Садаға кетейін, Сендерден, жанымдай жақындарым!

«Жандай жақындарым» деп отырған­дарым қазақ тілін өз ана тілдерінен артық білмесе, кем білмейтін немесе қазақшаға судай, қазақты сонша қастерлейтін, біздің республикада тұратын, қызмет ететін өзге ұлттар мен ұлттық этностардың өкілдерін: солардың кәрі-жасын, үлкен-кішісін, ұл-қызын – Қазақстан азамат-азаматшаларын айтып отырмын.
Жүрекжардымның тақырыбындағы шын жүректен еріксіз лықсып шыққан «садағаң кетейін» деген қазақи рахмет-алғысым да соларға арналған.
1991 жылдың желтоқсанын­да тәуелсіздікке ие болып, туған ана тіліміз – қазақ тілі мемлекеттік тіл деп, жарияланғаннан бері: «Енді біздің ұлттық ана тілімізді үйренетін өзге ұлт өкілдері болар. Солар жайлы дерек жинай жүрейінші» деп ойлап, оған сыртына: «Тілімізді үйренуші өзгелер» деген сөздер жазып, арнайы папка ашқанмын. Сол папкам ішіне өзім жаздырып алып оқитын орыс-қазақ тілдерінде шығатын республикалық мерзімді баспасөз беттерінде басылған тілімізді өз беттерімен үйренуші басқа ұлт, ұлыстар өкілдері жайлы материалдар қиындыларын сала бастағанмын.

Бағыма орай, «ондайлар болар» деген интуициям алдамапты.
Шынында, көп ұзамай көретін теледидар экранында, оқитын газеттерім беттерінде, тіпті тілімізді үйренуге талпынушылар ғана емес, оны білетіндер көзге түсіп, белгілі болып, солар жайлы материалдар жариялана бастады.
Мен қазақ тілін енді үйренетіндер жайлы материалдар жинамақшы болып, арнаулы папка ашып жүрсем.
Міне, кереметі – қазірдің өзінде оны жетік білетіндер бар екен.
Бұрын қазақ тілінде ақындар айтысына қатысып, жүлде алып жүрген Надежда Лушникова мен қазақша әнді бабына келтіре ұлттық сазымен айтатын Татьяна Бурмистрова, қазақ болып кеткен жазушы Герольд Бельгерді, қай жиында да қазақ мұңын жоқтап, «қазақша сайрайтын» «қызымыз» Асылы Осман сынды «өзіміздік» болып кеткен бірен-саран ғана басқа ұлт өкілдерінен басқаны көп біле қоймайтын басым мынандай күтпеген ортаға тап болған соң, есім шыға қуанып, тысына әуелде жаз­ған «Тілімізді үйренуші өзгелер» деген жазуды өзгертіп, енді алда айт­қан файлпапкам сыртына қайтадан: «Тілімізді сүйетіндер, білетіндер» деп жазып қойғам да, оның ішіне сондай «өзгелер» жайлы материалдарды сала бергенмін. Сол барған сайын «қарны қампия» бастаған файлпапкам жұмыс столымның қасындағы жатаған тәйпіл столым үстіндегі «өзімдік мұрағатымның» арасында жататын.
