағын.
– Әке, сенің мейіріңді аңсадым!

Ұлмекен Лесбекова

АНА

Мен сені көргім келеді,
Ең жақсы келбетте,
Мен сені көргім келеді,
БАҚЫТТА, әлбетте!
Мен сені көргім келеді,
Аппақ-нұр киімде,
Мен сені көргім келеді,
Ошағың-үйіңде!

Мен көргенмін сені,
Тәңірдің құзырында,
Мен көргенмін сені!
(О, ғажап, Қызырың ба?)
Таңырқап, талықсып, шаршап,
Төскейде ақуыз аңсап,
Сәби күй кешерімді біліп,
Арқама ақ қанат іліп,
Іңгәлап, жармасып етегіңе,
Періштенің пәк қылық жетегіне.
Мен көргенде сені,
Осылай жармасқам!
Сәбиің ақын боп алдаспан,
Қабағы қатулы айқасқан,
Төскейде жауымен шайқасқан –
Ер емес,
Қыз болып қайсар да, қарымды,
Әділдік сүйетін, дарынды,
Десе де нәзіктеу қалпы бар,
Қалпынан айнымас салты бар –
Дәл мені!
Көтеріп тоғыз күн толғатқан,
Әкелген, япыр-ау, сол жақтан.
Мен сені көргім келеді,
Ана!

Жазира БАҚАЕВА

***
Сәтті күн!
Кешегі күн –
сәтті еді ғой, сәтті еді…
Кеше мұңым тәтті еді…
Базар дүние бақшасында құлпырған,
Бақ-бақ басым бақты еді.

Кешегі күн –
жаз еді ғой, жаз еді.
Кеше мұңым аз еді..
Кесте күннің кертілгені болмаса,
Нәркес көңілім наз еді…

…Бүгінгі күн, бүгін әлем сүйкімді,
Сәби алқым дүние –
жұттым жұпар иісіңді.
Күн-жүректі нәзік сырға толтырды,
Кербез дала күмбірлеген күй сынды.

Неткен жылы мейірімің көк пен жер.
Неткен жұмсақ маңдайымнан өпкен жел.
Нәзік сезім қылын үзіп кеткендей,
Неге ғашық болады екен көктемге ел?!

Айнұр ТӨЛЕУ

Құс жолы

Асықпайсың сен мүлде
Толықтырып кешіккендер қатарын!
Ояу жүрген ұйқыдағы шерлім бе?
Сен күлгенде
Құс жолына сіңіп бара жатамын.

Қажет пе осы
Саған қанат, құсты айту
Жанарыңда жылт етеді жарықтар
Құс жолына ұқсайтын

Қара аспандай шындығым!
Қай қазықта байлаулы тұр кіндігің?
Көзіңдегі биіктікте қалықтап,
Келген еді тұнығыңа сүңгігім.

Есебінен жаңылмайды алып Күн
Алып Күнмен арбасудан жалықтым.
Шұғыласы жүрегімнің бір мезет
Ескерсеңші жылдамдығын Жарықтың!

Нұргүл ОҚАШЕВА

***
Мына өмірді жібердің мәнерлі ғып…
Әлдиіңмен ән айтып, әлем күліп,
Мына өмірді жібердің мәнерлі ғып.
Қадіріңе жете алмай сансыз жұлдыз,
Үнсіз сізге тұрғандай сәлем қылып.
Ана!!!
Жүрегіңнің мәлім-ді сыры маған,
Сол сырыңды халімше ұғына алам.
Бағасы асыл өмірдің өзің жоқта,
Бір-ақ тиын секілді құны маған.
Ана!!!
Ғазиз жаным серік боп гүл өңіңе,
Сол жаныңды жақсылар біледі ме?
Тілегімді тілекке ұштастырып,
Қатпар жинап келесің жүрегіңе.
Ана!!!
Тағдырыма алаңдап…тағы алаңдап…
Самай шашың барады ағараңдап.
Толғаныспен жазылған толғауымның,
Әр шумағын оқимын саған арнап.
Ана!!!
Қапияда жанымды мұң басатын,
Сол мұңымды сіз ғана тыңдасатын.
Он сегіз мың ғаламда жалғыз өзің,
Жұмаққа ынтық жаныммен жымдасатын.
Ана!!!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.