«АНА ТІЛІ» МЕНІ ЖУРНАЛИСТ ЕТІП ШЫҒАРДЫ

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,
Облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің Бас
редакторы

1997 жылы Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлының бұйрығымен  «Ана тілі» газеті мен «Жалын» журналы қосылып,  «Ана тілі — «Жалын» бірлескен басылымы  аталды. Бас редактор болып «Жалын» журналының басшысы Мереке Құлкенов бекітілді. «Ана тілінің» бұрынғы ұжымы  Сабыржан Шүкірұлы, Марат Қабанбай, Ертай Айғалиұлы, Раушан Төленқызы секілді кіл мықтылар екен. Алғашқы лездемеде-ақ емен-жарқын  араласып кет­тік. Бұрын журналда істеп, сәл еркіндеу жүріп қалған біз енді апталықтың жұмысына кірісе бастадық. 

Сол тұста «Министрге бес сауал» атты тақырыппен шыққан дүние Үкімет мүшелерінің назарын ­аудартты. Марат Қабанбайдың өткір мақалаларын, Сабыржан Шүкірұлының ұлттық таным туралы дүниелерін, Раушан Төленқызының кейіпкерінің бүкіл болмысын ашатын сұхбаттарын жұрт іздеп жүріп оқитын. Әсіресе, оның «Роза Бағланова және бес патша» атты тақырыппен жарияланған әйгілі әншімен жасаған сұхбатына республиканың түкпір-түкпірінен жүздеген хат келгені есімде. Мақаласының астына «Нури Муфтах» деп қол қоятын Нұриден ағамыз кәсіби шеберлігімен ғана емес, шапшаң жазатындығымен де ерекшеленіп тұ­ратын. Тапсырылған дүниені ертеңіне жазып әкеліп, бізді ұялтушы еді. Қатарымызға сәл кейін қосылған Нұрлыбек Саматұлы ақпараттың хас шебері болып шықты. Оның қолы тиген титімдей дүниенің өзі жар­қырап шыға келетін. Раушан екеуі жүргізетін «Ан-Ақ-Ай» жиналыстарда ылғи мақталатын. «Ан-Ақ-Ай» — «Ана тілінің» ақпарат айнасы, яғни ақпарат бөлімі.
Маған «Бір шаңырақ аясында» атты айдарды жүргізу тапсырылды. Әр ұлттың салт-дәстүрі мен ерекшеліктерін насихаттайтын жобаға кірісе бере сүріндім. Тәжірибесіздік қой, күрдтердің ұлттық орталығының басшысы, академик Нәдір Нәдіровпен жасалған сұхбаттың тақырыбын «Күрд халқының арманы — Тәуелсіздік» деп қойып жіберіппін. ­Саяси қате. Мақала шыққаннан кейін біраз шу болды. Министрлік тарапынан қоңырау соғылған сықылды. Бірақ бас редактор Мереке Құлкенов маған ләм-мим деген жоқ, бәрін өзі реттеді.
Газет пен журналдың қосылуы — қаржы қиындығынан туған жайт. Газет басшылығы енді басқа да қаржы көздерін іздестіре бастады. Соның арқасында «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясымен келісімге келіп, «Ана тілі» газетінің жанынан «Алтын дария» қосымшасы шығарылатын болды. Бас редактордың орынбасары Қуаныш Жиенбай жетекшілік ететін қосымша жұмысына Болатбек Төлепберген екеуміз жегілдік. Кейінірек Болатбек басқа жұмысқа ауысқанда ҚазМУ-дың журналис­тика факультетін тамамдаған Құралай Қуатова келді. Қазақ мұнайының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ғасырлық тарихты ақтарған көптеген материалдар жазылды.
Жаспыз ғой, кейде жұмыстан ертерек ­тайып тұратын жағдайлар да болушы еді. Ашуы да, қайтымы да тез Қуаныш аға бұндайда өзіңе әбден ұрысқанымен, ары қарай мәселені ушықтырмайтын. Бірде маған айқай салсын: «Қайда барасың?», «Түстікке». Сасып қалды да: «Күнде-күнде түстік іше бересің бе?» дегені. Екеуміз де мәз болдық. Осы күні сол әңгімені іні-қарындастарыма өзім де жиі айтамын.
Бас редактордың орынбасары Марат Қабанбай­дың мінезі қызық еді. Кез келген мақаланы өте тез жазатын. Қандай қылып жазады және. Сенің материалыңды тексере отырып, сөйлеміңнің мүкіс тұсын дәл табады. Соны өзіңе әдемілеп жеткізгенде кіретін тесік таба алмай қиналасың.
