Жанар ТӨРЕБАЕВА: БҰЛ ІНДЕТ АДАМЗАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ӨЗГЕРТТІ

Жанар ТӨРЕБАЕВА,
Франция медицина ғылымының докторы,
Жоғары дәрігерлер ордасының кеңесшісі, дәрігер-гериатр

Франциядағы Ренн метрополі, Сан-Жиль мәслихатының жаңадан сайланған депутаты Жанар Әскербекқызы Алматы облысы Шелек ауылындағы Абай атындағы қазақ орта мектебінің үздік түлегі. Дәл қазір Францияның Ренн қаласында коронавирус дертіне шалдыққандарды емдеп жүрген гериарт дәрігер. Гериартрия – қарт адамдарды емдейтін маман. Күллі әлемді тітіренткен Covid-19 індеті, әсіресе қарттарға ауыр тиіп отыр. Осы орайда Еуропа елінің індетпен күрес тәжірибесі қандай, қайткенде бұл дертті жеңіп шығамыз, қарттарымызды індеттің шеңгелінен қандай жол арқылы сақтаймыз деген сауалдар және өзге де тақырыптар төңірегінде сұхбат құрдық.    

– Осы күні дүниежүзі екінші жаһан соғысынан бері бастан кешпеген қиындықпен бетпе-бет келіп тұр. Заманауи ғылым мен медицинаның мүмкіндіктеріне көп адам иек артқанымен, Covid-19 дертіне вакцина әлі табылмады. Аурудан емделіп шыққандардың дерегі қуантқанымен, жазылмағандардың саны басымдау секілді. Мұның бәрі жер шары тұрғындарының көңіліне алаң кіргізіп, үрейін үстейтіндей. Ғалым ретінде, маман ретінде осы бір мәселелерге деген пікіріңіз, ұстанымыңыз қандай? Біз бұл дертті қашан, қалай жеңеміз?
– Дүниежүзі ғалымдарының болжамы бойынша, бұл індет 12 айға созылуы мүмкін. Әсіресе суық қыс пен салқын көктемде коронавирустың вируленттілігі, яғни ауыртқыш күші өте мықты болады. Ғылыми болжамдар бойынша вирус күн ысығанда әлсіреп, ауыртқыш күші азаяды деген үміттеміз. Сондықтан мамыр айына дейінгі уақытта айналамызға үлкен жауапкершілікпен қарап, карантинді қатаң сақтауымыз керек. Себебі, эпидемия кезінде дерт жұқтырған адамдар саны бір мезгілде күрт артса, бірде-бір мемлекет, тіпті медицинасы ең қуатты деген елдердің өзі жаппай тараған аурумен күресе алмайды. Науқастарды емдейтін аурухана орындары, дәрігерлер, дәрі-дәрмек жетпей қалады да, сансыз адам көз жұмады. Ал карантин тәртібін қатаң ұстап, халық үйінде отырса, науқастар саны бір мезгілде соншалықты көбеймейді. Дерт жұқтырған адамдарды бақылауда ұстап, жақсылап емдеуге мүмкіндік болады. Мамыр айына қарай, күн ысып, вирус әлсірейді де, ауру азаяды. Демек карантинді қатаң сақтағанда ғана дертті жеңе аламыз. Ал вирус күшінде тұрғанда адамдар үйлерінде тығылып, гигиена сақтап отыруы керек. Бірер ай шыдайық, сонда адам өзінің де, өзгенің де өмірін сақтап қалады. Бір-екі метр арақашықтық сақтау да аса маңызды. Жағдай болса ұйықтағанда да бір жарым метр арақашықтықты сақтаған дұрыс. Қолды сабындап жуу да аса маңызды. Коронавирустың сыртындағы тәж тәрізді тікенектерінің мембранасы липидттардан құралған. Липидт – май деген сөз. Сабын – майды кетіретінін бәріміз білеміз. Яғни сабындағанда әлгі тәж тәрізді тікенектердің мембранасы ашылады да, вирус өліп қалады. Сондықтан қолды жиі сабындап жуу керек. Өкімет айтқан тәртіпке көндігіп, вирус таратпаудың жауапкершілігін сезіне білген дұрыс.
– «Еуропа мемлекеттері елең қылмаған-дықтан індетті үдетіп алды» деген пікір де жоқ емес. Бұл сөзбен қаншалықты келісесіз? Індетпен күресте ең алдымен нені ескеру керек еді? Еуропа елдері бұл күресте нені ұмыт қалдырды?
