Көпен ӘМІРБЕК, сатирик, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: «ЕРТЕ КЕЛГЕН ҚОНАҚТЫҢ ҚАДІРІ БОЛМАЙДЫ»

Көпен Әмірбек – оның басты төлқұжаты. Ең үлкен атағы да – осы. Бір кездері «Көпен Әмірбек атындағы сыйлықтың иегері Көпен Әмірбек» деп қалжыңдап жазып алғанын да жақсы білеміз. Көпен Әмірбекті танитындар өте көп. Оның елге беймағлұм тұсы бар ма? 70-ке келген кейіпкеріміз бұған не дейді?
Бұл сауалдарға таяуда ғана 70 жасқа толған қазақтың көрнекті сатиригі, есімі елге мәшһүр қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек не дейді.

– Джеймс Купердің «Могиканның соңғы тұяғы» деген шығармасы бар. Осы шығарма атауынан сұхбатымызды бастағым келіп отыр. Көпен Әмірбекке дейін мықты сатириктер болды. Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров, Қалтай Мұхамеджанов, Сейіт Кенжеахметов, Үмбетбай Уайдин, Қажытай Ілиясов, көзі тірі Мыңбай Рәш, Ғаббас Қабышұлы. Көпен ағадан кейін шыққан сатириктер неге аз? Сіз өзіңізді «Могиканның соңғы тұяғымын» деп есептемейсіз бе?
– «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым – тап шыным» деп, заманына зар илеген Абай атама ұқсап «гөй-гөйге» басқаным жөн емес. Мұхтар Әуезов бағалағандай «қырғи тілді» Асқар, «Мен, мен деп төсін ұрады, төсі сынса несін ұрады?» дейтін шоқ тілді Шона, «Бір пендеден бір пенде кенде туар, біреуі емге, біреуі жемге туар. Емге туар есіл ер кешең туар, жемге туар қу мешкей демде туар» деп орып түсер Оспанхан, «Ақымаққа ақыл айту – соқырға айна тосқанмен бірдей» деген Қалтай, «Озбырдың соңында ойбай жүреді» дейтін Үмбетбай мен қайқы қылыш Қажытай, «сақалының түбіне сайтан ұялатқан» Садықбек ағалардың сатирадағы орындары үңірейіп қалғаны рас.
Қазақ сатирасын шалқып жатқан шағалалы Арал теңізіне теңесек, әлгі әзілкеш ағаларымыздың әрқайсысы Әмудария мен Сырдария өзеніне ұқсайтын. Ағысы қатты асау толқындары ашулы арыстанның күжірейген жон арқасындай айбарлы көрінетін. Жарғабақты жайпап, жан-жағын шайқап аққан өр ағысты өзендеріміз Аралға құйып, кешегі күнге дейін кемеріне келтіріп тұрған жоқ па еді? Сол сияқты сықақшылар қауымының қатары сиреп, Арал теңізіндей тартылып қалғаны жасырын емес. Имандай шындық. Әр заманның өзіне сай кеңдігі мен кемдігі болады-ақ. Кешегі Кеңес өкіметі кезінде қой көп, полковник аз-тын. Қазір керісінше. Қой азайып, полковниктер көбейіп кетті. Айтайын дегенім не? Бұрын шымбайға батырып жазатын шынайы сықақшылар көп еді, қазір ше? Қамшының шашағындай ғана санаулы. Әртістердің бәрі әзілкеш атанды. Кесетіні бар, тесетіні бар, бұрап ашатыны бар, бір бүйірінде шанышқысы бар шалдың шаппасы сияқты. Әлжуаз әзіл-сықақты өздері құрастырады, оны өздері орындайды. Бұған да шүкір, жоқтан жақсы. Бірақ олар сатириктер санатына кірмейді. Неге? Нағыз сатирик қазысы бес елі ту бие десек, оны шалдың шаппасымен соғымға сойып, қалай жіліктеп, жіктейсің? Шалдың дәрменсіз шаппасы піскен еттің шетінен бір-екі түйірін кесіп жеуге ғана жарайды.