Осы жуықта басыма: «Осы біз көбіне ана тіліміздің ресми мемлекет тілі аталғанымен, оның әлі де сол мәртебе биігіне шын көтеріле алмай жатқанына өзіміздің «жаңа қазақтарды – «шала қазақтарды биліктегі шенеуніктерді және ті­лімізді үйренбейді, сыйламайды, менсінбейді, құрметтемейді деп, іштей өзге ұлттарды, әсіресе, орыстарды күс­тәналаймыз. Сонымыз не, осы?! Ау, олардың көп өкілдері өз ырықтары­мен біздің тілімізді судай біліп жатқан жоқ па, өзіміздің шенеуніктер мен «шала қазақтарымыздың» бірде-бірі олай жасамай отырғанда. Әне, «Астана» теледидарының хабар жүргізушісі – неміс қызы Оксана Петерсті, Алматы «Таңшолпан» хабарының жүргізушісі, орыс қызы Майя Веронскаяларға қараңызшы. Олар жүргізуші қазақ әріптестерінен асып түспесе, бір мысқал да кем емес. Мұндай біздің халықтың «өз ұл-қыздарына айналғандар» қаншама. Олардың солай пайда болуы, бара-бара еселеп көбейіп келе жатқаны Тәуелсіздігіміздің жемісі ғой. Мейрам-той күні сол «өзіміз» болғандарды неге еске алмаймыз?! Соларды неге мадақтамаймыз?! Жақсылықтарын, адамгершіліктерін сол күні олардың беттеріне айтып, неге нұрларын «тасытпаймыз»?! Қой, Тәуелсіздік мейрамына орай олар о газетті де оқиды ғой, «Ана тілі» газетіне солар жайлы материал жазайын. «Біздің» болғаны үшін соларға «қариялық рахметімді айтайын, алғысымды білдірейін! Көңілдері өссін! Нұрлары тасысын!» – деген ойлар келді.
Сол ойлармен орнымнан тұра апыл-ғұпыл шайымды іше сап, «Ті­лімізді сүйетіндер, білетіндер» тақы­рыпты файлпапкама жармастым.
Қандай тамаша, ақылдылық жаса­ғанмын, сондай папка ашып, оған жандай жақындарым – тілімді сүйетін­дер, білетіндер жайлы газеттерде басылған материалдардың қиындыларын жинастырып.
Жалма-жан сол файлпапкамды қолға алдым. Сондағы материалдарды шетінен оқи бастадым. Олардың жалпы саны алпысқа жуықтапты. Егер бүкіл Кеңес үкіметі билік еткен 77 жылда ана тілімізді жетік білген немесе халқымызды сыйлаған, қастерлеген, құрметтеген, өз халқындай жақсы көрген Надежда Лушникова, Татьяна Бурмистрова, Герольд Бельгер, Асылы Осман сынды 4-ақ басқа ұлт өкілдері болса, әлгі 60 саны тәуелсіздігіміздің бас кезінен кейінгі бес жыл ішінде ғана біздің қазақ тілімізді үйренген басқа ұлт, халық, ұлыстар өкілдері санының 15 есе өскендігінің айқын айғағы. О, тоба, Құдайға! Бұл – тәуелсіздігіміздің арқасында қазақты мойындай бастаудың көрінісі ғой!
Ал енді жоғарыда көрсеткен 60 санының астарына әрірек үңіліп, соның мәнін алға жаялық, 60 деп отырғанымыз, алда көрсеткендей, 2005-2010 жылдар аралығында рес­публикалық басылымдарда қазақ тілін білетін орыс, неміс, корей, эстон, украин, болгар, түрік, әзірбайжан, еврей, балкар халықтары өкілдері жайлы жазылған қазақ, орыс тілдеріндегі материалдар саны. Ол материалдарда осы аталып отырған ұлттардың алпыс ер азаматтары мен ханымдары, ұлдары мен қыздары біздің ұлттық қазақ тілімізді өз ана тілдеріндей жетік білгендігі үшін республика жұртшылығына орынды мадақ еткен. Мадақ етілген 60-тықтан бірін – «Егемен Қазақстан», он алтысын – «Айқын», жетеуін – «Ана тілі», алта­уын – «Казахстанская правда», бесеуін – «Жас Алаш», үшеуін – «Начнем с понедельника», төртеуін – бір-бірден – «Қазақ», «Қазақ әдебиеті», «Алаш айнасы» және «Литер» газеттері өз беттерінше нақ солай жасаған.
Бұл деректерді нақ осылай нақты сандармен әдейі келтіріп отыр­мыз. Олай етудегі мақсатымыз – тілімізді нағыз жазуға лайық өзге ұлт саңлақтары бұдан былай көбірек жа­зыңдар дегенді құлаққағыс ету.
