АБЫРОЙ ЖҮГІ

Бұл күні де біраз жаяу жүріп қайтты. Қарбаластың арасындағы «өзіне бұйырған» азғантай уақытында талай жылдардан бергі дағдылы демалу әдісі. Қайталап тыңдап жүретін, қалта телефонына жазылған қазақтың, қырғыздың халық әндерін қосып қойып, сәл тынықты…
Шапшаң екен уақыт. Балалық базары. Алматы шуағы. Студенттік өмір. Сын сапары. Ата мұра. Таным. Талғам. Тағдыр. Мектеп көрді. Ұстаз алдынан өтті. Өнеге ұйыған, құты құйылған жақсылардың бір жайқалған тұсы – сол жетпісінші жылдарда топқа қосылғанда алдына қараса ақылшы ағалар, қатарында қазақы ғұрпын қастер тұтар дос-жарандары болды.
Орта мектепті аяқтап, Алматыға оқуға келген. Ауыл шаруашылығы ­институтына өтпеді. Ауылға қайтып, колхозшы болды. Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды бітірді ғой. Дәстүрі бай, даңқы зор университет. ­Диплом жетекшісі Тұрсынбек ағай Кәкішұлының бағыттауы болмағанда, басқа жолмен де кетуі мүмкін еді. Тұрсынбек аға қазақ өлең құрылысы бойынша жазылған жұмысындағы балаң батылдықты: «Барлығын да оңдырмапсың ғой!» − деп құптап еді. Кейін, оқу бітіріп, жұмыс таба алмай жүргенінде әдеби ортаға жарқылдап енген Сағат Әшімбаевты өнеге етіп, «Сын жаз» деген. Біртіндеп осы жолы ауырлау салаға кіріге бастады. ­1977-1982 жылдар арасында «Қазақ әдебиеті» газетіндегі жұмысы сынның шаруасына тұтас бұрды деуге болады.

Әдебиет институты зерттеу бағы­тын ашты. Белсенді қызу жастықтың екпінінде әдебиеттің ісіне, әдеби сын, рецензия, пікір, сұхбаттарға іркілмей, араласудай-ақ араласты. Біртіндеп мұраны ендігі игеру міндеттеріндегі сауатты пайым зәрулігінде зерттеулерге ойысты.
Ендігінің, ғұмыр жастың осы бір арғы-бергісі ап-айқын, жалаңаштана түскен жаңа кезеңінің мінез-болмы­сына тосырқай қарай ма, қалай? Адам ғұмырының өзіне сай, жарасымды дәурендері бар…
1978 жылғы «Жұлдыздың» ­10-но­­ме­рінде шыққан көп томды ­роман жанры туралы әңгімеге аузы дуалы аға­ларымен бірге қатысады. Жұмекен Нәжімеденовтың «Ақ шағылы» мен Әнес Сараевтың «Тосқауыл» ­ро­­манының бірінші кітабын тұтастық, даралық тұғырында талдауға тосылмай ден қояды.
Бекен Ыбырайым жаңа бір өнімді өріске бет алған қазақ әдеби сынының есігін сол тұс айтарын жасырмайтын бірбеткейлігімен, сөзін біліп, берерін қамдап, сезініп ашыпты. Мәселені жоталы негіздерінен ­барлады. Қазып, қадап, батырып сөйлеуге тәуекел етті. Әдеби туындыны талап қойып алып талқыға салу әдістемесі, ой ауқымындағы оқшаулық орныға ­бастады. Сөз тынысы кеңіді.
Бекеннің «Қазақ әдебиетінде», сын бөлімінде жүрген уақыты – шығармашылығының олжалы бір кезеңі. Жанр талабы, ұнамды кейіпкер ұғымы, хрониканың тарихи романды тұсауы, жастар шығармашылығы, кезеңдік сипаттар, сауатты жазу, ойлау жүйесіндегі өзгерістер, қилы көркемдік соқпақтарды байқады, бағып отырды, күн тәртібіне қосуға құштарлықпен араласты. Роллан Сейсенбаев, Сұлтанәлі Балғабаев, Смағұл Елубаев шығармаларының тамырын ұстады. «Орталық кейіпкерге әр қырынан бір сәуле түсірген» Сәкен Жүнісовтің жазу тәсілін жария етуге асықты.