– Коронавирустан көп зардап шеккен Италия туралы айтайын. Мұнда ауырғандар ғана емес, өлім көрсеткіші де артып кетті. Себебі Италияға Қытай елінен туристер көп келген және Италияда вирус тасымалдаушысы пайда болғанда елде футбол мачты өткен. Ол матчқа Италияның жан-жағынан жанкүйерлер ағылып келіп, қайтарда вирус тасымалдаушысына айналған адамдар өз қалаларына, қалашықтары мен елді мекендеріне Covid-19-ды жұқтырып ала кеткен. Мемлекет басшылары вирус шыққан екі қалаға карантин жариялаймыз дегенде, ол қаланың тұрғындары екіге жарылды. Бір жартысы індетке сенбеген, сондықтан жайбарақат жүріп, карантин заңдылықтарын сақтамай, көше аралап, кафе-пабтарды жағалап вирусты тарата берген. Қалған жартысы індеттен үрейленіп, қаладан қашып кетсе ауру жұқпайды деп ойлап, Италияның өзге өңірлеріне бассауғалай жөнелген. Осылайша өздерінің де ауру таратушы екенін түсінбеген қалпында басқа қалаларға барып, індетті таратқан. Енді Италияда өлім көрсеткіші неліктен көп? Себебі, ауру күрт өсіп, бір мезгілде сансыз адам ауырған. Олардың бәріне ауруханалардан орын, реанимациялық төсектер жетпей қалған. Тынысы тарылып, деміккен науқастың бәріне өкпенің жасанды вентиляциясы керек болғанда, ол аппарат та жетпеген. Көп адам осы себептерден қайтыс болып кетті. Оның үстіне Италияның халқы ұзақ өмір сүреді. Қарт адамдарға бұл ауру ауыр соғады. Себебі, қарт адамдардың иммунитеті мықты болмағандықтан, вируспен күресе алмайды. Оған бактериалды инфекция қосылады да, пневмонияға жылдам ұшырайды. Жас адамдарға қарағанда қарттар екі есе жылдам пневмония болып, оның аяғы фиброзға айналып, көз жұмады.
Қарт кісілерді жасанды вентиляцияға салу да медицина ғылымында өте қиын. Сексен жастан кейінгілерге жасанды аппаратты қойған соң, оны ала алмай қаламыз. Сол үшін 80 жастан кейінгілерді ондай аппаратқа салмайды, бірақ дәрі-дәрмектің бәрін береді. Алпыс жастан асқандардың 90 пайызға жуығы қайтыс болып кетуінің себебі осы.

Еуропа елдерінің бірі, өзім тұратын Францияның жағдайына келсем, Францияда 17 наурызда 15 күнге карантин жарияланды. Ол кейін тағы 15 күнге ұзартты. Медицина мамандарының болжамы бойынша, карантин тағы 15 күнге, яғни мамырға дейін созатын болар деп ойлаймын. Бұл жақта сәуірде күн ысымайды.
Франциядағы режим – әзірге Еуропадағы режимдердің ішіндегі ең қатаңы. Себебі, мұнда адамдарға үйінен себепсіз шығуға тіпті рұқсат берген жоқ. Адамдар дәрі, азық-түлік алу үшін ғана үйінен шығады. Жалғызілікті, кедей адамдарға көмектесу үшін сыртқа шыққан немесе мемлекет аса маңызды деп санаған жұмысқа баратындардан өзге адамды көшеден таппайсыз. Көшеде себепсіз жүріп ұсталсаңыз, бірінші жолы 135 еуро, екінші рет 200 еуро, үшінші рет 3750 еуро айыппұл төлейді. Францияда адамдар карантин режимін қатаң сақтап отыр. Соның өзінде бүгінгі күнге дейін ауру жұқтырғандардың саны 90 мыңдай адам, жазылғандары 27 мың, қайтыс болғандар 14 мыңнан асты. Францияда осы індет тіркелгенге дейін 70 млн адамға 5000 реанимация төсегі бар еді. Қазір қосымша бөлімшелер ашылып, өкпенің жасанды вентиляциясы аппараттарын сатып алып, реанимация төсектерін 14 мыңға жеткіземіз деп отыр. Ауру жұқтырғандар мен қайтыс болғандардың көптеген санына қарамастан, Франция эпидемияның тек бастапқы кезеңінде тұр деп есептелінеді. Алда ауру жұқтырғандар мен көз жұмғандар саны бұдан да көбейеді деген болжам бар. Індет өршіп тұрған аймақтар – Париждің және Страсбургтің айналасы. Ал мен тұратын өңірдегі жағдай мынандай. Ауру жұқтырғандар 1500, ауруханада жатқандар 300, жан сақтау бөлімінде жатқандар 130, жазылып кеткендер 435, қайтыс болғандар 135 адам. Дәл мен жұмыс істейтін ауруханада 30 шақты адам емделді, 8 адам жансақтау бөлімінде жатыр.
