Әуені әсем Әзімбек

«Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» десек, біз туған өңір Жамбыл облысы, Байзақ ауданының Шахан ауылы, қарт Таластың бойында Мойынқұм, Ұланбелдерге асатын құм жоталарымен иінтіресіп жатыр. Таластың мөлдір суы, құмнан соққан саф саумал ауа, даланың керім табиғаты кімді болса да қызықтырмай қоймайды. Осындай көркем жерде Ауған соғысының ардагері, бүтін бір дәуір болған дауылпаз ақын Әзімбек өмірге келген еді. 

Әзімбек тақыр жерден шыққан жоқ. Ақынның арғы кезеңдегі қаһарман аталарын айтпағанда, бүгінде бүтін бір ауданға есімі берілген Байзақ Мәмбетұлы кезінде Оңтүстік өңір Қоқан хандығының құзырында қалғанда Қоқан ханы Құдияр озбырларының халыққа салған салықтарына, сонымен қатар қыз салығына қарсы тұрған ержүрек тұлға. Қоқандықтарға да, орыс отаршыларына да қарсы күресте Кенесары ханның үзеңгілес серігі болған. Оны Хан Кененің жан серігі Нысанбай жыраудың:
«Қисайған жағы түзеліп,
Кененің ісі жөнделген.
Қоқаннан ауған көп Дулат,
Қарағаштай ел келген.
Мәмбеттің ұлы Байзақ,
Балқожа,Медеу ер келген.
«Жауың қайда?
Мен – жолдас» деп,
Хан Кенеге дем берген» деген жыр жолдары айғақтайды. Байзақ датқа бабамыз Қоқан ханының аталығы Әлімқұлдың бұйрығымен 1864 жылы Шымкент қаласында үш зеңбіректің аузына тірідей байланып атылды. Бүтін қалған бір бармағын туыстары Талас өзенінің жағасына әкеп жерледі. Оқ шашқан дзоттың ­амброзурасын тарихта бірінші ­болып кеудесімен ­жауып, ел намысы үшін жас ­жанын пида еткен Кеңес Одағының ­Батыры Ақаділ Суханбаев сол өңірде, Түймекент ауылында Талас өзенінің жағасында туған.
Күні кеше Таразда қылмыскердің жолын бөгеп, жарылғышты кеудесіне жарып әріптестерін, ел-халықты қорғап қалған жаужүрек, «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасов та осы ауданның тумасы еді.
Елге аман-есен оралған хас ­батыр Бауыржан Момышұлы да қан майданға осы Таластың суына бетін жуып аттанған.
Бүгінгі күні Байзақ ауданынан Еңбек ерлері мен батырлар, Халық қаһарманын қосқанда 30-дан аса тұлғаның омырауына жұлдыз тағылып, Олимпиаданың тұңғыш чемпионы Жақсылық Үшкемпіров және төрт генерал шығыпты.