Жаңа ұғым, жаңа пайымға ұмтылып, әлемдік өредегі шеберлікке қарайлады. Мұхтар Әуезов айтатын «дәуірдің құлашымен құлашы тең түсетін ­геройды» іздейтін. Ортасы ыңғай бір білетіні бар іріктелген жайсаңдармен толып жүрді. Сағат Әшімбаев, Жарасқан Әбдірашев… Асқар Сүлейменов редакцияға келіп тұратын. Өтежан аға Нұрғалиевтың бір өзі – бір мектеп. Әубәкір аға Нілібаевтың көп оқитыны, кітапқұмарлығы өз ­алдына бір өнеге. Қатарластары ­рухани самғауға ынтық кілең бір тап-таза жақсылар. Оразбек аға Сәрсенбаев орыс әдебиетіне мықты еді.
Даралық, дарын әлеуетін сезіндіру миссиясында бар пейілімен, шын шаттанып, тасып айтқан олжалы пайымдары, әсіресе Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов, Ғали Орманов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, ­Сырбай Мәуленов, Сәкен Жүнісов, Әбіш Кекілбай, Мұхтар Мағауин, ­Марал Ысқақбай, Оралхан Бөкей, Гүлнәр Салықбай туралы шығармашылық портрет, зерттеу, эссе-толғамдарында орнықты.
«Сөзтану әлемінде» атты (2016) жинағындағы әр жылдарда жазылған портрет, шолу, пікір, сұхбаттарда қазақ көркемдік ойына тосын, тұтастанған байыптау тәсілімен араласу бағыттары мазмұн түзген.
Оның пікірінде, Әуезов жазуындағы шұғыла, туған ұлтының бөлекше ғұмыр ғұрпы, жатбауыр тағдыр, зор күрес сарыны бар, «рухани және стильдік қасиеті» – нұрландырушы, ­тазартушы психологизміне бар шеберді жығып беруге бар. «Рухани зор әлеует тұтастығында сомдалған халық тұлғасы, ұлт болмысы Әуезовтің әлем әдебиетіне сіңірген айрықша көркемдік-эстетикалық нәрі» дейді сыншы. Мұхтар Әуезовтің өз кейіпкеріне деген «суымайтын ықыласы», Тахауи Ахтановтың кейіпкерді оқушыға да «аңдытып» қоятын алаңкөңіл «сергектігі», Әбіш Кекілбайдың күндіз-түні кейіпкерімен бірге толғататын мазаңдығы, Әбді­жәміл Нұрпейісовтің мұндайда басқадан оқшау түйліккен бақылау – барлаушылығы ­туралы қашан, кім айтып еді?!
Бекен Ыбырайым Бердібек Соқпақбаев, Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин, Марал Ысқақбай, Оралхан Бөкеев шығармашылығын суреткерлік даралық ауқымында баянды негіздерде құштарлықпен байыптады.
Жеке тұлғалардың шығармашылық ғұмырбаянын барлап, бағалау, саралауда аялы, бүтін эссе-толғамдары туды. 2019 жылы лайықты аталып өткен Әбіш аға Кекілбайдың 80 жылдығына арналған республикалық шығармашылық сайыста «Әдеби сын» аталымындағы Бас жүлде Бекен Ыбырайымның «Адамның ­мемлекетке айналуы» атты толғамына берілді. Шегінбейтін ынта, суымайтын ықылас, алғыр түйсік, жанкешті пайымдау сынды эпитетті шеберлік таңбалары жанға майдай жағады, Әбіш әлемінің «ыдырамай» тұтасқан көркемдігінде тербеліп, рахат кешу игілігімен бөлісуге асыққан «жүр-жүр»: Осы эсседегі Бекен Ыбырайымның қалам ұстағанның қай-қайсысы да көксейтін сөз сәулелендіру міндетіндегі «жолы болғыштығын» ақ пейіліңмен қызғанасың. Кейіпкердің үнемі дызығып жүруі, көлкештеген адымы қысқа қайырымдар, күлің-күлің етіп көз арбаған, тақыр ­шешен, өштіктің өрті, қанды қыжыл, үйреншікті таныс сорап, зорлық шешім, озбырлығын түрткілеп ояту, өзімшілдіктің өңмеңдеуі, сөз ләмі, жанкешті пайымдау сынды тіркестер ойдың құнарын қопарып отырады. Мақала мазмұны, талдау, таныту талғамы жөнінде әдеби туындының аса ауқымды саралануы әлде де тапшы қазақ сөз өнерінің тәжірибесіндегі батыл үйірімдерімен ден қойғызады.
