АБАЙ ЖӘНЕ МҰҚАҒАЛИ

Кезінде ұлы ақын «Единица болмаса, не болады өңкей нөл?!» деп толғанды. Неге? Өйткені халықтың арасынан кемеңгер тұлға шығуы керек.
Сондай тұлға Абай болды. Ол – Тәңірдің берген сыйы. Тумысы бөлек перзент, тұлпар тектес жүйрік еді. Қолтығында қанаты бар пырақ бәйгеге қосылмай отыра алмайды. Сондықтан өзін-өзі ұштады, өзін-өзі жетілдірді. Келешекті барлап, кемелдікке бет бұрды. Нәтижесінде ақын Абай – алашты сүйіндірген хакім Абайға айналды!

Абай жолы – соқпақсыз жол. ­Алдында өткел бермес асулар тұрды. Сары ­алтындай сабыры барлық қиындықтарға шыдады. Ақылы мен қайраты, қабілет пен дарыны бойына күш бітірді. Сенімі жетеледі. Ол мынаны шүбәсіз ұқты: барлық жеңістің кілті ғылымда екен.
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба
Ойнап босқа күлуге…
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз, – деді.
Сонымен қатар бес нәрсеге асық болудың, бес нәрседен қашық болудың заңдылықтарын көрсетті. Биік рух, биік санаға ие болды. Әр сөзін асыл оймен түйіндеді. Рухани қазынасын қазаққа арнады. Өмірін өлеңге сарп етті. Мұқағали ағамыздың «Ұлы болып жаралғаннан, Ұлы болып өмір сүру тым қиын» дейтін сөзі бар. Данышпандықтың жүгі зіл батпан ауыр. Оның қайғысы мен қуанышын кез келген адам көтере алмайды. Ұлы ақын төзім мен сезімнің сынақтарынан сүрінген жоқ.
Абайдың қуанғаны, қазақ – даладай дархан, тауларындай асқақ. Жанын – арына садаға етеді. Есігін ілмеген, құлпыны білмеген. Шындап кетсе, қолынан бәрі келеді. Мұндай ұлтпен бір жасап, бітеқайнасу бақыт емес пе!?
Абайдың мұңайғаны – қазақ осындай жаратылысын пайдаланбайды. Шаруаға қыры жоқ. «Ат-шапаннан кем көрмес, біреу атын қойса қу». Ақылы мен қайратын біріктірмейді. «Жасында ғылым бар деп ескермейді». Ақын – қазақтың осы кемшіліктерін аямай сынады.
Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсеқызар, жалмауыз.
Сорлы қазақ сол үшін,
Алтыбақан, ала ауыз.
…Бір-ақ секіріп шығам деп,
Бір-ақ қарғып түсем деп,
Мертігеді, жатады.
Ұрлықпен мал табам деп,
Егессе ауыл шабам деп,
Сүйтіп құдай атады, – деп ашына жазды. Өйткені жалқаулық пен енжар­лық – кедейліктің негізі. Кедейлік – кіріп­тарлыққа ұшыратады. Он екі мүшесі сау адам бұлай өмір сүрмеуге тиіс. Абай соның барлық амалын елінің есіне салды.
Сол сияқты, алаш қоғамының қожыра­ғаны Абайдың жанын ауыртты. Бұл кезде хандық билік тарих сахнасынан ығысқан болатын. Ұлы даланың ендігі тағдыры патшалық империяның құзырына көшкен. Билеушілер май кекіріп, бекзат атанды. Бодан жұрт ескі шекпенін шеше алмай қорланды. Ақын халқының шарасыз күйін жасырған жоқ.
Қалың елім қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
…Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың.
…Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?! – деп дүниеге тік қарады.
Бұл – өз жұртын өзі табалау емес. Бұл – қайраткердің қайғысы. Жүрегінен тамшылаған қанды жастың қағазға түскен ызалы өрнегі. Себебі қазақ бүгін жеңілсе, бодандықтың қамытын кисе, ертең қара табан құлға айналуы мүмкін. Мына пәни жалғанда одан артық қандай қасірет бар?!
Қазақты ұшпаққа шығаратын жол біреу. Ол – ата-бабаның ақ жолы. Ана тілің мен ақиқат дінің. Ар-намысты қалқан етіп осыларды қорғауың керек. Қазақ – ұлы халық. Хакім Абай осы қағидалардың бәрін, оның сөлі мен нәрін ұрпақтарына ұқтырды.
