ӘЛІПБИ ҚАЛАЙ ЖЕТІЛДІРІЛДІ?

Осы мақалада Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және IT-cүйемелдеу жұмыс тобының бірлескен отырысында мақұлданған жетілдірілген әліпбиді таныстырмақпыз. Сөз басында көпті мазалап жүрген мынадай екі мәселеге тоқталғымыз келеді.

Біріншісі жетілдірілген жоба «тарихына» қатысты. ҚР Үкіметі жанынан құрылған Ұлттық комиссияның төрт жұмыс тобы құрамының басым көбі қолдаған «жетілдірілген жоба» қалың жұртшылық, мамандар арасында кеңінен талқыланды, сынама-сауалнама арқылы тексеріліп, соңында Орфографиялы жұмыс тобының кеңейтілген отырысында пысықталып, Президент әкімшілігіне ұсынылды. Президент әкімшілігіндегі жиында тәуелсіз сарапшылар тағы да біраз мәселені асықпай қарауды ұсынды. Мәселен, ағылшын тілінің әріптері W, X, C-ді ұлттық әліпби құрамын енгізу/енгізбеуді, тіліміздің дыбыстық жүйесінде жоқ Ц мен Ч-ға арнайы таңба алу/алмауды, Ң дыбысының таңбасын (диакритикалық Ň Ñ /диакритикасыз Ŋ) қайта тексеру ұсынылды. Осыған қатысты «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы талқылау, сауалнама ұйымдастырып, нәтижелерін Орфографиялық жұмыс тобының ғалымдарына берді. Бірнеше маман С әрпін Ц-ның таңбасы ретінде алып, әліпби құрамына енгізу керек дегенмен, ғалымдардың басым көбі осы жобаны өзгеріссіз қалдырған абзал, яғни С таңбасын Ц-ның әрпіне алудың қажеті жоқ деген ұстанымда қалды.

Екіншісі БАҚ-та «ұлттық» деп аталып, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты атынан профессорлар Ерден Қажыбек, Әлімхан Жүнісбек бастаған бір топ ғалымдар ұсынып жүрген жобаға қатысты. Бұл жобаның біраз қолдаушысы бар болып шықты. Дегенмен жоба Орфографиялық жұмыс тобының (осы ресми жұмыс тобының құрамында ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі З.Базарбаева, профессорлар Н.Уәли, А.Алдашева, Б.Момынова, Қ.Күдеринова, ғылым кандидаттары А.Хабиева, Ж.Жұмабаева сияқты Тіл білімі институтының мамандары да бар) талқысынан өткенде, ғалымдар оның мынадай кемшіліктерін көрсетті:

— W таңбасы алынған. Осы W әрпін енгізіп, қолданыстағы әліпбиді өзгерткен жағдайда:

біріншіден, қазақтілді жазарманның сауаттылығы тоқырауға ұшырайды, себебі бұл әріп ҰУ, ҮУ, У дыбыстық мазмұнды бір ғана /У/-мен таңбалайтын қазіргі қазақ жазуының базалық нормасын бұзып, жүйесіз жаңалық енгізеді: кірме сөздердегі [у] дыбысы /u/ әрпімен, төл сөздердегі дауыссыз [у] дыбысы /w/ әрпімен екі түрлі беріледі. Қарапайым тіл иелмені тағы да дұрыс жазу үшін кірмесөз бен төл сөздің тұрқын ажыратып жаттауына тура келеді. [У] дыбысы төл сөзде дауыссыз, кірме сөзде дауысты болғанымен, жазарман олардың дыбыстық мәнін ажыратып жатпайды. Сондықтан WAQ, TAW сияқты BARW (бару), KELW (келу), TWRA (тура) төл сөздерін де, BOWLIŊ, SOWS сияқты кірме сөздерді де WNIVERSITET (университет), TWR (тур), WRAN (уран) түрінде қате таңбалап шатасуы әбден мүмкін;

екіншіден, бүгінге дейінгі базалық норманы жоққа шығарып, күрделі емле ережелерінің көп санын дайындауға тура келеді;

үшіншіден, шеттілдік сөздердегі орыстың дауысты У дыбысына да (TUR, URAN), төл сөздегі дауысты Ұ дыбысына да (URPAQ, JULIN) бір U таңбасы алынған. Осындағы TUR сөзін ТҰР деп те, ТУР деп те, URAN сөзін УРАН деп те, ҰРАН деп оқуға болады. Екіұшты оқылатын сөздер көбейеді. Төл сөздердегі Ұ орыстың не ағылшынның У дыбысы ұқсап айтылып, жойылу қаупі жоғары.

төртіншіден, төл сөздердегі бұрыннан бір таңбамен жазылып келе жатқан кирилшедегі У-ды осы W арқылы таратып жазу, яғни ҰУ, ҮУ түрінде таңбалауға апарғалы тұр. Мысалы, тууы туралы куәлік дегенді tuwuwı tuwralı küwälik, жууы дегенді juwuwı, суару дегенді suwaruw, қуылу дегенді quwıluw түрінде таратып таңбалау жалғамалы қазақ сөзінің жазудағы тұрқын одан бетер ұзартады, қатеге жол ашады, оқу-жазу үдерісін қиындатады.

