АЛАСАПЫРАН АҚПАРАТ һәм «АНА ТІЛІ»

Ержан БАЙТІЛЕС,
ҚР Президенті Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі,
2008-2011 жылдардағы
газеттің Бас редакторының
бірінші орынбасары

Пақырың пір, дүдәмалың дүр болған алмағайып заманды бастан өткеріп жатқандаймыз. Құндылықтан құн кетіп, ұғымның ұрқы қашып, бұған дейін қалыптасқан дүниенің дидары өзгеріп, диірменге бидай да, күріш пен күрмек те қатар түсіп, бәрі ботқа секілді араласып кеткендей күй кешесің. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан, күнделікті өмір салтына айналған қарапайым ғана қағидаттарынан да қол үзіп барамыз. Қоғамдағы ашкөздікті, қанағатсыздық пен рахымсыздықты көрген сайын «қалыбымыздан тайып қайда бет алдық?» деген ой келеді. Қали ұстаз Сәрсенбай айтушы еді: «Әркім өз орнында, өзі білетін іспен айналысуы керек» деп. Сосын «қоғамды құртатын өз орнында отырмағандар» деп тағы қосып қоятын. Сол рас. Өйткені «өзі білмейтін, білгеннің тілін ­алмайтын» пысықайлар қай салада болмасын толып жүр. Бар заттың берекесін қашырып, жүрісінен жаңылдырып жатқандар да сондайлар. Мұныңыз қыл аяғы журналистикаңызға да жетті.

