Ұлт мәдениеті тілден басталады

«Өзге тілдерге құрметпен қарап, ана тіліміздің дәрежесін көтеру үшін еліміздің барлық азаматтары қазақ тілінде сөйлеуі керек». Өткен жұмада Мәдениет министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Қажымқанұлы осындай тапсырма берді.

Ведомство алдындағы атқарылатын міндеттерді нақтылаған Премьер-министр, ең алдымен, Мәдениет министрлігі мемлекеттік тілді дамытуға айрықша мән беруі тиістігін баса айтты. Үкімет басшысы бұл тұрғыда нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін жалпы ұлттық мәдениетіміз ғана емес, сонымен қатар еліміздің рухын көтеру үшін баршамыз бірдей атсалысуымыз қажеттігін еске салды. «Халқымыз ел мәдениеті тілден басталады дейді. Өткен жылы тілдерді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Биыл – бұл бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылы. Осы орайда министрлік мемлекеттік тілді дамытуға айрықша мән беруі тиіс», – деп түйіндеді сөзін Кәрім Мәсімов. Бұл орайда тіл саясаты саласындағы жұмыстардың аса маңызды қорытындысы ретінде 2001-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламаның аяқталып, Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған жаңа Мемлекеттік бағдарламасының жобасы жасалғанын айта кеткен жөн. Бүгінде тілдік құрылысты одан әрі жетілдірудің жаңа бағыттары айқындалып қалды. «Жаңа Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты мемлекеттік тілдің Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтау арқылы ұлттық бірлікті нығайтудың маңызды факторы ретіндегі қызметін қамтамасыз ететін үйлесімді тілдік саясат болып табылады. Министрлік бағдарламаны жүзеге асырудың тиісті іс-шара жоспарын жасауда», – деді ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Бұдан бөлек, Премьер-министр ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы лайықты ата­лып өтуі керектігін нығыздады. Мә­дениет министрлігі бұл бағытта ұйымдас­тыру комитетінің мәжілісінде мереке­ні атап өтудің тұжырымдамасын бекітіп те қойыпты. «2011 жылдың басым мін­деттері – Елбасы мен Үкіметтің елімізді 2020 жылға дейін дамыту стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмала­рын орындау және министрліктің страте­гия­лық жоспарын тиімді жүзеге асыру. Сонымен қатар министрліктің жұмысы Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеудің тұжырымдамасы мен жал­пыұлттық жос­парынан туындайтын барлық міндеттерді орындауға бағыт­талады» деген Мәдениет министрі: «Тәуел­сіздіктің 20 жылдығы той тойлау емес, тәуелсіздіктен тағылым алу үшін керек» деген Елбасының сөзі біз үшін іске асыратын жұмыстың басым бағыты болмақ», – деді. Министрліктің алдында тұрған және бір міндет – еліміз биыл Ислам конференциясы ұйымына және Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ететіндіктен, халықаралық дең­гейдегі мәдени шаралар жоғары дәрежеде өтуі тиіс. Міне, осындай тапсырмаларды жүктеген Кәрім Мәсімов 2010 жылы жаңа кинофильмдер, опера-балет туындылары, жаңа драмалық шығармалар ұлттық мәдениетімізді жаңа биіктерге көтергенін атады. Мәдени мұра бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыс­тардың көңілге қонымдысын тілге тиек етті. «Елбасы бекіткен «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша көп іс атқа­рылды. Өткен жылдың ең үздік табыстары ретінде мен «Қазақтың дәстүрлі мың күйі» және «Қазақтың мың әні» жобаларын айтар едім»,– деді Үкімет басшысы.
