СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ ҒАЛЫМ

Егемен ел, тәуелсіз мемлекет болып, еңсеміз көтеріліп отырған кезеңде осы жолда ересен еңбек етіп, халқымыздың мәдениеті мен ғылымын дамытуға өлшеусіз зор үлес қосқан тұлғаларды, біртуар азаматтарды ерекше атаған жөн. Солардың бірі әрі бірегейі – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ­филология ғылымының докторы, ­профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Шора Шамғалиұлы ­Сарыбаев. Шөкең Ташкент қаласында әйгілі ағартушы, ­айтулы әдіскер-ғалым,  мыңдаған шәкірт тәрбиелеп шығарған ұлағатты ұстаз Шамғали Харесұлының ­отбасында 1925 жылдың ­2 ­наурызында дүниеге келген еді. Алматыдағы жалғыз қазақ орта мектебін, №12 мектепті 1944 жылы тамамдаған жас талапкер Қазақтың мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Оны үздік бітіріп, аспирантураға қабылданады. 1954 жылы профессор М.Балақаевтың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі одағайлар» деген тақырып бойынша кандидаттық диссертация қорғайды. Міне, сол уақыттан бастап жарты ғасырдан астам уақыт ҚР ҰҒА А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жемісті еңбек етіп, өзінен соңғы жастарға үлгі-өнеге көрсетіп келді. 30 жылдан астам уақыт тіл тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі, 1979-1987 жылдары Тіл білімі институты директорының орындасары қызметтерін атқарды.

1974 жылы «Қазақтың аймақтық лексикографиясы» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. Шөкеңнің бұл жұмысы, шын мәнінде, күллі түркітану ғылымындағы аймақтық лексикография теориясына арналған тұңғыш зерттеу ­болатын. Ғалым 1983 жылы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ал 2004 жылы толық мүшесі (академигі) болып сайланды. ­Осылайша, академиядағы ғылыми еңбек жолын 1954 жылы аға ғылыми қызметкер ретінде бастаған Шөкең академикке дейінгі атақ-дәреже баспалдақтарынан өтті. Соңғы жылдары ғалымды «Қайнар» университетінің дәрісханаларында, жас талап филологтар арасында жиі көретінбіз. Ол академиялық институтта да жоғары оқу орнында да жемісті еңбек етіп, жастарға озық үлгі-өнеге көрсетіп, жас ұрпақтың өзіне деген сенімін абыроймен ақтап келген еді.
Ш.Сарыбаев қаламынан 250-ден астам ғылыми мақалалар, монографиялық еңбектер, оқулықтар мен сөздіктер жарық көрген екен. Шөкеңнің қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясын, лексикологиясы мен лексикографиясын, терминологиясы мен грамматикасын зерттеуге қосқан үлесі, атқарған қызметі ұлан­ғайыр. Ғалымның шығармашылық әлемінің ауқымы кең, сан қырлы. Оның еңбектері бір ғылым саласының немесе жалғыз қазақ тіл білі­мінің аясына сыйған емес. Ізденіс алаңы, ғылыми өрісі түркітану шеңберінен де асып, жалпы алтаистиканың өзекті мәселелерін қамтыды. Ғалымның қазақ-моңғол тілдерінің туыстығын дәлелдеуге арналып, арнайы жазылған ғылыми мақалалары күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін жоймаған, аса қардар еңбектердің бірінен саналады.
Ш.Сарыбаев тіл білімінің тарихын алғаш ғылыммен айналыса бастаған кезінен-ақ кешенді түрде зерттеген ғалым. Қазақ тіл білімі тарихын зерттеу бойынша алғаш ­шы­ғарған еңбегі – «Қазақ тіл білімінің биб­лио­графиялық көрсеткіші» деп аталды. Ол 1956 жылы жарық көрді. Жас ғалым осы бағыттағы жұмыстарын ұдайы жүргізе отырып, оның бірінші бөлімін 1960 жылы «Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші» деген атаумен шығарды. Шөкең осы анықтамалыққа А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Т.Шонанұлы, т.б. арыстарымыздың 140 еңбегін енгізеді. Өкінішке қарай, ол кезде партиялық-бюрократтық аппараттың өктемдігі жүріп тұрған еді. Ғылыми әдебиетке қатаң бақылау жасалатын еді. Саяси себептерге байланысты аталмыш кітап пышақ астына түседі. Автор «саяси қате жасағаны үшін» қудаланады, сөгіс алады, меңгерушілік қызметтен босатылады. Алайда ғалым осы бағыттағы өз зерттеулерін жалғастыра береді. 1965 жылдан бастап, «Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші» деген атпен көптомдық еңбегін жарыққа шығарады. Сондай-ақ ғалымның «Түркітану әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші» (1989), қазақ тіл білімі саласында қорғалған 1000 диссертацияның библиографиялық көрсеткіші (2003) жарық көрген екен. Осы библиографиялық еңбектердің қазақ тіл білімінің тарихын зерттеуші адамға берері мол.
