«ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАР ҚОЛДАУҒА ЗӘРУ»

Бүгінде экологиялық жағдай әлем бойынша күрделі. Ауа да, су да ластануда. Сол сияқты бүкіл азық-түлікті өндіруге негіз болатын Жер-Ананың топырағы да құнарсызданып барады. Ал онымен қалай күресуге болады? Міне, біз бүгін осынау сауалдарға жауап табу үшін Қазақ ауылшаруашылығы университеті топырақтану және агрохимия кафедрасының профессоры, ҚР АШҒА корреспондент-мүшесі Әлімбай Мәдібекұлы Балғабаевпен сұхбаттасқан едік.

– Әлімбай Мәдібекұлы, өмірде шатасуға болмайтын мәселенің бірі мамандық таңдау екенін білеміз. Сіздердің заманда елдің көбі сот, прокурор болуға тырысатын еді. Ал сіз шалғайдағы ауыл баласы бола тұра адамның түсіне кіре бермейтін «топырақтану және агрохимия» деген мамандықты қалай таңдап жүрсіз?
– Дұрыс айтасыз, себепсіз салдар болмайды ғой, сол сияқты оған себеп болған адамдар бар. Негізі мен ­мектепте химия, биология, математика пәндерін жақсы оқып, аудандық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. 8-сыныпқа дейін өзімнің туған ауылым Қайнарда оқыдым. Одан соң, ауылда онжылдық мектеп болмауына байланысты Төрткүлдегі онжылдық мектепті бітірдім. Өзім дәрігер болуды ­армандайтын едім. Содан мен мектеп бітіргенде жұмысын Алматыдан ауылға ауыстырып, Серікбай Бекболатов дейтін шешемнің інісі, нағашым агроном болып келді. Менің химия, биологиядан жақсы оқитынымды біліп, ол мені өзінің саласына қарай бейімдеді. Ол кезде колхоз бастықтарының бәрі ауылшаруашылық институтын бітіргендер болатын. Маған да «кейін колхоз басқарасың» деп қызықтырды. Сонымен, 1976 жылы Түркістан облысы, Ордабасы ­ауданы Төрткүл орта мектебін бітірген соң, ауылшаруашылық институтына келіп, топырақтану және агрохимия факультетіне құжат тапсырып, конкурстан өтпей қалдым. Ол кезде бір орынға 10 талапкерден келетін. Сөйтіп, ауылға барып, Қ.Сыпатаев атындағы совхозда бақташы, механизатор болып бір жыл жұмыс істедім. Жұмыс істеп жүріп ертелі-кеш қолымнан кітабым түскен жоқ. Оқып, дайындалдым. Не керек, 1977 жылы тағы сол факультетке құжат тапсырып, сынақтардың бәрінен 4 пен 5 алып, оқуға түсіп кеттім. Осы арада тағы бір мәселені айтар болсам, мен әкемнің жасы ұлғайған шағында өмірге келген баламын. Содан 5 жасқа келгенімде әкем қайтыс болды. Шешем «жақсы оқысаң ұстаздарың бағалайды, ұстаздарың бағаласа құрбыларыңа да сыйлы боласың» деген. Сондықтан мен 1-сыныптан бастап жақсы оқыдым, мектепті де жақсы бітірдім.
– Ал жоғары оқу орнына түскенде неден қинал­дыңыз, үлкен қалада қандай қиындықтарға кез болдыңыз?
