«Қаусаған қасіретті қара шалмын…»

Қапшағай қаласының құм сусыған көшелерімен ілби басып, аяңдап келеміз. Дауылды күнгі теңіздей көңіл шіркін алай-дүлей. Қадау-қадау мазаң ойдың қайсысының шаужайынан ұстасам да тереңге тартып, перзенттік парыз туралы қасиетті ұғымның аясын кеңіте түсетіндей. Қарттар үйіне жақындаған сайын ішкі дүниемде аяныш сезімі бас көтереді, көзге көрінбейтін әлдекім үздіксіз дабыл қағады…

Кәрілер үйі қаланың шетіне таман ­орналасыпты. Сым темір, тас қамалдармен қоршалған үй атшаптырым жерді алып жатыр екен. Темір қақпаға жақындай бергенде майда тоқылған тор қоршаудың аржағында бүкшиіп отырған қазақтың қара шалы көзіме түскенде қалт тұрып қалыппын. Қара тастан ойылып алынған жансыз тұлғадай міз бақпай тас жолдың жиегінде отырған белгісіз жанның ­алдында көсе-көлденең қара балдақ та назарымнан тыс қалған жоқ.
– Әнең қара! – деппін сыбырлай үн қатып қасымдағы фототілші жігіттің қолынан сығымдай ұстап. Бізді көрсе де, көрмесе де қабағы жауар бұлттай түнерген бейтаныс кісі жанына жақындағанша міз бақпады.
– Ассалаумалайкум! – Қосарланып сәлем бергенде ғана барып қалың ойдан серпіліп кетті білем, бізге еңсеріле бұрылды.
– Аликсалам! – Не істерге білмей кібіртіктеп қалған бізбен қауқылдай амандасып, жаңа әзірдегі салқын қабағына күлкі нышаны жүгірген балдақ иесі бірден сөзбен жетектеп кетті.
– Ешкімім жоқ. Ныспым Марат Әлиақбаров. Мынау қарғыс атқан сал ауруының кесапатынан отбасы-ошақ қасының көңірсіген жылуын Алла маған бұйыртпапты. Елуге жетер-жетпесте қарттықтың қақпасын қақтым. Жал­ғыз бауырым бар. Аты-жөні Кеңес Әлиақбаров. «Атадан алтау болсаң да өмірде жалғызсың» демекші, бұл қатал заманда кім-кімге жансебіл болар дейсің. Әркімнің өзінің бала-шағасы бар дегендей. Әй, несін айтасың? – Марат ағамыз қолын бір сілтеді. Жүзіндегі күлкі нышаны жоғалып әп-сәтте түнеріп алыпты.
– Ғапу етіңдер, бауырларым! Көңіл­дегі ауыр шер айтса жеңілдеп қалады ғой. Жетім көңілді ағаларыңның сөзіне көңіл аудармаңдар. Қарттар үйінде «Ұлдарым, қыздарым келіп қала ма?» деп қақпа жаққа телміре қараған аталарың, әже­ле­рің бар. Соларға сәлем беріңдер, әңгі­мелесіңдер. Мені қойшы. Адам үш күннен кейін тозаққа да үйренеді екен. Жал­ғыздыққа да үйрендік…
Қатыгездік! Кейінгі ұрпақтың Жоңғар шапқыншылығынан да қауіпті, осынау толғауы тоқсан сөзбен жеткізе алмас қатыгездігі неден, неден туындап ­жатыр?! Оның түпкі сырын Мұхамедқали ағамыз айтқандай, ұлттық сана-сезімнің, ­сонау ата-баба дәстүрінен бастау алған ұлттық тәрбиеміздің тамырларына балта шабылуынан іздегеніміз дұрыс секілді. Ата-бабамыз қызды тәрбиелеуге, оның үй-ішінде өзін ұстауына, сыпайы да ­сызылып тұруына, еркекті сыйлауына аса зор көңіл бөлген. «Жігіттің соры да, бағы да әйел» деп халық айтқандай, ата-ененің ­семьяда, баласы мен келінінің колында тұру-тұрмауы көбінесе әйелге ­байланысты екені сөзсіз. Мына бір мысалға көңіл аударыңыз:
Біз барған Қапшағайдағы қарттар үйінде ерлі-зайыпты Тоқтасын Төлеуов пен Алтын Тұрғанбаева деген қарттар тұрады. Екеуі де жастай жетімдіктің ­зарын көп көрді. Соғыстан кейін екеуі бірігіп шаңырақ көтереді. Жарық дүние есігін ашқан қос нәрестесі тұрақтамайды. Бұдан кейін бала болмайды. Жездесі Байғали мен әпкесі Байбике бұларға ата дәстүрімен Бимолда деген ұлын береді. Тоқтасын мен Алтын Бимолданы бауырларына ­басып бағады, қағады, оқытады. ­Бимолда ­Азатхан есімді әдемі қызға үйленеді, ұзамай немерелі болады. Күш қайтқан соң екеуі баласы мен келінінің қолында тұра бастайды. Бар пәле осы жерден ­басталады. Баласында кінә жоқ. Ал келін ата-енесін жақтырмайды «Шыдамның да шегі бар» дегендей, ауыл кеңесінің төрағасы арқылы қос қарт қарттар үйінен бір-ақ шығады. Жетімдікті көп көрген қарттар қартайғанда тағы да жетімдік көреміз деп әсте ойлады ма екен? Әрине, жоқ…
Осыдан 4-5 жыл бұрын қазақтардың ата-анасын қуып шығуы, қарттардың ­панасыз қалуы кездеспейтін. Енді ше? Қазір республика бойынша 64 қарттар ­интернатында қазақтың 600-ден аса кемпір-шалы бар. Міне, сұмдықтың көкесі!
…Ұлы сәскеде кәпірлер үйіне кіргенбіз. Біз шыққанда бесін ауыпты. Аяғымызға тас байлап алғандай Берсінбек екеуміз Қапшағайдың құм сусыған көшелерімен ілби басып келеміз. Барлығына да, барлығына да құдды екеуіміз кінәлідей бір-бірімізге қарай алатын емеспіз. Қарттар үйінен алыстаған сайын ішкі дүниемде ­аяныш сезімі бас көтереді, көзге көрінбейтін әлдекім үздіксіз дабыл қағады!
…Алматының көкбазарының тұсынан өтіп бара жатқанда зарлы музыка әуені естілді.
Әкең да осы жерде өлер енді.
Тәңірдің жазуына көнер енді.
Уа, жалған, сағындым ғой, тым болмаса,
Алып кеп бір иіскетші немеремді…
Зарлы әуен енді-енді сергіп келе жатқан көңілді қайта жабықтырды. Еріктен тыс жанарым боталады…

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
Сурет: Берсінбек СӘРСЕНҰЛЫ
«Ана тілінің» арнаулы тілшілері
Қыркүйектің 13-і. бейсенбі,
Жылқы жылы, 1990 жыл

Ескерту: мақала
ықшамдалып берілді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.