Грамматика саласында ғалымның «Қазақ тіліндегі одағайлар» (1954), «Еліктеуіш сөздер» (1960) атты монографиялары ­жазылды. Шөкең «Қазіргі қазақ тілі» (1962), «Қазақ тілінің грамматикасы» (1966), «Қазақ тілінің ­тарихи грамматикасы» (1989) атты ака­де­миялық оқулықтардың авторларының бірінен саналады. Шындығын айту қажет, жас ғалымның одағайлар мен еліктеуіш сөздерге арналған еңбектері осы сөз таптарының қазақ тілінде шынайы ғылыми талаптар, ғылыми жіктемелер тұрғысынан саралануына жол ашты. Ол еңбектер бүгінгі күні де өз құндылығын жоғалтқан жоқ.
Ғалым қазақ тілінің лексикография ­саласына да айтарлықтай зор еңбек сіңірді. Әр жылдары оның қатысуымен «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» (1966), «Қысқаша орысша-қазақша сөздік» (1987, 1990, 1993) жасалды. Шөкең ғылым тілін, баспасөз беттерін ұдайы қадағалап отыратын. Тіліміздегі жаңалық атаулының, жаңа сөздердің қашан, қай кезде, қай кісінің қолданымында, қандай басылымда пайда болғандығын қаттап, белгілеп отыратын еді. Осындай, «инемен құдық қазғандай» жұмыстарды жасайтын. «Біз істемесек, кім істейді» дейтін. ­Осылайша, «Қазақ тілінің жаңа атаулары» сөздігі дүркін-дүркін жарық көрді. Ш.Сарыбаев үлкен «Қазақша-орысша» сөздіктің, сондай-ақ үлкен «Орысша-қазақша» сөздіктің негізгі құрастырушыларының бірі болды.
Ғалымның ерекше қызмет жасаған ­саласы – диалектология болды. Зерттеушілердің анықтауы бойынша, ғалым еңбектерінің үштен бір бөлігін осы диалектология құрайды. Қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктерді зерттеуді сонау 1950 жылдардан бастаған Шөкең қазақ диалектологиясының дамуына өзге диалектолог ғалымдармен салыстыруға келмейтіндей зор еңбек сіңірді. Халықтық тілдегі сөздердің жалпыға ортақ әдеби нұсқаларынан өзгеше, бейәдеби нұсқаларының да болатынын ерте аңғарған жас талапкер халық тілінің жергілікті ерекшеліктерін зерттейтін диалектология мәселесіне ерекше зейін қойып, қызыға шұғылданды. Жас ғалым 1955 жылы қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктерді жинау бойынша сұраулық даярлады. Бұл еңбектің диалектологиялық экспедицияға қатысушы мамандар үшін маңызы зор болды. Тіл тарихы үшін аса құнды материалдардың жыл өткен сайын жойылып бара жатқандығын дер кезінде байқаған ғалым жыл сайын еліміздің түкпір-түкпіріне, сондай-ақ көршілес елдердегі қазақ диаспорасы мекендеген аймақтарға диалектология саласында жұмыс жасайтын кәсіби мамандардан жасақталған ғылыми экспедициялар аттандырып, 30 жыл бойы ел аузындағы асыл сөз байлығын жинақтау, жүйелеу, ғылыми тұрғыдан қорыту ісіне басшылық жасады. Бүкіл одақта, тіпті өзге түркі елдерінде болмаған диалектологиялық картотека қоры жасалды.Осындай жемісті жұмыстың нәтижесінде жинақталған бай ғылыми материалды қорыту барысында халықтық тілде жалпылама қолданыстағы әдеби нормалармен қатар, шағын аймақтық, жергілікті қолданымдағы бейәдеби диалектілік тілдік нормалардың болатыны фонетикалық, лексикалық, грамматикалық деңгейлерде жан-жақты дәлелденді. Бай диалектологиялық материал негізінде қазақ тіл білімінде ондаған докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалып, жүздеген мақалалар жазылды, сөздіктер түзілді. Қазақ тілінің даму тарихында ерекше орын алатын аса маңызды кезеңдегі жергілікті тілдік қолданымның шежіресі, ғылыми жіктемесі жасалды. Мұндай зерттемелердің маңызы жылдар өткен сайын айқындалып, олардың тілдің тарихы үшін, ­келер ұрпақ үшін құндылығы арта түседі.