Қазақ халқының ұлы, көне тарихты, тілін бүгін жетік меңгерген «жаңа туғандарым» – бауырларым, сендер қалай мақтауға да, мадақтауға да әбден лайықсыңдар! Сендер: жүректерің – бауырмал, сүйіспеншілікті, жандарың – таза, пәк, пейілдерің – кең, шалқар, қасиеттерің – асыл, асқаралы пендесіңдер! Сендерге: адамдардың бәрі дос, туысқан, қандас, жандас!
Сондықтан қазір сексеннің сең­гіріндегі мен – Әбілфайыз аталарың, 2005 жылдан қазағымның туған ұл-қызына айналды деп санап отырған Алпысым, сендердің бұрын басқа басылымдар бетінде жазылған көп­шілігіңді бүгін осы бір 1990 жылдың наурыз айынан туған халқының тілін шын мәнінде мемлекеттік тілдік мәртебеге көтеру үшін бар күшін салып күресіп келе жатқан «Ана тілі» газеті бетінде оның оқырмандарына да таныстырғалы отырмын. «Кәшә­ны маймен бүлдірмейсің» дегендей, тілімізді екінші ана тілі еткен өзге ұлт өкілдерін жалпы әлеуметтің көбірек біле түсуінің артығы жоқ қой!
Ал бұл арада, әрине, оқыр­ман­дарына «Ана тілі» газетінің өзі та­ныстырған, Мұқағали өлеңдерін жатқа соғатын, әйгілі ақынымыздың шы­­ғармашылығы жайында қазақ тілінде кандидаттық диссертация қор­ғаған свердловскілік орыс қызы Анна Носкова («Мұқағалидан диссертация қорғаған орыс қызы», «Ана тілі», 9 маусым, 2005), «Әкем болгар, ше­шем неміс, өзім қазақпын» дейтін, көршілері де «қазақ қызы» атайтын, «Теңізшевройл» кәсіпорнының қызметкері, орыс әйелі Елена Кириллова («Көршілері оны «қазақ қызы» дейді, «Ана тілі», 1 қараша, 2007), «Мемлекеттік тіл – менің тілім» дейтін «Екібастұз» кәсіпорнының қызметкері, эстон қызы Лашза-Людмила Тиц («Людмила – алтын іздеушілердің ұрпағы», «Ана тілі», 22 мамыр, 2007), «Қай ұлт болмасын өзі тұрып, өмір сүріп жатқан елінің тілін білуі қажет» деп есептейтін Алматы тұрғыны, орыс қызы Елена Челиакова («Қазақ емес, қазақтан былай да емес», «Ана тілі», 11 қараша, 2008), «Қай мемлекетте тұрсаң, сол елдің Ата Заңын сыйлап, басқа құндылықтарын мойындауың керек» дейтін, ораза ұстайтын қостанайлық орыс қызы Эльвира Иванова («Ораза ұстайтын орыс қызы», «Ана тілі», 21 шілде, 2007), ақылды анасының: «Қазақша үйрен. Сен мекен еткен мемлекеттің тілі – қазақ тілі» деген кеңесін тың­дап, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің қазақ бөлімін тәмамдаған көкшетаулық орыс қызы Наталья Деменьтева («Бү­гінгінің баласының Махамбеттей бол­ғанын қалаймын», «Ана тілі», 3-8 желтоқсан, 2010), тағы басқалар жайлы егжей-тегжейлі тоқталып жатпаймын.
Енді жоғарыда аталған басқа ба­сы­лымдар өз оқырмандарына таныс­тырған қазақ тілін өздерінің тума ана тіліндей білетіндерге кеңірек тоқ­таламын. «Ана тілі» газеті оқырман­да­рына соларды толығырақ таныстырамын. Солармен сырласамын. Солармен ой бөлісемін. Соларға қазақ тілі жайындағы қалың жұртшылық біле бермейтін тарихтық деректерді айтамын. Бұлардың бәрінің бір жағынан «Ана тілі» газеті өз оқырмандарына бұрын танытқан тілімізді жетік білетіндерге арнайы айтылатыны да өзінен-өзі белгілі.
