ТІЛІМІЗГЕ ТІРЕК БОЛҒАН

Шерубай Құрманбайұлы,
ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, ­филология ғылымының докторы, ­профессор

1990 жылдың 22 наурызында Ұлыстың ұлы күнінде «Ана тілі» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Жылмен бірге жеткен жаңа басылымды жұртшылық жыл құсындай жылы қабылдады. Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде қазақ тілінде шығатын газет-журналдардың саны шектеулі еді. Сондықтан ұлттық ақпараттық кеңістіктің кеңеюіне үлес болып қосылып жатқан әр басылымды қазақ қауымы айрықша ықыласпен қарсы алды, қолдады. Кеңестік кезеңде қазақ тілінің қолданыс аясы барынша шектеліп, өрісі тарылып қалғандықтан күрмеуі көп тіл мәселесін көтеретін арнаулы басылымның жарық көруі тіптен ерекше оқиға болды. Сол кезде ҚазҰУ-дың филология факультетінің 4-курсында оқып жүрген біз де апта сайын «Ана тілі» газетінің әр санын университеттің дәл алдында, Тимирязев көшесінде орналасқан баспасөз дүңгіршегінен сатып алып, бірімізден кейін біріміз оқитын едік. Ұстаздармыз да «Ана тіліндегі» пәленше деген ғалымның, түгенше деген автордың, ана тілші, әдебиетші ағайларыңның мақаласын оқыдыңдар ма?» дегенді жиі ­айтатын, өздері де газетке жазып тұратын. Бұл жаңа газеттің филологтар арасында бірден сұранысқа ие болғандығын көрсететін жағдай еді. 

Ана тілінің айбындары
Ана тілінің айбындары

Газеттің алғашқы редакторы белгілі журналист Жарылқап Бейсенбайұлы бастаған білікті мамандардан құралған редакция ұжымы тілдің көпшілік көкейінде жүрген өзекті мәселелерін көтеріп, ұлт мүддесі, қазақ мәдениетіне қатысты тамаша танымдық, талдамалық мақалаларын үздіксіз жариялап жатты. Белгілі ғалымдар мен жазушылардың да тіл-әдебиет, салт-дәстүр, тарих пен этнография салаларына, тарихымыздың ақтаңдақтары мен Алаш қайраткерлерінің өмір-шығармашылығына қатысты құнды дүниелері де жиі басылып тұрды. ­Осылайша, ұлтының жоғын жоқтап, тілінің тарылып қалған тынысын кеңейтуді мақсат еткен апталық жұрттың жүрегіне жол тапты. Жаңа басылым қысқа мерзім ішінде көпшіліктің іздеп жүріп оқитын, таралымы көп, беделі биік баспасөз құралына айналды. Міне, содан бері отыз жыл уақыт өтті. Осы жылдар ішінде «Ана тілі» газетін өз саласының білгірлері саналатын бірнеше білікті редактор басқарып, бұл ұжымда көптеген белгілі журналистер, қаламгерлер еңбек етті. Қазір де солай, газет басшылығы мен ұжымы сол дәстүрді абыроймен жалғастырып келеді. Газет таралымының биыл 15 000-ға жеткені соның дәлелі. Отыз жыл ішінде жарық көрген газеттің 1527 нөмірінде басылған жүздеген мақалаларда, ұлттың мәдениеті мен тілінің сан алуан мәселесі көтеріліп, мыңдаған ұсыныс-пікір, ой-тұжырымдар мен өткір сындар да айтылды. Сол арқылы газет қоғамдық санаға қозғау салып, миллиондардың тілдік санасын тірілтіп, ұлттық намысын оятуға қызмет етті. Бұл газет талай қалалық аталар мен әжелердің немерелерін, ата-аналардың ұл-қыздарын қазақ балабақшалары мен мектептеріне жетелеп баруына, сол мекемелердің ашылуына ықпал етті. Бұл газет өз тілінің тағдырына немқұрайды қарап, өктем мәдениет пен үстем тілдің жетегінде жүрген талай қандасымызға ой салып, олардың үйірін табуына ықпал етті, ұлт тағдырына немқұрайды қарай алмайтын көптеген ел азаматтарының жігерін ­жанып, намысын қайрады. Бұл газет қазақ тілінің қордаланып қалған, шешімін таппай отырған түрлі мәселелерін көтеріп, күн тәртібіне шығарды, оған билік пен қоғам назарын аударды. Бұл газет қазақтың қазіргі әдеби тілінің, ғылым тілінің, баспасөз тілінің, ресми ісқағаздар тілі мен терминологиясының қалыптасуына, тіл мәдениетінің, жазу мәдениетінің көтерілуіне елеулі үлес қосты. Егемен елдің мемлекеттік тілінің, қазақ тілінің отыз жыл ішінде жеткен жетістіктерінің ішінде, сөз жоқ, «Ана тілі» газетінің, осы ұжымда еңбек етіп, тұрақты авторы болып еліне қаламымен қызмет етіп жүрген ұлтын сүйген талай азаматтың үлесі бар. Тәуелсіздік таңы қылаң беріп келе жатқан шақта елді елең еткізіп ақпарат айдынына шыққан ұлт газеті ширек ғасырдан астам уақыт бойы қазақ ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаумен келеді. Бүкіл саналы ғұмырында қазақ ұлтына, қазақ тіліне қалтқысыз қызмет етіп, сол жолда басын бәйгеге тіккен ұлт ұстазы ұлы Ахаңның, Алаштың ардағы Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген терең мағыналы сөзін маңдайына басып, ту етіп ұстап келе жатқан ұлт газеті тіл майданында жүрісінен жаңылып, ұстанған бағытынан адасқан емес. ХХ ғасыр басында ұлт тарихынан айрықша орын алған Ахаң басқарған «Қазақ» қазақ ұлтының сілкінуіне, оянуына өлшеусіз үлес қосса, ХХІ ғасырдағы қазақ басылымдары, соның ішінде «Ана тілі» де сол дәстүрді жалғастыруы керек.