Францияда індет тіркеле сала біз дайындықты күшейттік. Бағдарламаланған консультацияларымыздың бәрін тоқтатып, бөлімдердің бәрін осы індетпен күреске бейімдедік. Коронавируспен келетін, өзге жедел көмек сұрап келетін адамдарға палаталарды бөліп, реттестіріп алдық.
– Хабардар шығарсыз, Қазақстанға індет іргеміздегі Қытайдан емес, кәрі құрлықтан жетті. Ұшақтар – дертті тасымалдайтын алаңға айналды. Covid-19 вирусының әлемді шарлаған ізіне маман есебінде көз жүгіртіп отырсыздар ғой, жер-дүниені шырмаған індеттің «жүріп өтер жолына» қалай тұсау саламыз? Карантин, оқшаулаудан басқа жол бар ма?
– Дұрыс айтасыз, ұшақтар індетті тасымалдайтын алаң болды. Қазіргі жаһандану заманында туризм өте жақсы дамығаны ешкімге жасырын емес. Адамдар туризм немесе жұмыс мәселесімен ұшаққа отырып, дүниежүзін аралап жүр. Бұл, әрине жақсы шығар, алайда эпидемия кезінде кесірі үлкен. Сол себепті індет дүниежүзіне жылдам жайылды. Коранавирус Қытайда бастала салысымен, туризмді тоқтатып, әрбір мемлекет шекарасын, әуе кеңістігін жауып отыра тұруы керек еді. Бұл Еуропа елдері ғана емес, барлық мемлекеттер бастан өткерген қателік. Менің ойымша, барлық мемлекеттерге індет осы туризм, ұшақ арқылы көп таралды. Себебі ұшақтың ішіндегі ауа – жабық кеңістіктегі ауа. Коронавирустың таратушысы ұшақ ішінде отырса, жабық кеңістік арқылы өзге сапарлас адамдарға ауруды тез жұқтырады.
Індетпен күрестің карантин, оқшауланудан басқа жолын, әзірге көріп тұрғаным жоқ. Себебі бұл дерттің спецификалық дәрісі табылмады. Науқастарды балама дәрілермен емдеп жүрміз. Яғни СПИД, безгек секілді басқа аурулардың дәрісін қолданамыз. Коронавирусқа қарсы дәрі де, вакцина да табылған жоқ. Жылдам табыла қалады деп те ойламаймын. Вакцинаны табу үшін ең аз дегенде 8-12 ай мерзім керек. Бұрын вакцинаны табу 1-2 жылға созылатын. Ғалымдар 8 ай ішінде табамыз деп күндіз-түні зерттеуге кірісті. Вакцина табылғанша сақтықты еш ұмытпағанымыз жөн. Жапон елін қараңыздаршы. Өмір-бақи бір-бірінің қолын ұстап сәлемдеспеген жұрт. Оларға карантин ұстау оп-оңай, себебі тәртіп мәдениетіне сіңген. Біздің елде әлі де той-томалақ жасап жатқандар барын әлеуметтік желіден көріп, жүрегім ауырады. Дүниеде ең қымбат нәрсе – адам өмірі. Той-томалаққа барып сол қымбатыңды жоғалту деген сұмдық қой. Сондықтан айтарым, аурудан құтылудың жолы, қаласаңыз да, қаламасаңыз да – карантин, оқшаулану. Одан өзге жол таба алмайсыз.
Енді Қазақстанға вирустың Еуропадан келгені туралы әңгімеге көшейін. Олар арнайы тесттен өткен адамдардың дерегі. Нақты саннан басқа адамдарда вирус жоқ деген сөзді ешкім нық сеніммен айта алмайды. Анықталмаған таратушылар қанша, оны да нақты айту өте қиын. Дертті елге нақты қай турист әкелгенін ешкім тап басып білмейді. Сондықтан, сырттан келдіңіз бе, сізде ауру белгісі жоқ болса да, карантинде отырыңыз. Ауру таратушы шығарсыз, оны ешкім де анықтай алмайды.
– Қазақстан да осы вируспен өз шама-шарқынша күресін бастады. Індеттің жойқын күшін сезінген еуропалық тұрғын ретінде, маман есебінде біздің дәрігерлер мен ғалымдар, жалпы жұрт ескеруге тиіс деген жайттарды да талдап өтсек. Бұл жерде дәрігердің білімі мен білігіне, медицинаның қуатына көп дүние байлаулы. Франциядағы дәрігерлерден ант қабылдайтын кеңесшісіз. Ол мемлекеттегі дәрігерлердің дертпен күрестегі әлеуеті қандай?
