«Майдангер» түйелер

Біздің бұл дүниені жазуымызға себеп болған мына жай еді. Ана бір жылдары теледидардан «Босату. Берлин үшін шайқас» деген фильмді қарап отырдық. Бір сәт зеңбірек сүйреп келе жатқан екі түйені көрген кинокейіпкерінің бірі  «Мынау қайдағы түйелер?» деп таңданады. Екіншісі  «Басқұншақтан ғой» деп жай ғана жауап береді.

Ал керек болса, Басқұншағыңыз Қазақстанмен іргелес жатқан Астрахань облысының бір ­ауылы емес пе? Осылайша, ойран-асыр ой үстінде жүргенімізде «Сол Басқұншақта аталған ауылдан (қазір қала) Берлинге дейін жеңіс жүгін сүйреп барған Мишка, Машка есімді екі түйеге ескерткіш қойылады екен» деген хабар бізге де жетті. «Қазақтың қос өркешті жануарына да мынадай құрмет көрсетіледі екен ғой» деген жүрекжарды ризалық тұла бойымызды кеулеп, кәдімгідей тебірентті. Ақыры «Ол қайдағы түйелер, соғыста қандай қызметтерде болды? Иелері кім?» деген сұрақ мазалап, өткеннің көне шежірелерін қопардық. Әңгіме төркіні былай екен.
1942 жылы Астраханда 28-ші қосалқы армия жасақталды. Бірақ соғыс қаруы тым аз, автокөлік, басқа да техникалар жоқтың қасы. Жүк таситын аттар да жоқ. Артиллериялар мен зеңбіректер, соғыс құралдары, азық-түлік пен медициналық заттарды тасуға түйелерді пайдалануға тура келді. КСРО Қорғаныс Комитетінің Бұйрығымен Қазақстаннан, Қалмақ даласынан, Түркіменстаннан түйелер ­жинады. 1942 жылдың 3 қыркүйегінде жан-жақтан жиналған 350 түйе Төменгі Басқұншақтан соғыс жүріп жатқан майдан даласына аттанды. Бір қарағанда, бұл түп-төркіні негізінен қазақ даласынан түлеген Ойсылқара тұқымына үлкен сын еді.
От қаруы ерекше дамыған техника ­заманында түйені алдыңғы шептегі емес, соңғы шептегі ұрысқа пайдаланды. Бірақ соғыстың аты – соғыс, оқтың қай бағыттан борайтынын бір құдайдың өзі білсін. Оған қоса аталған жануарлармен жұмыс істейтіндердің біразы өмірінде түйе көрмеген еуропалық жігіттер еді. Алғашқы күндері оларды уақытында азықтандыру, суару, демалдырып, жұмысқа пайдалану ерекшеліктерін білмегендіктен түйелердің кейбірі аштан, шөлден өлді, майдан ­даласында қорғансыз қалды.
Алғашында қару-жарақ, соғыс техникасымен мұздай қаруланған жау солдаттары қаптаған қалың түйелі кеңес армиясына кезіккенде адамдармен ісі жоқ, құлағы қалқиған «орыс танкілерін» (немістер түйелерді солай атаған) құрту үшін жанталасқан. Әйтсе де, қосарлап жеккенде – 3-4 белді ат тартатын немесе автокөліктер көтеретін 1,5-2 тонналық ауыр жүктерді қиналмай сүйреп, 5-6 күн сусыз, жолсыз даламен тарта беретін жануарлар аз уақытта кеңес жауынгерлерінің сенімді серіктеріне айналды.
1943 жылдың 3 ақпанында Сталинград қаласы жау қолынан азат етілді. Немістер қарсыласа жүріп, кейін шегінді. Дала кемелері бар астрахандық ­сарбаздар Ростов қаласын да жау қолынан ­босатты. Сал құмын басып, Маныч өзенінен өту оңай болған жоқ. Көп жануардың сүйегі сол жерде қалды. Түйенің жүк көлігі есебіндегі орнын бағалай білген әскербасылар оларды бұдан былай астрахандық қосалқы полк құрамына ғана емес, басқа әскери құрылымдарға да бөліп, тарата бастады. Осылайша, түйелер ұзын саны үш мың шақырымдық жолды басып, 1945 жылдың 30 сәуіріндегі бозала таңда Фашистік Германияның астанасы Берлинге жетті, олар сүйреп келе жатқан ауыр артиллериядан Рейхстагқа оқ атылды. Міне, осындай міндетті атқарғандардың бірі – Басқұншақта жасақталған полк құрамындағы аға сержант Григорий Нестеров пен делбеші Кармалюктің иелігіндегі Мишка және Машка есіміндегі қос өркештілер еді. Калмақ даласынан келген Яшка есімді он жасар атан да Жеңісті Берлиннен қарсы алады.
Азғыр бойынан түлеген салмақты сары атан (Мишка) мен өзге жанның маңына үйірсектегенін ұнатпайтын қара інген (Маша) қос жауынгер ­Нестеров пен Кармалюктің сенімді серігі ­болды. Артынша жеңіс жалауы желбіреді. Ерлік үлгісін көрсеткен ерлер елге оралды, туғандарымен қауышты. Бірақ сол бір жеңімпаздар арасында басқұншақтық Мишка мен Машканың немесе Яшканың үлесі болса да, елге оралғандар ортасында олар жоқ-ты. Әйтсе де, қаруластары оларды көшеде қалдырмай, алғашында Берлиннің хайуанаттар паркінде, кейін Мәскеу зообағында тұрды.
Иә, түйелердің Басқұншақтан Берлинге дейінгі жауынгерлік жолдарын көптеген қаруластары тілге тиек етіп, қалам тербеді. Солардың ішінде 902-ші полктың командирі, Кеңес Одағының Батыры Г.Ленев, соғыс ардагерлері Н.Малых, В.Усленскийлер бар.
Осының бәрін ой елегінен өткізген Басқұншаққа іргелес Ахтуба қаласының мэрі, біздің қандасымыз Аманғали Наурызбаев бұдан біраз уақыт бұрын орталарынан майданға аттанып, жеңіс сағатын жақындатқан сол бір 350 түйенің құрметіне ескерткіш қоюды қала тұрғындары құзырына ұсынды. Астрахань облысының сол кездегі ­губернаторы А.Жилкиннің қаперіне берді. Бәрі де бұл бастаманы қолдады, құптады. Нақты ұсыныс – аталған ескерткіштің Басқұншақ қаласынан Берлинге дейінгі әскери қиын-қыстау жолдан өтіп, Рейхстагқа оқ жаудырған, жеңіс туының желбіреуіне үлес қосқан Нестеров пен Кармалюк (ұлты татар) иелігіндегі қос жануарға арналып қойылуы керек. Бұдан әрі волгаградтық мүсінші, сәулетші және суретші Василий Маринин, Петр Солодков, Вадим Жуковтың шығармашылық бірлігі арқасында «Басқұншақтан Берлинге дейін. Біз жеңдік!» атты кешенді мемориал дүниеге келді. Ескерткіш қаланың орталық алаңына қойылыпты. Қазір бұл ескерткіш қос өркешті дала кемелеріне арналған бүкілхалықтық ризалық сезім.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.