  • Шеттілдік сөздердегі орыстың дауысты И (kino, internet) дыбысына да, төл сөздегі жиілігі жоғары, қысаң езулік дауысты І (işik, ini) дыбысына да бір /і/ таңбасы алынған (мақалада әріп жиілігі туралы барлық мәлімет мына еңбекке сүйеніп берілді: tbi.kz // «Қазақ графемаларының жиілік сөздігі», Алматы, 2018). Бұл болашақта ағылшын тілінің ықпалына түскен ұрпақтың işik сөзін ИШИК деп, ini сөзін ИНИ деп оқуына «жол ашуы» әбден мүмкін. Қазірдің өзінде екіұшты оқылатын сөздер көбейеді: TiRE сөзін ТІРЕ деп те, ТИРЕ деп те оқуға болады. Мұндай әліпби жазба коммуникацияны қиындатады.

 Сонымен, «жетілдірілген жобаға» оралайық. Жетілдірілген нұсқаның теориялық, сонымен бірге практикалық та негізі бар. Оның теориялық негізіне Орфографиялық жұмыс тобы құрамындағы жазу теориясы мен практикасы, грамматология, сөз мәдениеті, фонология, ортологиялық лексикография сияқты әліпби жасау, емле әзірлеуге тікелей қатысты тіл ғылымы салаларында зерттеу жүргізген Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Шымкент қалаларындағы еліміздің ірі ғылыми орталықтары тілтанушыларының еңбектері алынды. Ал практикалық негізіне қазіргі тіл иелмені санасындағы жазу үлгілерін, әліпбиге қатысты концептілерін анықтайтын сынама, сауалнама, талқылау, контент-талдау жұмыстары алынды, бұл жұмыстарды «Тіл-қазына» ұлттық орталығының мамандары жүзеге асырды. Орталық алынған нәтижені Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдарының қолданысына ұсынып отырды, сөйтіп осы жоба әзірленді.

 

Жетілдірілген әліпби жобасы

Латын Кирил Әріптің

аты

  Латын Кирил Әріптің

аты

1 A a А а а 17 Ŋ ŋ Ң ң ңы
2 Ä ä Ә ә ә 18 O o О о о
3 B b Б б бы 19 Ö ö Ө ө ө
4 D d Д д ды 20 P p П п пы
5 E e Е е е 21 Q q Қ қ қы
6 F f Ф ф фы 22 R r Р р ыр
7 G g Г г гі 23 S s С с сы
8 Ğ ğ Ғ ғ ғы 24 Ş ş Ш ш шы
9 H h Х х (Һ һ) хы 25 T t Т т ты
10 İ i Й й (И и) ій 26 U u У у ұу
11 I ı І і і 27 Ū ū Ұ ұ ұ
12 J j Ж ж жы 28 Ü ü Ү ү ү
13 K k К к кі 29 V v В в вы
14 L l Л л ыл 30 Y y Ы ы ы
15 Mm Мм мы 31 Z z З з зы
16 N n Н н ны        

 

Жалпы сипаттамасы

Әліпби құрамы: Әліпбиде 31 әріп бар, оның 3-уі умлаут, 1-уі бревис, 1-уі макрон, 1-уі седиль диакритикалық таңбасы арқылы берілген. Әрбір диакритикалық белгі тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне қарай дауысты мен дауыссыз дыбыс таңбасына бөлек, өзара ажырап қолданылған, яғни әр диакритиканың өз қызметі бар. Мәселен,

  • Ә, Ө, Ү жіңішке дауысты дыбыс таңбасына – умлаут,
  • жуан дауысты Ұ дыбысына – макрон,
  • ұяң Ғ дауыссызына – бревис,
  • ызың Ш дауыссызына – седиль алынды.

Бұл оқылым үдерісін жеңілдетеді, тіліміздің дыбыс қорының әліпбиде айқын көрінуін қамтамасыз етеді, сондықтан ғалымдар шартты түрде бұл әліпбиді тіліміздің дыбыстық жүйесін айқын көрсететін нұсқа деп атап отыр.

Жобадағы диакритикалық таңбалар латын әліпбиімен жазатын көптеген тілде қолданылады. Мысалы, умлаут неміс, швед, исланд, фин, венгр, түрік, әзербайжан әліпбилерінде жіңішке дауысты дыбыстың таңбасын білдіреді. Бревис молдова, түрік әліпбиі мен эсперантода дауыссыздың таңбасына, седиль француз, түрік, латыш әліпбилерінде ызың дауыссыздарға, макрон дауыстыларға немесе дауысты қатарына өткен дауыссыздарға пайдаланылады. Сондықтан қазіргі жаһаниятта латынды білетін кез келген жазарман тіліне, ұлтына қарамастан, умлаутты әріптің жіңішке дауысты дыбыс екенін, сол сияқты айтып кеткен басқа да диакритиканың дыбыстық мазмұнын бірден ажыратады. Бұл қазақ жазуының әлемдік графикалық кеңістіктегі түсініктілік деңгейін арттырады.

Әліпбидегі әріп тәртібі: Әліпбидегі әріптер орналасуының дәстүрлі нормасы бар. Кирилнегізді әліпбидегі әріп реті мен латыннегізді әліпбидегі әріп реті ұқсас болғанымен, бірдей емес. Әрқайсысының өз реті дәстүрге айналған, сондықтан жаңа әліпбидегі базалық әріптер латын әліпбиінің қалыптасқан ретімен орналастырылды: А, B, D, E, F, G, H, I, J, K, L, M, N, O, P, Q, R, S, T, U, V, Y, Z. Базалық әріпке диаритика қосу немесе базалық әріпті түрлендіру арқылы жасалған әріп сол базалық әріптен соң қойылды:

  • Аа-дан кейін Ä ä,
  • Gg-ден кейін Ğ ğ,
  • İ i-ден кейін I ı,
  • Nn-дан кейін Ŋ ŋ,
  • Оо-дан кейін Ö ö,
  • Ss-дан кейін Ş ş,
  • Uu-дан кейін Ū ū мен Ü ü әріптері орналастырылды.

