Жидебай Иранбаққа қалай айналды?

Тағдырдың тәлкегі, әртүрлі жағдай және әртүрлі себептермен жол түсіп, 1962 жылдың басында Семей облысы Абай ауданына келіп қоныстандық. Туып-өскен жеріміз Тарбағатай өлкесі Шәуешек қаласынан кетуге бірден-бір себеп болған жағдай – әкеміз Кұрбан Сыдықовтың Қытай өкіметі тарапынан жүргізілген «ашыла сайрау», ­«бар­лық гүлдер тең ашылсын, барлық құстар тең сайрасын» деп аталатын саяси ойынның құрбаны болуы. 1958 жылы өтірік-өсек, ойдырма күнәларды тағу нәтижесінде әкемізге ­«оңшыл-­ұлт­шыл» атақтары тағылып, бір-ақ күнде бес жылға түрмеге тоғытылған еді.

Содан Қытайдың еңбекпен түзеу түрмесінде төрт жыл отырып шыққан әкеміз, 1962 жылы бүкіл Тарбағатай өлкесі көтеріліп, Кеңес Одағына қарай бет алған шақта, біз де ешбір ойланбастан отбасымызбен Қазақстанға көшіп келіп, пана тапқан едік. Әкем сол жылдың ­жазында Абай Құнанбайұлының бейітіне барып Құран оқып қайтты. Біраз уақыт өткен соң, сол кездегі аудандық партия комитетінің І хатшысы Кәрім Нұрбаевқа жазылып, қабылдауында болған кезде:
«Өткенде әдейі көлік жалдап, Абай атамның басына барып тізерлей отырып, тағзым етіп Құран оқып қайтқанмын. Ақылына, ­парасатына, данышпандық нақылына бас игенмін. Бірақ сондай ұлы адамның ескерткішінің жалғыз тұрғанын көріп, аңызақ қыдырған ақ жазықта оқшау да оңаша қалғанына өкініп, бір «әттеген-айды» ішіме түйе кеткен едім. ­Келе-келе сол өкінішім маған құса боп жабысты. Жатсам-тұрсам есімнен кетпейтін болды. Содан көп ойдың толғанысы шыдатпады, енді өзіңізге келіп отырмын» деген.
Ол тағы да: «Мен бұрыннан Абай атама сыртынан табынатынмын, хакім Абай қазақтың ғана ұлы ақыны емес, ол бүкіл түрік тілдес халықтар­дың аяулы да ұлы перзенті, кемеңгері, сөз патшасы, біз Шығыс Түркістанда ол кісіні пір тұтатынбыз. Неліктен осы күнге дейін бейіттің маңайына бірде-бір ағаш екпегенсіздер» деп сұрақ қояды. Сонда бірінші хатшы Кәрім Нұрбаев әкеме:
«Ол жердің асты – тас, үсті – сортаң топырақ, сондықтан ол жерге ағаш өспейді» деген көрінеді. Сонда әкем райком хатшысына:
«Құрметті хатшы жолдас, қажы­май еңбек етсе, кез келген жерге ағаш орыр­ғызып, гүл өсіруге болады. ­Ұй­ғыр­лар Такламакан шөліне гүл өсір­ген халық» дейді. Оған райком хатшысы:
«Егер мен сені сол мұражайға қыз­меткер етіп тағайындасам, бақ өсіре аласың ба?» деп сұрағанда, әкем:
«Егер үш жыл уақыт берсеңіз Абай атам­ның бейітінің айналасына ағаш егіп, гүл отырғызамын. Тек көмектес­сеңіздер болды» дейді.
Артынан райком хатшысы Абай аудандық атқару комитетінің төрағасы Рымқан Ғабдуллинге тікелей ­тапсырма беріп, бақылауға алуын тапсырған көрінеді.
Көп кешікпей Абай атамның ­Жи­де­байдағы қыстауына көшіп келуді ұйғардық. Жидебай Қарауыл ауылы­нан 25 шақырымдай жерде. Арнайы салынған тақтайдай тас жол тұп-тура Жидебайға апарады. Жол-жөнекей көретініңіз қалың ши, жатаған мал қоралары, көз жеткісіз мол жазық дала. Төбешіктің үстінде ақ қыстау орналасқан. Оның бергі жағында шифер шатырлы фин типтес үш үй бар. Оның бірі – айналадағы бақташылардың балалары оқитын бастауыш мектеп, екіншісі – солар жататын интернат, үшіншісі – мұғалім тұратын үй. Ақынның үйі жатаған шарбақпен қоршалған ақ ғимарат.