– Дамыған ел болсын, дамушы ел болсын, тіпті дамымаған ел болсын, дүниежүзіндегі бірде-бір ел мұндай індетке дайын емес. Франция медицина саласы өте мықты дамыған елдердің қатарына жатады. Оның үстіне, мұнда фармацептикалық индустрия да өте жақсы дамыған. Дәрілер әзірге жеткілікті. Бұл індетке қарсы антивирустық балама препараттар, антибиотиктер Францияның фармация индустриясында жасалады, сырттан әкелетін дәрілерге тәуелді емеспіз. Біз науқастарды қалай емдейміз: күніге екі препарат, екі антибиотик қоямыз. Бірақ алдағы уақытта індет өршіп кетсе, әрбір адамға күніге екі препарат, екі антибиотик беру мәселесі қиындауы мүмкін. Бір антибиотик, бір-ақ дәрі беретін жағдайға тірелуіміз де ғажап емес. Екінші, дәрігер мамандар әзірге жеткілікті. Алайда індет өршісе дәрігерлер де көбірек керек болады. Сол үшін қаланың ішінде жұмыс істейтін амбулаториялық дәрігерлерден, зейнетке жаңа шыққан мамандардан резерв жасап жатырмыз. Ауруханаларда науқас көбейіп, көмек керек болса алдымен амбулаториялық дәрігерлерді, олар да жетпей қалған күнде зейнетке шыққан дәрігерлерді шақыртамыз. Бірақ зейнетке шыққан дәрігерлерді шақыртпай тұра тұруға тырысамыз.
Қазақстан да осындай шаралар қабылдап жатыр деп сенемін. Қазақстан дәрігерлерінің статистикасын білмеймін, менің ойымша, аурумен күресуге мамандар жеткілікті деген ойдамын.
Қазір ешкімді сынаудың қажеті жоқ. Бірлік, көмек, мейірім, сенім керек. Көпбалалы аналарға, ашыққандарға, жалғызілікті қарттарға көмек басты орында тұрғаны маңызды.
– Жанар Әскербекқызы, сіз гериарт дәрігер есебінде француз жерінде Covid-19 дертіне шалдыққан науқастарды емдеп келесіз. Әдетте қарт адамдар бұл дертке әлсіз келеді деп жатады. Өз тәжірибеңізбен бөліссеңіз, маман ретінде сіз не дейсіз? Қарттарды бұл дерттен қалай аман сақтаймыз?
– Бұл ауру алпыстан кейінгі адамдарға, әсіресе жетпістен асқан қарттарға ауыр тиіп жатыр. Себебі оларда созылмалы ауру көп. Сізге мұның себебін қарапайым мысалмен түсіндірейін. Жалпы кез келген адамда микроб болады. Кейбір микробтар ағзаға пайдалы, кейбірі зиянды. Мысалы, ас қорыту үшін кейбір микробтар қажет, іш құрылысқа да пайдалы микробтар бар. Өкпе, тыныс алу жолдарында да түрлі-түрлі микроб тұр. Зиянды микробтар да жетіп артылады, алайда иммуниттеттің тежеуімен адамға зиянын тигізе қоймайды. Ал коронавирус келеді де иммунитетті жоюға тырысады. Міне сол кезде иммунитеті мықты адамдар вирустың өзін жеңіп шығады. Ал иммунитеті әлсіз адамдарда коронавируспен қатар, ағзадағы өзге де микробтары құтырып шыға келеді. Жас адамдарға қарағанда қарттардың бойында микробтар бірнеше жыл жинақталып, көбейіп қалғанын да ұмытпаңыз. Covid-19 бірден өкпеге ұмтылады. Фульминантты пневмония деген бар. Ол ауруға ұшырағанда микробтар оттегін таситын ең кішкентай клеткаларды жойып жібереді. Әсіресе, үлкен адамдардың өкпесі тез фиброзға айналады. Яғни өкпе сіңірленіп, тынысы тарылады. Қарт адамдардың бұл вирусты көтере алмай, қайтыс болып кетуінің себебі – осы. Сексен жастан кейінгілерде фульминантты пневмонияның жылдамдығы сонша, оны өкпенің жасанды вентиляциясына отырғыза алмайсың, отырғызсаң ол аппаратты қайтып ала алмайсың. Сондықтан, ең абзалы қарт адамдарды бірден оқшаулап тастау керек. Ол балаларымен бірге өмір сүрсе, бөлек бөлмеде отырғызыңыз. Немерелері, шөберелері қасына көп жоламасын. Бір жақсысы, кішкентай балалардың көпшілігі ауырмайды, есесіне ауру таратушы бола алады. Францияда коронавирусты емдеуде екі препарат пен екі антибиотикті қолданатынымызды айттым ғой. Қарттардың жүрегі, бүйрегі, ағзасы оны көтере алмайды. Антивирустық антибиотикалық дәрілер оларға өте ауыр тиеді. Оларға тек екі антивирустық дәрі, бір антибиотик қана береміз.