Әліпбидегі әріп аты: Әрбір ұлттық әліпбидегі әріптердің ұлттық тілде қалыптасқан аты болады. Латынграфикалы қазақ ұлттық әліпбиіндегі әріп аттарын тілтанушы ғалымдар (Нұргелді Уәли. Графика. Орфография. Орфоэпия. Алматы, 2018// http://kazneb.kz/bookView/view/?brId=1580620&lang=kk – 40 бет) былай негіздеп ұсынды:

  • дауыстыларды таңбалайтын әріптің аты дыбыстық ортаға неғұрлым тәуелсіз болып саналатын ашық буындағыдай дыбысталады: А (а-pa), Ä (ä-ke), E (e-ne), I (ı-nı), O (o-tan), Ö (ö-ner), Ū (ū-lan), Ü (ü-mıt), Y (y-dys);
  • дауыссыз дыбысқа өзінен кейін қысаң езулік жуан [ы] дыбысы қосылып айтылады: B [by], D [dy], F [fy], Ğ [ğy], H [hy], J [jy], M [my], N [ny], Ŋ [ŋy], P [py], Q [qy], S [sy], Ş [şy], T [ty], V [vy], Z [zy];
  • жіңішке дауыссызды таңбалап тұрған дауыссыз дыбысқа қысаң езулік жіңішке [і] дыбысы қосылып айтылады: G [gı], K [kı];
  • кейбір үнділердің әрпі бейтарап жағдайдағы дыбысталуына сәйкес алдына селбеспе қысаң дыбыспен аталады: İ [ıi], L [yl], R [yr], U [ūu].

 

Негіздемесі

  1. Жаңа әліпбиде дауысты дыбыстардың жіңішке сыңарын белгілеуші диакритикалық таңба ретінде умлаут алынды, себебі умлауттың таңбасында «жіңішкелікті білдіру» деген концепті ғана бар және ол латын әліпбиін білетін кез келген тіл иелменіне бірдей ортақ таныс. Умлаут диакритикасы Ә – Ä, Ө – Ö, Ү — Ü дыбыстарын таңбалауда қолданылды: ädep, öner, ülken. Умлаутпен жіңішке дауысты дыбысты таңбалған тіл көп: неміс, швед, венгр, түрік, әзербайжан, түрікмен, т.б. тілдер.
  2. Ғ дыбысын бревис диакритикасы арқылы Ğ таңбасымен беру ұсынылады: ğaryś, jaŋğyru, ğylym. Бревис – латын графикасы негізінде түркі тілдерінің әліпбиінде жуысыңқы, тіл ортасы ұяң дауыссыз Ғ дыбысы үшін алынған ортақ диакритикалық белгі. Бревис мәтінде көзге бірден танылады.
  3. Ф әрпіне арнайы таңба алынды, себебі Ф дыбысымен келетін сөздер қазақ әдеби тіліне алдымен араб, парсы тілдерінен еніп, кең қолданыс тапқан: Фзулли, саф, Фараб т.б. Ал орыс тілі арқылы енген 14 600-ден астам шеттілдік сөздің шамамен 2000-ның құрамында Ф әрпі бар (футбол, федерация, фольклор, фосфор, фотон). Бұлардың барлығын қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына салса, П немесе Б дыбысы арқылы игеруге болады. Алайда Pzulli немесе Bzulli, sap, Parab немесе Barab; putbol немесе butbol, pölklor немесе bölklor, pospor немесе bosbor, poton немесе boton деп өзгерту бұл сөздердің танылуын қиындатады. Сол себепті әліпбиге Ff таңбасы алынды: Fzulli, saf, Farab; futbol, federasia, fölklor, fosfor, foton.
  4. Кирилдегі Й мен И әріптеріне ортақ бір таңба алынды, себебі бұл әріптің сөздегі позициясы қай кезде дауысты-дауыссыз тіркесі, қай кезде жалаң дауыссыз дыбыстың таңбасы екенінен белгі береді. Мысалы, ай, тай, лай, лайк, фейк деген сөздерде дауысты дыбыс таңбасынан кейін тұрғандықтан, бұл әріп дауыссыздың таңбасы екені анық, ал керісінше, И-дің таңбасы сөздің басында немесе дауыссыз дыбыс әрпінен кейін тұрса, бұл Ы+Й және І+Й түріндегі дауысты мен дауыссыз дыбыстың тіркесін таңбалайтын әріп екені анық, мысалы, ине <ій-не>, киім <кі-йім>, қиын <қы-йын>, жиын <жы-йын>, институт <ійн-стій-түут>, кино <кій-но>. Сонымен бірге екеуінің таңбасы бірдей болғаннан бұл әріппен жазылған сөздердің айтылу нормасына ешқандай нұқсан келмейді. Сондықтан бұларға бір таңба беру жазуды ықшам әрі түсінікті, оқуды оңтайлы қылады, оқырманның аз уақытта көп ақпарат алуына мүмкіндік береді, қазақ жазуының тиімділігін арттырады.

/İ/ әрпі әліпбидегі күрделі мазмұнды екі әріптің бірі. Ол сөз басында (тек ашық дауыстының алдындағы жағдайды ескермегенде) және дауыссыз дыбыс таңбасының алдында жуан сөзде [ый], жіңішке сөзде [ій] дыбыс тіркесін таңбалайды: іyq – [ыйық], iridi – [ійрійдій], iıntırek —  [ійінтірек], oqidy – [оқыйды], kino – [кійнө], bekidı – [бекійді] ал сөз басында ашық дауыстының алдында және дауысты дыбыс таңбасынан кейін тұрса, жалаң дауыссыз Й-дің өзін таңбалайды: iağni – [йағній], qaida – [қайда]. Сөйтіп, шет сөздер мен төл сөздер орфограммалары бір ережеге негізделеді, бұрынғыдай «шет сөзде И дауысты, төл сөзде дауыссыз дыбыс» деп бөліп түсіндіретін ереже жойылады, барлық сөздер біртұтас ұлттық емлемен жазылады, біртұтас орфоэпиялық ережеге сәйкес дыбысталады.