Бір әңгімеде көркем шығармаға қайтып келу себебін сұрадық. Қаламгер, жазушы Бекен Ыбырайым жаңа заман мен адам арақатынасы туралы бірқанша иірімді, үйірлі құбылыстардың кеудеге тұнғанын, бәлкім осыны біреу жазар деп ұзақ күтіп келе жатқанын, енді жазбасына қойғызбай «есін шығара» берген соң біртүрлі тосын, толымды құштарлықпен құйылып, толассыз ­жазып жүргенін айтты.
Әзірше еш жерде жарияланбаған бірқанша әнгіме, хикаяттарын оқуға берді. Жазушы Бекен Ыбырайым оқушысын барлығымызды таң ата тіршілік дүрмегіне араластырып жіберіп «қарап отыратын» бүгінгі уақыт; оның көрмегені қалмаған халқына бөліп берген Елдік еншісі; өтпелі кезеңнің ақыры қайыр болғай деген үмітпен өмір сүргізетін күрделі қайшылықтары аясындағы адам – пендені ниетін бұзбаған мазмұнында ашуға асығады. Уран кенішіне жан бағу жетектеп апарған ауыл жігіттерінің барлығының шашы түсті. Ауылға қайтып келеді. Біреуінің ғана шашы – қап-қара. Мұның тегін емесін ­автор шебер сезіндірген. Оқушы біртүрлі ­секем алып қалады. Тепсе темір үзетіндей жасында, күні кеше екі қойды бірдей көтеріп жүре беретін қайран бауыр – жаман ауру. Әңгіме аға мен ініні алма-кезек араластырып ­отырып жазылған. Автор өмір ақиқатын адам рухымен беттестірудің ұтымды көркемдік тәсілін табады.
«Көсеге» әңгімесіндегі Көсеге – физикалық кембағалдығын ақ пейілі жеңіп кететін әлемдік персонаждардың өмірде, тіпті өзіміз білетін, әр ­ауылда, әрдайым, әр кезеңде бар, болған, прототипі таныс бейне. Дәл ендігі уақыттың осындай ауыл кезіп жүретін ортақ туысқанға қабағы қату. Мейірімі сарқылып біткен. Әңгіме баяндаған жүрек суырар суық шындық – осы.
Жаңа заман, ауысып жатқан құндылықтар «Тозу» әңгімесінде де мейлінше нанымды суреттелген. ­Автор кезең-кезеңімен өз уақытының характерін жасау ынтасын ­нендей қыспақ, қату қабақ уақыттарда да сақтап келу дәстүрінде, кешегі аумалы-төкпелі төңкерістер, ұлт-азаттық көтерілістер, ашаршылық, қуғын-сүргін, тың «игеру», тоқырау, т.б. таңбалы өмір ағыстарының көркем шындығы (шама-шарқы қандай болғандығына қарамастан – Қ.М.) дәстүрінде жаңа уақыттың болмыс-мінезін, бедерін көркем баяндауға ынтығады, тәуекел етеді.
«Мен және Қарагөз» хикаяты қазіргі балалар прозасындағы жаңа бір олжа деп айтудан тартынбай отырғанымның сыры шығармада. Бекен ­Ыбырайым – балалар әдебиетінің жаратылыс бітімін, теориялық негіздерін түбіне түсіп, түгендеп жүрген бірді-екілі зерттеушінің бірі. Бес қаруы түгел кәнігі маман. Теорияны білуінің балаларға арнап шығарма жазуда септігі тимесе, кедергісі болмағаны анық. Бұл бір сәулелі дүние. Бала көзімен қарағанда барлығы жап-жарық-ау, жап-жарық. Бала атаулының өмір ортасын ересектердің мың ұйықтаса ойына келмейтін қызық, қимас қырынан көріп қоятын қырағы көз, мерген. Бала туралы қуантып ­жазады. Жүректі жылытып жазады. Әлем ­балалар әдебиеті классикасының озық өнегесін білу аз. Сіңіру, баланы ұлттық негізбен әлпештеп, әспеттеп отырып жазу – мәртебе! Аталған хикаятты мақтағанымда автор өзі де «әрдайым жаныңда жүретін мерекедей» бағасы бөлек туындысы екенін айтты. Тілі, баяндау оралымдары, құрылымы, бар мазмұны бала жанына қиянат жасамай озық жазылыпты.
