АТБЕГІ АЛЕКСЕЙ

Қазақта атбегілік дейтін өнер бар. Ол – жүйрік жылқыны таңдап-танып, баптап бәйгеге қосып, бабын табатын адам. Өте ертеректе оңтүстік өңірде ғұмыр кешкен атақты атбегі Мақұлбек, керекулік Бежу, жетісулық Бақай, сондай-ақ сіргелі Меңдекелер жайлы ел аузында сақталған дерек көп. Кіл мықты жүйрікті бәйгеге қосып, мерейі асып жатқандар да жоқ емес. Дәл бүгін текті өнерді үзбей өрге сүйреп келе жатқан Алматы облысы, Ескелді ауданы, Жалғызағаш ауылында Алексей Казай дейтін атбегі бар. Ұлты орыс болғанмен қазақшаға судай. Тек қазақ тілін меңгеріп қана қоймай, салт-дәстүрін ұлықтап, ұлттық құндылықтарды құрметтеп, айналасындағыларға да үйретіп жүр. Әсіресе, ұлттық ойындарға, соның ішінде бәйгеге деген қызығушылығы ерекше. Облыс аумағына аты мәлім мықты атбегінің бірі Марлан Бектеновтың көмекшісі болып жүріп, атбегіліктің сыры мен сынын жетік меңгерген. Ат баптауды сүйікті ісіне айналдырған Алексейді арнайы іздеп барып, сұхбаттасып қайттық.