– Алматыда алғашқы қиналғаным тіл болды. Біз жүз пайыз қазақы ауылда өстік те, орыс тілін онша білмедік. Ал ол кезде сабақтардың бәрі орыс тілінде жүретін. Бірақ намысқа тырысып, жаттап айтсам да сабақтардан нашар баға алмадым. Соның нәтижесінде бірінші семестрде барлық сабақты төрт пен беске тапсырып, жоғары стипендияға іліндім. Аз уақытта орыс тілін де үйрендім. Бағыма қарай, сол кездегі факультет деканы Рахымжан Елешовтей жақсы ұстазға кез болдым. Себебі ол кездегі тәртіп бойынша пән сынақтарынан өткен студенттерді факультет деканы өзі қабылдап, әңгімелесу өткізетін. Мені қабылдап, химия мен биологиядан бірнеше күрделі сұрақтар қойғанда қиналмай жауап бердім. Сонда «қиырдағы ауыл мектебінде де сен сияқты талантты балалар оқиды екен ғой» деп, ол кісі риза болған. Содан мені көзінен таса еткен жоқ. «Жатақханада қиналмай жүрсің бе, сабағың жақсы ма?» деп, әркез сұрап отыратын. Кейін үшінші курстан бастап өзім барып ол кісіден дипломдық жетекшім болуын өтіндім. Рахымжан аға келісім берген соң, жұмысты бастадық. 1979-1980 жылдары сол кездегі Қазақстан үкіметінің бір бағдарламасы басталып, Алматы қаласын балғын әрі қолжетімді көкөніспен қамту үшін Іле ­ауданында Қапшағай мен Шеңгелдінің арғы жағынан 15 000 гектар суармалы жер беріліп, бірнеше шаруашылықтар құрылып, сол алқаптарда он шақты түрлі көкөніс ектік. Бұрын елімізде тың жерлерде дәнді дақылдар мен мал азықтық шөптер ғана өсірілді де, көкөніс өсіру бойынша ешқандай ғылыми ұсыныстар болмаған. Сол себепті Рахымжан ағаның жетекшілігімен біздер сол алқаптарда ғылыми-тәжірибе жүргіздік. Топырақтың құнарлылығын арттыру үшін бірнеше тыңайтқыш түрлерін пайдаланып, көкөністердің өнімділігін арттырдық. Сөйтіп, теориялық білімімізді іс жүзінде тәжірибеден өткізіп, болашақ кандидаттық жұмысымыздың негізін жасадық. Алайда 1982 жылы біз институтты бітіретін кезде ректорымыз ауысып, деканымыз Рахымжан ағай аға оқытушылыққа ауыстырылып, мен үздік дипломға бітірсем де аспирантураға қалдырмай, «Союзгипролесхоз» жобалау ­институ­тына инженер-топырақтанушы қызметіне жіберілдім. Бұл институтта 2-3 жыл қызмет жасаған кезімде 1984 жылы Мәскеуден докторлық диссертациясын қорғап, ­Рахымжан ағамыз бұрынғы қызметіне қайта оралды. Ол кісі бұрынғы талантты шәкірттерін қайтадан институтқа шақырып, тақырып беріп, ғылыммен айналысуымызға мүмкіндік жасады. Осылайша, аспирантурада оқи жүріп, баяғы Шеңгелдідегі алқаптарда ғылыми тәжірибемізді жалғастырып, 1989 жылы «Ашық боз топырақтың фосфат режимі және топырақтың фосформен әртүрлі дәрежеде қамтамасыз етілуіне байланысты жоңышқа өнімділігіне фосфор тыңайтқыштарының тиімділігі» тақырыбында кандидаттық диссертациямды сәтті қорғап шықтым.
– Тақырыбыңыз күрделі екен. Жалпы топырақтың құнарлығын арттыру бұрын да өзекті еді, қазір де мәнін жойған жоқ. Ғалымдардың ұсынысын ел үкіметі жүзеге асыруда қандай шаралар қолданды? Қазіргі таңда шаруа қожалықтары қаншалықты жүзеге асыруда?
– Дұрыс айтасыз, кезінде тың игеру жылдары жазық далалардан бастап, трактор жүре алатын тау бөктерлеріне дейін жыртып, жер-анамызды тоздырып жіберді. Топырақ аяусыз құнарсызданды. Суармалы алқаптардың топырағы сортаңданды, тұзданды. Сөйтіп еліміз тәуелсіздік алған кезде егіс алқаптарының 40-45 пайызы сортаң болатын. Ғалымдарымыз ел үкіметіне егіс, көкөніс алқаптарын органикалық, минералдық тыңайтқыштармен құнарландыру жөнінде ұсыныс жасаған. Ірілі-ұсақты шаруашылық басшыларына да алқаптарға тыңайтқышты жүйелі пайдалану туралы талаптар жолданды. Қазіргі таңда алқаптарды тыңайтумен айналысатын шаруаларға үкімет субцидия беріп, түрлі тыңайтқыштар өндіретін компаниялар жұмысы жолға қойылды. Ғалымдарымыз көктем, жаз айларында шаруашылықтардың алқаптарына барып, жаңа тыңайтқыштарды ғылыми сынақтан өткізуде. Алайда бұл жұмыстарды жүргізіп жүргендері де, жүзеге асырмай жатқандар да бар. Атап айтқанда, ­Алматы, Жамбыл, Түркістан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды облыстарында бұл жұмыстар дұрыс жолға қойылған. Ал өзге аймақтарда ондай емес. Бұл енді ­облыс басшыларына да байланысты. Жергілікті жерлерде ­солар қадағалап, ауылшаруашылығы басқармаларына тапсырып, жұмыстарын жүйелеуі қажет. Бұл бағытта біз – ғалымдар үкіметке «Жер құнарлылығын арттыру туралы» Заң қабылдау жөнінде ұсыныс жасадық. Осылайша заңмен міндеттеуді көздедік. Негізінде дамыған елдердің бәрінде мұндай заң бар. Бізге де енді қабылдауымыз қажет. Жер құнарлылығын арттыру жыл сайын, жүйелі жүргізілетін жұмыс.