Балаларға арналған шығармалар өнімді жазылған, мемлекеттік қолдау басым болған сонау бір жылдарда қаламдастарының олжасына балаша шаттанып, бар мен жоқ ауқымында балалар әдебиетінің зор парызын, қайырлы қайтарымын, таусылмас тағылымын жанымен айтып жүрді. Осы бағыттағы ғылыми зерттеуі ­шы­ғар­машылықтағы жанр спецификасы тұрғысында өз бағасын да алған.
Бекен Ыбырайымовтың өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарындағы балалар әдебиетінің повесть жанры бағытындағы ­ойлары әдеби дамудағы уақыт бедерін, шеберлік таңбаларын нәзік тұтастықта аңғартып айрықшалау тәсілдерімен елеулі.
Серік Асылбекұлының «Тасқара» повесіндегі шығармашылық «қулықтың» сырын ашу байқам­паздығы ұнаған. Қанат Баймұратовтың иланымды өмір ортасындағы бастан кешкен күйлерін жазушының түгін қалдырмай қамтып жазу ұтымдылығын Бекен Ыбырайым көркемдіктің сараң, озық бағасымен марапаттайды. Жөн, табылған мадақ. «Мұндай тәсіл балғын оқырманның повестегі оқиғалар желісін өмірдегі нақты оқиғалар тізбегі, шындығы деп ұғынуына жетелейтіндей» ­(«Сырлы әлем», ­88-б.). Тынымбай Нұрмағамбетовтің күн райын құ­былта келген ­«Қар­лығаштың ұясы» повесіндегі бала­лықтың жарық әлемін жалықпай, көз жеткізген шындықтар әсерімен, «шырқау шеберлік биігінде бейнелену» артықшылықтары мен, «терең психоло­гиз­мімен» тұтас әспеттеу өнегесі бөлек. Н.Дәутаевтың «Жол», С.Асылбекұлының «Рәбиғаның ­махаббаты» повестерін кең талқыға ­салуы автор әлеуетін «тергеп-тексеру» «қатыгездігімен» бітеқайнап жатыр. Шығармадағы драматизм жүрегін жібітіп, иліктіре түс­кенін, еміне оқыға­нын принципшіл сыншы жасырсын ба?!
Алты жылдай балаларға арналған шетел әдебиеті журналы «Көгершінді» шы­ғарып отырды. Ешбір елде мұндай журнал шықпаған.
Өзі де бала болған… Әкесінің інісі мал бағатын. Жаз Үшқоңыр ­жайлауында өтеді. Әлі күнге есінен кетпейді. Жайлауда жай түскенін көрді. Балалық шақ – сағынышы ­басылмайтын Әке тұлғасы. Әдебиетке ынтықтырған алыстан, тұп-тура Сәбит Мұқанов пен Темірғали Нұртазиннің ауылынан келген Мүтбай Балқашев ұстазы дауысы жағымды, аудандық ­газетке әңгімелерін жариялатып тұратын кісі еді. Әкесі жұрт сыйлаған бетті, мінезді адам болды. Ақындығы да бар. Баяғыда, 50-жылы-ау дейді, осы КазГУ-ге оқуға тапсырыпты. «Абай жолын» екі сағатта өлең етіп жазып беріп оқуға түскен ғой. Бірақ құжаттары түгел болмай (бәлкім 4 кластық қана білімі болғаны болуы – Қ.М.), сырттай оқу бөліміне түстің деген ғой. «Сырттай оқу» дегенді ­намыс көріп, қолды бір сілтеп кеткен де қалған. Әкесі Жамбыл мен Құлмамбет айтысын жатқа айтатын. Кейінгі естіп, оқып жүрген нұсқалардан басқаша сияқты еді. Дер кезінде құнттап жазып алмағанына кейде өкінеді.
