НАУРЫЗДА ТУҒАН

Жарылқап Бейсенбайұлы,
«Ана тілі» газетінің
1990-1997 жылдардағы тұңғыш Бас редакторы

1989 жылдың күзінде халықтың зор қолдауымен «Қазақ тiлi» қоғамы құрылды. Басшысы – Тіл білімі институтының директоры, академик Әбдуәли Қайдар, орынбасары – Өмiрзақ Айтбайұлы. Мемлекеттік тіл үшін күрестің қызу ­майданына бел шеше кірісіп кеткен қос сардардың «тіл қоғамы жұмысына жалпақ елді кеңінен жұмылдыру үшін апталық газет ­керек» деген ұсынысын, сол кездегі республикалық партия комитетінің идео­логия жөніндегі ­хатшысы, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі Өзбекәлі Жәнібек те бірден құп көріп, «Ана тілі» газеті туралы шешімді қаңтар айында-ақ шығартып береді. ­Содан кейін жаңа апталыққа ­редактор іздестіріле бастаған.

Д.Қонаевпен кездесу
Д.Қонаевпен кездесу

Ақпан айының ортасынан ауа «Қазақ тілі» қоғамы басшылары біраз үміткерлердің арасынан жастар газетінде жауапты ­хатшы боп істеп жүрген мені редакторлыққа бекітті. Алдында Әбдуәли Қайдар ағамыз­дың алдынан өткенде, газетті қай бағытта шығару қажеттігі жөніндегі өз уәждерімізді жеткізгенбіз. «Апталықта тіл май­данының өткір мәселелерін көтерумен бірге, ұлттың сөзін сөйлеп, мұңын жоқтайтын, жабық тақырыптарды бүкпесiз айтатын, тұм­ша­ланған тарихымыз бен этнографиямызды қаузайтын, елдiң санасын сілкінтетін дүние­лердi де жариялауға болады ғой» дегенбіз…
Әбекең жаңа апталыққа батасын бере отырып:
– Газетті қалай шығару өз еркіңде. Әрине ақылдасып, бірлесіп шешетін шаруалар болып жатса, айтарсың. Қызметкерлерді де өзің таңдайсың. Әзірше институттың мәжіліс залында жайғаса тұрыңдар. Кейін редакция үшін басқа орын іздестірерміз. Газеттің алғашқы санын қашан шығаруға болады? – деді.
– Жақсы ырым болсын. Халқымыздың төл жаңа жылы – Наурыз мейрамына туралайық, – дедім. Өзінің реті де солай келіп тұрған.
Әбекеңнің ризалығын алғаннан кейін, қуат-қарымы өзіме бұрыннан таныс Бақыт Сарбалаұлы, Ертай Айғалиұлы, Қонысбек Қожамжарұлы сияқты жүрдек жұрналшыларға бірге жұмыс істеу ­туралы қолқа салдым. Бәрi де апталықтың бағытын, мақсатын бiлген соң, ықыластана келісті. Олардың қатарына аз күннен кейін Тiл бiлiмi институтының кiшi қызметкерi Ғарифолла Әнес те келіп қосылды. Бәріміз газетті 22 наурызға дейін дайындап үлгеру үшін тізе қоса іске кірісіп кеттік. Әлбетте, апталықты тіркеу, есепшот ашу, баспахана­мен келісу, газет қағазын табу, пошта ­тасымалы, тарату, жазылым мәселелерімен айналысу сияқты ұйымдастыру жұмыстары да өз жөнімен қатар жүріп жатты…