Аудан көлемінде алдыңғы қатарлы онжылдық орыс-қазақ мектебі ашылып, Каралевка, Диқан, ­«Красный звезда», Кеңес, тағы да шалғай ауылдардың балалары келіп білім алды. Малшылардың балалары ­жатып оқитын онжылдық мектептің ­интернаты 1960-1980 жылдарға дейін дүрілдеп жатты. Біз тұратын Сары Барақ бөлімшесі орталық ­болып тұрғанда да, интернат жұмыс ­жасап, малшылардың балалары сонда тұрды. Менің әкем Мұстафа соғыс ардагері, зейнет ­жасында ­болса да ауыл ақсақалдары, малшылар келіп, сәлем беріп, ер-тұрмандарын жөндетіп, шаштарын алдырып, үйдің жанында жиналған ауылдың үлкен-кішілері, мәре-сәре болып жататын. Сол ақсақалдардың ішінде алдыңғы қатарлы шопан Көпен Жанқұлиев ақсақал да бар еді. ­
Интернатта ­5-6-сыныптамыз. «Бір ­домбырашы бала келіпті» деп оқушылар мен ұстаздар айтып жүрді. Бүр күні ол баланы іздеп, жатағына бардық. Қолында басы оюлы қымбат домбырасы бар, «Келіншек» күйін тартып отыр екен. Жанында таңырқап біраз отырдық. Ол уақытта домбыраның қат кезі. Әкемнің өзі қолдан шапқан қалақ домбырасы бар, сонымен үйреніп, қолымыз икемге келіп қалған. Ал жаңағы баланың домбырасы мүлде бөлек. Сол уақытта домбыраның ең жоғарғы бағасы 8 сом, болмаса 12 сом тұрады. Сабақтан шыға салып жатаққа бару әдетке айналды. Күйші балаға барамыз. Сөйтіп, жаңағы баламен табысып, домбыра үйрене бастадым. «Келіншек», «Кеңес» күйлерін тартып, кейде әнге де барыңқырап қоямыз. Домбырасының бағасы бізге қызықтау, өйткені анандай түрлі оюлармен өрнектелген домбыра сирек кездеседі. Бір күні әкесі келгенде сұраған болуы керек, бізге бағасы 22 сом тұратынын айтты. Келесі жолы келгенде әкесін көріп қалдым, ол кісі менің әкеме келіп шаш алдырып, мен басына су құйып бергем. Барып сәлемдестім. «О, ұстаның баласы, қалың қалай, ақсақал күйлі ме?» деді. Бірақ аты есіме түспеді. Баласынан сұрауға ұят, әкеме келіп сұрап едім, келіп жатқан көптің қайсысын есіне сақтасын, есіне түсіре алмады. Шіркін, тағы бір келсе деп жүргенімде, араға ай салмай жаңағы кісі келіп, әкеме ер-тұрманға тапсырыс беріп, тағы шашын ­алдырды. Ана кісі кеткесін жалма-жан әкеме ­барып, «өткендегі домбырашы баланың әкесі осы кісі, аты кім бұл кісінің?» дедім. «Е, шырағым, бұл атақты жылқышы болған, қазір қой бағады, есімі – Көпен» деді. «Баласы домбырашы, аты Алтынбек менің ­досым» деп, мақтанып қойдым әкеме. Онда мен гармошка, мондалин тартатынмын. Сол бір кезеңде Алтынбек екеуміз ­алмасып, кезектесе домбыра, мондалин ойнап, өнердің алғашқы қадамына аяқ басқан едік. 1970 жылдары орталық, бірінші бөлімше Тегістікке ауысып, онда онжылдық үлкен үш қабатты мектеп ашылып, Алтынбек, Қасқырбай бәрі сондағы интернатқа кетті. Қатар оқыдық, Қасқырбай 6-7-сыныптан бастап өлең жазып, алдымен ­«Пионер» газетіне, сосын аудандық «Село жаңалығы», одан облыстық «Еңбек туы» газеттеріне өлеңдері шығып, абыройы асқақтап, мектептің алдыңғы қатарлы оқушылары қатарына қосылды. ­Алтынбек домбыра тартып, гитара ойнағанда қолы-қолына жұқпайтын шебер өнерпаз болды. Мектеп қабырғасында бізді өнерге баулыған ән-күй сабағының ұстаздары баянист Балтабай Үмбеталиев, әнші апайымыз Мейрамкүл Үмбеталиева болды. Алтынбектер 3-бөлімше Чапаевта тұрады. Жаз айы сабақ бітісімен, үш ай демалыста мектептегі балалар, үлкен-кіші түгелімен ауылда жүзім байлауға шығамыз. Қыркүйек шыға 6-сыныптан 10-сыныпқа дейінгілер түгел жүзім жинауға барамыз. Жиын-терін бітісімен ауылда сабантой, шат-шадыман көңіл күй. Сөйтіп, мектепті аяқтап әскері бар, оқуға түскені бар, бәріміз жан-жаққа ­тарай бастадық. Алтынбек Таразда оқыды. Мен әскерден соң, Алматыға оқуға кеттім. Той-томалақтарда бас қосамыз. Бір келгенде Алтынбектің үйіне қонаққа барып отырып ­8-сыныпта оқитын інісі Әзімбекті көрдім. Ер жете бастаған Әзімбек те, өлең жазып, ағасы Қасқырбайды ұстаз тұтып, қолынан қалам-дәптерін тастамайды екен. Әзімбектің поэзияға құштарлығын алғаш ағасы Қасқырбай оятқан. Әкесі Көпен ақсақал да, анасы Аманкүл ­заманында жақсы өнерпаздар болғанын ауылдағылар айтып отыратын. Үлкен әкпесі ­Науат ауылдағы Халық театрында әнші болды.