Бір кездері Ерлан Қарин ­айт­пақшы, «ұлттық партияның рөлін атқарған» қазақ баспасөзінің қазіргі жағдайын көріп, өткен күндерді амалсыз сағынасың. Жұмабай Шаштайұлы шығарған ­«Zaman Қазақстан» газетін барша студент ­басына жастанып оқитын. «Көкте – Күн, ­жерде – «Жас Алаш» деген ұран ұстанған Нұртөре Жүсіптің кезіндегі газеттің даңқы мен дақпырты дүниеге тарап жататын. «Жас Алаш» айтса, жазса мін түзеліп, кем-кетік мезетінде қалпына келетін. Негізін Қалтай Мұхамеджанов қалаған, кейіннен сол соқпақты кеңейтіп, даңғылға айналдырған Шәмшидин Паттеевтің «Түркістаны» терең талдау, зерттеулерімен оқырманын сүйсіндіретін. Жүсіпбек Қорғасбектің редакторлығымен «Қазақ әдебиеті» ұлт руханиятындағы бар мәселені бүкпесіз жазып жататын. Мереке Құлкенов «Ана тілінде» басшылықта болғанда ұлт газетін жабылып қалудан аман сақтап, Жарылқап Бейсенбайұлы ­бастап берген тіл майданындағы күресті бір сәтке де дамылдатқан емес. Серғазы Мұхтарбековтің «Қазақстаны» ­алмас қылыш секілді еді, қиып түсетін. Ақтөбеде Мейірхан Ақдәулетұлы ­«Алтын орданың» тұсауын кесіп, ­газет деген дүниені тек Алматыда ғана емес, аймақта отырып та ел іздейтіндей етіп шығаруға болатынын дәлелдеген. Мейірхан ағаның өзі айтқандай, «Алтын орда» газет қана емес, ұлтқа қызмет ­еткен жоба болатын. Елордадағы Шархан Қазығұлдың «Нұр-Астанасы» салмақты сараптама, ойлы мақалаларымен жұртты өзіне жақындата түсті. Шымкенттен Абай Балажанның «Еуразия.kz» газетін апта сайын асыға күтетінбіз. Бәрін қойыңызшы, «Жұлдызға» Мағауиннің, «Жалынға» Шахановтың жай жұмысқа келіп-кетіп жүргенінің өзі бір ғанибет еді ғой…
Айтып-айтпай не керек, осындай игіліктің ізін, соны соқпақтың сортаңын көрген ұрпақтан екен­біз. Енді біз сол көргенімізді жалғас­тыруға, кейінге аманаттауға тиіс едік. Әлсіздігіміз, білім-білігіміздің төмендігі болар, мойнымызға артылған сол миссияны толығымен атқара алмадық. Сиқы қашқан, өңі ауысқан, өз міндетін орындай алмай отырған бүгінгі журналистиканың мүшкілдеу халіне тікелей өзіміз жауаптымыз. Ағаларымыздағы айбат пен қайрат, мамандыққа адалдық біздің бойымызда кемшін болды, әсілі. Әйтпесе, астауыңды әркім кеп иеленбес еді ғой.
Газеттердің бұлай ­азусыздануына әсер еткен өзге де факторлар бар, әрине. Кеше ғана айдарынан жел ескен, жалынан сипатпайтын осындай басылымдардың басым бөлігі қаржының тапшылығы, оқырманның аздығы тәрізді тағы да басқа түрлі себеп-сылтаумен алды жабылып, арты айбатынан айырылды. Дегенмен, ең бастысы, қаламын қару еткен кейінгі ұрпақ елге ес болатын, жұртқа жол нұсқайтын жөні түзу контент ұсына алмағандығында дейді біздің жаман ойымыз. Содан келіп журналистиканың жүні жығылды. Мерейі кеміді, мәртебесі төмендеді. Мұндай кезде бос кеңістікке әркімнің шығатыны, мінбеңді иеленетіні бесенеден белгілі жайт. Осы арада ел білетін бір мақалды мысалға келтірсек, «тық деген тазға тиеді» деп, талай адам тыз ете қалар, тізгінді тежейік.
Бүгінгінің қаламгері арзан дүниеге әуес болып кетті. Ғұмыры үш күннен аспайтын жалаң жаңалық пен ­арзан ақпараттың айналасын ғана шиырлай береміз. Түңлігі өз желінен ­жабылмайтын, үнемі желпілдеп тұратын әлеуметтік желіні ашып қалсаң, айналаның барлығы ақылман, дала толған данышпан. Білсін-білмесін әр іске пәтуа айтып, шындығына бойласын-бойламасын әр нәрсені жазып жатады. Ақпараттың ақиқатына көз жеткізбестен, өзі жазған жаңалықтың дұрыс-бұрыстығын анықтап алмастан, бүгінгінің тілімен айтқанда, фактчекинг дегеннен жұрдай жазарман тілін безеп, төрдегі төбе бидей төңірекке төрелік айтатын болған.
Әлеуметтік желілер, түрлі платформалар, ақпараттық сайттар, ­интернет каналдар – жаңа заманның игілігі. Ебін тапсаң, қыбын келтірсең отандық журналистиканы дамытуға, көкжиегін кеңейтуге таптырмас ­құрал-ақ. Дей тұрғанмен, ондағы дүниелердің ­басым бөлігі белден төмен қарайғы тақырыпты тарқатуға әуес. Оларға анау кеудесін жарқыратып подиумға шыққан қызға ең алғаш кімнің сөз салғаны, көңілін тапқаны қызық. ­Болмаса белгілі бір әншінің ажырасып жатқаны, әлдебір әртістің ішіп алып сойқан салғаны, танымал екі адамның төбелескені, әлдебіреулердің төсектес болғаны тартымды тақырып. Қысқасы, қазан-ошақтың айналасындағы әңгіме қоғамның бетіне күнделікті айғайлап шығып жатыр. Оны елге жеткізіп, рейтинг теріп, болмашы бедел жинап жүрген өзіміздің әріптестер. Ұсақталып, майдаланып кеткеніміздің көрінісі осы емес пе?!