Сықақшылардың қатарын арттырып, тәрбиелеуге бола ма? Әрине. Әйтсе де, «жетектеп қосқан ит түлкі ала қоймас». Құмай тазыдай қуып жетіп, өзі құлшынбаса қашанғы айтақтайсың. Қасқыр алмайтын иттерді бұрынғы қазақтар «айтақтай-айтақтай қасқырдан да ұят болды» деген екен. Түбірлі сөздің түйіні сол. Дегенмен «ұйымдасқан қылмыс пен сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күресте» сатираның салмағы мықты. Жас қаламгерлердің қанатын жайып, қарқынын арттыру үщін Nur Otan партиясы поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті бойынша байқау жариялаған. Жақсы үрдіс. Биыл бұл номинацияға сатира саласын қосып отыр. Құптарлық шара. Осыдан кейін осып түсетін от ауызды, орақ тілді жастардың көшеті көбейіп, жапырақ жайып қалатын шығар.
Былайғы жұртқа «Могиканның соңғы тұяғындай» көрінуім мүмкін. Шын мәнінде, өзімнің кім екенімді өзім түсінбеймін. Асқақ мінезден адамын. Ақын-жазушылардың көбі өз буына өзі пісіп, өздерін ұлы қаламгер санайтынын байқаймын. Ілгеріде осы тақырыптағы пародиямды сахнада орындадым. Жөн-жобасы былай: Бізде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі жеті жүзден асты. Бәрі де өздерін мықтымын деп есептейді. Орталарында осалы жоқ. Бір күні ақын ағам Шөмішбай Сариевтен сұрадым. «Шөке, айтыңызшы, – дедім. – Бізде қанша ұлы ақын бар?». Ол ойланбастан саусағын бүгіп санай бастады. «Ұлы ақын, әрине Абай, Пушкин, Мұқағали Мақатаев… Жалпы, біздер онша көп емеспіз!» деді. Арамызда мұндай әңгіме болған жоқ, әрине. Пародия ғой. Әдеби кеште бір ақын ағамның мақтауын жеткізіп сөйледім де сөз соңында сахнаға былай шақырдым: «..Көрнекті ақын Серік Тұрғынбеков!». Риза шығар деп ойлағам. Жоқ, олай емес. Кеш соңында маған ренжіңкіреп: «Бір сөзді қимай қалдың ба?» деді. Қандай сөз? «Аса» деген сөзді қоспай қойдың ғой» дейді. Шек-сілем қатып күлгенім-ай! «Аса көрнекті ақын!» дегеннің астарында да ұлылық жатыр. Соны аңғармаппын.
Танымал композитор, талантты композитор шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі туралы да пародиям бар. Нобайы қысқа. «Ол әуеліде «Мен» деді. Кейінірек «Мен және Шәмші Қалдаяқов!» деді. Келе-келе «Шәмші Қалдаяқов және мен!» деді. Қазір ше? «Шәмші Қалдаяқов!» дейтін болды».
Көп мысалды көгендеп тізіп жатқан себебім не? «Могиканның соңғы тұяғымын» деп төсімді ұра алмаймын. Ақырзаман орнатып қайтем. Басын қылтитып келе жатқандар баршылық қой.
– Орыс сатирасы Ресейдің бүкіл былық-шылығын да еш бүкпесіз сынап мінейді. Орыс өзіне-өзі күле алады. Қазақ өзіне-өзі күле алатын халық па?
– Күлгенде қандай? «Күлме досқа, келер басқа» деген мақалда маңыз бар ма? Бар. Бірақ бұл бұрынғы заманның мәйекті сөзі. Қожанасыр, Алдар көсе, Тазша бала, Жарғақбас, Шибұт, Қылкеңірдек сияқты фамилиясы белгісіз «сықақшылардың» өзіне-өзі күлген әзілдерін күңіреніп оқисың.
Баяғыда екі ашқарақ жігіттің атын байлап, ақбоз үйге келе жатқанын байқаған жеңгесі алдынан шығып қарсы алыпты. Қазанда қайнап тұрған ыстық көжені ағаш тостаққа құйып алдарына қойыпты да:
«Айналайын, қайныларым. Көжем суыңқырап қалып еді, іше бересіңдер ме?» депті әдейі.