  1. І мен Й, И дыбыстарын беретін таңбаларды өзара алмастыру және и-дің бас әрпін нүкте арқылы /İ/ түрінде таңбалау ұсынылды: İnstitut –Irımşık; jinalys, itjidek, miras; sinus, instagram, universiada; ızgılık, bılım, ırgelı. Cебебі кирилдегі И-ді латындағы İ таңбасымен беру термин сөздерді халықаралық тұрпатына жақындатады, бұл көзшалымға қолайлы, мысалы, piramida, respublika. Сонымен бірге İ таңбасының бас әрпі «ноқатпен» берілгенде, сөздердің графикалық тұрқының танылу деңгейі артады: іne, jіyn, kögoraі, aіdar; іnstіtut, inovasia, titul/İNE, JİYN, KÖGORAİ, AİDAR; İNSTİTUT, İNOVASİA, TİTUL.

Статистикалық жақтан [і] дыбысы (ілгіш, іркіт) –  абсолюттік кездесу жиілігі 5 орындағы жіңішке сөздердің барлық грамматикалық түрленімінде кездесетін қазақ тіліндегі белсенді дауысты дыбыс: үй-ІмІз-дегІ-нІң, ІнІ-мІз-дІң, әң-гІ-ме-мІз-дІң, Іл-гІш-І-нІң т.б., оның үстіне бұл сөздердегі жіңішке дауыстылар екі ноқатты умлаутпен таңбаланады да әріпүсті диакритика көбейеді, сондықтан і-нің әрпінің үстіне ноқат қойылмаса, яғни оны ɪ/ әрпімен жазса, жолүсті белгілер азаяды, бұл оқу-жазуды жеңілдетеді: üiımızdegınıŋ, ınımızdıŋ, äŋgımemızdıŋ, ılgışınıŋ.

  1. У дыбысын U таңбасымен беру ұсынылды. У әрпін Ý таңбасымен жазу қиындық тудырды. У-дың жиілігі жоғары, сондықтан қолжазуда жазу жолының төменгі жағына созылып түсетін кіші әрпінің «созылған» тұрқы мәтінді көзшалымға ыңғайсыз жасады. У дыбысын шеттілдік сөздерде Ý таңбасымен жазу, олардың мәтін ішінде бірден танылуын қиындатты: ýran, ýnıversıtet, vakým. Осы әріппен келген төл сөздің де графикалық кескіні көзшалымға ауыр: ýaqyt, saýda, jýý, týý; Ал У-ды U әрпімен таңбалау universitet, konstitusia, turızm сияқты термин сөздердің тұрпатын халықаралық қолданыстағы нұсқасына сәйкестендіреді. Төл сөздерге тез танылатын графикалық кескін береді: qauyn, su, uaqyt, baru, kelu, keruen. У әрпінің Ұ әрпіне қарағанда жиілігі жоғары. Сондықтан У-ды диакритикасыз U-мен таңбалаған диакритиканың көптігін тудырмайды. Сөздер мәтін ішінде тез танылады, көзшалымға қолайлы.

/U/ әрпі  /İ/ әрпі сияқты әліпбидегі күрделі мазмұнды әріптің бірі ол сөз басында (тек ашық дауыстының алдындағы жағдайды ескермегенде) және дауыссыз дыбыс таңбасының алдында жуан сөзде [ұу], жіңішке сөзде [үу] дыбыс тіркесін таңбалайды: uyq – [ұуұқ], uran – [ұуран], uıl —  [үуіл], qaru – [қарұу], prokuratura – [прокұуратұура], külu – [күлүу], universitet – [үунүйверсійтет], ал ашық дауыстының алдында сөз басында және дауысты дыбыс таңбасынан кейін тұрса, жалаң дауыссыз У-дың өзін таңбалайды: uaqyt – [уақыт], sauda – [сауда]. Сөйтіп, шетсөз бен төл сөз орфограммасы бір ережеге негізделеді, бұрынғыдай «шетсөзде У дауысты, төл сөзде дауыссыз» деп, бөліп түсіндіретін ереже жойылады, барлық сөздер біртұтас ұлттық емлемен жазылады, біртұтас орфоэпиялық ережеге сәйкес дыбысталады.