Тұрмыстық өлшеммен қарасақ, Абайдың әулеті – бай әулет. Таршылық көрген жері жоқ. Ішкені – алдында, ішпегені – артында. Ендеше, үйінде ­тыныш отырмай, неге осыншалық әуреге түсті? Сіздің де, біздің де сондай сұрақ қоюға хақымыз бар. Оған өмірдің өзі ­жауап қайтарып отыр.
Абай айналасына жүрегінің көзімен қарады. Сондықтан Алланың құдіретін, Жаратқанның шексіз шеберлігін ­таныды. Нағыз ақиқаттың не екенін ұқты. «Менікі ғана шындық» дейтін тәкаппарлықты қостамады. Ұлы ақынның ­пайымдауынша, ақиқаттың бағасы қымбат. Ал қымбат нәрсе оңайлықпен ­табылмайды. Әлемдік философия мен діни ғұламалықтың арқасында ғана ақиқатты жаныңа серік ете аласың.
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас, – немесе
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде одан басқа?! – дейтіні сондықтан.
Абай қазақ қоғамын сынағанымен, үмітсіздікке ұрынбады. «Біз адам болмаймыз» деп елін түңілдірген жоқ. Есесіне, ақынның данышпандық түйсігі ұлы далаға бір келетін жақсылықты сезді. Келешекті солай болжамаса, қазақ үшін күресіп, қазақты түзетем деп жанын ­салып несі бар?! Ол асыл жырының ақылды ұрпаққа кезігетініне риясыз сенді.
Қателеспеген екен. Ахмет ­Байтұр­сынұлы оны бас ақынға теңеді. «Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ даласында ақын болған жоқ» деді. Абай атақ іздемеді. Оған мұршасы да, құлқы да болмады. Өйткені алдына қойған мақсаты бәрінен биік еді. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дейтін дәрежеге жетудің қамы ақынды күні-түні толғандырды. Себебі сөзі түзелген халықтың өзі түзеледі. Бұл қағидалар өзгерген жоқ. Құны сол қалпында тұр.
Ұлы бабамыз Шығыс пен Батыстың рухани қазынасына қанықты. Жидебайдан шықпай-ақ әлем алыптарымен тілдесті. Олармен иығын теңестірді. Ұлағатын баршаға ұсынды. «Ұстаздық еткен жалықпасты» ісімен дәлелдеді.
Абай қазақтың қолына айна ұстат­қандай етіп, өз бейнесін өзіне көрсетті. Бұл үшін қаншама қайрат, ерен еңбек, қабілет пен дарын керек екенін өздеріңіз де біліп отырсыздар.
Интернатта оқып жүр,
Талай қазақ баласы.
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы.
Ойында жоқ олардың,
Шариғатқа шаласы.
Орыс тілі, жазуы –
Білсем деген таласы.
Прощение жазуға,
Тырысар, келсе шамасы, – дейді ақын.
Осы өлеңді зерделеп оқыңызшы. Көп нәрсеге көзіңіз жетеді. Қазақ баласын интернатқа не үшін берді деп ойлайсыз? Сондағы көздегені прощение жазу ғана ма? Жоқ. Олардың пиғылы бөлек. Хат танығанын пайдаланып халқын алдамақшы. Қараулықта қайыр болмайтынын ұмытқан. Сонда адал кәсіпкерлік, біліктілік, халықшыл мұрат қайда қалады? Жоғарыдағы тіркесті «Институтта оқып жүр талай қазақ баласы» деп өзгертсек, одан нені аңғарар едіңіз? Міне, Абайдың сыншылдық қуатының өткірлігі!
Абай артына асыл мұра қалдырды. Ақынның әрбір шумағын данышпандық трактаттары десек қателеспейміз. Қала­мын қастерлеген ұлы баба әдебиет ардың ісі екенін ұрпақтарына мәңгілік өнеге етті.
Өзгеге, көңілім, тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың!
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың.
Сайра да зарла, қызыл тіл,
Қара көңілім оянсын.
Жыласын, көзден жас ақсын,
Омырауым боялсын.
Әуелесін, қалқысын,
От жалын боп шалқысын.