Ақындық ана жағынан да келеді. Ауылда баяғы 16-ның дүрбелеңін көрген үлкен кісілер болды.
Қазір ойлап отырса, сынға келуіне ұстазы Тұрсынбек ағай Кәкішұлының тікелей ықпалы болды. Ал бір нәрсеге сын көзбен қарау, кез келгенге «ләппәй тақсыр» боп илігіп, иіле бермейтін мінез әкесінен дарыған. Әкесінің кейде Абай өлеңдерінен де мін тауып отыратынын жылы жымиып еске алып жүретіні бар, орысшаға судай еді. Пушкинге арнау өлең жазған сияқты. Тұманбай мен Қадырдың өлеңдерін оқып ­берсе, онша менсінбейтін. Мұқағалиды айтқанында қазақша біледі екен деп ілтипат білдірген. Жас уақытында қалада жүріпті. Қанша оқып-тоқығаны өз алдында, табандылық, еңбекқорлық, ұстамдылыққа, туралық, алғырлық, ақжүректікке баулыған. Әке өнегесі ғұмырлық азық болып келе жатыр…
І курста Ханғали ағай Сүйіншәлиев Сұлтанмахмұт Торайғырұлының тілінен курс жұмысын жазғызды. ­Сонда қалың дәптерді тұтас қисапсыз метафора, эпитеттермен толтырып жазып шыққан. Ханғали ағай қайран қалып, қарайған еңбек қой деп риза болып еді.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына алғаш келгенде бөлім бастығы қарап шығып, кәдімгі мектептегідей баға қой деп берген 1200 беттік ­авторлары көрсетілмеген қолжазбаны дереу оқып шығып, бірқанша ғалымның бір-екеуіне ғана 4, қалғандарына 3, 2, 1 деген бағалар қойған. Осында да Әке мінезі тұр-ау. Университетте орыс әдебиетінен 2 ­курста төмен баға алып, Чернышевский­дің «Что делать» романын ерінбей сөздік жасап оқып шықты. Сол орыс әдебиетінен 3-курста – 3, 4-курста – 4, 5-курста – 5 алды. Мұнан да әке бойындағы табандылықты табады өзі. Бетке айту мінезінде де әке бейнесі тұратындай.
28 жасында өзін оқытқан бірнеше ұстаз-ағаларының ғылыми стиліне «тиісіп», «Қазақ әдебиетіне» мақала жазғанында да әкеге тартып туған ұлдың қарасы бой көтерген. Қолдан келместен тартынуды да Әкеден дарыған мінез деп біледі. Баспа комитетінде қызметтес болған Қабдікәрім Ыдырысов аға «Жалынға» директор болып ауысқанда бірден өлең кітабын жоспарға кіргізіп, біреуі шығып, екіншісін шығармақ болғанда сол екінші кітаптан өзі бас тартты. Ішінде бір «тежегіш», ­«Пушкин, Есениндей жазбаған соң, ақынсың ба?» дейтін. Соның айтқанын істеді. Өкінбейді.
Көркем прозаға да Әуезовті ­ойлап, басқаны ойлап, батылы бармай жүріп, біртіндеп кіріккен. Көбіне жазғанының қайсысына болсын, сын мақала ма, зерттеу ме, көркем шығарма ма – көңілі тола бермейді. Классиканың өзінен бөлек-салақты тауып алатын міншілдік мінез. Бұған Бекен ­Ыбырайымды білетін адамдар, әрине, сенеді.
Өзекті проблемалық мақалалар жазуда да айтарлықтай тәжірибе жинаған. Қазақ әдебиетінің тарихын қайта жазу бағытында ой қозғалғанда білікті ұсыныстарымен, байыптауларымен араласып отырды. Ұлттық әдебиеттанудың ахуалын кейінгі уақыттың шаш-етек мәселелері ауқымында барлап, байыптаудан да сырт қала алмайды. Айтарын айтады. Әдебиеттанудың келешегін маман кадрлар даярлау өзектілігінде нақтылы күн тәртібіне қояды. Мұраның игерілмей, зерттелмей жатқан, қайта қаралуы тиіс түйткілдерін тас-түйін біліктілікпен саралайды. «Ғылымдағы сұр тасқыннан» сақтандырады («ҚӘ», 12.07.2001ж.).