  1. Ұ дыбысының таңбасына Ū макрон диакритикасы алынды: Ūsynys, jūrnaq, maǵlūmat. Себебі дыбысталуы өзара ұқсас әріптерді әліпбиде бір базалық әріп негізінде жасап, қатар орналастыру көзделді. Сонда /U/, /Ū/, /Ü/ таңбаларын тану, қабылдау барысы әліпбидің көзшалымға  қолайлылығын, қолдағдыға икемділігін арттырады. Сондай-ақ Ұ әрпінің У әрпіне қарағанда жиілігі төмен, сондықтан оның диакритикасы /Ū/ көзшалымға қиындық тудырмайды. Мұның педагогикалық негіздемесі бойынша «кирил жазуындағы Ұ әрпінің ортасындағы сызық латында осы дыбысты таңбалайтын әріптің үстінен қойылады» деп ассоциация арқылы үйрету /Ū/ графемасын тез танып, жазуға септігін тигізеді.
  2. Ң дыбысы халықаралық фонетикалық әліпбиде бар Ŋ таңбасымен берілді. Көптеген грамматикалық категория формасы тұлғаларында бар, жиілігі жоғары Ң дыбысына диакри тикалық Ń таңбасының алынуы әріпүсті қосалқы таңбалардың көбеюіне, соның салдарынан мәтіннің көзшалымға ыңғайсыздығына әкеп соғады; Ŋ таңбасы мұрын жолды, үнді дауыссыз дыбысты (ң) белгілейді, Ŋ қолды үзбей жазуға ыңғайлы әрі жолүсті таңбаларын көбейтпейді. Сондай-ақ кирилнегізді қазақ әліпбиіндегі Ң әрпінің кескініне ұқсастығы тез дағдыландырады: aŋşy, jaŋbyr, köleŋke.
  3. Ш дыбысы седиль таңбасымен (Ş) берілді: şaŋyraq, qaşyqtyq, alaş. Себебі Ш дыбысының мәтін ішіндегі жиілігі жоғары, оны SH екі таңбамен беру мәтінді жасанды ұзартады. Сондықтан оны бір әріппен таңбалау қазақ тіліндегі «бір дыбыс – бір таңба» принципін сақтауға мүмкіндік береді. Оның үстіне SH диграфы оқуда қолайсыз. Себебі бір сөзде Ш, бір сөзде СХ болып оқылады, сол себепті Qoshan (Қошан/Қосхан), alǵyshat (алғышат/алғысхат), Shyńǵyshan (Шыңғысхан/Схынғышан), dárishana (дәрісхана/дәрішана), kúlmeshan (күлмешан/күлмесхан), shema (шема/схема), Eshıl (Есхил/Ешил) сияқты екіұшты оқылатын, контекспен ғана ажырататын сөздер көбейеді. Ал Ş таңбасы жайылыңқы жуысыңқы қатаң дауыссызының таңбасы ретінде бірнеше әліпбилерде қолданылған, сондықтан мәтінде тез танылады.
  4. СҺ (Ч) таңбасын әліпбиден алып тастау ұсынылды. Себебі Ч дыбысы қазақ тілінің төл дыбыс жүйесіне жат, өз сөздерінде кездеспейді, Ч дыбысымен келетін шеттілдік сөз саны өте аз және олардың қолданыс жиілігі де төмен. Оның үстіне Сh диграф құрамындағы бір компонент — С әрпі әліпбиде жоқ болғандықтан, осы күрделі әріпті жазу-сызуда үйреткенде қиындық тудырады. Ч – аффрикат дыбыс, ол Т+Ш дыбыстары элементтерінің жымдасуынан жасалған, сондықтан оны өз құрамында бар [Ш] дыбысының таңбасымен, яғни Ş әрпімен беру сөздердің графикалық кескінін де, дыбысталуын да айтарлықтай өзгертпейді, сөйтіп, оларды оқырман мен жазарман жеңіл ажыратады. Сонымен қатар кирилдегі Ч-ның орнына Ş жазылған сөздер түпнұсқа тілдегі тұрпатына да ұқсайды, әрі қазақшаланады. Жазуда бірден танылады, айтылуда тыңдарман үшін түсінікті: blokşein, kouşiŋ, şempion т.б.
  5. Әліпбиде Ц әрпі жоқ, себебі Ц дыбысы қазақ тіліне тән емес. Ц – аффрикат дыбыс, ол Т+С дыбыстары элементтерінің жымдасуынан жасалған, сондықтан оны өз құрамында бар [С] дыбысының таңбасымен, яғни S әрпімен беру сөздердің графикалық кескінін де, дыбысталуын да айтарлықтай өзгертпейді, сөйтіп, оларды оқырман мен жазарман жеңіл ажыратады. Сонымен қатар кирилдегі Ц-ның орнына S жазылған сөздер түпнұсқа тілдегі тұрпатына да ұқсайды, әрі қазақшаланады. Жазуда бірден танылады, айтылуда тыңдарман үшін түсінікті: polisia, sirk, sirkül, astekter т.б.
  6. Бекітілген әліпбидегі Ы дыбысын латынның Ү әрпімен беру жетілдірілген нұсқада сақталды, себебі жуан, қысаң езулік дауысты Ы дыбысын осылай таңбалау халықаралық транскрипциялық жүйеден әбден белгілі: Almaty, Kyzylordа, Fazyl, т.б. сияқты қазақтың жер-су аты, кісі есімі осылай транскрипцияланады. Сондықтан латындағы Ү таңбасының дыбыстық мазмұны Ы дыбысы деген түсінік жаппай орныққан. Ал кейбір ұсыныстарға сүйеніп, Ы-ны I ı таңбасымен беретін болсақ, онда осы таңба белгілеп тұрған жіңішке [і] дыбысына ноқатты İі таңбасын алуға тура келеді, олай болса, И/Й-ді Үү таңбасымен жазу керек болады. Бұл сөздердің жазба мәтіндегі танылуын қиындатады, көзшалымға қолайсыз: ynstytut (институт), yne (ине), mynystr (министр), ayu (аю), yt (ит), oqyğa (оқиға), taryhy (тарихи), ğılımy (ғылыми). Сондықтан Ы дыбысын /Yy/ таңбасымен, соған сәйкес И/Й-ді /İі/ таңбасымен беру сөздердің графикалық кескінін жеңіл танытады: ydys, yrys, basşy, qajy; іnelık, іgeru, mädeni, universitet, respublika
  7. В әрпіне латын графикасында арнайы таңба алынды, себебі В дыбысы бар орыс және орыс тілі арқылы енген шеттілдік сөздер қазіргі ғылым мен техника, білім саласының барлығында дерлік кездесетін жиілігі жоғары термин сөздердің қорын құрап тұр: инверсия, вагон, эволюция, вокзал, вирус, вакуум т.б. 14 600-ден астам шеттілдік сөздің 1575-інің құрамында В әрпі бар. Бұлардың барлығын қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына салса, Б немесе У дыбысы арқылы игеруге болады. İnbersia немесе inuersia, bagon немесе uagon, ebolüsia немесе euolusia, birus немесе uirus деп өзгерту бұлардың мәтін ішіндегі көзшалымға танылуын қиындатады. Сондықтан латынграфикалы әліпбиде В дыбысына арнайы V таңбасы алынды: inversia, vagon, evolüsia, vokzal, virus, vakum.
  8. Әліпбиде Ю, Я әрпі мен Ь, Ъ белгісіне таңба алынған жоқ, себебі алғашқы екеуі көпқызметті орыс әріптері. Олар қазақ сөзінде Я – ЙА, Ю – ЙУ дыбыс тіркесін білдірді, ал орыс сөздерінде осымен қатар жіңішке дауыссыздан кейінгі дауыстыны: Я – А-ны (Таня – [Тан’а]), Ю – У-ды (любовь – [л’убоф’]) таңбалауға жұмсалды. Ал бұл (ЙА, ЙУ, А, У) дыбыстардың барлығына да жаңа әліпбиде жеке таңба бар, сондықтан Я мен Ю-ді ерекшелеп, тағы арнайы таңба алудың қажеті жоқ.