Францияда қарт адамдар өте көп. Себебі бізде медицинада гериатрия деген арнайы маман бар. Ол өте қызық, күрделі мамандық. Францияға келгенде осы мамандыққа қатты қызығып, арнайы оқыдым, диплом қорғадым. Қазақстанда да осы гериатрия саласын дамытсақ деп ойлаймын. Адамдардың ұзақ өмір сүргенін, қарттық кезеңде де бақуатты, дені сау болғанын барлығымыз бірдей қалаймыз ғой.
– Ел арасында Covid-19 ауруы «байлардың дерті» деген түсінік бар. Бұл қаншалықты рас сөз? Мүмкіндігі, медициналық құрал-жабдығы аздау, кедейлеу өңірлерге, ауыл-аймаққа жаппай тарағанда бұл ауруды бақылай алмай қалу қаупі төнбей ме?
– Өте жақсы сұрақ. Себебі, ауруханасы аз, дәрі-дәрмегі жеткіліксіз ауыл аймақтарға бұл індет өте ауыр тиеді. Ең бірінші амал, ондай жерлерде карантин тәртібін қатаңдатқан жөн. Одан басқа жол көріп тұрғаным жоқ. Реанимация төсектері ауылдарда бар ма, жоқ па білмеймін. Бар болған күннің өзінде үшеу-төртеу болар. Жүздеген адам ауырса олардың барлығын қалай емдейді? Ауыл-аймаққа дәрі-дәрмек жете ме? Оны да білмейміз. Ең жақсысы, карантин жариялау. Той-томалақты мүлдем доғарған дұрыс. Қазіргі заманда той жасауға емес, білім, ғылымға ұмтылған жақсы емес пе? Той жасап, қарызға белшесінен батқан адамда қайдағы иммунитет? Қарызымды қашан өтеймін деп депрессияда жүрген адамда иммунитет қалыптаса ма? Алыста отырғандықтан ақыл айтты демеңіздер. Карантин біткен уақытта да тойлар жабық, тез ысып кететін тойханаларда емес, ашық аспан астында жасалса ғой деп ойлаймын.
– «Міндеті ғой» деп санасақ та, осы күні дертпен алысқан дәрігер қауымына деген құрмет ұлғайған. Қалай айтсақ та бұл індет адамдардың құндылықтарын қайта қарастыруға себеп болмақ. Қалай ойлайсыз, індеттен ада әлемдегі біздің құрметіміз, құндылығымыз не болуы керек?
– Иә, қазіргі кезде дәрігерлердің міндеті өте көп болып тұр. Жауапкершілігі де таудай. Олар қорқып, қиналып тұрғанын пациентке көрсетпеуі керек. Бала-шағасын уайымдаған сезімін де жасыра тұруына тура келеді. Дәрігер медицина саласының лидері. Қандай жағдайда да дәрігердің позитивті болып қалуы маңызды. Әлеуметтік желілерден оқып отырамын. Дәрігерге көңілі толмай, ауыр сөздер айтып жатады. Мен оларды да түсінемін. Медициниалық көмек жеткілікті емес шығар. Бірақ оның барлығын дәрігерлердің кінәсі деп айтуға болмайды ғой. Менің ойымша, дәрігерлердің Жоғарғы кеңесшілігін ашса, жағдай реттелер ме еді? Осы жерде дәрігерлердің білігін арттырып қана қоймай, олардың құқын да қорғайтын болса, айлығын, басқа да жағдайларын реттеп берсе, көп дүние оңалар еді.
Қалай айтсақ та бұл індет адамдардың құндылықтарын қайта қарастырады. Адамның өмірі қандай құнды екенін осы вирус барлығымызға түсіндірді. Адам баласының өмірінен артық еш нәрсе жоқ. Ақша, байлық бәрі адам баласының еркелігі ғана. Денсаулықтың маңызын осы ауру бәрімізге жақсылап түсіндіріп берді.
Әжемнің бауырында өскен қызбын. Әжем әрдайым жанымда жақсы адам жүр деп ойла дейтін. Міне, біздің ескі де жаңа құндылық – осы. Карантинде қамалып отырған, бір-біріне екі метр қашықтықтан байланыс жасап көрген адам жақсы адамның қадірін біледі, себебі адамды сағынады. Адамзат эгоист болып бара жатыр еді, осы індет барлығымызға бір-біріміздің, жақындарымыздың қадірімізді сездіріп отыр.