«Бір Аллаға сыйынып, жолымыз оң болсын» деп, Абай атамның қыстауына да көшіп келдік. Жидебайға көшіп келген соң, анамыз қыз ­босанды. Ырымдап атын Абайғайша деп қойдық. ­Сонымен не керек, белімізді бекем байлап, шалбарымыздың балағын түріп алып, кетпенімізді арқалап ескерткіш ­басына келдік.
Шынымен-ақ, райком хатшысы айтқандай, жер бетінің 15-20 сантиметрі сортаң топырақтан тұрса, асты қиыршық тас екен. Жердің топырақ қабатын алып ­тастап, ­тасты қабатын 40-50 ­сантиметрге дейін қырып алған соң, дайын болған шұңқырды қара топырақпен толтырдық. Қара топырақты Шың­ғыстаудың бөктерінен тасыдық. Қазылған шұңқырдың ұзындығы 200 метрге жуық. Орта есеппен 60 текше метрдей топырақ тасылды. Аталған жұмыстардың барлығын әкеміздің басшылығымен інім екеуміз және екі жалданбалы жұмысшының күшімен 1,5 айдың ішінде атқарып бітірдік.
1962 жылдың күз айында үш мың түп, келесі жылдың көктемінде тағы да бір мың түп ағаш егіп, оларды жаз бойы күтіп, баптадық. Ол үшін алты жерден құдық қазып, бейіт басындағы және жол бойындағы ағаштарға арбамен тасып су құйдық. 1963 жылдың күз айы мен 1964 жылдың көктемінде тағы да 4300 түп ағаш егіп, қосымша тағы екі құдық қаздық. Еккен ағаштарымыздың түрлері әрқилы: қарағаш, жиде, терек, долана, алма, үйеңкі тағы басқалар. Егілген ағаш және гүлдің саны жыл сайын көбейіп, қызыл-жасыл гүлдер өскен алаңға және ағаштар өскен орманға айнала бастады.
Жидебайдағы үлкен жаңалық – осы орман-бақ. Бұл – жалғыз Жидебай ғана емес, бүкіл Абай ауданы үшін тың да өзгеше игілік. Соған орай мұндай ерекше іске қамқорлық та, айрықша құрмет те көбейе бастады. Халық мақтанышы Абайдай ұлы перзенттің мүрдесі жатқан орынға сұлу нышан беру үшін біз де аянып қалған жоқпыз. Бірде Алматыдан келген қонақтарды ертіп Жидебайға келген райком хатшысы Кәрім Нұрбаев, көгеріп өсіп тұрған ағаштарды және қызыл-жасыл ашылған гүлдерді көріп, қуанышын жасыра алмай, әкемнің қолын қатты қысып тұрып:
– Құреке, сен екі сөйлемейтін, айтқан сөзінде тұратын, нағыз еңбекқор азамат екенсің. Екі жылға жетпейтін уақыт ішінде біз 60 жылдан бері істемеген ізгілікті жұмысты атқарыпсың, жарайсың, саған мың да бір рақмет, – деп шын көңілімен ризашылығын білдірген еді.
Сәтті болғаны сол жаз айында екі құдыққа қуатты моторы бар екі ­насос орнатылды. Ішектей шұбатылған түтіктер бойымен зыр жүгірген су лақылдап барып тарам-тарам арықтарға төгіле бастады. Арықтар болса сылдыраған шыңырау суын әрі қарай домалатып гүл алаңдарын суғара бастаушы еді. Әлдеқайдан жинала қалған алқызыл, ақ сары көбелектер гүл үстінде ұшып жүретін болды. Бұл көріністің бір ерекшелігі, осы алаңды қоршаған сұрғылт, сортаңы шыққан сусыз, ­жусан мен шиден басқа тірлік белгісі жоқ жадағай далда еді. Ол ерекшелік – далаға жалғыз өнген шынардай боп айналасына парасатпен толғана қарап, терең ойда тұрған Абайдың тас мүсін ескерткішінде еді. Ол ерекшелік – ескерткіш төңірегіне кілем боп төселіп, сұрғылт граниттің суық түсін мақпал реңмен жауып сұлулап тұрған, қорғанышсыз, ен жазықтан қорықпай өсіп, шешек атып, иісі мұрынды жаратын гүл шоқтарының өзінде еді.