Ь мен Ъ – әріп емес, олар орыс емлесінде дыбыстық құбылыстарды, атап айтқанда, Ь – жіңішке дауыссызды, ал Ъ йотталған (алдында қысқа Й дыбысы бар) дауыстыны таңбалауға қолданылған белгілер. Қазақ тілінде дауыссыз жіңішке болмайды, ал Й-дің арнайы таңбасы бар, сондықтан бұларға әріп алудың қажеті жоқ.

  1. Ww, Xх, С әріптері ұлттық әліпби құрамына алынбайды, бірақ пернетақтаға алынады. Бұл мәселенің ғылыми негізі кез келген дыбыстық-әріптік жазуда әліпби, графика және орфографияның болатынымен байланысты (Құралай Күдеринова. Әліпби деген не? Графика деген не? Орфография деген не? //https://kaz.tengrinews.kz/article/alpbi-degen-ne-grafika-degen-ne-orfografiya-1033/). Егер әліпби белгілі бір ретпен орналасқан әріптер жүйесі болса, графика осы әріптердің дыбыстық мазмұнын немесе өзара тіркескен бірнеше әріптің транслитерациялық мазмұнын көрсетеді, ал орфография сөздердің жазу нормасына сәйкес таңбалануын реттейді. Сонда аталған таңбалардың қазақ жазуындағы қолданысын әліпби мен графика емес, орфография реттеп, регламенттейді. Сондықтан ағылшынның W, X, C әріптері ұлттық әліпбиде болмағанымен, қазақ мәтінінде таңбаланады. Сол үшін латыннегізді қазақ пернетақтасында (клавиатурасында) ағылшын тіліндегі W, X, C әріптерінің түймешесі болады, олар цитаталық принциппен жазылатын Windows, Maxima, Coca-cola сияқты бренд, марка атаулары үшін қолданылады.

 Анар Мұратқызы Фазылжан,

Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі,

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына»

ұлттық ғылыми-практикалық орталығының

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

24 Пікір

  1. Аноним

    sh әрпын s әрпының үстыне ~мына белгны қоиып жазса жақсы көрнеды

  2. Темір

    Іі — İi, Ыы — Iı , ал Йй — Yy болып алынбаса бәрі бос сөз, себебі қазақ тілінде Ии әрпі керек емес, ол табиғи түрді қазақ тілінде ій мен ый екен қашаңғы айтып түсіндіреміз. мына мақаланың авторы осындай элементарлы білімнен мақұрым ба сонда?
    Алдыңғы үш түкке жарамайтын нұсқаларды кім шығарғаны енді түсінікті болды!

  3. Есқат

    Латындағы X пен W әрпін міндетті түрде алу керек. Онсыз болмады. Ғылыми еңбектерде ол әріптің қолданылымы көп.

  4. Аноним

    Осы әліпбидің әбден пісіп жетілгені көрініп тұр. Көзшалымға да үйренуге де оңай. Ғылыми негіздері соқырға таяқ ұстатқандай дәлелденген. Ендігі кезекте осыны ит талағандай қылмай,бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып қабылдаған дұрыс сияқты.

  5. QAZAQ

    Ұсынып отырған әліпбидегі Ä ä, Ğ ğ, I ı, Ŋ ŋ, Ö ö, Ş ş, Ū ū және Ü ü таңбалары файлдарды атап сақтауға және компьютерлік бағдарлама жасауға пайдаға аса ма?

  6. Аноним

    «… Ендігі кезекте осыны ит талағандай қылмай…»
    әй, аноним, сонда олар тілді «ит талағандай» қылса бола береме? қараңыз: «tuwuwı tuwralı küwälik» десек сөздің тұрқын ұзартады деп қояды, «туыт куәлігі» болатын сөзді әдейі бұрмалап мысалға алғандары көрініп тұр. сонда тілді » ит талағандай қылмай» тын кімді айтпақсыз?