Ш.Сарыбаев белсене араласып, басы-қасында жүрген маңызды да мәнді жұмыс­тардың бірі – тарихи салада академиялық ғылыми жинақ шығару ісі болды. 1958 жылдан бастап шыға бастаған «Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері» атты ірі ғылыми зерттеулер, мақалалар жинағының 6 басылымы жарық көрді. Осы жұмыстардың арқасында қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясына қатысты ғылыми мәселелер шеңбері айқындалып, салалық зерттемелердің ­теориясы мен әдістемесі шыңдала түсті. Шөкең, сондай-ақ «Қазақ диалектологиясы» атты ғылыми жинақтың да жоғары ғылыми деңгейде даярланып, шығып тұруына зор еңбек сіңірді.
Диалектология саласындағы теориялық-практикалық, ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстардың жан-жақты, толыққанды атқарылуын көземелдеген ғалым педагоги­калық институттар мен университеттердің ­филология факультетінің студенттеріне арналған тұңғыш оқулықты да жазды (Ғ.Қалиевпен бірге). «Қазақ ­диалектологиясы» деген атаумен 1967 жылы алғаш жарық көрген бұл оқулық кейін дүркін-дүркін жарық көріп жатты… Ғалым өзі басқарып отырған бөлімнің қызметкерлерін жұмылдыра отырып, қазақ тіліндегі аймақтық лексиканы түбегейлі зерттеуді қолға алды. Осы тұрғыдан ­ерекше құнды еңбектердің бірі – «Қазақ тілінің аймақтық лексикасы» атты ұжымдық монография (1989) болды (О.Нақысбековпен бірге). Ғалым осы салада көп зерттеулер жасады. Солардың нәтижесінде, қазақ тіл біліміндегі аса ірі көлемді (80 б.т.), сапалы жасалған сөздіктердің бірі – «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» дүниеге келді (2005). Шөкеңнің бірден-бір басшылығымен, ұйымдастыруымен жүргізілген ғылыми жұмыстардың және бір парасы – «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі» болды. Алғаш рет 1969 жылы жарық көрген сөздік кейін толықтырылып, жаңартылып 1996, 1999 жылдары екі кітап түрінде шықты…
Шөкең артында жақсы шәкірттер қал­дырған ұлағатты ұстаз. Оның жетек­шілігімен 15 ғалым диссертация қорғаған. Олар жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу ­институттарында табысты еңбек етіп келеді.
Ш.Сарыбаев – туыстас түркі, әсіресе қырғыз ағайындардың ғылымына зор еңбек сіңірген ғалым. 1980 жылдардан бастап, Қырғызстанда диссертация қорғау Кеңесінде мүше, төрағаның орынбасары болып, өнімді еңбек етіп, қырғыз филологиясында жаңа докторлардың, ғылым кандидаттарының өсіп шығуына қызмет жасады. Қырғыз ғалымдары ол кісіні үлкен силастықпен, қимастықпен еске алады. Ғалым 1980-1994 жылдары Тіл білімі институтында, ҚазҰУ-да мамандандырылған қорғау кеңестерінде мүше болып, қазақ филологиясының өсуіне жақсы үлес қосты.