«Е, мейлі, ештеңе етпейді!» дейді ашқарақ қайнылары. Суыған көже ғой деп ойлаған бір қайнысы ағаш қасығын ұрттап қалғанда аузы күйіп, көзінен жас ыршып кетсе керек. Соны байқаған екіншісі:
«Әй, саған не болды?» дейді. Аузының күйгенін айтуға ұялған ол:
«Әкем ауырып жатыр еді, есіме түсіп кетті!» десе керек. Ештеңені елемеген екіншісі ыстық көжені қомағайлана ұрттағанда, оның да көзінен жас парлапты.
«Саған не болды?» дейді. Сөйтсе ол:
«Шамасы сенің әкең өлді-ау?!» депті.
Қазір біз аузы күйген ашқараққа емес, ындыны кең жемқорға, алақол алаяқтарға, жемтік іздеген жемқорларға күле алмай жүрміз. Неменемізге жетісіп күлеміз? Екінің бірі, егіздің сыңары қу құлқынның қамына кеткендей. Күлеміз-ау, күлеміз. Бірақ біздің күлкіде келемежден гөрі кіжіну басым, қайнаған зығырданның қақпағын ашып, берекесіздердің бетін тырнағандай ғайбаттаймыз. Құдіретті сатира құдды соттың үкіміндей жазылса қуаты қайсы?
– Ресей сатириктерінің мысалынан жиі көруге болады. Олардың кез келгені билік алдында да, халық алдында да өздерін ащы сынай алады. Осы мінез бізде неге жоқ?
– Көк тіреген көкеңді сынаған осы екен деп сынадай қағамыз. Сөйтіп, қақ айырамыз. Сол сатира ма? Жоқ. Жымын білдірмей, жымиып күлетіндей жаза алмаймыз. Майдан қыл суырғандай әдепті әзілге бара алмайтынымыз рас. Шеберлік жетіспейді-ау? Құйрыққа бауыр қосып құдаларға асатқандай айла-амал керек. Кемшілігіміз сол. Бұл – бір жағы. Оның екінші себебі де бар. Мысалы, Тұрсынбек Қабатов өзі өз болып, биліктің сөзін бипаздап әзілге айналдырған еді, сол күні әлеуметтік желіден алып тастады. Халық жақсы қабылдаған қалжың болатын. Жетпей желкесі қиылатынын білгесін бе, қайдам, ондай тақырыптың жел жағынан жүруге тырыспайды-ау, сірә?! Олқылығымыз да осында.
– Өзге елдерде саяси сатира өте биік деңгейде. Әзиз Несин – саяси сатираның негізін қалаған адамдардың бірі. Біздің елде саяси сатира деп айтуға қорқамыз. Осыған не дейсіз?
– Рас айтасың, саяси сатира тың және тыңайған жер сияқты игерілмей жатыр. «Бара берме, пара бер» дейтін заманда қаны ағып тұрған тақырып. Бұған қалам тербейтін қалжыңбас бар ма? Мысал әңгіме. Тышқандар мысықтан қалай құтылудың жолын қарастырып жиналыс жасапты. Әр тышқан әртүрлі ұсыныс айтып бір мәмілеге тоқтапты. Қандай? «Мысықтың мойнына қоңырау байлап қояйық. Сонда о пәленің келе жатқанын бірден байқаймыз!» дейді. Мәселе тамаша! Бірақ «мысықтың мойнына қоңырау тағатын кім?» дегенде, бірде-бір тышқанның батылы бармапты.
«Торғайдан қорыққан тары екпейді» дейді ғой. Тары егетіндер табылып қалар.
– Елімізде Мемлекеттік сыйлық алған сатирик жоқ. Әлде, сатира әдебиетке өгей бала ма?