Тіл деген – ұлт, тіл деген – мемлекет, тіл деген – саясат. Сондықтан да тілдер арасындағы қатынас пен бәсеке, ықпал ету мен мүмкіндігі жеткенше кең таралу, үстемдікке ие болу жолындағы олардың күресі бірі жеңіп, екіншісі жеңіліп, қызметі шектеліп, жұтылып кеткенше толастамайды. Олардың арасындағы игі ықпалды ғана айта беру біржақты көзқарас. Мемлекеттер арасындағы мүдде мен жетекші орынға ие болу жолындағы бәсекелестік тілдер арасында да жүріп жатыр. Оны көрмеу – білімсіздік, аңғалдық, ал сол мүдде жолында табанды түрде күресіп, қажырлылықпен еңбектене білмеу – әлсіздік. Ғылымы мен мәдениеті дамыған ұлттардың тілдері де өміршеңдік танытып, өркендейді, мәртебесі артады, кең тарайды, үстем тілге айналады. Ондай тілдер ғылым тілі, көркем әдебиет тілі ретінде өркендеп, озық тілдер қатарына қосылады. Ал мәдениетін ұлықтап, ғылымын дамытпаған, тілін ең басты құндылығы ретінде қастерлей алмаған жұрт ұтылады, оның өзі де, тілі де өміршең бола алмайды. Ол тілдердің болашағы бұлыңғыр, оларды тарих көшінде қалып қойған, қазіргі көшке ілесе алмай күн санап қатардан шығып жатқан өлі тілдер тағдыры күтіп тұр. Ұлтты сақтаудың ­басты шарты – оның тілін сақтау, ол тілді ғылым-білімнің, озық технологияның, шоқтығы биік әдебиеттің тіліне ­айналдыру. ­Ендеше, болашақтан үміті мол ұлт ретінде қазақ тілін өркендету, өрісін кеңейту – ұлттың, қазақтың атын иеленіп отырған мемлекеттің ұлы ­парызы, басты міндеті. Бұл тұрғыдан келгенде, ұлт тілінің абырой-беделін көтеріп, мәртебе-мерейін өсіру, қолданылатын өріс-аумағын кеңейту ­жолында отыз жыл қызмет етіп келе жатқан ұлт газеті «Ана тілінің» айбарлы, азулы, тіл мүддесіне келгенде табанды әрі таралымды ­болуына әр қазақ тілекші, мүдделі болуға тиіс деп ойлаймыз. Өйткені тіл үшін күрес – баршамызға ортақ үлес, ортақ міндет.
Әрине, ортақ міндетке әрқайсымыз қал-қадерімізше атсалысып, үлес қосуға тиіспіз. «Ана тілі» тікелей тіл мәселесін сөз ететін арнаулы басылым болғандықтан, біздің тіл мамандарының бұл газетке ­деген ықылас-ниеті қашанда айрықша. Тіл білімінің көрнекті өкілдері, академиктер Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев сияқты белгілі тілші ғалымдар бастаған аға буын газет бетінде үнемі құнды мақалаларын ­жариялап, салмақты ойларын айтты, олардан кейінгі әріптестер де сол сабақтастықты сақтап отыр. Біз білетін Д.Қамзабек, Ғ.Әнес, А.Мектептегі, Б.Ихсан сияқты біраз танымал тілші-әдебиетші ғалымдар, филологтар осы басылымда еңбек етті, алдағы уақытта да осы дәстүр жалғаса береріне күмән жоқ.