Сонымен жоғарыда 2005-2010 жыл­дар аралығында Баба газетіміз – «Егемен Қазақстан» өз беттерінде қазақ жұртшылығына ана тілімізді өз тума тілдерінен артық білмесе, кем білмейтін өзге ұлт өкілдерін танытты деген едік қой.
Кәне, солар кімдер? Олар: Виолетта Сергеева, Оксана Петерс, Василий Осипов, Юрий Кубайчук, Константин Андрсади, Анастасия Ли, Эдуард Атран, Светлана Мнацаканова, Александр Брянцев сынды өзге ұлттардың абзал ұл-қыздары. Олардың бірсыпырасының сипаттамалары төмендегідей:
Виолетта Сергеева – Қызылор­даның Арал қаласында туып-өскен орыс қызы. Үш жасынан көрші үйдегі құрбысы Жансұлумен қуыршақ ойнап бірге өскен. Виолетта жүрегінің қазақша соғуына еденіне текемет төсеген, төріне көрпеше тастаған, қабырғасына қолдан тоқылған кілем­дер ілген үйінің қазақи тұрмысы да әсер еткен.
Оксана Петерс – неміс қызы. Ол қазағы көп өңір – Шымкенттің Шолаққорғаны маңындағы қазақ ауылының бірінде өсіпті. Титтей кезінде қазақ балаларымен ойнап жүргенде, олардың айтқандарын шала түсініп, намыстаныпты. Содан Жанат деген қазақ қызының қасынан кетпей қойып, бала кезінде қазақ тілін сол Жанатпен шүлдірлесуден үйрен­ген. Ата-анасы оны аралас оқытатын мектептегі орыс сыныбына берген. Бірақ Оксана Жанат оқитын қазақ сыныбына ауысады. 6-сыныпқа дейін орысша оқыған Оксана мектепті үздік бітіреді.
Василий Осипов – орыс азаматы. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі аппараты жетекшісінің орынбасары болды. Қазақстанға оқуға Орынбор облысының Сорочкин ауданынан келген ол ҚазМУ-дің профессоры Хайролла Махмудов ғұламадан қазақ тілінің әлемнің көне де сұлу, сөзге бай тілдерінің бірі екенін біл­ген. Содан Василий студент ол тілдің сұлулығының да, байлығының да барлығы сонда көрініс тапқан Мұхтар Әуезовтің «Абай» эпопеясын бала кезінде Орынбор өңіріндегі қазақтар ортасында өмір кешкенде қазақ тілінде оқыған. Солай жасауын ол күні бүгінге дейін мақтан тұтады.
Юрий Кубайчук. Ұлты – украин. Бұл – Қазақстан Республикасы Се­на­ты­ның депутаты. Тілімізді соңғы жылдары мұғалима Майдан Шаяхметовадан сабақ алып үйренген. Әріптесі Серік Ақылбай екеуі Үкімет басшысына жіберетін депутаттық сауалнаманы орыс тілінен қазақ тіліне аударады және орыс тілінде қайтарылған сауалнама жауабын да мемлекеттік – қазақ тіліне аударумен айналысады. Сөйтіп, Юрий азаматымыз – ресми қазақ тілін жетік меңгеріп жатқан украин азаматы. Константин Андрсади – грек жігіті. Қазір Ақтөбе қаласының тұрғыны. Сол қаладағы көлік, коммуникация және жаңа технология колледжін тәмамдаған. Хирург дәрі­гер әкесі Константиннің де, анасы Еленаның да, үлкен ағасы Хегайдың да, тетелес ағасы Дмитрийдің де, жалпы, оның тұтас отбасының ортақ тілі – қазақ тілі, былайша қазақ болып кеткен жанұя. Тек олар: «ұлтымыз – грек!» – деп жазады. Сөйтіп, біздің жұртымыздың таза қазақтанған бір грек отбасы осылар.