– Сатириктер жыл сайын келіп оқуға түсе алмай ауылына қайтатын абитуриенттің күйін кешкелі қай заман? «Садықбектің әр сақалының түбінде бір-бір сайтан ұялап жатыр» деп Мұхтар Әуезов бағалаған біздің Сәкең Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, өтпей қалғанын білемін. «Атылған қыз туралы аңыз» атты сатиралық романы ма, әлде «Аюбайдың ажалы» ма? Әйтеуір, бір шығармасы. Жолы жабылды. Оспанхан Әубәкіровті ұсынайық дегенде ол ағамыз «Итке темірдің керегі не?» деп, өзі бас тартқан. Одан кейінгі жылдарда Мыңбай Рәш пен Сейіт Кенжеахметұлы бәйгеге қосылғаны есімде. Алғашқы айналымнан шығарып тастады. Әзіл-сықақ әдебиеттің өгей баласы емес, еркетотай кенжесі емес пе? Кейде кенже баланың отау тігіп, от жағып, үйленбей жүріп алатыны бар ғой. Әзірге солай. Мемлекеттік сыйлықты келе жатқан келін деп есептесек, біздің ауылда «жар-жардың» айтыла қоятын түрі жоқ-ау?
– Бізде сатириктерді әзілкеш деп қабылдайтын түсінік бар. Неге? Сонда сатириктің бәрі әзілкеш пе?
– Атақты сықақшылардың бәрі ауыздыға сөз бермейтін шетінен шешен, дүлділ, бұлбұл дей алмаймын. Олардың сөздерін оқыған елдің екі езуі екі құлағына жетеді, ал өздерін көргенде… «Құдай-ау, соншама әзіл-күлкі мынаның қай жерінен шығады?» деп қарны ашып қарап тұратынын талай байқадым. Әсіресе Үмбетбай Уайдин ағамыздың кескін-келбеті кекілін кескен дәу баладан аумайтын. Жас кезімде «Сіз неге ауызекі әзілге онша жоқсыз?» деп сұрағанымда, ол кісі «Е-е, айналайын-ай, біреудің жұқа жері болады, біреудің жұқарып жүрген кезі болады. Әзіл екен, қалжың екен деп орынсыз ойнағаның өзгені ыстық отпен қарығандай болуы мүмкін. Күлкі біреудің көзінде, біреудің аузында, біреудің сөзінде, біреудің даусында!» деген еді. Әлемге әйгілі орыс сатиригі Чеховтың қағаз бетіндегі қалжыңдары қандай! Суретіне қарашы, жылайын деп тұрған сияқты. Әйтсе де Садықбек, Қалтай, Сейіт, Қажытай ағаларымыздың табан астында тауып айтқан қазақы қалжыңдары ел аузында. Көзіммен көріп, құлағыммен естіген езу тартар бір әңгіме есімде. Дастарқанда отырған ашқарақтау кісі тұтас піскен тауықты тәрелкесіне салып ап, құйрық жағынан бастап мойнына дейін паршалап жегенін аңғарған Қалтай аға қағыс жібермей: «Әй, шырағым-ай, – деді, – осы тауықтың қызығын қораздан кейін өзің көрдің-ау!».
Ахметжан Есімов Мемлекеттік хатшы кезінде Сауд Арабиясында болып, кездесулерде қазақ тілінде сөйлегеніне Қалағаң қатты қуанса керек. Қалағаң көбіне жалаңбас жүретін кісі. Бірде бұл кісілер Алматыда жолығысып қалады. Мемхатшы: «Қалеке, күн салқындау екен. Жалаңбас жүргеніңіз жарамайды ғой» десе керек. Қалағаң қарап қалсын ба: «Сауд Арабиясында сіз қазақша сөйледі дегенді естігенде бүкіл қазақ бөркін аспанға лақтырды. Сол бөріктің көбі әлі жерге түскен жоқ. Біздің бөрік те сол жақта қалған-ау, сірә!» деп қас қағым сәтте қалжың тастаған.
Сейіт ағамыз да семсер тілді болатын. Ойда жоқта ойып түсетін. «Сейіт, сен осы қайдағы мен жайдағыны қайдан білесің?» депті бір шенеунік замандасы. Сөйтсе Секең «Құдай екеумізді қатар жаратқанда, сен бұрын барып айлалы мен пайдалыны қымқырып кеткенде, маған қайдағы мен жайдағы қалған жоқ па?» депті.