1990 жылғы Наурыз мейрамы мерекеленген сол күн әлі есте. Алматының ауа райы сәл бұлыңғырлау болып, ауық-ауық жаңбыр сіркіреп тұрды. Соған қарамастан, талай жыл бойы Наурызын сағынған ел қаладағы өзге орындармен қатар, Абай ескерткіші айналасындағы ақшаңқан киіз үйлер тігілген алаңда да мерекелік ­шараларды тамашалауға көп жиналды. Сол жерде халықты мейраммен құттықтаушылардың бірі боп мінбеге көтерілген Өмiрзақ ­Айт­байұлы: «Бұл мейрамға «Қазақ тiлi» қоғамы құр алақан келген жоқ, бүгiн «Ана тiлi» деген газетіміздің алғашқы саны жарық көрді!» деп, қолындағы газеттi айқара ашып көрсеткен кезде, жиналған жұрт дуылдата қол соғып, ерекше қошемет білдірді.
Халық тілдің рухы көтерілсе – ұлттың рухы көтерілетініне кәміл сенді. Ол шақта жақын арада тәуелсіздік аламыз-ау ­деген ой орындалмайтын арман сияқты еді. Отаршылдықтың темір қыспағы еш құтқармайтындай көрінетін.
Сонда да жалпақ ел алдағы күндер­ден үміт сәулесін күтті, тілінен, тарихынан, өз болмысынан айырылса, ұлт ретінде жойылатынын іштей ұқты.
«Ана тілі» газетінің алдына қойған мақсат-бағдар да дәл осы ел санасын сілкінту мүддесімен тығыз сабақтасып жатты. Апталықты «Қазақ тiлi» қоғамының шаруаларын ғана жазып отыратын салалық үнқағаз ретінде де, тiлдiң ғылыми мәселелерiн қозғайтын басылым түрінде де шығаруға ­болар еді. Бiрақ ұлттық бағыттағы, ұлт мұңын жоқтайтын газет жасауды жөн көрдік. Сол себепті де жұрт оның әр санын асыға күтті, ерекше ықыласпен оқыды. Кеңес Одағының қарау саясатының асқынып тұрған кезінде-ақ, алғашқы нөмірлерінің бірінде, айқара бетке «Правда», «Известия», «Комсомольская правда», «Советская культура» және басқа да мәскеулiк газеттерінің беттерінде Желтоқсан көтерілісінен кейiн қазақтарды жаппай кінәлау, күстәналау мақсатымен жазылған мақаласымақтарды ащы сынға алған материал жарияладық. Ол кезде орталық партия газеттерiн бұлайша әшкерелеу – бұрын-соңды болмаған жағдай.
Шiлде айының 19-ы күні Дінмұхамед Қонаев ақсақалдың «Мен халқыма қызмет еттiм» деген сұхбатының «Ана тiлiнің» айқара бетінде жарқ ете қалуы, тағы бір ерекше оқиға болды. Мәскеудiң Қонаевқа тиісуі тоқтамаған, халықтың «Димекеңнің тағдыры не болар екен?» деп алаң көңілмен жүрген кезi. Сұхбат шыққан күнi бірқатар жұрттың «Қонаевпен интервью шығыпты» деп бір-біріне сыбырлай айтып, таңдана сөз етіп жатқанына да куә болған жайымыз бар…
Сол күні редакциядағы жігіттердің Димекеңнің үйіне ақсақалдың қолын алу үшін арнайы барғанымызды, ол кісінің бізді аса ризашылықпен қабылдап, суретке бірге түскенімізді «Ана тілі» газеті бетінде бұрын да айтқанбыз.