Анастасия Ли – корей қызы. Қа­зақстан корейлері жастар қозға­лысының мүшесі. Анастасия да қазақшаға судай. Оның бұлай болуына, алдымен, Үштөбеге көшіп келісімен 3-4 жыл ішінде қазақ қарияларымен қоян-қолтық араласып, олардың тілін өздеріндей біліп, «Кәрей құдағиға» айналған әжесі әсер еткен…
Бұдан әрі Баба газет – «Егемен Қа­зақстан» өз беттерінде қазақ тілін жетік білетіндерін мадақ еткен: Эдуард Атран, Светлана, Александрлар­ды жоғарыдағылардай жеке-жеке ұзақ сипаттап жатпаймын. Тек олардың ұлттарын ғана атап, қызметін ғана көрсетіп, Баба газет беттерінде туған тілімізді қалай қастерлеу, дамыту жайындағы зерделі ой-пікірлерін ғана алға жаямын. Сонымен бұл тұрғыда олар не дейді?
Эдуард Атран – еврей азаматы. Оңтүстік Қазақстан облысы еврей ұлттық-мәдени орталығының тө­рағасы. Ол былай дейді: «Өзім Қа­зақстанда туып-өскендіктен, ол – менің Отаным. Сондықтан қазақ тілін білу, мәдениетін білу, мақтан тұту – мен үшін парыз».
Бұл – алып-қосары жоқ, парасатты патриоттық шешім!
Светлана Мнацаканова – орыс келіншегі. Шығыс Қазақ­стан об­лысының Зырян ауданы орталы­ғын­дағы қазақ тілін оқыту орталы­ғының директоры. Қазақ тілі мұғалімі: «Мектепте де, балабақшада да, мемлекет­тік жүйеде де оқытып үйрететін қазақ тілі қоры әрі қарай қолданыста болуы керек. Ол болмаса, үйренген тіл ұмытылады. Сондықтан үйренген қазақ тілінде әрі қарай сөйлей беру керек. Баланың болсын, қызметшінің болсын ол тілде сөйлеуге мүдделігі, тіпті мәжбүрлігі болу керек».
Бұл – алып-қосары жоқ ақылды кеңес, орынды кеңес!
Александр Брянцев – орыс сту­денті. «Мен өзім Қазақстанда туып, қазақша еркін сөйлегенімді мақтан тұтамын. Қазақ тілін үйренуге ең қажет дүние – тілдік орта. Ол тілдік орта – алдымен, балабақша және мектеп.
Сондықтан да Қазақстандағы балабақшалардың барлығында балаларды ұлтына бөлмей, барлығын мемлекеттік – қазақ тілінде тәрбиелеу керек. Мемлекеттік тілді білмесе, қызмет берілмесін!»
Қандай қазақтық патриоттық! «Ақыл – жастан!» – деген, міне, осы!
«Ана тілі» газетінің қадірменді оқырмандары, алда-жалда, тілімізді жетік білетін жоғарыда сипаттамалары, ой-пікірлері алға жайылған өзге ұлт перзенттері жайлы тереңірек біле түскілеріңіз келсе, олар жөнінде «Егемен Қазақстан» газетінің 2004 жылғы 25 қазандағы санындағы «Орыс қызының қазақша соққан жүрегі» (Виолетта Сергеева туралы), 2005 жылғы 10 мамырдағы санында «Қазақша сөйлегеніме мақтанамын» (Оксана Петерс туралы), 2006 жылғы 24 қарашадағы санындағы «Көп тіл білу – баға жетпес байлық» (Василий Осипов жайлы), газеттің сол санындағы «Талпыныс талаптан туын­дайды» (Юрий Кубайчук жайлы), 2007 жылғы 10 сәуірдегі санындағы «Қазақ тілі – қасиетті тіл» (Константин Андрсади туралы), 2009 жылғы 13 мамырдағы «Әке-шешем менімен қазақша сөйледі» (Анастасия Ли туралы), 2006 жылғы 24 қарашадағы «Біз үшін басты парыз» (Эдуард Атран туралы), 2009 жылғы 13 қазандағы «Жер-су аттары – елдің хаты» (Светлана Мнацаканова туралы), сол санда­ғы «Мемлекеттік тілді білмесе, қызмет берілмесін!» (Александр Брянцев туралы) деген тақырыпты материалдарды оқыңыздар.