Арқалық қаласына Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апай 1994 жылы Мәскеуден келгенде жұрт «Арқалық қаласының құрметті азаматы» деген атақты беруге ұсыныс жасаса, оны облыс басшылары қолдай қоймапты. «Гүлнар апайға ол атақты әперудің ең оңай жолы бар, – депті Сейіт, – Байқоңырдан ұшқан ғарышкерлер ылғи Арқалыққа қонады. Ебін тауып апайды ғарыш кемесіне отырғызып жіберсек, қонған бетте «Арқалық қаласының құрметті азаматы» атағы бірден беріледі».
– 60 жасыңызды Отырар жұртшылығы әл-Фарабидің туғанына 1140 жыл толу мерейтойымен бірге атап өтті. Биыл – әл-Фараби бабамыздың туғанына 1150 жыл. Көпен Әмірбек 70-ке келді. Екеуіңізді не байланыстырады?
– Әлемге әйгілі ғұлама әл-Фарабиден гөрі Отырар топырағында дүниеге келген ұлы композитор, вальс падишасы Шәмші Қалдаяқов маған бір табан жақынырақ. Иісі қазақтың Шәмшісі ғой. Мектепте оқып жүргенде әл-Фарабидің Отырарда туғанын білген жоқпыз. Тіпті «Қайырымды қаланың тұрғындары» атты трактатынан да хабарсыз болдық. Ал бағананың басына байлап қойған қалайы радиодан Шәмші ағаның әсем әндерін жастайымыздан құлағымызға құйып есейдік. Шәмші Қалдаяқов пен менің мерейтойым Отырарда бірге аталып өтті. Ұлы композитордың театрдағы 80 жылдық кешін жүргізу маған бұйырды. Ал менің 60 жасқа толған мерейтойымды Қадыр Мырза-Әлі басқарды. Естен кетпес естеліктер көп. Биыл да күзге қарай солай болатын шығар. Жарықтық Шәкең туралы «Шәмші», «Шәмші әлемі», «Шәмшінің әндері мен әзілдері» деген үш кітап шығардым. Ол кісінің ауызекі айтқан әзілдері мен ақындығы өз алдына бір төбе. Жинақтадым. Міне, мені байланыстырған мәселелер осылай…
Алпысыншы жылдардың басында Шымкентке көшіп келген Шәмші ағамен пединституттың студенттері кездесу кешін ұйымдастырады. Әйгілі әнші болсам деп армандап жүрген бір бойжеткен «Жаңа әніңізді мен бірінші боп орындайыншы, аға. Ешкімге бермеңізші!» дейді. Жарықтық Шәкең үш бөлмелі пәтерде жалғыз өзі тұрады, бала-шағасы Алматыда. Әлгі қыз күн құрғатпай Шәкеңмен бірге шай ішеді, паркте қыдырады, арагідік кинотеатрға барады. Жаңа әнді біреулер менен бұрын алып кетпесін деп өзінше қарауылдап жүргені ғой. Ойында түк жоқ. Күндердің күнінде студенттер арасында «Мына қыз Шәмшімен махаббат, екеуі жүреді!» деген өсек тарайды. Жүрмек түгілі бір жігіттің қолын ұстап көрмеген бейкүнә қыз осы өсекті естігенде Шәмші ағасына долданып жетеді.
«Не болды? Түрің бұзылып кетіпті ғой?» дейді ағасы.
«Жұрттар айтып жатыр»…
«Не айтып жатыр?»
«Мен сізбен жүреді деп айтып жатыр».
Сонда Шәмші ағамыз темекісін тұтатып тұрып:
«Ну и что же, – депті, – ақыры айтылып қалған екен, жалғастыра берейік».
Ақыры ағамыз туралы әңгіме қозғадық қой, жалғастыра берейін. «Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі», Шәмші Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлым» сияқты вальстеріндей вальс көбейе берсе екен дер едім» депті Мұхтар Әуезов.
«Шәмші Қалдаяқов – ән падишасы, ол бір қазаққа емес, бүкіл адамзатқа ән салдырған аса талант иесі» депті Шыңғыс Айтматов.