Бекен Ыбырайымның не жазғанда, не айтқанда да талғам қалыптастыруға бейілді болғанын шығармашылықтағы бір айрықшалығы деп бағалаймыз. Қазақ әдебиеті тарихын, әдеби мұраны орта, жоғары мектепте оқыту өзектілігінде «баяғы – жартас бір – жартас», бөтен бір сұс алаңдатады. Қазіргі, кітап экспонатқа айналып бара жатқан ахуалда да сілкінтіп айтқан «уағыздары» аз емес. Ендігі уақыттың өзекті күйлерінде сырт бақылаушы ­болып қала алмаған. Баспасөз бетінде сол дағдылы жиі көрінетін қалпы бұзылған емес. Салмақ салып сөйлейтін бетті азамат жаңа қоғамның зәруліктеріне батыл араласып келеді.
Оқулықтар, монографиялық зерттеулер жазды. Кешенді жұмыстар жүргізілетін Орталықтар ашудың жөн-жосығын пысықтап, іс тындырды.
Бекеннің академик Серік Қира­баевтың ғылыми өрістегі айтулы айрықшалықтарын орнымен, басым сипаттарындағы тұтастық жүйесімен ұтымды өзгеше таным форматында айқындағандығын айтуымыз керек. Академик Тұрсынбек Кәкішұлының ұстаздық өнегесі, сыншылдық, зерттеушілік дара бітімі, шәкіртке деген алдауы жоқ әкелік қамқорлығы да бірнеше мерейтойлық, естелік мақалалар жазылуына себеп болып еді.Зейнолла Қабдолов туралы: «Ол сонау елуінші жылдары-ақ әдебиеттегі небір қасқа мен жайсаңдардың қалың ортасына кіріп кетіп, қобалжыса да қаймықпаған» деп, бірге толғандырды («Жұлдыз», 1987, №12.). ­Мырзабек Дүйсенов, Рахманқұл Бердібай ағаларым, заманы тұстас тұлға Сағат Әшімбаев, доспейіл Құлбек Ергөбек туралы да ағыл-тегіл, арманды, сәулелі эссе, естеліктер жазды. Кезінде былайғы көп біле бермейтін Марал Ысқақбайдың теория тілін ұйғарудағы теңеуі мен талдаулары туралы да Бекен Ыбырайым айтқан.
Бекен Ыбрайым елу жылға жуық қарайлап, қадалып, қарап келе жатқан қазақ поэзиясының бір ғасырлық тарихы, даралық тәжірибесі түзілген қос томдық «ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» жинағының 1 кітабында (2019) дәуірдің саяси беталысы, ғасыр басындағы ұлт-азаттық серпіндер, руханият мәселесіндегі тарихи алғышарттар ауқымында қыруар дерек, дәйек айналымға тартылып отырады.
Мағжан лирикасының ­«астарлы жинақтаушылық қуаты», «фило­софиялық аясы», «асқақ парлауы», «эстетикалық конструкциясы», «суық сызы», «түпкі аңсары», ­«болмысты сезіну аумағы», «эстетикалық-философиялық көру, байыптау жүйесі», «мөлтек психологиялық талдауы», «физиологиялық күйдің психологиялық күйге ұласуы», ­«символ – сөз, символ – ұғым, ­символ – бояу, символ – концепция, символ – бейнелілігі» – өлеңдегі жаңа ырғақ, жаңа түрлері таным талқысына ­тартылды. Сәкен ­Сейфуллин лирикасындағы жаңашыл поэтикалық иірімдерді, түршілдікті аңғаруында да зерттеу әдебі кең ақындықты аялау дағдысынан, ауқымды ойлау, байқампаздық, кәсіби адалдығынан жазбайды. Сәкеннің саяси айыптауларға жығып беруге болмайтын ақындық бетіне жүгініп ой тарқатады. Қазақ лирикасында көрінбеген жақсылықтарымен кенелткен Ілияс Жансүгіровтің болмысты сезіну, бейнелеу озықтығы әлемдік классиканың екінің біріне бұйырмаған олжасы мәнінде дәріптеледі. Жаңашылдық категориясын «шын мәніндегі жаңалық – эстетикалық кемелдік» ауқымында бекітіп, кезеңдік танымдағы осалдықтарды назарда ұстау принципшілдігін байқатады. Отызыншы жылдардағы әдеби даму, қазақ лирикасының көркем жүйе, кеңістігінде сан тарап тағдырлы, таңбалы туындыларға аялдайды. Еске­рілмей, баяғы екпінмен келе жатқан қаншама қисындар ­батыл байыпталған. «Күйші» поэмасын жаһандық аяда бағалау өзектілігінде өріс ашқан.