2005-2010 жылдарда өзінің бет­терінде қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері жайлы «Казахстанская правда» газеті де материал жария­лап отырды. Ол өз оқырмандарына 2005 жылы 23 қазанда әке-шешесі де, ұл-қызы да қазақ тілін өз аналарымен меңгерген корей Огай жанұясы: әке – Василий Алексевичті, ана – Маргарита Борковнаны, ұл – Алексейді, қыз – Ларисаны таныстырып, көпке мадақ етіп, көрсетілген жылғы, көрсетілген күндегі «Лариса, Алексей» қазақ тілі» деген материалында.
2006 жылғы 14 желтоқсандағы санында «Язык – бесценное богатство» деген материалында бұл газетте қазақ тілінде сөйлейтін шенеуніктер Василий Осиповты, Юрий Кубайчукті, Эдуард Атранды, 2008 жылғы 10 қазандағы «Говорю по-казахски уве­­ренно!» деген материалда ук­раин ке­ліншегі Валентина Савчукті жұрт­шылыққа танытты. 2006 жылғы 26 мамырдағы санында «Учу казахский с радостью» тақырыпты материалында өзі орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі бола жүріп, қазақ тілінде жетік білуге ден қойған Людмила Куликовскаяның ерек ынта-жігерін көпке үлгі жасады.
2010 жылғы 13 қыркүйектегі санында аузына «Я покорен красотой казахского языка» деген сөз салып, қазақ тіліне майталман Герольд Бельгерге Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлттар жұртшылығына қазақ тілін жаппай үйренуді уағыздатты.
«Казахстанская правда» газеті ел алдына алып шыққан тілімізді жетік білетін осылардың арасынан тек корей Огай жанұясы мен украин келіншегі Валентина Савчукті ғана сәл сипаттаймын да, орыс келіншегі Людмила Куликовскаяның қазақ тілін өркендетуге қатысты ой-пікірімен таныстырамын.
Василий Огай – Астана қа­ласында №56 қазақша оқытатын мектеп-лицей ашушы. Ол: «мен ойды қазақша ойлаймын», – дейді.
Алексей Огай – Таразда ол мек­тепті орысша бітірген. Жанұясы Астанаға ауыса сала, ол №56 мектеп-лицейге әкесі тыйым салғанына қарамай түскен. Қазақ тілін өз ынта-жігерімен үйренген.
Лариса Огай – Алексей ағасының ізін қуушы қарындасы. Ол да алдында – орысша, сосын әкесі ты­йым салғанына қарамастан қазақ­ша оқыған. Енді жапон-қазақ сөз­дігін жасаумен айналысып жүр. Жапонның, корейдің туысқандығын айқындамақ!
Огайлар жанұясы – корейлердің қазақыланған жанұясы. Ол жанұямен халқымыз тағы бір жанұяға көбейді. Бақытты жанұямыз болғай!
Людмила Куликовская: «Менің ата-бабам 1800 жылдан Қазақстанда. Бес жыл Ресейде оқыған кезімде Алматы, оның көшелері, үйлері, іргесіндегі Алатауы, еш жерде жоқ еңлік гүлдері, әрине, апорт алмасы үнемі түсіме кірді. Қазақ тілін білуге сонда мықтап бекіндім. Ол тілді үйренуге енжар қарайтын менің орыс ағайындарыма, оның шенеуніктеріне аздап болса да тиын-тебен төлеу керек шығар. Содан соң соларға қазақ тілін үйренуге көмектесетін арнаулы телевизиялық арна ашу артық болмас, шамасы».