Ал енді министрліктің өткен жылы атқарған жұмыстарын сараласақ, 2010 жыл басқа ведомстволардағы секілді Мәдениет министрлігі үшін де жемісті жыл болыпты. Тәуелсіздіктің әрбір жылында Мемлекет басшысының мәдениет саласына қамқорлығы мен тұрақты қол­дауының арқасында мәдениет саласын жыл сайын қаржыландыру көлемі артып келеді. Ел ішінде жаңа мәдени нысандар салынып, елордада әлемдік деңгейдегі концерт залдары бой көтерген. Сондай-ақ өткен жылдың өзінде «Жол картасы» шеңберінде 318 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жүргізілді. Еліміздің өнер жұлдыздары ең беделді халықаралық орталықтарда шеберліктерін шыңдап, әлемнің үздік концерт залдарында өнер көрсетулеріне мемлекет тарапынан мүмкіндік жасалған. Жыл сайынғы берілетін мемлекеттік стипендиялар мен гранттар тапсыру саны да артты. «Осының бәрі – Елбасының мәдениет саласына деген үлкен қамқорлығының нақты дә­лелі. Мұндай қамқорлық бізге өте үлкен жауапкершілікті жүктейді, алдымызға биік міндеттерді қойып, оларды абыроймен шешуге мүмкіндік береді», – дейді министр Мұхтар Абрарұлы.
«Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 40 архео­логиялық, 26 ғылыми-қолданбалы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, 73 аса маңызды тарихи-мәдени ескерткіш қалпына келтіріліпті. Өткен жылы Дамаскідегі Бейбарыс сұлтанның кесенесі мен 12 облыстағы 19 ескерткіш реставрациядан өткен. Бейбарыс кесенесін жаңғырту жұмыстары аяқталып, жұмыс барысында оның барлық қабырғалары мен архитектуралық пішіні нығайтылған. Сириялық мамандардың қатысуымен мозайкасы мен өрнектері толық қалпына келтірілген. 1266 жылы өзі салдырған бұл кешен медреседен, мұражайдан және кесенеден тұрады. 200 мыңнан астам жәдігерлік кітаптар сақталған мұражай соңғы заманауи жабдықтармен жарақтандырылған. Бейбарыс сұлтанның Каирдегі мешітіне реставрация жасау жайы да назардан тыс қалмапты. Бұл ретте Қазақстан жағы өзінің алдына қойған міндеттерін толық орындап шыққан. Елбасының тапсырмасы бойынша әл-Фарабидің Дамаскідегі тарихи-мәдени орталығы мен кесенесінің құрылыстары жалғасын тауып жатса, құрамында мешіті, тарих пен мәдениет жөніндегі экспозиция залы, кітапханасы мен оқу залы, интер­нет-кафесі, конференц-залы, қонақүйі бар көпсалалы қызмет көрсететін бұл нысанның келешек келбеті жұртшылықтың қызығушылығын арттырады. Елбасының тағы бір қолға алынған тапсырмасының бірі – Ташкенттегі Абай Құнанбаев ескерткіші аяқталып, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне ашылмақ. Тәуелсіздік жылдарында бірінші рет елдегі ескерткіштерге толық инвентаризация жасалды. Бүгінгі таңда 218 республикалық және 11,5 мың жергілікті маңызы бар нысандар енгізілген тарихи-мәдени ескерткіш­тер­дің мемлекеттік тізімі бекітілген. Ұлт мәдениеті үшін аса маңызды екендігі еш күмән туғызбайтын және үлкен қоғамдық қолдауға ие болған мұндай кең ауқымды ғажайып жобаларға «Қазақтың дәстүрлі мың күйі» және «Қазақтың дәстүрлі мың әнін» де жатқызамыз. Сондай-ақ 2010 жылды театрлардағы премьералардың үлкен бұлқынысты кезеңі ретінде атап өтуге болады. 2010 жылы барлығы 39 жаңа қойылым жүзеге асқан. Бұлардың қатарында А.Серкебаевтың «Астана!..» мюзиклі, А.Бестібаевтың «Бәйтерек» балеті және Н.Ораздың «Адасқан жұлдыз» драмасы бар. Республикадағы жетекші опера және балет театрларының репертуарын Б.Эйфманның «Қызыл Жизель» балеті, Р.Вагнердің «Тангейзер» операсы, Дж.Пуччинидің «Богема» операсы тәрізді көптеген туындылар толықтырған. Міне, айта берсек, Мәдениет министрлігінің өткен жылы атқарған жұмыстарының тізбегі мұнан да көп тізіле береді. Кәрім Мәсімов атқарылған іс-шараларға оң баға беріп, алдағы уақытта да мәдениет саласына ойдағыдай көңіл бөліне беретініне сенім білдірді.

Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.