– 35 жылдан бері Қазақ ұлттық аграрлық универси­тетінде ұстаздық етіп келесіз, алдыңыздан жастардың он шақты буыны өтіп, білім алды. Салыстыра қарағанда жастардың білімге деген құштарлығы бұрын қалай еді, бүгінгі таңда қандай?
– Негізі қай заманда болмасын аға буынның жастарға көңілдері толмай, кемшіліктерін көрсе ренжіп, түзету жасап, кеңестерін айтып отырған. Абай атамыз да «Қорқамын кейінгі жас балалардан» демей ме. Бұл «ұрпағым жақсы болса екен» деген ізгі ниеттен туған жағдай. Әйтпесе, уақыт көші алға жылжыған сайын адамзат баласының ақыл-ойы дамуда. Қазіргі жастар техника мен технологияға жетік. Компьютерді ­мектепте 3-4 сыныптарда-ақ меңгеріп алады. Бұл деген сабақ тапсырмаларын жедел орындауға мүмкіндік береді. Сондықтан бұрынғыға қарағанда бос уақыттары көп. Ал біз, аға буын сол бос уақыттарын пайдалы істерге арнаса, теріс қылықтарға жетелейтін әлеуметтік желілерге босқа алтын уақыттарын қор қылмаса дейміз. Жалпы алғанда қазіргі жастардың арасында да білімді, таланттылары көп. Шеттерінен 2-3 тіл біледі. Сондықтан Мағжан Жұмабаев секілді «Мен жастарға сенемін» деп, сенім артуымыз керек.
– Сіздің ғылыми-шығармашылық еңбектеріңізге көз жүгіртіп отырсам, еліміз Тәуелсіздік алған соң, мемлекеттік тілде оқулық жазуға көп тер төккен екенсіз. Бұл енді, ­шынында да, айрықша тоқталатын іс…
– Оныңыз рас, еліміз егемендік алған соң, бұрын орыс тілінде жазылған оқулықтардың уақыты өте ­бастады. Сабақтар мемлекеттік тілде жүргізілу керек деген талапқа сай жаңа оқулықтар жазылу керек болды. Білім министрлігінен бастап, университетіміздің басшылығы бұл іске әр факультеттің отыз бен қырық жастың үстіндегі тәжірибелері толысқан ғылым кандидаттары мен докторларын, профессорлар қауымын жұмылдырды. Бұл бірнеше сатылардан тұратын күрделі жұмыс. Мен де өзге әріптестерім секілді соның бел ортасында болдым. Отыз жылдан аса уақыттан бері 245-тен астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерім жарыққа шықты. Оның ішінде 7 оқулық (оның екеуі ҚР БҒМ грифімен шығарылған), 5 электронды оқулық, 5 оқу құралы мен практикумдар, 45 типтік оқу бағдарламасы, 10 мемлекеттік стандарттар (ГОСО), 25 әдістемелік нұсқау, 3 монография, 150-ден астам ғылыми мақалалар, 13 өндіріске ұсыныс және 2 авторлық куәліктің авторымын. Кейбір оқулықтарды бірнеше авторлар құрамы бірлесіп жаздық. Шығарған оқулықтарымыздың бәрі ҚР аумағында ауылшаруашылығы саласына мамандар ­даярлайтын барлық жоғары оқу орындарының студенттері үшін негізгі оқулықтар болып ­саналады. Осы жылдар бедерінде менің жеке өзімнің және ­авторлар ұжымымен бірге агрохимия және топырақтану ­саласы бойынша оқу әдебиеттерімнің сериясы жарық көрді. Олардың арасында ҚР мен ТМД елдерінің егін алқаптарында тыңайтқыш қолданудың теориялары мен тәжірибелерінің заманауи жетістіктері ғылыми негізде берілген. Оның ішінде «Агрохимия», «Агрохимия және тыңайтқыш қолдану», «Агрохимиялық зерттеулер әдістемесі», «Минералдық тыңайтқыштарды қолдану технологиясы», «Қарқынды егіншілікте тыңайтқыш қолдану», «Өсімдіктердің химиялық құрамы және минералдық қоректенуі» оқулықтары мен оқу құралдары республикамыздың барлық аграрлық жоғары оқу орындарының оқу үрдістерінде кеңінен пайдаланылады.
