ДЕРТ ЖҰҚТЫРҒАН ДӘРІГЕРЛЕР

Covid-19 вирусын жұқтырған науқастармен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлердің жай-күйі көптің назарында. Кешелі бері дертті дәрігерлердің саны бір деректерде 120, енді бір деректерде 67 деп көрсетіле бастаған соң мұның анық-қанығын білгіміз келді. Сауалымызға Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп жауап берді.

 – Еліміздің Бас санитары Айжан Есмағамбетова елімізде 120 дәрігер коронавирус жұқтырғанын айтқан еді. Бүгін ресми сайтта Қазақстанда Covid-19 вирусын жұқтырған дәрігерлер саны 67 екенін көрсетті. Осы екі деректің қайсысы дұрыс?

– Айжан Серікбайқызы 120 дәрігер коронавирус жұқтырғанын айтқаны рас. Ол дұрыс ақпарат. Бірақ, оның 67-сі ғана науқастардың қасында, яғни инфекциялық ауруханаларда, провизорлық стационарларда Covid-19 дертін жұқтырған сырқаттардың жанында болып, емдеген дәрігерлер, медбикелер. Қалған дәрігерлер вирус жұқтырған науқастармен жұмыс істемеген, ауруды өзге жолдармен жұқтырған. Біз тек Covid-19 дерті расталған азаматтардың ішінде дәрігер мамандығын игергендердің саны 120 деп бөліп көрсеттік. Ал олардың 67-сі ғана Covid-19 дертімен ауруханаларда жатқан науқастарды күндіз-түні емдеп жүрген дәрігерлер, медбикелер.

– Демек, міндетін атқарып жүріп дерт жұқтырған осы 67 дәрігерге сақтандыру төлемі беріледі ғой.

– Иә, өте дұрыс айтасыз. Сақтандыру төлемін инфекциялық ауруханаларда, стационарларда, провизиялық стационарларда науқасты емдеп жүріп, жұқтырып алғандар алады. Сыртта, шетелдерде жүріп жұқтырып алған, тікелей емдеу барысында емес, басқа жолдармен науқастармен байланыста болған дәрігерлер ол төлемге ілінбейді. Covid-19 дертін жұқтырған сырқаттарды емдеп жүрген дәрігерлер, медбикелер ауру жұқтырса ғана сақтандыру төлемін алады. Қазіргі деректер бойынша ондай дәрігерлер саны алпыс жеті адам.

– Науқастарды емдеп жүріп вирус жұқтырған дәрігерлердің жағдайы қандай? Олар байланыста болған адамдар анықталып, карантинге жатқызылған болар?

– Иә, олармен байланыста болғандар анықталды. Қазір сараптамадан өтіп, тест тапсырды. Байланыста болғандар оқшауланып, карантинге алынды. Алпыс жеті дәрігердің біреуі ауыр халде, тоғызының жағдайы орташа. Қалған 57 дәрігердің ауруы жеңіл формада, яғни ешқандай симптомсыз өтіп жатыр. Барлық дәрігерлер инфекциялық ауруханаларда, дәрігерлердің қадағалауында.

– Көп рахмет.

Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ   

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.