«Өлетін баланың молаға жүгіретіні» рас қой, бірде лездемеде Марат ағаның мақаласындағы бір сөйлемді сынға алдым. Ел қорғаған батыр туралы айта келіп, «…қасқая қарап тұр гөзелің» депті. Гөзел — сұлу, әдемі деген мағынадағы сөз ғой, батырға келмейді» деп ем, қатты шамданды. Жиналыстан шыққан соң өзімді іштей жеп біттім: «Қасқа бала-ау, басқасы басқа, бас редактордың орынбасарын сынап нең бар? Өзің мақаланы қарық қылып жаза алмайтының өз алдына, ешқашан уақытында бермейсің ғой…». Түстен кейін бас редактордың іссапарға кетіп, ­орнына Марат Қабанбайдың қалатынын естігенде, тіпті ұнжырғам түсіп кетті. «Ал басталды. Өз обалың — өзіңе…».
Ертеңіне Марат Қабанбай сырт киімімен біз отырған бөлмеге кіріп келді. Мәз. «Әй, Бауыржан, сөздікті қарап ем, сенікі дұрыс екен. Жарайсың! Қап, әттеген-ай, көзелің деуім керек еді, сонда мен жеңе­тін едім…». Мен бірдеңе деп үлгергенше, бұрылып шыға жөнелді. Апалақтап, жан-жағыма қараймын. Қатты қуанған түрімді көріп, әріптестерім де мәз болды.
Жауапты хатшы Ертай Айғалиұлы газет басшы­лығы мен журналистердің арасындағы алтын көпір еді. «Ерден ердің несі артық, ептестірген сөзі артық…» дегендей, нағыз мәмілегер болатын. Үнемі бізді қорғай сөйлейтін. Суретші Төлеген Ильяшев ағамыз екеуі үнемі жұп жазбай жүретін.
Сабыржан Шүкірұлын бәріміз көке дейтінбіз. Тіл ғылымы саласының күллі маманы ол кісінің пікірін қатты сыйлаушы еді. Әңгімені баппен айтатын. Бізді үнемі көтермелеп отыратын. Бәріміз еркелеуші едік. «Көке, мына бет дұрыс шықпай жатыр ғой…» дейді кейде «жаухатшы». Көкемнің әзірлеген бетін айтады. «Ә, солай ма? Бір түстіктерің менің мойнымда…» дейді Сәкең күліп.
60 жасқа толған тойын мен басқардым. Қонақтар­дың тізімінен Мұхтар Мағауиннің есімін көріп, зәрем ұшты: «Көке, басқа біреуге басқартыңызшы…». Ол кісі қапе­лімде кімді таба қойсын. «Мына Бауыржан мені әбден зерттеген екен. Өте жақсы сөздер ­айтты. Бірақ, шіркін, өзім туралы өзім ойлағандай етіп кім айта алсын…» деді той үстінде ұлы жазушы. Жиылған жұрт ду ете қалды.
Бірлескен басылымда істеп жүргенде тағы бір жақын араласқан адамым — Нұрлан Мәукенұлы. «Жалын» журналы бойынша орынбасар еді. Қазақ өлеңінде соны сүрлеу салған ақын. Өте қарапайым, биязы жігіт еді. Екеуміз бірге шай ішетінбіз. Газет жұмысына көп араласа қойған жоқ.
Енді бір сөз меншікті тілшілер жөнінде. Елордадағы тілшіміз Жұматай Сабыржанұлы еді. Қысқа, нақты ақпараттың шебері. Сөйлемінде артық «қырым ет» болмайды. Кішкене хабарының өзі өлең секілді оқылады. Мінезі шарт-шұрт. Кейде біз түгілі, бас редактордың орынбасарларын да тыңдамай қояды. Ал көңіліне жаққан дүние болса, тіпті қамшы салдырмайды. Меншікті тілшілер Алматыға келгенде, мені ерекше жақын тартып, ол кісі дүниеден озғанша, ағалы-інілі болып сыйластық.
Ақтаудағы тілшіміз Болат Үмбетов ерекше ­бауырмал болатын. Шаруасына тап-тұйнақтай Бөкеңнің ақпарат жібере салысымен звондап, жігіттерді түгендеп шығатыны есімде қалыпты.
Ақтөбе облысынан атой салған Сексенбай Күлімбетов шебер ұйымдастырушылығымен көзге түсті. Ұлт апталығының негізгі оқырмандары Ақтө­беден еді. Сол дәстүр үзілген жоқ. «Ана тілі» десе, ақтөбеліктердің әлі де бүйрегі ерекше бұрып тұрады.
Қызылордадан күнде хабар жіберетін Мұрат Жетпісбаев та тәжірибелі әріптестерінен кем түскен жоқ. Орысы қалың Қостанайдың жаңалықтарын Марфуға Бектемірова жеткізетін. Қазіргідей электронды пошта, әлеуметтік желісі жоқ заманның ең үздік байланыс құралы факс еді.
Ұжым бір үйдің баласындай тату болатын. Жастардың дені пәтерде жүрдік. Бас редакторымыз Алматы қаласының сол тұстағы әкімі Храпуновқа қоймай барып жүріп, Раушан Төленқызына үй алып бергенде, бәріміз қатты қуанып едік.
«Ана тілі» — менің журналист ретінде қалыптасқан ортам. Жоғарыдағы аталған мықтылармен жұмыстас болғанымды әрдайым мақтанышпен айтып жүремін. Бүгінде Жанарбек Әшімжан басқаратын ұлттық басылымның әр жаңалығына құлақ түріп жүремін. Аты озып жатса, қуанамын.
«Ана тілінің» мерейі — ұлттың мерейі. Мерейіміз үстем болғай!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.