Ал Герольд Бельгердің өзге ұлт­тарды біздің тілімізді үйренуге үгіттеуі жайында: «Дұрыс!», «Рахмет!» дегеннен басқа не айтамын. Ол қазақтың өзінің Герекеңі ғой!..
«Айқын» газеті 2005-2010 жылдар аралығында өз беттерінде өзге ұлт этностарының 16 қазақтілділері жа­йында жазды. Солардың азаматты­ғын, патриотизмін уағыздады.
Соларды «Ана тілінің» оқыр­ман­дарына және осы газет беті арқылы күллі қазақ жұртына енді мен таныстырамын, қадірменді әлеумет! Туған тілімізді өздеріңнен кем білмейтін, кем сүймейтін, кем қастерлемейтін бұлар – менің жаңа тапқан жан ба­уырларым!
Олар мыналар: Любовь Задулина, Юлия Скоробогатова, Елена Тарасенко, Майя Веронская, Әли Султан Волобцев, Ахмет Аляз, Людмила Задорожная, Семен Кузнецов, Стас Птицын, Олег Недопекин, Светлана Крюгер, Люкерия Лоншакова, Людмила Хочиева, Қазақбай Касимовтар. Бұл 14-тің қария Касимов пен салиқалы келіншек Хочиевадан басқа он екісі – қазаққа енді ғана ұл-қыз болып қосылған оның «су жаңа» перзенттері. Аталып отырған 14-тің қатарына және олар жайлы «Айқынның» тілшілері 2005 және 2007 жылдары тағы да әспеттеп жазғанымен, Кеңес заманынан өз қыз, келіндеріміз болып кеткен әнші Татьяна мен қоғам қайраткері Асылы Осма­нованы әдейі қоспай отырмын. Өйт­кені олар – әлдеқашаннан өз қыздарымыз.
***
«Қарабай он ойланып, мың тол­ғанып, өз қолын өзі кесе алмады» де­гендей, жәмиғат, мен де сонша тол­ғанып, республикалық басылымдарда 2005-2010 жылдар аралығында жазылған, Кеңес билігі кезінде «қаза­қыланған» Герольд Бельгер, Асылы Осман, Татьяна Бурмистровалар, со­сын республикамызда қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдырысып, одан әрі өркендетісуге көмектескісі келген орыс билікші шенеуніктер – Сергей Дьяченко, Сергей Кулагин және Владислав Косаревтар жайлы ештеңе айтпастан, оларды аттап кетуге қиналып отырмын.
Сол себепті солар жайлы да қысқа-қысқа бірер сөз.
Герольд Бельгер. Ұлты – неміс. 1934 жылы қазан айында Саратов облысының Энгельс қаласында дүниеге келген. 1941 жылы ата-анасымен Поволжьеден Қазақстанға жер аударылған. Жазушы, сыншы, публицист қаламгер, қазақтың ақын, жазушыларының шығармаларын орыс, неміс тілдеріне аударушы. Гете, Шиллер шығармаларын қазақ тіліне аударушы, 40-тан астам кітаптар авторы. Оның қазақ, орыс тілдерінен неміс тіліне аударған шығармалары 25 томдай. Қазақ зиялылары Герольдті – «Гереке» дейді. «Герекеңнің»: «Гете мен Абай», «Мұнар тау», «Ел» кі­таптары мен «Тұйық су» романы қазақ оқырмандарына кеңінен таныс. Оның қазақ тілін үйренуге қатысты өзге ұлт өкілдеріне арнап жазған «Казахское слово», «Властитель слова» атты кітаптарының құндылығы – мәнін ешқашан жоймайтын еңбектер.
Асылы Осман – әзірбайжан ханымы. Ата-анасы мұнда 1944 жылы көшіп келген. Әзірбайжан қызы үш жасынан Қазақстанда. Қазақ тілін қазақи ортада үйренген. Ол – қазір Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Әзірбайжан Мәдени орталы­ғының төрайымы, филология ғылым­дарының кандидаты.