Менің дәрігер болу арманым да адамға құрмет сезімінен басталды деп ойлаймын. Негізі бала жасымнан математика пәнінің мұғалімі болғым келген. Себебі анам мұғалім еді. Алайда апам ауырғанда арманымды бірден өзгерттім. Ешкім ауырмасыншы, ауырса оларды емдейінші деп ойладым. Мұғалім болам деген арманымды да қимадым. Алайда дәрігер болсам да, студенттерге сабақ беріп, педагог боламын ғой деп, дәрігерлікке басы-бүтін бұрылдым. Дүниежүзі осы екі мамандықты қастерлесе екен деймін. Дәрігер адамзат баласының денсаулығын сақтап қалса, мұғалім адамзат болашағының жарқын болуы үшін тер төгеді. Білімді, көзі ашық адам ғана болашақты нұрландырады. Профессор болу міндет емес. Жақсы ұстаз мектепте жүріп-ақ баланың болашағына сәуле шашады. Халықаралық адам құқығында да жазылып тұр ғой: «Адам баласы сапалы медициналық көмек алуға және білім алуға құқысы бар» дейді. Осы індетте үйде отырып адамзатқа екі құқықты беретін адамдардың қадіріне жетсек екен.
– Өзіңіз дерт жұқтырған жандарды емдей жүріп, Қазақстанды да уайымдайсыз ғой. Қазір бірнеше қалалар мен өңірлерде карантин енгізіп, тұтас елде Төтенше жағдай жарияланды. Көктемнің жарқын күндері қызығы бір толастамайтын, у-шуға толы әсем Алматының көшелері бос қалды. Адамы жоқ шаһарлар Еуропада да көбейген болар? Мұндай жағдайда адамдардың депрессивті көңіл күйін қадағалау психологтардың жұмысы десек те, пациенттің күйзеліске түсіп кетпеуін дәрігерлер қалай қадағалауы керек?
– Әрине, уайымдаймын. Қазір әлемде індеттің ушығып жатқан кезі. Дәрігерлердің жауапкершілігі тым ауыр. Ауру көбейіп кеткен кезде, бір дәрігер бірнеше науқасқа қараса, уақыты жетпейді. Бірақ уақыт жетпейді екен деп, салғырт қарауға да болмайды. Көп сөйлесу міндетті емес, күлімдеп қарағанымен, бәрі жақсы болады деп айтқан сөзімен адамдарға психологиялық қолдау жасауы маңызды. Психолог науқасқа да, дәрігерге де қажет. Франциядағыдай жағдай елде де болса ғой деп армандаймын. Елдегі Фармация индустриясы дамыса деп ойлаймын. Иммунитет жақсы болуы үшін құнарлы әрі экологиялық таза тағам түрі көбейсе деп тілеймін. Шыныққан, деннің саулығына көңіл бөлген ұрпақ көбейген үстіне көбейсе екен деймін. Қазір елде вакцинациядан көп адам бас тартады екен. Ол тіпті дұрыс емес. Тұмауға барлық адамдар жыл сайын вакцина еккізуі керек. Вакцина зиянды емес. Ерекше бір ауруы бар адам болмаса, 99 процент адамды аурудан қорғайды. Осындай індеттерден вакцина құтқарады.
Дене шынықтыру, темекі тартпау, арақ ішпеу, жаман әдеттерден арылу да қажет іс. Әсіресе короновирус кезінде темекі тартуды қойдыру керек. Темекі эпителияны қоздырады да тамақтағы қорғанышты жояды. Коронавирус қорғанышы жоқ тамақтан тез өтіп өкпеге жылдам жабысып қалады. Францияда темекі тартатындарды тоқтатып, никотин жапсырмаларын беріп жатырмыз. Коронавирус қорқынышты шығар, алайда осы індеттен құтылу үшін адамдар зиянды әдеттерден арылып келеді. Жаман айтпай жақсы жоқ. Коронавирус кеткен соң да басқа вирустар шығуы мүмкін. Адамдардың пейілі өзгерді, нені болса соны жейді. Бұл вирус алдағы үлкен індеттердің шағын ғана бір түрі болып шықса ше? Сондықтан тәртіпке осы бастан үйреніп, салауатты өмірге көшіп, гумманды бола түсу арқылы ғана дерттен айығамыз.
– Елді сағынғанда қай шақты, қай қаланы немесе ауылды еске аласыз? Бұрындары апаларымыз сағынғанда ауылын түсінде көріп, онысын жақсылыққа жорып отыратын. Ел мен елдің арасы жақындаған осы күні Қазақстанды онлайн аралап шығу, отандастарыңызбен онлайн-әлемде емен-жарқын араласып, сағынышты басып алу түк те қиын емес қой. Десек те, елге ат басын жиі бұрасыз ба? Туған жердің топырағына аунап-қунап қайтқанға не жетсін?