Алматыда ауылшаруашылық институтының студентімін. 1981 жылы Мамыр айында ауылға келсем ­Алтынбек Әзімбекті Ауған жеріне әскерге алып кеткенін айтты. ­Алладан аман келсе екен деп тіледік. 1983 жылы күзде Әзімбек әскерден аман-есен келіпті, үйге келіп амандасты. Ауғанның аласапыраны ерте есейткені жүзінен көрініп тұрды. Шашына ақ кіріп, өз қатарынан егде тарта ­бастапты. Кейіннен Таразға ауысып, өнер ­азаматтарымен ­араласа бастады. Мен 1984 жылы Алматы ауылшаруашылық институтын бітіріп, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қаракемер ауылына қызметке кеттім. Әзімбек әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің студенті атанды. Алматыда жиі кездесетін болдық. Ағасы Алтынбекпен ондай араласа алмап едім, Әзімбек туған інімдей болды. Мені іздеп Қаракемерге келіп, менің алма, жүзім бригадамды, бау-бақшаларымды аралап, сыр шертісіп, одан ҚазГУ-ге оның оқу орнына келіп, бірге зачеттарын тапсырып, шат-шадыман болып жүретінбіз. Сонау 80-жылдардың соңына қарай айтыс аламаны басталып, 90-жылдардың басында ел күйзеліп, айлап-жылдап айлық алмай ел тығырыққа тірелгенде, ұлт жанашыры Жүрсін Ерман рухани қолдау жасап, айтыстың көшін түзеді. Бұл – Әзімбектің айтыс аламанына атойлап кіріп, ақ алмастай жарқылдап елдің сүйіспеншілігіне бөленген кезі. Әзімбектің бапкері болып, айтыстағы небір қызықты жеңістерінің куәгері болған едім. Әзімбек нағыз шаппа-шап, суырып салма ақын еді. Көп көрермен Әзімбектің өнеріне тәнті болып, тіпті кейбірі Әзімбек үшін айтысқа келеді десек, артық айтқандық емес. Бірде торғайлық ақын қыз ­Жадыра Құтжановамен айтысқа түсіп, Жадыраға әзілдеп аузындағы алтын тісін тілге тиек етті. Сонда Жадыра:
«Алтынға жігітімнің көзі түсті,
Үкідей үлбіреген мені көрмей» деп өзіне көңіл аудармағанына назданып, Әзімбекті тығырыққа тіреді. Қазылар алқасы: «Ұтылды, тоқтатсын» деп әмір берді. Сонда Әзімбек:
«Бүкіл ел сынап отыр қос құлынын,
Жадыра естілмейді достық үнің,
Атыңды мен өлеңге қалай қосам,
Қызға лайық болмай тұр қос бұрымың» деп Жадыраның ­шашын шолтитып кесіп тастағанын ­айтып, елді риза етті. Ол жазып алып ­дайындалу (загатовка) деген нәрсені білмейтін. Шынайы, шаппа-шап айтысатын. Сондай-ақ қолы ашық, дос-жаранға деген құрметі ерекше еді. Әзекеңде қытымырлық, «өзімде ғана болсын» дейтін пендешілік жоқ еді. Нағыз сұңқар еді. 1988 жыл қыс мезгілі, Қаңтар айы ­болатын. Мен Еңбекшіқазақ ауданы, ­Жарсу совхозының бас агрономы қызметіндемін. Келіншегім Роза бірінші ұлымызға аяғы ауыр, ай-күні жетіп отырған. Көрші Түрген мал совхозының басшысы Ғабиден Нұртаев, т.