ТҰРАННЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ

2018 жылдың 19 маусымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» заңға қол қойған болатын. Содан бері Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып өзгеріп, орталығы Түркістан қаласына ауысқан еді. Тұран даласында бой көтерген ең көне шаһардың тынысы мен түр-өңі содан бері едәуір өзгеріске ұшырады. Аталмыш тарихи оқиға туралы сөз ұстап жүрген тұлғалардан бір ауыз пікір алған едік…

Нұржан Қуантай, ақын, жазушы:
– Өмірге деген махаббат ең әуелі еңбекпен айшықталады ғой. Ерте тұрып, кеш жату – өмірді сүю ғой. Түркістанның жұрты осындай еңбекқор жұрт. Халық саны ең көп өңір тағы осы Түркістан. Дәл қазір Түркістанның тарихи маңызы ­туралы айту артық шығар. Жырға сүйеу болған, ұлтқа тіреу болған бұл өңір біздің мақтауымыз бен марапаттауымызға тәуелді емес. Топырақ қашан да адамнан биік. Ең қызығы, дүние қалай ауысып, дөңгеленсе де бақ, ырыс қонған тарихи мекендердің де ырыс-берекесі қайтып оралып отырады.
Тарихтан білетініміздей, Түркістан – түрік халықтарын ынтымақтастық, бауыр­малдықта ұстап тұрды. Түркі әлемінің рухани, мәдени астанасы болды. Қазір Түркістан қаласының облыс орталығы деген атының үлкен мәнге ие болып, ұлы қатынастарды қайта жаңғыртуы бек мүмкін. Қаланың және облыс орталығының экономикалық мүм­кіндігі аспан мен жердей. Халықаралық дәрежедегі туризмнің дамуы, мәдениетіміздің тарауы қандай болатынының жобасын көрдім. Жаратқан Иеміздің бізге деген үлкен мейірімі, рақымшылығының арқасы бұл.
Біз түбі түркілік негізге оралмай қоймаймыз. Рухани жаңғыру дегеніміз жаңалану ғана емес, өткенімізге, негізімізге тәу ету деген сөз.

Ғани Бектайұлы, «EDTECH-KZ»
Халықара­лық білім орталығының бас директоры:
– Түркістан – екінші Мекке екені елге мәлім. Түркістанның тек рухани ғана емес, осы елдің экономикалық тірегі болуға мүмкіндігі зор. Ел экономикасын дамытатын ірі қаржы орталығына айналады деп үміттенемін. Тарихың бай болса, оны туризмге ­айналдырып, содан да табыс табуға болатынын көптеген мемлекет дәлелдеп отыр. Ендігі кезек, осы мүмкіндіктерді дұрыс пайдалануда.

Төкен Әлжәнтегі, жазушы:
– Түркістанды болашақта қалай көргім келеді? Ойдан романтиканы алып тастап қарайтын болсақ, Түркістан ­облысы рухани ошақ болуы, бізді түркі әлемімен байланыстыратын ошақ болу керек. Жер шарындағы түбі түркі әр азамат Түркістанға келгенде өзінің үйіне келгендей күйде болу керек деп есептеймін.

Ғылымқал Манай, журналист:
– Түркістан деген сөзді естігенде санада екі ой жаңғырады. Біріншісі – Мағжан ақынның «Түркістан екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой» деп жырлайтын әдемі өлеңі. Екіншісі – Отырар кітапханасы.Ел арасына кең тараған: «Арыстанбапқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген қанатты сөзді бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Түркістан қаласын ірі орталық ету Тәуелсіздік алған жылдардан бері Тұңғыш Президентімізден бастап зиялы қауым өкілдері арасында талай әңгіме арқауына айналғаны рас. Осының өзі Түркістан өңірінің киелі де қасиетті мекен болғанын сан ғасырдан бері айғақтап келе жатыр. Кезінде Түркістан қаласы – қазақ хандығының астанасы, қазақ халқының бас қаласы болды.
Тағы бір ескере кететін мәселе бар. Түркістан – жастардың қаласы. Өңірде жастар көп. Демек, бұл аймақтың болашағы зор деп білеміз.