– Осы ұлттық университетте 35 жылдан артық қызмет еткенде алдыңыздан ондаған мың жас ұрпақ білім алып, оларға диплом жұмыстарынан бастап ғылыми еңбектеріне де жетекшілік жасаған боларсыз. Сондай талантты шәкірттеріңізге тоқталсаңыз.
– Оныңыз рас, әр жылдары түлетіп ұшырған шәкірттер туралы статистикаға көз салсақ, шынында алдымыздан білім алған шәкірттер он мыңнан асады екен. Бұдан бөлек, осы жылдар ішінде менің жетекшілігіммен 16 ­магистрант, 1 PhD докторант қорғап шықты. Сонымен қатар дәл бүгінгі таңда 3 магистрант пен 2 PhD докторанттың ғылыми жұмыстарына жетекшілік жасап жүрмін. Құдай ғұмыр берсе алдағы уақытта да талабы бар жастарға білгенімізді үйретуден жалықпаспыз. Себебі қазіргі таңда ғылым мен техника және технология жаңа бағыттарда дамып барады. Бүгінде топырақ құнарлылығын сақтауда цифрландыру жүйесі іске ­асырылуда. Жер құнарлылығын арттыратын тыңайтқыш түрлері де өндірілуде. Міне, осыларды өндірісте сынап, жүзеге асыратын, оны ғылыми негізде жүйелеп, шаруаларға ұсынатын жас ғалымдар болуы қажет. Болашақта ғылыммен айналысатын ғалымдардың әлеуметтік-материалдық жағдайы бүгінгі күннен де жақсы болатынына сенім мол.
– Оныңыз рас, сіздер ғылымға келген кездегі жағдай мен қазіргі уақыттағы техникалық базаның арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Бүгінде студенттер заманауи зертханаларда зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оның нәтижесін егіс алқаптарында сынап көріп, нақты нәтижеге қол жеткізеді. Дәл қазіргі таңда сіздің жетекшілігіңіздегі студенттер қанадай ғылыми жобаны жүзеге асыруда?
– Соңғы 10-15 жылдың бедерінде Білім және ғылым министрлігі тарапынан да, Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің ұсынысымен де түрлі ғылыми жобаларға қатысып, мемлекеттік гранттар ұтып алудамыз. Әрине, оның талаптары мен шарттары да күрделі. Дегенмен, ұтымды ұсыныстарды министрліктер де қолдайды. Мәселен, 2010 жылы өзім ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын иелендім. Ал дәл қазіргі таңда студенттер және магистранттарыммен бірлесіп, ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми жобалары ­аясында «Топырақтардағы фосфордың органикалық қосылыстарын зерттеу және қант қызылшасының дара егістігінде жүйелі түрде тыңайтқыш қолдану кезінде олардың фракцияларының трансформациялануы» тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз. Негізінде салалық министр­ліктер мен әр аймақтағы облыстық әкімшіліктермен бірлесіп осындай ғылыми жобаларды жүзеге асыруымыз қажет. Себебі біздің Қазақ елінің әр аймағының табиғи ерекшелігі әртүрлі. Шөлді және жартылай шөлейт аймақтар, құмдауыт және құмды далалар, тастақ қырқалар, таулы өлкелер, сулы-сазды жерлер, ойпаттар, көл жағалаулары дегендей географиялық ерекшеліктерге бөлінеді. Міне, осылардағы жердің беткі қабаттарының топырақтарын зерттеп, қайсысында қандай өсімдіктер өсіруге ­болады, оларға қандай тыңайтқыш қолдану керек, оны біз ғалымдар білеміз. Қаншама ғылыми жаңалықтар өндіріске енбей жатыр десеңізші. Сондықтан үкіметке қарап отыра бермей, облыс әкімдері мен ірі корпорациялар да ғылыми жобаларды қолдауы тиіс. Қазақ елін дамытуға бәріміз үлес қосуымыз қажет.