– Әрине. Елді сағынған кезде көбіне балалық шағым есіме түседі. Шелек ауылында туып өскенмін. Нағашы апам біздің қолымызда тұрды. Себебі, анам апамның жалғыз перзенті еді. Талғарда тұрған олар анам ұзатылғанда апам қызымен еріп келіп, Шелекке мекенін ауыстырды. Мені өсірген апам болатын. Ол салмақты, иманды, сабырлы жан еді. Ескінің әңгімелерін айтып отыратын. Соғыс кезіндегі халықтың бастан кешкен қиындықтарын ұмытпайтын, бізге соны мысал етіп, бейбіт күннің қадіріне жетіңдер дейтін. «Жақсы адам қасыңда жүр» дегенді құлағыма әбден сіңіріп тастады. «Біреудің ала жібін аттама» деп үйретті. Апам маған анамдай, ал анам туған әпкем сияқты еді. Нағашы апам 1986 жылы дүние салды. Қазір мамамның өзі 80-ге тақап қалды. Анам Қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәндерінен кешкі мектепте сабақ берді. Зейнетке шығар алдында бастауыш кластарға сабақ өтті. «Мұғалімнің қызы деп жеңілдік бермесін» деп бізді басқа мектепке берді. Шелек ауылындағы Абай атындағы қазақ мектебін үздік бітірдім. Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін бала күнімнен жаттап, жүрегіме сіңіріп өстім. ХІХ ғасырдың аяғындағы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялы қауымы өкілдерінің жазбаларын, шығармаларын жақсы көріп оқыдым.
Ауылдың үлкендері түс көретін еді дейсіз ғой, мен елді сағынғанда сол үлкендерді түсімде көремін. Қиын жағдайларда емтихан алдында, қуанышты сәттерде, екі балапаным бар, соларды өмірге әкелгенде әркез апам түсіме енеді. Әрбір дәрігерге де психолог керек дедім ғой, менің психологім апам сияқты. Апамды түсімде көргеннен кейін бәрі дұрысталатын секілді. Ол мені қолдап, қорғап жүргендей.
Елге жыл сайын барып тұрамын. Былтыр ғана бара алмадым. Қазақстаннан Реннге үш рет делегация келді де, соларды күтіп алдым. Демалысым соған кетті. Биыл бұйырса, міндетті түрде барамын деп отырмын. Әке-шешемді көріп, мауқымды бассам деймін. Көп адаммен кездескім келеді. Фейсбукта біраз досым бар. Бәрін де көріп, танысқым келеді…
– Шыңғыс Айтматовтың «Шетелге өзіммен бірге ала жүретін екі ұлттық мақтанышым бар. Біреуі – «Манас», екіншісі М.Әуезовтің кітабы» дейтін сөзі бар. Сіздің мақтанышыңыз Абай секілді. Оның ескерткішін қазір өзіңіз тұратын Ренн қаласына қойдыртуда үлкен еңбек сіңірдіңіз. Алматы мен Реннді бауырлас қала ретіндегі мәдени-рухани байланыстарын нығайттыңыз. Жұмыс ары қарай жалғасатын болар? Қандай жоспарларыңыз бар?
– Абай менің рухани жақыным. Мектепте жүрген кезімде маған «Ғылым таппай мақтанба…», «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар, қалан» деп жол сілтеген. Ол қазақтың бағына туған, біздің жолбасшымыз болған ұлы тұлға, ұлы ойшыл. Сондықтан, менің мақтанышым – Абай. Мұхтар Әуезовті де жақсы көремін. Оның кітаптары менің көжиегімді кеңітті, қиялымды ұштады, тіл байлығымды арттырды. ХХ ғасырдың басындағы қазақ классиктерінің шығармасын сүйсініп, құныға оқыдым. Мектепте шығарма жазғанды өте жақсы көретінмін. Тілім өте бай еді. Ол үшін сол классиктерге деген алғысым шексіз. Ал, Ренн қаласында Абайға ескерткіш қоюға септесуім менің ұлы ақын алдындағы, елімнің алдындағы азаматтық борышым деп білемін. Ренн қаласы мен Алматы бауырлас болғанымен, екі қаланың байланысы әлсіреп бара жатқан кезде, 2011 жылы қалалық бауырластық кеңеске вице-президент етіп сайлады. Ең әуелі Алматының атына көше не бақша сұрадық. Субұрқағы бар, әсем бақшаға Алматының атын берді. Енді ол бақшада Абайдың ескерткіші тұрса деп жұмыс істей бастадым. «Ол кім, бізге не жақсылық істеді?» деп халық көнгісі келмеді. Францияда не нәрсені де халықпен кеңесіп істейді. Содан жергілікті халыққа Абайды, оның шығармаларын таныстыру жұмысын бастадым. Конференциялар, көрмелер өткізіп, Абайдың тұлғасын, адамзаттық ақыл-ойға қосқан үлесін, шығармашылығын таныстырдық. Француздар халықты ойлаған адамды жақсы көреді. Ал Абайды жақсы көрмеу мүмкін емес. Міне, осындай машақатпен Абай ескерткішін аштық.