  7. Аноним

    Әрине осы саланы түсінетін тіл мамандары мына бір жерін былай жасасақ деген дәлелді ұсыныс айтса келісуге де дұрыстауға да болады ғой. Бірақ сол істі терең, жете меңгерген маман айтса болар еді.

  8. Berik

    Осы нұсқаны қабылдау керек. Талқылау тоқтатылсын. Əйтпесе «тек менікі дұрыс» деп айғайлай беретін «білгіштер» шыға береді. Мысалы, осында комменттерден көріп отырмыз. Олардың бəрінің көңілінен шығу мүмкін емес.

  9. Аноним

    Екі ғылыми топ талқылағанда екеуінің де дәлелдері тастай дұрыс. Бірақ менікі ғана жүз пайыз дұрыс деп тұрып алу да қалай болады. Екі жақтың да кейбір ақылға қонатын жерлерін алып ортасын тапқан жоба деп түсініп отырмыз. Айтпағымыз ғалымдар бір мәмілеге келе алмаса, бірін-бірі тыңдай алмаса өткен жобалардағыдай қосарланған әріп, жанына үтір қойылған әріпі бар қазаққа зиянды әліпби қабылданып кете ме деген қауіп қой. Осы әліпби жобасын бір кісідей қолдайық дегеніміз сол. Жазуға ыңғайлы,жақсы оқылып тұр, көзге қораш емес.

  10. QAZAQ

    Кірме сөздермен қосылатын, бұрынғы кирил әліпбиіндегі Фф, Хх(Һһ), Вв дыбыстары болашақ ресми әліпбиімізде орын алмағаны жөн ғой…

  11. Аноним

    Ия бұрындары үлкен кісілер Фариданы Пәрида, Фатиманы Бәтима Патыма, футболды бұтбол, вагонды бәгөн деп айтатын.

  12. QAZAQ

    Аудармашыларымыз орыстың шоферын (немісше шафер) біздің тілге ыңғайламаса да, осы күнге дейін сол «үлкен кісілердің» ұрпақтары автокөлік жүргізушісін «шопыр» деп жүр ғой. Қазекең өзінің шын атын өмірінде 2 рет қана дұрыс атап-жазады: азан шақырып есімін қойғанда және ақиретке кеткенде. Оған қазақ тіл ғалымдарының немқұрайлығы да әсерін тигізуде. Қазақ арасында Бәтима, Пазыл десе, татарлар Фатима, Фазыл дейтінін жасырып бұрмалаған жөнсіз ғой.

  13. Аноним

    «екі ғылми топ талқыласа» болғаны, еш күмансыз мүлги салу керекпе? бұлардың бағыттары қате. Қазақ тіліне әліпби түзіп отырып, «орыс тілінде былай оқылушы еді» деп бас ауыртқандары несі? олардың тілінің жоғын жоқтау осыларға қарап қалыппа? олар өздерінің тілінің босағасынан сығалатпайды бұларға.
    басқаларға жалтақтамай өз тіліңнің қағидаларын ғана басты пренсип етіп ұстану керек. бұлардың өз — өзіне сенімдері жоқ, содан барып өз тіліне, өз халқына сенім арта алмай отыр, содан барып тіліміздің мүддесін басқалардың ыңғайына жығып беруге дайын болып тұр.

  14. QAZAQ

    Иә, ғалымдарымыз жаңа жазуымызға жаңа грамматика жасауға тер төкпей, ескі орыс грамматикасын сақтап қалғысы келеді. Олай болмайды ғой. Бұрынғы емледен «сөйлем сөздерден тұрады. Сөйлем бас әріптен басталып, аяғында нүкте, сұрақ немесе екпінді белгісі қойылады. » дан басқасы қайтадан жазылуы қажет. Сөзді буынға бөліп, оны жазуымызда пайдаланып, «қате» іздеп табудың қажеттілігі де күмәнді…

  15. Данияр

    Ы дыбысты Ү әріппен белгілеуге болмайды. 1-ші себеб логика. Әр әліпби логакалық болу керек. жуан және жінішке дыбыстарды умляютпен ажыратады A-Ä, O-Ö, U-Ü, (әріптер бір бірне ұқсайды) Бірақ жуан Ы (Ү) және жінішке і (І) дыбыстар одан бөлек болып тұр. Неге? Ол дұрыс емес. “Ұлттық” жоба нұсқасында логика сақталынған A-Ä, U-Ü, O-Ö, I( ы)-İ(і). 2-ші себеп. Түрік елдерде (түркия, әзербайжан, татарлар, ногайлар, қарақалпақтар ы дыбысты ı әріппен белгілеген өйткені ол ортатүркі әліппеде солай белгілеген. Басқа елдерде ı әрібі жоқ! осы әріп тек ғана түрік елдерде кездесеін әріп, ол ешқайда і дыбысты көрсетпейді. Біз қазақ тілдін реформасын өткізіп жатырмыз, орыстын сөзін қалай жазамыз әнгімесін көтіруге болмайды, өйткені орыс сөздерін қазаққа сындырып жазуымыз керек! Ы — I, Й-Ү, і-i. Қазақ тілінде И жоқ!

  16. Daniyar

    Ы-І, Й-Ү, і-і болу керек. Қазақ тілінде и мен у дыбысы жоқ! И-ды қазақтар ый/ій деп айтады ал у ды ұу/үу. Осы емлені сақтауымыз керек. Қазақтын у дыбысы орыстын у дыбыстан бөлек. Қазақтын у дыбысы дауыссыз ал орыстын у дауысты. Ағылшын тілде дауыссыз у бар ол w әріппен белгілейді. Мысалы walt disney (уолт диспей) will smith (уил смит), folloW (фоллоУ), yellow ( йеллоУ), Wikipedia (уикипедия). Университетті Üniversitet деп жазуға болады. Кірме сөздерді қазақ тілге аударып жазуымыз керек. Ол проблема емес.

