Әлем музейлеріндегі «Алтын адам»

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі 2020 жылғы 18 наурызда Нью-Дели қаласындағы Үндістан Ұлттық музейінде «Ұлы дала: Уақыт. Кеңістік. Мәдениет» көрмесін ашады. Көрме Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жанғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған халықаралық «Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі» көрме жобасы аясында 2020 жылғы 18 наурыз – 19 сәуір аралығында өтеді.

Көрменің басты жәдігері «Алтын адам» – ел рәміздерінің ажыра­мас бөлігіне айналған Қазақстан тарихындағы ең танымал археоло­гиялық сенсация. Есік «Алтын адамы» – халықаралық көрме жобасының аясында әлемнің 12 музейінде ұсы­нылған Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің басты жәдігері. Көрме Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, ­Польша, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Солтүстік Македония, Түркия, Малайзия және Грецияда үлкен жетістікпен өтті.
Бастапқы сиқырлы мәнінен айырылған жануарлардың сәндік бейнелері зергерлік бұйымдарда, ­миниатюра кітаптарда, ағаш, тас және сүйек нақыштарында, сәулет сынды ортағасырлық өнерде әлдеқайда жинақталыңқыраған түрде, стилденген ою, зер элементтерінің пішінін қабылдап қолданыста қала берді. Бұл үрдістер экспозицияға қойылған XV ғасырға тән деп даталанған Сайрам көмбесінен табылған зергерлік өнер бұйымдарынан айқын байқа­лады. Көрмеде сол сияқты Тақсай ­(Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) ­сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілетін болады.
Есік қорғанынан табылған зат­тар арасында ежелгі жазба ­ес­керткіштерінің бірі руна жазумен жазылған жазбасы бар күміс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше.
Сонымен қатар көрмеге ­Батыс Қазақстан облыстық тарих және архео­логия орталығының археологиялық отряды 2012 жылдың сәуірінде қазба жұмыстары кезінде табылған «Тақсай ханшайымы» ұсынылады. Тақсай қорымында ғалымдар 35-40 жастағы әйелінің қорғанын зерттеді. Оның қасында ыдыстар, сәнді бас киімнің әшекейлері және көптеген алтын бұйымдар табылды. Ғалым­дар шайқастардың көріністерін бейнелейтін ағаш тарағы ерекше артефакт деп санайды.
Көрмеге Қазақстан ­Республикасы Ұлттық музейінің қорынан барлығы 292 зат ұсынылады.
Көрменің ресми ашылуы­ның ­алдында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Үндістан Ұлттық музейі өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді.

Н.БАТЫР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.