Қазақ тіл білімі мен түркітануда өзіндік зерттеу бағыт-бағдарын салған, өзіндік ғылыми мектебін қалыптастырған көшбасшы ғалым, ұлағатты ұстаз, жоғарыда сөз болғандай, Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың отбасында жас кезінен жақсы тәлім-тәрбие көрді.­ ­Осыдан да болар, Шөкең, өзінің өмірлік жолында бірден дара тұлға ретінде қалыптасуға бағыт алды. Өз өмірін өзі құруға, тіршілікте ешкімнің жәрдем, көмегінсіз жеке-дара қимыл жасауға дағдыланды. Солай бола тұра, өзінің жас кезінен бастап өзгелерге, өзінің қатарластарына, өзінен кіші балаларға әрдайым қол ұшын беруге, көмектесуге даяр болып өседі…
Жаны жайсаң, өзгеге ұқсамайтын көркем мінезі бар Шөкеңнің жүрген жерінде, қоршаған ортасында алатын орны бөлек-тін. «Күлкі – дүниенің мүлкі» деп, үнемі қалжың айтып, өзімен қатар, тең құрбы, жора-жолдастарын, сондай-ақ соңынан ерген іні-қарындастарын күлкіге қарық қылып жүретін кісі еді. Қалжың сөзді, күлдіргі әзіл әңгімені үнемі жөнін, жолын, орнын тауып айтатын. Ол кісінің айтқан әңгімесін тыңдай бергіңіз келетін. Жан саулығы мен ден саулығы ­бойынша өмірде көрген теперіші, қиыншылығы аз болмаса да, ол туралы тіс жарып, ләм деп айтқанын көрген емеспіз. Жоғарыда сөз болғандай, өзге адамдардың жағдайын, жай-күйін үнемі сұрастырып, өзі сұрап, қолынан келгенше жәрдем-көмегін, айтар ақыл-кеңесін аямайтын жан еді. Өзгеге қуаныш сыйлауды өзінің басты міндеті сезінетін еді. Өмірде үлкен оптимист адам болатын. Өз басым осындай ізгі тұлғалы кісінің тәлім-тәрбиесін көргеніме қуа­ныш­тымын. Өмір мен саясаттың бұралаң-бұра­лаң жолдарында өз принциптерінен, кісілік қасиет­терінен таймайтын, айнымайтын адам еді.

Ғалым қазақ тілінің лексикография саласына да айтарлықтай зор еңбек сіңірді. Әр жылдары оның қатысуымен «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» (1966), «Қысқаша орысша-қазақша сөздік» (1987, 1990, 1993) жасалды. Шөкең ғылым тілін, баспасөз беттерін ұдайы қадағалап отыратын. Тіліміздегі жаңалық атаулының, жаңа сөздердің қашан, қай кезде, қай кісінің қолданымында, қандай басылымда пайда болғандығын қаттап, белгілеп отыратын еді. Осындай, «инемен құдық қазғандай» жұмыстарды жасайтын. «Біз істемесек, кім істейді» дейтін.

Ағаның ағалығын көп көрдім. Соңынан ерген жастарға жақсы аға бола білетін кісі еді. Әрқашанда шын аға, жанашыр аға болатын. Өткен ғасырдың 80-жылдары ұстазым ­Мархабат ағайға (профессор Мархабат ­Томанов) еріп, Тіл білімі институтына келдім. Ол кезде институттағы ғылыми тақырыптарды тіркеуге жауапты адам, жалпы тақырып ­бойынша кеңес беретін жауапты кісі Шөкең болатын. Мархабат ағай мені ертіп сол кісіге барды. Менің жөнімді айтты. Ол кісі қалжың-шыны аралас, Шөке, «ұшқан құс, жүгірген аңның атауынан бірдеңе қалды ма?» деп сұрады. Ол кезде институтта лексикологиядағы осындай, әртүрлі лексикалық сөз топтарының атаулары бойынша тақырып алу «модный» болатын. Этнолингвистиканың жаңадан қарқын алып, Әбекең мен оның шәкірттерінің арқасында қаулап дамып келе жатқан кезі еді. Мен білетін, менімен бірге оқыған жора-жолдастарымның бәрі дерлік осы бағытта тақырып алған екен. Шөкең болса, «жоқ, Мархабат, ол тәрізді атаулар қалған жоқ» деп, аңшылық лексикасынан бастап, киіз үйдің атауларына шейін, бастан-аяқ түгендеп, түгел түсіндіріп берді. Ол кезде біздің институтқа Орта Азиядан, Алтайдан, Сібірден келіп тақырып алушылар да көп еді. Шынында да, жақсы тақырып алу мәселесі қиын шаруа еді. Шөкең енді менің өзімнен сұрады. «Тілдегі қай сала, қандай тақырып қызықтырады?» деді. Мен