Ұлы композитор туралы басқа ешкім емеурін танытпапты. Диктофонымды қолыма алып, Шәмшінің көзін көрген мәдениет, әдебиет, өнер адамдарынан, сондй-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлерінен вальс падишасы туралы сұхбаттастым. Пікірлерін жинақтадым. Сол кезде Сыртқы істер министрі боп жүрген қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір ауыз сөзі кітаптың ішінде бар. Не деді? «Қазақ әні мен мәдениетінің алтын қорына елеулі үлес қосқан Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасы ұлтымыздың баға жетпес байлығы, рухани қазынасы. Халқымыздың жан жүрегіне жақын, оның болмысымен үндес. Шәмшінің әндері жас талғамайтын, мәңгі жасайтын жауһар дүние» деді.
Шәмші ағыл-тегіл ақын болған. Қыз-келіншектермен айтысқан. «Құшақ жайған қандай адам?» атты алғашқы әнінің сөзін өзі жазғаны әмбеге аян. «Ауылға ат басын бұрған бір сәтінде Арыстан әрі асып, Сыр анасына барған Шәкең оның жағасына ат шалдыра тұрып» ауызша шығарған өлеңін Исраил Сапарбай ағамның архивінен таптым.
Есімнен шықпас сірә да,
Айналайын, Сыр ана.
Мендегі әнді айтсаң да,
Мендегі халді сұрама.
Ішейін десем тұздайсың,
Түсейін десем мұздайсың.
Сыңси да сыңси жат елге,
Баратқан ұзап қыздайсың.
Міне, поэзия! Туындысын күшеніп «туатын» кейбір ортақол ақын құрдастарына «мен композитор боп, сендерді Құдай сақтаған ғой!» деп күледі екен.
Қазақ радиосында Шәмші Қалдаяқовтың үш минуттық даусы сақталған. Басқа жоқ. Шәуілдірде қонақ болған Шәкеңнің әңгімесін бір жігіттер магнитофонға жазып алған екен. Соны іздеп тауып, у-шуын тазалап, білікті мамандарға монтаждатып Қазақ радиосының Алтын қорына тапсырдым. Кейінгі ұрпаққа керек ғой. Баға жетпес байлық. Мұхтар Шахановтың дерегінше, «150-ге жуық ән шығарған әл-Фараби» еліндегі ерекше талант иелерімен мені байланыстырып тұрған нәрсе не? Осы!
– «Көпен келе жатыр» деген сөз таңсық емес. Жұрттың бәрі жатқа біледі десек те болады. Бірақ осы кісі қашан келеді?
– Ерте келген қонақтың қадірі болмайды. Ынтықтырып, зарықтырып күттірген жақсы. Өзіме осы жарнама ұнайды: «Келе жатыр!» деген.
– Көпентанушылар көп пе?
– Көпентанушылардан гөрі Көпенді танитындар көп. Қазақстанның қай жеріне барсам да, оқырмандар мен көрермендер қолтаңба алып, суретке түсіп жатады. Кейде Асанәлі Әшімовпен, кейде Жүрсін Ермановпен шатастыратындар да бар. Үшеуміз де сақал қойғанбыз ғой. Сақалымыз ұқсағанмен мақамымыз ұқсамайтынын біле бермейді-ау? Көпентанушылардың ішінде жаратылыс пен жан дүниемді, болмыс пен бітімімді дәл таныған Әбдраштың Жарасқаны.
Маған арнаған төрт эпиграммасының ішіндегі бір шумағын айтайын.
Кім білмейді Әмірбеков Көпенді,
Әзілімен танытады әкеңді.
Бір қарасаң –
Алдаркөсе атасындай пып-пысық,
Бір қарасаң –
Қожанасыр атасындай әпенді.
– Коронавирус дерті әлемді алаңдатып тұр. Қиын шақта елді құтқаратын не нәрсе?
– Табиғат та тірі организм. Оның да көзі, құлағы, миы бар. Талғамы таза. Жер-Ананы жерге қараттық. Қорладық. Көзіне шөп салдық, құлағының түбінен айғайлап, миын су қылуға айналдық. Ар-ұят айдалада қалды. Иман жоғалды. Табиғаттың жүйкесі тозып, ашуланды. Қоғам қоқысқа айнала бастады. Оны тазарту керек. Қалай? Санасыздар санасын ояту үшін дерт жіберді. Бұл – сынақ. Кім үшін? Адамзат үшін. Ең қиын нәрсе не? Күнде адам болу. Әзірет Әліден «Қиыншылық сәт сынақ па, әлде азап па?» деп сұрағанда, «Аллаға жақындатса – сынақ, ал егер алыстатса – азап» деп жауап берген екен. Қазақша айтқанда «Құдайымызды ұмытпайық!». Бізді құтқаратын сол. Адам қалпымызға айналып кеп түсіріп жатқан бұл сынақтан үркіп, үрейленудің керегі жоқ. «Химчисткадан» шыққандай тазаланып қаларымыз хақ.