б. азаматтар қонаққа келіп, сол күні ақын Әзімбек пен әнші Рымтай Бөдесов үйге келе қалсын. Үйде ұлан-асыр той болды. Ғабиден ертеңіне Түрген қой совхозының өзі басқаратын Қапшағайдағы бөлімшесіне бізді қонаққа шақырды. Түс ауа, ақын, әншіні көлігіме салып алып Қапшағайға тарттым. Біз бара жатқанымыздан бөлімшелердегі малшылар құлақтанып, «Әзімбек ақын келді» деп түгел жиналып, Ғабиден кездесу ұйымдастырып, үлкен концерт беріп, малшылар мәре-сәре болды. Ертеңіне қайтайық ­десек, Қапшағайға жете берістегі күре жолдың бойындағы көпірін сел ­шайып кетіпті. «Екі күнде жөнделеді» деп сондағы басшылар бізді жібермеді. Не керек, малшылар үш-төрт үйден бірігіп, қонаққа шақырып, үш күн сонда кездесу концерттер өтті. ­Кезек жылқышылар ­ауылына келіп, олар арда емген тай сойып, құрмет көрсетіп, Әзімбек пен Рымтай өнерлерімен таңды таңға жалғастырып еді. Таң ата жылқышылар ауылындағы рацияға мені шақырып тұр, барсам келіншегімнің босанғанына екі күн болған. Алматыда ­перзентханада екен. Әзімбек, Рымтай үшеуміз жолға шықтық. Көпір әлі бітпеген, жүз шақырым Комсомол совхозы жағынан айналып өтіп, Алматыға әупірімдеп жеттік. Алматының ­№ ­1-презентханасында келіншегім ұлымды құшақтап терезеден қарап тұр. Әзімбек пен ­Рымтай ­«мандарин» деп бір сөмке апелсинмен шатас­тырып келіншектерге күлкі болған жағдайы бар. Уақыт сырғып өтіп ­жатты. Алланың қалауымен Әзімбектің абыройы асқақтап, ақындығын ел ­мойындап, атағы Алты Алашқа тарады. Әнші, термеші ағамыз Аяз Бетбаевтың мақам-саздары Әзімбектің беделіне бедел қосты. Мына шеті Түркия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан қазақтарынан шақырулар алып, іссапарлармен ел аралап, даңқы дүрілдеді. Елдің сүйіктісіне айналған Әзімбек аңызға айналды. Оның айтқан мақам-саздарын жас ақындар айтып, әзіл сөздері елге тарап жатты.
2000 жылдары мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қызметке ауыстым. Ақын Бекжан Әшірбаев, Бақыт Жағыпарұлы бәріміз жақсы араласамыз. 2002 жылдары Әзімбегім келіп, ҚазГУ-дегі оқуын аяқтап, ақын Ермек Жұматаев бәрі бірге дипломдарын алды. 2003 жыл. «Әзімбек ініңіз науқас екен» деген суық хабар маған да жетті. Бірден Алтынбекке хабарласып, Таразға тарттым. Әзімбек госпитальда ­жатыр екен, Алтекең жанында. Көңілін сұрап кірдім. «Ассалаумағалейкүм, нар Кемпірбай» болып жатырмыз аға» деді. Бас дәрігерге барып Әзімбектің жағдайын сұрап, біраз әңгімелестік. Жағдайының ауыр екенін айтты. Палатаға келдім. Әзімбек еш саспас­тан: «Дәрігер не деді, Қошеке?» деп басын көтерді. «Ауғанның әсері, тағы да басқа майда-шүйделер бар екен, жақсы боп кетеді» деді деп Әзімбектің көңілін ауладым. Алланың салғанына амал бар ма, ішім сезсе де сыр бермеуге тырысып бақтым. Бір кезде Әзімбек: «Қошеке, мені Алматыға алып кет, мұнда ешнәрсе бомайтын сияқты» дегені есімде. Сол уақытта дәрігері келіп, «сіздер бұл кісіні көп мазаламаңыздар» деп дәрілерін сала бастады. Біз амалсыз қоштастық. Күзге салым ағасы ­Алтынбек ­Алма­тыға кардиологиялық орталыққа алып келді. Композитор Қалдыбек Құрманәлі бастаған азаматтар жанұшырып жүгірді. Әпкесі Мейізгүл мен Алтынбек үнемі ­жанында болды. Керек-жарағын жеткізіп