баяғы «мифология, сөздің этимологиясы, сөздің бастапқы түбірлерінің мән-жайы қызықтырады» деп жауап бердім. Сол кезде ол кісі маған мынадай ақыл айтты: «өзіңнің қызығатын, жақсы көретін тақырыбыңды ешкім сенен тартып ала алмайды. Өмір ұзақ, өміріңде әлі талай тақырыппен айналысасың. Бір тақырыпты зерттеуді бастасаң, бұл сен өмір бойы осы тақырыппен қаласың деген сөз емес. Өмірің ұзақ болсын!» деді. Сосын: «мына қазақ тілі бойынша зерттеулердің тарихына көз салсақ, ең көп жарияланған еңбектер – сөздіктер екен. Қазақ тілі лексикографиясының тарихы, ­жалпы лексикографияның теориялық мәселелері жөнді зерттелген жоқ. Менің ақылымды алсаң, қазақ лексикографиясының тарихымен айналысқаның жөн. Осы біздің академияның кітапханасында да қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде жарық көрген біраз сөздіктер бар. Ұлттық кітапханада да бар. Оларды зертте. Мәскеуге, Ленинградқа бар. Кітапханалар мен архивтерде жұмыс жаса. Осы салада саған ешқандай кедергі болмайды. Жолың ашық болады» деді. Мен Шөкеңнің ақылын алдым, айтқанын істедім. Мәскеу, Ленинградқа 3-4 рет барып, орталық кітапханаларда, Ғылым Академиясының Ленинградтағы бөлімшесінде, Шығыстанушылар архивінде, талай-­талай жерлерде жұмыс жасадым. Мәскеудегі ­Ленин атындағы орталық кітапхананың ­сирек кездесетін кітаптар қоры, ­Ленинградта ­Салтыков-Щедрин атындағы көпшілік кітапхананың сирек қолжазбалар қоры, ­Аделунг архиві, Шегрен архиві, Паллас архиві… тағы біраз архивтерді ақтардым. «Әулие Гурий бауырластығының» қызметіне қатысты материалдар, академик Фальк, Г.Ю.Клапроттуралы деректер – осылардың бәрін де сол сапарлар кезінде жинақтадым. Мәселені білетін адамның дер кезінде жөн, дұрыс айтылған ақылының қаншалықты пайдалы болатынын сонда аңғардым. Жас кезіңде осындай тура жол сілтейтін, жөні түзу ақыл беретін ағалар көп болса ғой, шіркін, деп ойлайсың…
Үлкен ұстаздың, бүкіл елімізге әйгілі ­педагог ғалымның перзенті болу оңай ­болмасы белгілі. Балалары аталарының, әкелерінің көлеңкесінен шыға алмай қалған әулеттер аз емес. Осы үлкен сыннан Шөкең абыроймен өтті. Өзі ғана болып-толмай, өзгелердің де үлкен кісі, абзал азамат, ірі тұлға болуына қолынан келген көмегін жасады. Сарыбаевтардың Шөкең бастаған кейінгі ұрпағы да өз саласында көрнекті іс тындырған білімді де білікті азаматтар санатында. Шөкең туған інісі Болат ағаның өнер саласын таңдауына, қазақтың ескі ұлттық аспаптарын тірілтіп, жинақтауына, оларды музыкалық аспап ретінде қайтадан ­жандандыру, жаңғырту ісінде табысты жұмыс жасауына себепкер бола білді. Осыдан қазақ өнеріне қаншалықты зор пайда келді! Оны осы салада жүрген мамандардың бәрі де біледі.
Қорыта келгенде, «жақсының жақсылы­ғын айт, нұры тасысын» дегендей, Шөкең туралы жақсы сөздерді көп жаза беруге болады. Шөкең мемлекеттік тілді зерттеуге, оның «қазақ тіл білімі ғылымы» атты саласын дамытуға, ғылыми-ұйымдастыру істерін дұрыс жолға қоюға зор еңбек сіңірген, шын мәнінде сегіз қырлы, бір сырлы ғалым. Ұлы тұлға. Қазақ мәдениетінің қайталанбас, біртуар тұлғасы…
Осы жоғарыда жазылған жайларды ­ескере отырып, өз тарапымыздан бір ұсыныс ­жа­са­ғы­мыз келеді. Айтпағымыз: ұлы ғалым, ұлағат­ты ұстаз, көрнекті қоғам қайрат­­керінің асыл бейнесін мәңгі есте сақтау мақ­сатында Нұр-Сұлтан, Алматы қала­ларындағы көшелердің біріне оның есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймыз.

Мырзабек Малбақов,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институты тіл тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.