– Ал сол дамытуға үлес қосам деген жас маман­дарға ауыл, аудандарда жұмыс бар ма? Мұны сұрап отырған себебіміз – сіз көктем, жазда тәжірибелік алқаптарға шыққанда жергілікті жердегі жағдаймен таныссыз ғой. ­«Дипломмен ауылға» деген бағдарлама қалай жұмыс істеуде?
– Әрине, еліміздің қай аймағына кеңесіміз керек ­болып шақыртса, біз барамыз. Шаруалардың қалай жұмыс істеп жатқанын көрсін деп өзімізбен бірге шәкірттерімізді – магистранттар мен ­докторанттарды да бірге ерте ­барамыз. Шындығын айтқанда ауыл, аудандарға, тіпті кейбір облыстарда облыс орталығының өзінде агроном, ветеринар, технолог мамандар жетіспейді. Бірге барған шәкірттерімізді шаруалар, фермерлер «бізге келіңіздер» деп шақырады. Ондай ұсынысты қабыл алып барып жатқандар да бар. Болашақта олардан мықты мамандар шығады. Сонымен қатар Алматы мен Нұр-Сұлтанда ғана тұрғысы келетін жас мамандар да көп. Ең бастысы, біздің жас мамандарда таңдау құқықтары мен мүмкіндіктері бар. Ғылыммен айналысамын, шетелге шығып тіл үйренем, жаңа технологиялық тәжірибелерді игеремін десе барлық ЖОО-да оған да жағдай жасалған. Тек өздерінің талаптарына нұр жаусын. Ал, енді «Дипломмен ауылға» бағдарламасына келсем, бұл да әр аймақта әртүрлі жүргізілуде. Ол облыс, аудан, ауыл әкімдерінің өзімшілдігіне немесе мемлекетшілдігіне байланысты. Кейбір әкімдер ауыл, ауданға келген жас мамандарға бағдарлама талаптарына сәйкес үйлерін беріп, тиісті қарыжылық қолдауларын жасауда. Келесі біреулері сол кішкене ғана қаражаттан өзі де қарпып қалғысы келіп, жас мамандарға қолдан қиыншылық тудырады. Мұны естіп те, көріп те жүрміз. Сондықтан жас мамандар принципті түрде өздеріне берілген жеңілдіктерді талап етсін. Қайталап айтамын, ауылда тек ауылшаруашылық мамандары емес, мұғалім, дәрігер, кітапханашы секілді көптеген мамандар жетіспейді.
– Әлімбай Мәдібекұлы, сұхбатымыз басталғалы білім, ғылым мен топырақтың құнарлылығы жөнінде толғаптық та, сіздің отбасыңыз туралы әңгімеге мойын бұрмаптық, ендігі әңгімені осы бағытта өрбітсеңіз…
– Жұбайым Гүлжанмен 2-курста оқып жүргенде ­таныстым. Ол «Қазақтелекомда» жұмыс істейтін. ­Ауылмен сөйлесуге ара-тұра барып тұратынмын. Бірде сөйлесуге тапсырыс бергенімде фамилиямды көріп, «о, мен де Балғабаевамын» деді. Мен де қарап тұрмай «онда қарындасым боласың» дегенмін. Сол таныстығымыз махаббатқа ұласып, мен институтты бітірген соң үйлендік. Шаңырақ көтергенімізге де қырық жылға жуықтап қалыпты. Дәурен, Дәулет деген екі ұлымыз, екі немереміз бар. Балалар жоғары білім алған. Келіндеріміз Гүлзат пен Бану да жоғары білімді. Құдайға шүкір, Алматыға бір чемоданмен келген бозбала едік, енді, міне, үлкен бір әулетке айналдық.
– Әңгімеңізге рақмет. Ғылымда биік жетістіктерге жете беруіңізге тілектеспіз.

Сұхбаттасқан
Нұрболат СҰЛТАНҒАЗИЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.