тұрдым. Бір күні үлкен ­балам Дулат екеуміз бардық. Әзімбек қуанып, «сен Дулатпысың, сен туарда біз Қапшағайға барамыз деп, көпірді су шайып үш-төрт күннен кейін әрең жеткеміз» деп жылы ­жымиып баламның бетінен сүйді. Сол кезеңде «Көшпенділер» ­киносы ­басталып, мен конкурстан өтіп, киноға түсе бастадым. Күнде кеште Әзімбекке келемін. Кинодан шыға алмай күн аралатып келсем, дәрігер Әзімбекті, Таразға алып кеткенін айтты. ­Жалма-жан ­телефон шалдым, пойыз Отарға қоқтап тұр екен, телефонды Алтынбек алды да Әзімбекке берді. «Көке, сізді мен қатты құрметтеймін, аман-сау болыңыз» деп қысқа қайырды. Артынша үш-төрт күннен кейін Әзімбек «Алланың ­аманатын тапсырыпты…» деген суық хабар жетті. Қайран, Әзімбек… Дәуір болған және тәуір болған, Әзекем!
«Тағдыр» деген сөзде қаншама құпия жасырынған. Өз уақыты жеткенде ол патша ма, батыр ма, ақын ба, кім болса да құдіреті күшті Алланың құзырына өтеді. 2007 жылы ауылымыздағы Бақытжан Әміров басқаратын шаруа қожалығы алғаш «Әзімбек» атындағы ақындар ­айты­сын және жас ақындардың жыр мүшәйрасын ұйымдастырды. Ол іс-шара бүгінде аудан, облыс, ­рес­публика көлемінде жалғасуда. 2008 жылы Алтынбек Алматыға ­арнайы келіп, Әзімбекке көше алғысы кеп жүргенін айтты. Ауған соғысы арда­герлері ұйымдарының «Қазақстан Ардагерлері» қауымдастығы төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл мырзаға барып ақылдастық. Құжаттары әзірленді. Осының нәтижесінде аудан орталығынан көше беріліп, ауылдағы өзі оқыған ­Чапаев орта мектебінің атын Әзімбек Жанқұлиев атындағы орта мектеп деп ауыстырды.
Асылым-ай, қара жердің қойнына қалай ғана сыйып жатыр екенсің…

Зарлы Қойшығұл (Қошан) МҰСТАФАҰЛЫ,
халықаралық Ж.Жабаев атындағы сыйлықтың лауреаты,
«Құрмет» орденінің иегері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Аманқұл

    Қошан Мұстафаұлының «Әуені әсем Әзімбек» атты әңгімесін оқып шығып, өте жақсы әсер алдым. Қысқа да нұсқа әңгімеде автор Әзімбектің жарық жұлдыздай жарқ еткен жарқын өмірінің шұғылалы бейнесін айқара ашып бере білген шеберлігіне ырза болдым. Мен техника ғылымдарының кандидаты, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті Имандосов Аманқұл Тлегенұлы, Әзімбектің Мейізкүл деген әпкесінің жұбайы боламын. Үлкен рахмет, Қошан Мұстафаұлы! Тебірене еске алып, естеліктер жазып тұратын сіздей, Алтынбектей ағалары барда Әзімбек бауырымыздың өмірі мәңгілік жалғаса бермек.

  2. Кенжекуль

    Бизде бул макаланы окып шыгып браз ойга шомдык Аманкул ага Мейизкул женеше , бауырымыз болган Азимбектин жайы жаннаттан болсын. Кашан Мустафаулына коп рахмет.мен Аманкулдын иниси Мейизкул женешемнин кайниси болам Имандосов Кенжекуль Тлегенулы. Атырау обл Кулсары каласы ТенгизШевройл мунай ондеу компаниясына жалданушы Ариадна компаниясында автобус жургизуши болып кызмет жасаймын.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.