Алдағы жоспарымды сұрадыңыз ғой. Үлкен жаңалық бар. Тосын сый жасайын деп едім, сізге айтайын. Еуропада жыл сайын музыкалық фольклорлы фестиваль өтеді. Ол фестивальде жүзшақты топ өнер көрсетеді. Сол фестивальге қатысатын өнерпаздардың ішінде он төрт төрт музыканттан тұратын топ мүшелерінің біразымен дос едім. Оларға өтініш айтып, топ құрсақ деген ниетімді жеткіздім. Олардың төртеуімен келісіп, АлРенн (Алматы Ренн) деген музыкалық квартет аштым. 10-маусымда фестиваль басталады. Оны видеоға түсіріп, Фейсбукке жүктеймін. Өте мықты музыканттардан құралған АлРенн тобы Абай атамыздың өлеңдерін француз және қазақ тілінде орындайды. Сол үшін Абайдың «Көзімнің қарасы» және «Қараңғы түнде тау қалғып» деп аталатын екі өлеңін француз тіліне аударып қойдым. Ол екі өлеңнің қазақша айтылу транскрипциясын да жасап шықтым. Бұл өлеңдерді жыл сайын Фест-Ноуз деп аталатын осы фестивальде айтатын болады. Дамыған елдерде Абай атамыздың ескерткішін қойған бірінші ел – Франция. Енді міне, музыкалық фольклорлы топ жыл сайын Абай әнін шырқайды. Бұл менің халқыма деген сыйлығым, Абай тойына тартуым. Сол жаңалықты елге жеткізу сізге бұйырып тұр екен.
Одан бөлек, жергілікті университетпен келіссөз жүргізіп отырмыз. Абайдың қара сөздерін, поэзияларын француз тіліне аударып, тарих және әдебиет факультеттері студенттерінің оқу бағдарламаларына кіргізгім келіп жүр. Қазақ халқының да гумманист ақыны болғанын француздар жете білсе екен деп ойлаймын. Астанадағы кітапхана сіздерге кітап сыйлайық деп еді. Тіпті жақсы болар еді. Кітаптарды сол университетке тарту етеміз. Абай қара сөздерінің аудармасын қайта жасадым. Оны да факультет студенттері оқып, танысса екен деймін.
Абайдың портетін салу үшін Француз өнер академиясының студенттері арасында байқау өткізгім келеді. Абайды француздар қалай көреді, қалай бейнелейді, қалай қабылдайды? Дәл қазір уақыт жоқ екенін өзіңіз де біліп отырсыз. Індетпен күресіп болған соң, күзге таман байқау ұйымдастырсам деймін. Сол байқау арқылы француздар Абай атамыздың суретін салса деп ойлаймын.
Алматы мен Ренн мектептерінің қарым-қатынасын нығайтсақ деп армандап жүрмін. Алматыдан француз сыныптарын аштық. Алматылық және ренндік балалардың достығы артса, университеттер арасында келісімшарттар жаңарса деп армандаймын. 2014 жылдан бері жыл сайын Алматыдан Реннге оншақты студент келіп білім алады. Екі жыл оқып, қайта Қазақстанға кетіп жатыр. Медицина саласында да сондай байланыс орнаса деп ойлап едім. Әуел баста қолға алғанбыз, дәрігерлерге қаржылай қолдау жасалмады да ол жоба аяқсыз қалды. Сол байланысты қайта қолға алсам деймін.
Сұхбатымды тілекпен аяқтайын. Әрбір қазақ баласына, отбасына тілейтінім осы індеттен аман-есен шығайық. Туған жерде амандықпен кездесейік. Жастарға білім қууыңдар дегім келеді. Білім мен ғылымы дамыған, ар-ұятын сақтаған ел ғана бақытты болады.
Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте, – деген сөз әрбіріміздің жүрегімізде. Ана тілін көкке көтерген сіздің редакция ұжымына да алғысым шексіз. Қазақ тілін насихаттау мен дамыту жолында қызмет етіп жүргендеріңізге алғыс айтқым келеді.
– Сізге де әңгімеңіз үшін рақмет айтамыз.

Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.