− Алексей, Сіздің қазақ ауылында өскеніңізді білеміз. Қазақы қаймағы бұзылмаған ауылда қазақ тілін меңгеру қаншалықты қиынға соқты?
− Ауыл – қазақтың қара шаңырағы. Барлық қасиет те, жақсылық та, бірлік пен береке де ауылда болады деп айтар едім. Мен қазақтың қара домалақ балаларымен бірге өстім. Ауыл деген қасиетті қара шаңырақта туып-өскеніме қуанамын. Ана тілім – орыс тілі болса да менің жаныма жақыны – қазақ тілі. Қазақша қалай сөйлеп кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Қазақшаны жетік меңгергеніме әсіресе, қазақ ауылының ықпалы зор болды деп ойлаймын. Достарыммен ойнап жүргенде «Әке, ана» деп үйлеріне жүгіріп кіретін. Сол сөзді жаттап алып, мен де үйге айтып баруды әдетке айналдырдым. Ол сөздің алғашында қандай мәні мен мағынасы барып білмесем де, жақсы сөз екенін ішім сезетін. Міне, мен осындай жақсы адамдардың арқасында жақсы сөз айтуды үйрендім. Ең бастысы адамда ниет болса болды деп ойлаймын. Бірақ мен ниетсіз-ақ тіл меңгердім. Соның жақсылығын көріп жүрмін.
− Ата-анаңызбен үйде қазақша сөйлесесіз бе?
– Үйде орыс тілінде сөйлесеміз. Ата-анам қазақша сөйлей алмайды. Сол үшін мен ол кісілерге қазақ тілін үйретуді қолға алдым. Қазақ жерінде тұратын өзге ұлт өкілдерінің барлығы қазақ тілін білуге тиіс. Себебі, бізді жатсынбай, бауырына басып, жарты нанын үзіп беріп, басымызға қиын-қыстау күн туғанда талай ұлтты аман алып қалған елге біз мәңгі қарыздармыз. Әсіресе, жас ұрпақ қасиетті қазақ ұлытының бұл жақсылығын ешқашан да ұмытпауымыз керек.
− «Ата-анама тіл үйретіп жатырмын» деп қалдыңыз, қандай әдіс-тәсілдерді қолданасыз, күніне қанша уақытыңызды бөлесіз?
− Естеріңізде болса, осыдан біраз жыл бұрын «Жаралы сезім» деген кино көрдік емес пе бәріміз. Кинода Иван деген орыс жігіт болған. Достары қазақ азаматтары. Сол Иван күніне қазақша бір сөз жаттап, кино соңына дейін қазақша мақал-мәтел айтып кеткенін көргенде бала болсам да риза болған едім. Мен де осы тәсілге сүйендім. Бірақ сәл ғана өзгеріс енгіздім. Ауылды жерде тұратындықтан, күніне бір емес он сөз үйретуді жөн санадым. Әзірге осының өзі жеткілікті деп ойлаймын. Ата-анама 10 сөзді күні бойы қайталатып, сөз арасына қосып үйретсем ол кісілер үшін осының өзі үлкен жетістік болмақ.
− Қазіргі таңда қандай кітап оқып жүрсіз?
− Қазақ әдебиетін оқуға көп көңіл бөлемін. Қазір қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жиі оқимын. Абай атамыздың туғанына 175 жыл толуына орай жолданған челенджді жалғастырмақ ойым бар. Қазақты тану үшін, қазақтың салт-дәстүрін білу үшін, бір сөзбен айтқанда қазақ елін сүю үшін Абайды оқу керек.
− Бос уақытыңызда тұлпар баптаумен айналысатыныңыз талайды таң қалдырмай қоймайды. Ұлттық спортымызға, соның ішінде бәйгеге қызығушылығыңыз жоғары екен. Олай болса, өзіңіздің ат баптау тәжірибеңізбен бөлісе отырсаңыз?
– Егер жүйрік біткенді тек бір әдіспен баптаймын десеңіз, ол қате. Қазақтың «алуан-алуан жүйрік бар әліне қарай шабады» дегені орынды сөз. Ат баптау деген телегей теңіз ілім. Оны бір ауыз сөзбен айтып бере алмаймын. Бір ғана мысал жүйріктің бабын тері арқылы білуге болады. Сондықтан көп жағдайда атбегілер жүйріктің терін жасырып, түнде алады. Мен де сол әдісті көп қолдандым. Тер қырудың да мәні бар. Шауып келген жылқыны ықтасын жерге тұрғызып терін қырған соң, екінші бір атпен жарты сағат тоқтатпай жетелеу керек. Өйтпесе аяғына қан түсіп қалуы мүмкін. Баптаған жылқымды бәйге таяғанда жетектеп жүріп, мол қияқты, таза жерге жайылдырамын. Әсіресе, қара жарысқа шауып келген жүйріктің ентігін аңдаған дұрыс. Яғни ентігі басылып, табиғи қалпына қанша уақытта келді, осыған байланысты баптау жұмысын реттеп отырамын. Жалпы, көп жыл байланған жүйрік өз бабын өзі табады. Осы жылқы бәйге таяғанда үйірде жүріп өзінен өзі жарайды. Үйірден ұстап кермеге әкеліп байлағанда жер тарпып, шыр айналып, саңлақтанады, шіркін! Қарап тұрып көңілің тояды. Осындай көріністерден ерекше жігерленемін. Ауылда жиі көкпар тартамыз. Қолым босай қалса тай мініп қызықтауға шығамын. Сонымен қатар «Экспо–2017» аламан бәйгесінің бас жүлдесін жеңіп алған Олжас Қойшыбай менің сыныптасым. Досымның қасында жүріп жылқыға деген қызығушылығым артты. Атқораға барып тұлпарларды уақытылы серуенге шығарып жүрдім. Уақыт өте келе бұл менің хоббиіме айналды. Ата-анам рұқсат берген соң атбегінің көмекшісі болдым.
– Сіз жүйрікті қалай сынайсыз?
– Бала кезімде «Күдір» жүйрік жайлы көп естідім. Бұл бап таңдамайды. «Мұзбүйрек» деген жүйрік болады. «Қызбел» деген жүйрік бар, ол өте ұшқыр шабады. «Созақ» деген жүйрік болады. Бұл бірқалыпты шабады. Бұны ұзақ жортуылға мінеді. Мен білетін жүйріктің 20-дай сыны бар. Осының 10-ы бір жылқының бойынан дәл табылса, баптауға болады. Кейбірін айтайын: жүйрік жылқының иегінің асты – алқымы кең болуы керек, шынтағы қабырғадан алыс тұрады, мұны қалбағайлы дейді және мықыны тар болғаны жақсы. Содан кейін жүйріктің алдыңғы екі аяғын біріктіріп тұсағанда, екі шашаның ортасына жұдырық сыйса, ол шын жүйрік. Нағыз жүйріктің белі бүкір, желкесі ой, қабырғалы келеді. Шашасы ұзын жылқының ішкі қуат-қарымы нашар болады.
– Ат баптау да оңай өнер емес, осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Иә, көп адамның ат баптау ісіне батылы бара бермейді. Бұл өнер кенжелеп қалды ғой. Ең алдымен ат баптауға үлкен жүрек, тәуекел керек. Күтіп-баптаған сәйгүлік қана топтан озып шыға алады. Бұл үшін құлын кезінен баптау керек. Мысалы, ащы тері алынған соң қанжылым сумен жуындырған абзал. Жылқы түлігі табиғатынан тұнық су ішіп, шөптің шүйгінін жейді. Сол себепті төре мал тұқымын таза ұстау әр атбегінің күнделікті жұмысына айналуы тиіс. Мысалы, бәйгеге қосқан кейбір аттарымыз өзге өңірлерге барғанда сол жердің шөбін де жемей, суын да ішпей қоюы мүмкін. Осыны ескеріп, өз ауылымыздың шөбін, суын бірге алып жүреміз. Жылқының тектілігінің бір дәлелі осы емес пе?

Әңгімелескен
Дәулет ХАЛЫҚҰЛЫ

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.