  17. QAZAQ

    Қазіргі кирил әліпбиіміздегі Ә, І, Ң, Ғ, Ү, Ұ, Қ, Ө және Һ таңбаларды компьютер «оқымайды». Сондықтан, әліпбиге қойылатын шешуші талап — таңбалары компьютерге «танымал» болуы қажет. Сонымен қатар әріптері мен ережелері жазған кезде қолдануға жеңіл болса.

  18. Daniyar jane QAZAQ biraz duristaw aytti

    әліпби деген нәрсе өз халқы үшін, және де оларды шет тілін білмейді деп жорамалдап алып, сонан соң жасалады. шет тілінде оқылуын кесе көлденең тарта берсе, одан түзілген әліпби будандасқан бірдеңе болады да шығады. «ком…» көптеген шет тілдерде «кам…» болып оқылады, соған қарап біз «о» әрібі «а» болып оқылып кетеді — ау деп майысып тұрсақ болама?

  19. QAZAQ

    Әскерге шақырылған жастардың өміріндей жазуымызды қиындатпаңыздар, ғалым мырзалар мен ханымдар.

  20. Dahulet xariba

    Серык ерғали ағамызды қолдаимз26 қарып : ә-ah, ғ-f, ш-c, і-h дәиекше , ң-ng, қ-х, ұ-v, ү-w, й-i, ы-у, ө-Q, a, b, d, e, j, k, l, m, n, o, p, r, s, t, z.

  21. Ana tılı turaly

    Ana tılım» — Nesıpbek Aitūly

    Ana tılım,
    Jüregısıŋ anamnyŋ.
    Jürek-ana,
    Men özıŋnen jaraldym.
    Sağat saiyn saulyğyŋdy tıleimın,
    Sensız mynau keregı ne ğalamnyŋ!
    Senıŋ ärbır tynysyŋmen kün keşem,
    Sen arqyly tırşılıkpen tıldesem.
    El betıne qalai tüzu qaraimyn,
    Ana tılım,
    Eger senı bılmesem.
    Senıŋ arqaŋ dünieden syr ūqsam,
    Senıŋ arqaŋ jüzıp ışsem tūnyqtan.
    Tuğan anamdy ūmytqanym emes pe,
    Tuğan tılım,
    Eger senı ūmytsam.
    Senıŋ arqaŋ özımdı özım tüsınsem,
    Aqyl-oiym, aibatym-sen, küşım-sen!
    Qoisyn mağan künnıŋ nūry tüspei-aq,
    Ana tılım,
    Aryŋa daq tüsırsem.
    Ağytatyn tasqyn oidyŋ tiegın,
    Özıŋ ğana syiynatyn kielım!
    Rizamyn otqa janyp sen üşın,
    Külge ainalyp ketsın meilı süiegım.
    Ana tılım, dana tılım, baq tılım,
    Sensız baqyt dünieden tapty kım?
    Sensıŋ menıŋ quanyşym, şattyğym,
    Sensıŋ menıŋ tazalyğym, päktıgım.
    Ana tılım,
    Altyn ūiam, qūndağym,
    Aq besıkte äldiıŋdı tyŋdadym.
    Senıŋ jyryŋ, senıŋ änıŋ aitarym,
    Sanam sönıp, bailanğanşa tıl-jağym!

  22. Durıs nusqa

    Ana tilim» — Nesipbek Aytulı

    Ana tilim,
    Jüregisiñ anamnıñ.
    Jürek-ana,
    Men öziñnen jaraldım.
    Sağat sayın sawlığıñdı tileymin,
    Sensiz mınaw keregi ne ğalamnıñ!
    Seniñ ärbir tınısıñmen kün keşem,
    Sen arqılı tirşilikpen tildesem.
    El betine qalay tüziw qaraymın,
    Ana tilim,
    Eger seni bilmesem.
    Seniñ arqañ düniyeden sır uqsam,
    Seniñ arqañ jüzip işsem tunıqtan.
    Tuwğan anamdı umıtqanım emes pe,
    Tuwğan tilim,
    Eger seni umıtsam.
    Seniñ arqañ özimdi özim tüsinsem,
    Aqıl-oyım, aybatım-sen, küşim-sen!
    Qoysın mağan künniñ nurı tüspey-aq,
    Ana tilim,
    Arıña daq tüsirsem.
    Ağıtatın tasqın oydıñ tiyegin,
    Öziñ ğana sıyınatın kiyelim!
    Rıyzamın otqa janıp sen üşin,
    Külge aynalıp ketsin meyli süyegim.
    Ana tilim, dana tilim, baq tilim,
    Sensiz baqıt düniyeden taptı kim?
    Sensiñ meniñ quwanışım, şattığım,
    Sensiñ meniñ tazalığım, päktigim.
    Ana tilim,
    Altın uyam, qundağım,
    Aq besikte äldiyiñdi tıñdadım.
    Seniñ jırıñ, seniñ äniñ aytarım,
    Sanam sönip, baylanğanşa til-jağım!

  23. Gvlaica caisoltan

    Серык ерғали ағамызды қолдаимз26 қарып : ә-ah, ғ-f, ш-c, і-h дәиекше , ң-ng, қ-х, ұ-v, ү-w, й-i, ы-у, ө-Q, a, b, d, e, j, k, l, m, n, o, p, r, s, t, z.

  24. Аноним

    Бірінші нұсқада жазылған жоғарғыдағы өлең мәтіні оқуға ыңғалы, тез оқылып тұр.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.