Газетті баспаханаға жіберер алдында...
Газетті баспаханаға жіберер алдында…

Бұл күні елдің алдында беделі бар, аузы дуалы, сөзі уәлі ­азаматтарды ­келемеждеу, қағыту, абайсызда айтқанын іліп алып, басын жерге тығу үрдісі әбден белең алды. Осы бір нәрсе, яғни ұлтқа ұстын, елге ес, жұртқа жалау болатын тұлға­лар­ды итше талау қашан басталды деп ойланамыз. Есімізге Әбіш Кекілбайұлының «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған кезі түседі. Сол кезде дана Әбішті, дара Әбішті, абыз Әбішті, аңыз Әбішті, Алты Алаштың ақылманын жерден алып, жерге салдық-ау. Аямай, жаукөзденіп, әкеміздің ақысы кеткендей сөктік қой сонда. Ерінбеген едіреңдеп еді. Сол бір кезде басталған (біздің пайымша) кері үдеріс қазір өршіп тұр. Әріптестеріміз әлдекімнің ­жиырма бес беттік баяндамасынан ­немесе брифингте сөйлеген бір сағаттық сөзінен әлдебір қиыстау тұсын кесіп алады да, жерден жеті қоян тапқандай желбіретіп жаңалық қып береді. Ал сосын қалған жұрт талауды бастайды. Ойпырым-ай, бес бересі, алты аласы жоқ, өмірінде бір рет амандаспаған, қандай адам екенінен мүлде хабарсыз кісіні асқан өшпенділікпен, ­жауыз ниетпен қаралайды ғой. ­Басына төкпеген ­жуындысы қалмайды. Оу, айналайындар-ау, ол да адам, оның да жүрегі, жүйкесі, жаны бар ғой. Оның адресіне айтылған әрбір сөз оған қалай әсер ететінін ойладыңыздар ма? Бұл қайдан шыққан қатыгездік? Неткен жауыз ниет? Жалпы қоғам қатыгезденіп кеткендей көрінеді бізге. Ешкім ешкімді аямайтын, жаны ашымайтын, бас ­ауыртпайтын жағдайға жеттік. Қарапайым ғана адамгершілік, имандылық дейтін дүниелерді жоғалтып алдық. Бұ түрімізбен қайда барамыз? Қай жерде тоқтаймыз? Белгісіз.
Хайп қуған, пранкқа әуес болған заманда осылай ойлағанымыздың өзі дұрыс па? Айналадағы әпербақандықты көргенде осындай да ой келеді. ­Сосын өзіңнің мына аласапыранға араласып кетпей, соның ықпалына ­ермей, кәсіби қалыбыңды сақтап қалуға ұмтыласың. Ондайда қазақ әдебиетінің алтын ғасырында туған шығармалар көмекке келеді. Соларға шұқшиясың. Өткен ғасырдағы аға буын жазған елдік дүниелерді оқисың. Одан кейін ұлт ­руханиятына адал қызмет етіп келе жатқан, ағартушылық бағытты ­басты мұрат еткен мерзімді ­басылымдарды қолға аласың. Әрине, олардың арасында «Ана тілі» газеті де бар. Бір кездері Жарылқап Бейсенбайұлы, ­Марат Қабанбай, Сабыржан Шүкірұлы, Жұматай Сабыржанұлы секілді саңлақтардың ізі қалған, кейін ­Мереке Құлкенов, Жұмабек Кенжалин, ­Бауыржан Омарұлы, Мақсат Тәж-Мұрат тәрізді қазақ журналистикасының діңгегіне айналған ағалар қызмет еткен, бүгінде Шәмшидин Паттеев, Жанарбек Әшімжандардың басшылығымен жарық көретін ұлт газетінің осы аралықта жолынан жаңылған, жұртқа жақпайтын нәрсе жазған кезі жоқ. Қайта ұлтты ұшпаққа шығаруға, болашағына бағдар беруге, туған тіліміздің мәртебесін көтеруге, халықтық қалпымызды сақтауға, салт-дәстүрімізді насихаттауға, қалып­тасқан құндылықтарды бұз­бауға еңбек етіп келеді. Отыз жыл ішінде қазақтығымызға қарсы үш ауыз сөз айтпады. О бастағы ұста­нымына адалдығынан айныған емес.
Қазіргідей аласапыран ақпарат­тың алып мұхитында қалт-құлт еткен қазақ журналистикасының қайығын «Ана тілі» секілді ұлтқа адал басылымдар ғана сақтап қалады. Желкенін керіп, жетектен шығарады. Біз осылай ойлаймыз, соған сенеміз.
Абыройың арта берсін, «Ана тілім»!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.