– Кейде жан жарасын жылы сөз емдейтіні рас. Жұбатар сөз айту оңай ма?
– Қыстыкүні пештің жылуын, қарасуықта күннің шуағын іздейміз бе? Іздейміз. Ал адамның жылуы қайда? Көзінде, сөзінде, ықыласында, ақ ниетінде. Адамның жан жылуынан артық жылу жоқ. Ол қандай жылу? Жылы сөз. Мейірім. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады», қатты сөйлесең қайтып кіріп кетеді. Соқырдың қасында көз туралы, ақсақтың алдында аяқ туралы әңгіме айтпау да – жылы сөз. Ауырып жатқан адамға барып хал-ахуалын сұраудың өзі жылы сөзден мың есе артық.
Дәрежесі өсіп шекпен киген шенеуніктерді жаңа қызметімен құттықтап барған емеспін. Аяғым баспайды. Неге? Өзімді-өзім жағымпаз сияқты сезінем. Бара қалған күнде де айтатын сөзім белгілі. Жылу сөз емес, сұлу сөз. Керісінше «тақтан тайған» көкелердің қасында көп жүрем. Рахат! Жұмылып қалған көздері ашылып, адам қалпында ашық-жарқын әңгімелеседі. Бұлақ көзі ашылғандай нұры төгіліп тұрады. Оңбай омақасып құлаған адамды орнынан сүйеп тұрғызғандай жылы сөзімді айтам. Ол да ағынан жарылады. «Әй, Көпен, сенің мұндай жігіт екеніңді бұрын байқамаппын ғой!» дейді. Жылы сөз. Жақсы араласамыз. Күндердің күнінде әлгілердің ішінде бірлі-жарымы қайтадан атқа мінеді. Құттықтап бармаймын. Мені іздейтін шығар деп ойлаймын. Бірақ іздемейді. Көзін тағы да шел басып қалатын шығар, сірә? Ол бейбақ төбеден төменге сырғып түскеннен кейін ойда-жоқта ұшырасып қаламыз. «О-о-о, бауырым, қайда жүрсің-ей? Неге хабарласпайсың?» дейді. Құшақтасып амандасамыз. Бірақ баяғыдай жылу жоқ. Өмір ғой… Жала жабылып жазықсыз абақтыға қамалғандардың артынан буынып-түйініп барсаң, сені өмірі ұмытпайды. Жылы сөздің көкесі сонда!
– «Алпыс – тал түс». Жетпіс – қай тұс?
– Елуге толғанда бес белес туралы бір шумақ өлең жаздым.
Елу деген ерекше,
Ел қарайтын қия шың.
Жимасаң да есіңді,
Етек-жеңді жиясың.
Жетпіс деген желкеңді керіп, жел қайыққа мінетін жас емес-ау? Жағалауға жақындау жас па, қайдам? Өз ескегің өзіңде емес, өзгеде сияқты. Бала-шағаңа бағына бастайды екенсің.
Жүз жыл ғұмыр кешкен жұмыр басты пенденің өмірі төрт мезгіл табиғат секілді төрт 25-тен тұрады. Бірінші 25 – айхай 25! Екінші 25 – қайқай 25! Үшінші 25 – пай-пай 25! Төртінші 25 – шай-пай 25! Шай-пайға жетсек, жаман емес.
Қартайған шағыңда «Азайып бара жатыр біздің бұлақ, көзіне қарағышпыз қыздың бірақ» деп жырлаған Тұманбай ағам сияқты әлемдегі әсем нәрсеге әсерленіп қараудан танбаймын-ау, сірә?!

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Гүлзина БЕКТАС

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.