«Ана тілінің» алғашқы ұжымы
«Ана тілінің» алғашқы ұжымы

Әу баста газеттi қалай шығару керек деп жоспар құрғанымызда, балшабектік өктем цензура жылдарында тыйым салынған «шежiрені қайта жаңғырту» мәселесін де қолға алу керектігін ойластырған едік. Ол үшін Мұхаметжан Тынышбаевтың 1925 жылы шыққан ғылыми шежiресiн назарға ұстай отырып, сөз өрбіткенді мақұл көргенбіз. Талай жыл бойы шежiреге ­сусап жүрген халық бiздiң «шежiре жинаймыз» деген сұрау салуымызды дүр етiп қолдай кеттi. Түкпiр-түкпiрден деректер легі ағылды. Сол кездері редакцияға келген екі мыңдай шежiре әлi күнге дейiн менiң жеке мұрағатымда сақтаулы. Соларды жан-жақты салыстыра, салғастыра отырып, ата-тек кестелерінің бастапқы он ұрпақ шамасына дейінгі баба тармақтарын ­газет арқылы үш рет шежірешілер сүзгiсіне салып, сұрыптаудан өткердік. Жіп-шуы жинақталып, бітіп тұрған дүниеге «Атамұра» баспасы өз тарапынан қызығушылық ­танытты. 1994 жылы кітап етіп, 40 мың данамен басып шығарды. Бүгiнде шежiре бойынша ғылыми зерттеу жүргізушілердің қай-қайсысы да негiзгi бiр сенімді дереккөз ретiнде «Ана тiлi» шығарған осы «Қазақ шежiресiне» сiлтеме жасайды. Өйткені онда шежірелік мәліметтерді берген адамдардың, яки респонденттердің аты-жөні, мекенжайы түгел көрсетілген. Ал бұл ғылыми еңбек үшін ең қажетті шарттардың бірі…
Апталықтың біртін-біртін ұлт ба­сы­лымына айнала бастауы, тара­лымының күрт көбеюі (1991 жыл­дың қаңтарында тиражы 110 мыңнан асты), газет аясына бірқатар ­дарынды жұрналшыларды топтастырды. Газет тарихында сол жылдарда толық жалақымен, жарты жалақымен, аз істегені, көп істегені бар: ­Байбота Серiкбайұлы, Мақсат Тәжмұрат, Бақтияр Тайжан, Болат Шарахымбай, Аманқос Мектеп, Мақсот Iзiмұлы, Абай Мауқараұлы, Сағатбек Медеубекұлы, Амантай Шәрiп, Дихан Қамзабекұлы, Раушан Төленқызы, Сәкен Сыбанбай сынды қалам иелерінің қолтаңбалары қалды. 1994 жылдың басында газетке ­Марат Қабанбай келді. Маратпен де кезiнде «Жас Алашта» қатар жұмыс iстегенбiз. Кейiн әдебиетке, жеке шығармашылыққа басы бүтін ауысып, газетке суып кеткендей едi. Жұмыс іздеп жүргенін естігесін, «Ана тіліне» шақырып едік, апталық бетінде қара сөзден құйын ойнатып жүре бердi. 1994 жылдың ортасына таман, Ақмоланың астана атанатыны белгілі болған соң, сол қаладан қаламының желі бөлек Жұматай Сабыржанұлын жұмысқа алдық. Болашақ Елорда жақтан ол да дүрiлдеттi. Кейiннен апталыққа майталман жұрналшы ­Сабыржан Шүкiрұлы, сөздiң майын тамызып жазатын ақсақал Ахмет Жүнiсовтің де келуі газет шырайын одан әрi құлпыртты. Бұл әуелден-ақ оқырманға қазақ тілінің байлығы мен құнарын ұқыппен пайдалану, мақалаларды оқуға жеңіл, жатық публицистикалық мәнерде өрбіту, жаңа жұрналшылық машықтарды орнықтыруға мән берген талабымыздың түйінді нәтижесі де еді.
1997 жылдың соңында Ақпарат және қо­ғам­дық келісім министрлігінің ұйға­ры­мымен, жаңадан құрылған Қазақ ақпарат агенттігі (бұрынғы ҚазТАГ) қазақ редакциясының бас редакторы қызметіне ауыстырылдым. Бұл агенттікте соған дейін барлық қазақша материал тек орысшадан аударылған түрде ғана жарияланып келген екен. Енді төл ақпарат дайындайтын жаңа қазақ редакциясын ашу қажеттігі ­туындауына байланысты, оның жұмысын жолға қою міндетін атқаруға мені лайық көріпті. Жұрналшылық, сарашылық қызметтің бұрынғыдан тосындау, бірақ жаһандық ақпарат әлемі мен ғаламтор жүйесінің түпсіз қойнауларында жинақталған аса қымбат қазыналарға қол жеткізуге мол мүмкіндік әперген, бір жағынан ғылыми-қаламгерлік ізденіске жаңа серпін берген шығармашылық өмірдің жаңа кезеңі басталған.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.