Ғали Ормановтағы ықшам-икем­ділік, бейнелілік, тосын тапқырлық автор – зерттеуші мүдделестігінде ­интерпре­тацияланып отырады. Піскен, озық лирика, еуропалық көру аясы, сезімді қинамайтыны, бейтарап куәгер етіп байлап қою тәсілдері сынды өнімді атрибуттарға ден қойылады. Иса Байзақов­тың сұрапыл суырып салма ақындығы Бекен Ыбырайымның көп қарайлап, ұдайы аялдап келе жатқан және бір көркемдік кеңістігі. Құралай сұлудың сипатына сипат қосып, ­«жа­ры­сып» тамсануы – көркемдік фактор.
Қазақ поэзиясындағы субъективті сезінудің поэтикалық өріс түзу жаңа­шылдығын Қасым ақынмен сабақ­тастыруында осы кімде, қалай айтылды екен деп елеңдейсің.
Бекен Ыбырайымовтың
«Сол кездегі қазақ поэзиясы үшін:
Күлемін де жылаймын,
Жылаймын да күлемін,
Неге ғана бұлаймын –
Өзім ғана білемін, – деп, бірден драматизмді асқындырып, ширыққан философиялық-көркемдік ­жи­нақтауды ақтарып салу жаңалық болатын» дегеніне ілтипатпен иланасың. Қасымша өмір сезіну, сезінту аңсарында дөп айтатыны көңіл көншітіп отырады. Қасымның ­образды пейзаж, характерлі ­пейзаж, Лермонтов теңдес тірі пейзаж, бөлек поэтикалық түйсік, тілдік иірімі үйірілген шығармашылық қуат, зор эстетикасымен арбайды.
Сырбай Мәуленов поэзиясының шалқарын шайқамай, шашпай-төкпей мөлдіретіп сипаттады.
Сонау бір жылдары бір мақала жазған еді. Күні бүгінге шейін төкпе ақындар шығармашылығының негізінен тек сөз, мәтін тұрғысынан қаралып келе жатқандығын, басқа қырлары жол-жөнекей ғана ­аталып жүргендігі, авторлық ­ауызша ­поэзияны зерттеудің ғылыми жүйелі мето­дологиясының жоқтығы, автор­лық ауызша әдебиет теориясы жасалмағандығы туралы айтқан.
Мақаланы оқыған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің сол тұстағы ректоры Серік Жайлауұлы Пірәлиев осы бағытта ғылыми Орталық құру ұсынысымен қызметке шақырды. Авторлық ­ауызша әдебиет өкілдерінің басылым көрген туындылары арнайы «Ақындар ­аманаты» сериясымен, көптомдықтар үлгісінде бірнеше қолжазба, басылым нұсқалар тәптіштеліп, түзетіліп, 50 жинақ жарық көрді. Атқарылар шаруа әлі жетеді. Біртұтас ғылыми таным кеңістігін түзу, жанрлық-теориялық айқындамалар қажеттілігіндегі жұмыс.
Ауызша өлең сөзде өтпелі дүниенің мысалы көп толғанды, имандылық, кісілік өнегесі тәптіштелді. Суырып салма өнерпаздықтағы образдылық көңіл көншітті.

PS.

Б.Ыбырайымның кісіге сыртынан да, көзінше де тиіспейтін жуас сыпайылығы, ішкі мәдениеті сүтпен біткен азаматтық кісілігі айтылып жүреді.
Жетпей жатқанды дөп атап, шамға тимей иландырады.
Деңгейінің асып тұрғанын, көп білетінін «көрсетпейтін» әдепті.
Терминмен шегелеп, қисынымен қымтап, теорияға қарайлап қана айтатын кәсіби дағдысы мығым әдіскер-ғалым.

Қанипаш Мәдібай,
филология ғылымының докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.