Солдан екінші Құрбан Сыдықов
Солдан екінші Құрбан Сыдықов

Сондықтан да бұл ерекшеліктерді маңдай терімізді төгіп, тынымсыз істеген еңбегіміздің нәтижесі деп есептейтін біздің ғана емес, жан-жақтан келетін мыңдаған жолаушының кең сахараның шалғай түкпірінде қарсы алдыңнан жарқ етіп бар әсемдігін айқара ашқан гүл аралына тамсана қарап, ұзақ тұратын қонақтардың да ерекшелігі еді. Жидебайға Алматыдан журналис­тер арнаулы келіп, бақты лентаға түсірді. Кейде сенбі немесе жексенбі күндері аудан орталығынан жоғары сынып оқушылары немесе мекеме қызметкерлері келіп сенбілік жасайтын болды. Олар қолдарына шелек, күрек алып қолғабыс ұйымдастыратын. Мұндай қолғабыстар бақ мүддесі үшін өте пайдалы болатын.
Жидебай басындағы ұлы Абайдың бейіті төңірегін абаттандырған еңбегіміз елеусіз қалған жоқ. Ол ­туралы бүкіл республикаға жария етілді. Қазақ әдебиетіндегі ғылыми-қиял жанрының майталманы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Республикаға еңбегі сіңген зейнеткер, атақты жазушы Медеу Сәрсеке ақын Абай туып-өскен жері – Жидебайға барған сапары туралы сол кездегі «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің 1964 жылы қазан және 1965 жылы қыркүйек айларында жариялаған очерктерінде, Абай бейітінің басына жасыл желек жасаған Құрбан Сыдықовтың еңбегін жұртшылыққа таныстырған еді.
Осылайша ұйғырдың бір қатардағы қарапайым отбасы бес жыл ішінде түркі әлемінің данышпан ғұлама ақыны, адамзаттың алыбы – хакім Абайға деген ыстық махаббатын, ізгі ниетін ұлы тұлғаның туып-өскен жері Жидебайға гүлден алаң, ағаштан ­орман жасаумен дәлелдеген еді.
Осы қысқаша естелік әңгімемді Медеу Сәрсекенің «Социалистік Қазақстан» газетінің 1964 жылғы №243 нөмірінде жарияланған «Жапандағы жасыл бақ» атты очеркінен алынған үзіндімен аяқтағым келіп отыр.
«Күн Шығыстың желкесіне асыла бергенде аттанып кеттік. Алдымызда көлденең көсіліп жазық жатты. Сонау жақтан менмұндалап Қарауыл тұрды. Қимас жолдасым қалғандай әлсін-әлсін бұрылып артыма қараймын. Бір сәт Мұхтар Әуезовке қосылып «…­тақыр құм мен тастақты жарып, әлсіз, нәзік шешек атып, жас шынар пайда болған. Сондай бір өмір гүл шашқан» десем, кей сәт Дәрменге ілесіп ­«… ен дала, мол сахараның бар бойында ол дәндерің өсіп келеді… Көп өсіп, көктей өсіп келеді…Өсе бермек күн санап та, жыл санап» дегім келгендей.
Рас, бұл арада мен ұлы Әуезовтің сөзін өзімше қайталаған едім. Бейнелеп жеткізген пікірін тура мағынасында оқыған едім. Бұның өзі ен сахараның өмір бойы аңызақ жел мен суық аязды ғана көріп келе жатқан мынау ақ жазықтың ортасына қонған гүл мен бақ аралының өміршең болуын тілеген көңілімнен туған-ды. Әрі бұл сезім әрбір сөзін Абай аталап сөйлеп, тіпті ақынға ­деген ыстық махаббатын бауырындағы бөбегіне де, бүкіл үй ішіне де себе білген Құрбан Сыдықовтай азаматтың жаhандағы өзгеше ерлігіне масаттанудан да туған-ды».

Шухрат СЫДЫҚОВ,
техника ғылымының
кандидаты, профессор,
ҚР Білім беру саласының үздігі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.