Жылай, жырлай өткенде,
Арттағыға сөз қалсын, – деп өнердің өлшеміне жүгінді.
Мұрагерлері Абай жолын Абай секілді жалғауға тиіс. Сондықтан нағыз ақын­­дықтың рухын тірілту үшін хас та­ланттар аянбады. Солардың бірі – Мұқағали Мақатаев. Хантәңірінің қыраны ­Жидебай топырағының құнарын Қарасазға ­дарытты.
Мұқағали ақындық бағытын Абайға қарап белгіледі. Өлеңді өлеңшілдіктен қорғады. Оған жалаң ұйқас деп қара­мады, қызық пен қыздырмаға ­санамады. Абайдың «Сөз айттым Әзірет Әлі, айдаһарсыз, Мұнда жоқ алтын иек сары ала қыз» дегенін түбірінен ұқты. «Өткірдің жүзі, кестенің бізі» ғана салатын ғажайып өрнектерді дамытты. Өлең – халықты тәрбиелейтін құрал екенін білді.
Солай дегенде, арзан ақылмен жұрттың мазасын алуға болмайды. ­Ондай сөз ешкімнің көкейіне қонбайды. Нағыз жырдың табиғаты бөлек. Оның «Іші ­алтын, сырты күміс». «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиюі» керек. Абай жыр жақұ­тын іздегенде «Қазақтың келістірер қай баласы?» деп, тұлпардың дүбіріне құлағын түрді.
Абайдың аманатын жүзеге асыру үшін Мұқағали барын салды. Ең алдымен өзін-өзі зерделеді. Менен ақын шыға ма, жоқ шықпай ма деген сұрақтар тынымсыз толғандырды. Қабілет-дарынын ұштады. Есепсіз еңбек етті. Абай атасы парақтаған кітаптарды ақтарды. Абай дендеген философияға кірді. Содан кейін сөз өнерінің қасиетті екеніне көзі жетті.
Өлең жазу біреуге оңай шығар,
Ақын болу не деген қиын едің?! – деп шындыққа жүгініп, поэзияның құдіретіне бас иді.
Мен дағы өлең жазбаймын
ермек үшін,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін, – деп ұлы жоспарын түйіндеді.
Мұқағалидың серті «Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын, Абай бірақ қайта­дан тіріле ме?!» деген аңсау еді. Ақын ­мұ­ра­сында мұндай сөздер өте көп. Шағын жазбада оның бәрін тізіп шығу ­мүм­кін емес. Біз негізгі сипаттарына ғана тоқталдық.
Мұқағали тағы бір Абай тіріліп, өмір­дің өріне шықса, оны қазағы қапысыз ұқса деп армандады. «Туады, туады әлі нағыз ақын» дегені соның дәлелі. Бірақ, осынау зор міндетті өзі атқарғанын, заң­ғар биікке өзі шыққанын қырық бес жа­сын­да дүниеден озған қыршын талант білген жоқ.
Есесіне, ел білді. Қазы-уақыт бәрін өзінің орнына қойды. Қазір байтақ Қазақстанда туған күні жылда тойланатын жалғыз ақын бар. Ол – Мұқағали Мақатаев! Абайдың аманатын орындаған адам ғана осындай мәртебеге ие болады.
Солай десек те, әлі күнге дейін Абай мен Мұқағалиды біржақты бағалаймыз. Ол кісілердің кітаптарын, «Абай» мен «Мұқағали» журналдарын әдебиетші мұғалімдерге ғана итермелейміз. Меніңше, бұл қате түсінік. Өйткені аталған екі тұлға ақын болуымен қатар, ұлттың ұстазы. Олардың шығармалары – мемлекеттік қызметкерді де, құқық қорғаушыны да, кәсіпкерді де, ғалымдар мен өнер адамдарын да, жастар мен үлкендерді де тура жолға бастайды. Абай мен Мұқағали сөздерінен өнеге алған ұрпақ серпіледі.
Ұлы Абайдың 175 жылдығын атау – баршаны осындай ізгілікке жетелейді. Абай мен Мұқағали қазақтың сөзін түзеді. Түзелген сөзді қисайтуға, ұлылардың ­еткен еңбектерін еш кетіруге хақымыз жоқ. Осыдан ғибрат алсақ – ерлегеніміз!

Батық МӘЖИТҰЛЫ,
«Мұқағали» журналының
бас редакторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.