Қазақ тілін жетік білетін, сол тілдің шын жанашыры Асылы Әли­қызының өзге ұлттардың қазақ тілін терең үйренуі, жетік білуі жөніндегі ұстанымы қандай?
Аталған орайлардағы ұстанымын ол «Қазақ әдебиетінің» 2005 жыл­ғы 16 қыркүйектегі санына жария­ланған «Елді танудың арқауы» деген мақаласында: «Қазақстанның бар­шаға ортақ тілі – қазақ тілі бо­луға тиіс. Өйткені мемлекеттік тіл – кез келген елдің көрсеткіші. Тұрған мем­лекетіне ұйытқы болған ұлтты жақсы тану үшін ең алдымен сол елдің ана тілін үйреніп, меңгеру керек. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде күллі қазақстандықтарға ор­тақ тіл екенін мойындайтын уақыт жетті. Қазақстанды құтты қоныс, ме­йірімді мекен еткен барлық ұлт пен ұлыстарға жаппай білу парыз», – деп айқындаған.
Татьяна Бурмистрова – орыс ханымы. Мамандығы – дәрігер. Психотерапевт. Талант иесі – әнші. Қазақ­стан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Ол Оңтүстік Қазақстан облысында қазақи ортада өскен. Әкесі, Таня төрт жасқа келгенде, тұрғындары бірыңғай қазақ кеңшардың директоры болған. Сол совхозда тұрғанда Татьяна үйде орысша, далада қазақша сөйлеген. Бірақ оның үш апасы далада Таня сияқты қазақ балаларымен ойнағандарымен, бәрібір қазақша үйрене алмаған. Татья­наның қазақшаны тез үйренуінің сыры неде?
Бұл сұраққа ол: «Қызығушылық. Ықылас. Пейіл. Жат тілді қайтсем үйренем!» деп алға мақсат қою!» – деген жауап қайырады.
Ал енді республика басылымдары беттерінде көзге түскен қазақ тіліне жанашыр билікшілерге назар аударайық. Қазақ тілін мемлекеттік тіл етуге қатысты олар не деді? Не істеді?
Сергей Дьяченко. Ұлты – украин. Ақмола облысының әкімі.
Ол Баба газет – «Егемен Қазақ­станның» 2006 жылғы 29 маусымында­ғы санында бүкіл қазақстандықтар­ға: «Біз қазақ тілін білуге міндетті­міз!» – деген ресми сөз айтты.
Сергей Кулагин. Ұлты – орыс. Бұл – ормандай орысы көп Қостанай облысының қашаннан бергі әкімі. Бір өңірдің билікшісі.
«Айқын» газеті биылғы ақпан айындағы санында «Қазақ тілін қол­дайтын әкім Кулагин болып шықты» деп республикаға жар салып еді. Онда газет Қостанай облысы билікшісінің Рудный қаласында «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» республикалық байқауын өткізгенін мадақ еткен болатын. Одан бері де он айдың жүзі өтті ғой. Осы аралықта Кулагин мырза облыстағы орыс ағайындарын қазақ тілін үйренуге қалай жұмылдырып жатыр екен?! Осы жағы белгісіз. Ол газет бетінде енді сол жайында айта игі…
Владислав Косарев – бұл да нағыз орыс. Кезінде коммунистік халықтық партия деген партияның төрағасы болатын. Шынын айтсақ, қазір Косарев жөнінде де, аталған партия жөнінде де хабарсызбыз. Өйткені олар жайлы ешбір сыбыс жоқ.
Бірақ 2008 жылдың басында Ко­сарев мырза: «Өзге ұлттар қазақ тілін дамытуға құлшынуы керек!» («Айқын», 2008, 15 қаңтар) деп, қазақ аға­йындарын едәуір қуантып тастап еді. Ал іс жүзінде сол мырзаның айт­қанынан ештеңе шықпағаны өкінтеді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.