Шыңғыс Мұқан, «Мазмұндама» қорының төрағасы:
– Тұран даласына адамның ізі алғаш түскелі бері өңірден адам үзіліп көрмеді. Қанша өркениет көшсе де соның бастауында осы Түркістан қаласы тұрды емес пе? Түркістан қазіргі таңда ұлттық жоба. Бұл мемлекеттік немесе саяси бағыттағы жоба емес.
Түркістанның түркі әлемі үшін алатын орны ерекше. Осы ­орайда біз өңірдегі туризм саласына аса мән беруіміз керек. Қазіргі таңда жер бетінде түбін түркімен байланыстыратын, шамамен, 260 миллиондай адам бар. Сол 260 миллион адам үшін бұл топырақ аса қадірлі. Демек, бұл адамдар біздің туризмді дамыта алады. Болашақта осыны ескеруіміз керек. Бұл, біріншіден.
Екіншіден, болашақта біз Түркістан өңірінің транзиттік-логистикалық әлеуетін арттыра түсуіміз керек. Бұл үшін теорема жасаудың қажеті жоқ. Түркістан Ұлы жібек ­жолында жатқан қала. Мұндағы жол картасы тарихтың өзінен белгіленіп қойған. Тек соны жаңғырту керек. Жаңғыртып та жатырмыз. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағытындағы жолда осы Түркістанның алатын орны ерекше болуы керек.
Үшінші мәселе, шағын және орта кәсіпкерлік деп есептеймін. Бұл жерде халық өте тығыз орналасқан. Сондықтан шағын және орта кәсіп үшін өңірде өте көп мүмкіндік бар. Оның үстіне өңірдегі халықтың қаншалықты еңбекқор екенін ескеруіміз керек.

Ажар Ерболған, ақын:
– Түркістан дегенде адам санасы үшке жарылады. Әуелгісі – өткені. Бұрынғы Түркістанның қазақ қоғамында алатын орны ерекше еді ғой. Оның тарихи салмағы өте құнды, өте берекелі келді. Екіншісі, бүгіні – бұл бөлек мәселе. Осыдан бір-екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үкімімен Оңтүстік Қазақстан ­облысы Түркістан облысы болып өзгеріп, оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. ­Осыдан былай өңірдің маңызы арта бастады деп ойлаймын. Бұл өңірдің дамуына үлкен серпіліс берді. Үшіншісі – болашақ. Түркістан қаласының дамуы – жалпы түркі әлемінің гүлденуі, өркендеп-өсуі деп білемін. Жәдігерлер, түркі әлеміне қатысты әдеби жазбалар, көнеден қалған ескерткіштер, мазарлар, кесенелер, ғасырдан-ғасырға келе жатқан аңыз-әпсаналардың түркі әлеміне ортақ болуы заңдылық. Себебі тамыры бір халықтардың болашағы да бір деп есептеймін. Ескере кететін тағы бір мәселе бар. Түркістан қазба жұмыстарынан табылған қыш құмыра сияқты. Шынымен құнды, шынымен ­тарихи жәдігер. Бірақ бұл жұмыстарды абайлап жүргізбесе оның сынып кетуі де мүмкін. Сондықтан байыппен аңдап басып, күрделі жұмыстарды кешенді түрде жалғастыра беру керек деп ­ойлаймын.

Айдын Байыс, ақын:
– Түркістан қашан да қазақтың қара шаңырағы болған өңір. Қазіргі таңда ол ішкі туризмнің тірегі. Болашақта бұл сыртқы туризмді де дамыта алатын әлеуетті өңір деп ойлаймын.
Мәдени тұрғысынан да Түркістан қаласы үлкен қызмет атқарып келе ­жатыр. Ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан киелі мекен тек қазақ халқына ғана емес, ол түркітілдес мемлекеттердің жалпыға бірдей рухани астанасы. Бұл өңірдің орналасқан жері де, қағылған қазығы да Қазақстанның дамуына жан-жақты қолдау керсете алады. Күн райы өңірдегі мал және егін шаруашылығына қолайлы өңір.
Өз басым өңірде Отырар кітапханасын қайта жасақтаса деп ойлаймын. Қазақ қазынасындағы барлық кітапты, болмаса олардың көшірмесін сол кітапханаға апарып сақтаса деген ниет бар.

Әлия Садықова, маркетолог маман:
– Түркістан – қазақ үшін ерекше құрметке ие өңір. Түркі әлемі де осы шаһардың тарихи маңызын мойындап отыр. Бұл күнгі Түркістан – ­облыс орталығы ғана емес, өткен мен бүгіннің үндескен құтты мекені. Болашақта жаңашыл болмысқа ие болып, ұлтымыздың айшықты аймағына айналып, жаңа бір серпіліс жасарына кәміл сенемін.
Мұндағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі секілді қасиетті мекендердің өздері өз алдына бір бренд.
Түркістан – ұлттық жоба. Бұл жерде жасалып жатқан әр іс ұлт игілігі үшін маңызды. Бұрын белді тұлғалары өзін сол жерге апарып көмсе екен деп тілеген. Мұнда бір астар бар. Бұл Түркістанның ұлы топырақ екенінің ашық көрінісі.

Жазып алған
Қуаныш МЕЙРАМҚЫЗЫ

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.