«Ана тілімен» тіл мамандарының байланысы жөнінде сөз болғанда, өзімізге қатысты бірер сөз айта кетсек дейміз. 1991 жылы ҚазҰУ-ды бітірген соң, жолдамамен Ғылым академиясының Тіл білімі институтына жұмысқа келдім. Институтта бес айдай жұмыс істеген соң, іргеміздегі көрші ғимаратта орналасқан «Ана тілі» газетінің редакциясына Беларус астанасы Минск қаласы мен Алматыдағы тілдің қолданысын салыстыра сөз еткен шағын мақаламызды жолдадық. Бұл менің ­диплом алғаннан кейін жазған алғашқы мақалам еді. Жолдаған мақаламыз кешікпей газеттің 1992 жылғы 13 ақпанның ­санында «Асығу керек» деген тақырыппен жарияланды. Газет қолымызға тимей жатып редакциядан бөлім меңгерушісі Қонысбек Қожамжарұлы телефон соғып, жылы лебіз білдіріп, редактор менімен кездесіп, сөйлескісі келетінін айтты. «Көрші ғимаратқа келіп кете аласың ба?» деді. Айтқан уақытында бардым. Редактор Жарылқап Бейсенбайұлы қабылдап, жазуға икемімнің бар екенін айтып, жарты жүктемемен жұмыс істеуге шақырды. Бұл ұсыныс жаңадан жұмысын бастаған кіші ғылыми қызметкерді қанаттандырып-ақ тастады. Келісіп, жұмысымды бастап та кеттім. Газет журналисі жұмысының қиындығын сонда әбден сезіндім. Бұрқыратып мақалаларымды жазып, әр нөмірге мақала жариялап тұрам деген ойым үстірттеу болып шықты. Редакцияға келген хаттарға жауап беру, олардың біразын түзетіп газетке дайындау, уақытты көп алатын түрлі шараларға қатысып, олар жөнінде ақпарат жазу сияқты тірліктері көп болып шықты. Жарты жылдай жұмыс істеп, бірнеше шағын мақалалар ­жарияладым. Негізгі жұмысыммен қатар алып жүру қиындық туғызған соң, ­газетке рақмет айтып, біржақты ғылыми жұмыспен айналысуға тура келді. Менің журналистік қызметім ұзаққа созылмағанымен, «Ана тілі» газетімен байланысым әлі жалғасып келеді. Ғылыми жұмыстардан қол қалт еткенде, газетке жазып тұратын тілшілер қатарындамыз. Он жылдан астам осы газеттің қоғамдық негіздегі кеңесшісімін. Газеттерде жарияланған мақала, сұхбаттарымыздың көбі «Ана тілінде» басылыпты. Сол себепті үнімізді жұртқа жеткізіп, ойымызды ортаға салуға мүмкіндік туғызып, мінбер ұсынып келе жатқан мүддеміз ортақ төл газетіміз «Ана тіліне» қашанда, көптеген тілші әріптестерім сияқты, мен де тілекшімін. Жалпы «Ана тілі» тіл жайында айтарым бар деген әр азаматтың ашық алаңы.
Иә, тәуелсіз ел атанғанымызға отыз жыл өтсе де, қазақ тілі мерейі үстем, ­қо­ғамның бар саласында кеңінен қолда­ны­латын беделі биік шын мағынасындағы мемлекеттік мәртебесін иеленіп, әлеу­меттік сатысы мен ұлтына қарамастан барлық азаматтарымыздың басын біріктіретін ұлтаралық тіл бола алмады. Мұның да нақты себептері мен салдары бар. Тіл үлкен саясат құралы болумен қатар, ол – ғылым. Елде тіл ғылымына, оның әлеуметтік лингвис­тика, саяси лингвистика жетістіктеріне негізделген тіл саясаты сауатты жүргізілсе ғана тіліміздің өрісі кеңиді, тұғыры биіктейді. Өкінішке қарай, біз ғылым мен технологияда кенже қалып келеміз. Мемлекеттік басқару мен ғылым, білім беру салаларында кәсібилік, адал бәсеке, ашықтық жетіспейді, жүйесіздік бар. Мұны тіл саласынан да көруге болады. Осының бәрі бір-бірімен тығыз байланысты мәселелер. Бұл орайда қазақ баспасөзінің, «Ана тілінің» алдында да үлкен міндеттер тұр. Орда бұзар отызға толып отырған ұлт газетінің ұжымы бар әлеуетін, қайрат-жігерін, кәсіби білік-тәжірибесі мен бар мүмкіндігін сол олқылықтардың орнын толтырып, тіліміздің тұғырын биік, мерейін үстем ету жолында аянбай тер төге береді деген сенімдеміз.
Біз, тілші ғалымдар қауымы, қашанда өзіңмен біргеміз қазақ мүддесіне адал, тіліне тірек болып келе жатқан қадірлі «Ана тілі». Ақпараттық кеңістіктің айдынында еркін жүзе бер, тіл майданындағы жеңістерің, бағындырар биіктерің мен табыстарың көп болсын!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.