«ОЛ БІР СОҚҚАН ДАУЫЛ, ЕМЕНДІ ДЕ СУЫРЫП КЕТЕДІ»

Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымының докторы,
профессор

Иса – қазақтың айтыс өнері тарихындағы ұлы құбылыс. Исаның әп-сәтте ой-сезім әлемі дүр сілкініп, буырқанып-бұрсанып, қауға түскен өрттей лапылдап жанып, найзағайдай жарқылдаған ұшқыр ойы соншалықты шапшаң жайнаған жанды суреттерге айналатын көк мұхиттай күмпілдеп тебіренген, ақпа-төкпе телегей айтыс ақыны. Екіншіден, шар болаттай шамырқанған шабытты Иса топ алдында тоты құстай сайрайтын, әрі өлең сөзге жанын салатын, ән шығаратын әнші-композитор. Үшіншіден, сан замандар мен ғасырлар бойы мүлтіксіз қызмет етіп келе жатқан туған халқының жауһар мұраларын: әпсана-хикаяларын, аңыздарын, ертегілерін, тәмсілдерін, ән-жырларын, айтыс өлеңдерін жүйрік білген жыршы-әңгімеші. Оның үстіне Көтеш, Құдайбергсн, Құлтума, Әздембай, Сейітжан сал, Естай сияқты өлең десе өршеленген дүлдүлдердің асыл дүниелерін көкірегіне тоқыған өрелі өнерпаз. Төртіншіден, Әміре, Ғаббас, Қали, Майра, Қалибек, Елубай, Қапан, Серке, Құрманбек секілді ұлттық өнеріміздің ұлы шоғыры ішіндегі шоқтығы биік сахна шебері. Бесіншіден, арқалы ақындар Кемпірбай, Шашубай іспеттес ат үстінде нешеме алуан қызық көрсететін ойыншы.
Сол бір заманның атақты жыршылары Кенен, Нартай, Қалқа, Үмбетәлілер «Ол бір соққан дауыл, қара еменді де суырып кетеді» дейді екен. Сахна шебері Қалибек Қуанышбаев: «Ой, шіркін-ай! Еліре шабатын ешкі бас екен ғой!». Не болмаса ақын Жақан Сыздықов «Иә, Исаның өзі де ерке, домбырасы да ерке еді!». Қапан Бадыров оны Ұлт театрының «Құты, қасиетті көркі еді!» деп, оның импровизаторлық жойқын талантына баға берген. Елубай Өмірзақов «Исаны көрген мына көз» деп масаттанған.
Сонымен қатар КСРО-ның Бас газетінде: «Иса Байзақов өзінің жастығына қарамастан өте тапқыр, суырып салма қызба ақын және өзі тамаша әнші» деп, шынайы тілек айтылған («Правда», 1926 жыл, 30 шілде).
Қайраткер Тұрар Рысқұловтың: «Шіркін-ай, адамды жаратайын десе, дүние-ай, жаратады екен-ау… Табиғат бұл адамға күреп берген, бере салған. Бәрімізде де білім, ақыл, парасат жетіп жатыр. Ал мұндай суырып салма ақындық ешкімнің пешенесіне біте қоймас. Бұл не деген ғажап ертегі адам» деген сөзі бар.
Қ.Қуанышбаев Исамен ең алғашқы кездесуінен алған әсерін былайша әңгімелейді: кейінгі келген 3 қонақтың біреуін Зәрубай: «Ұзын бойлы, терең ойлы, кешкі түйенің көлеңкесіндей ербиген адам екен» десе, Омар тұрып: «Өзі әр ұлттан құралып жасалған ба, қалай түр-сипаты әркімге ұқсайды екен» депті. Тағы бір жігіт: «Тілі де қызық екен, ауыздығын шайнап тұрып кісінеген асау тай сияқты» дегенде Исаның көзі ойнақтап, тұмсығын алақанымен сипай сүртіп бір тартып қойып, қолын домбыраға созып, домбыраға қолы тиер-тиместен, зарлай айғайлап:
Домбыра 2 шекті ішің қуыс,
Ызботтан сөзім шықсын уыс-уыс!
Майра апам домбырасын алып берді.
Исада түні бойы болмас тыныс – деп ағыза жөнеледі дейді.
Біреу: «Ешкі бас жігіттің көзіне қарашы. Қарағанда тесіп өте жаздайды.. Өзі ойнақтап бір жерде отыра алмай отыр» деп, әрқайсысы осындай сөздерді естір-естірместен қып айтып, қымызды жұта түсіп отырысты.
Бұл кезде төрде отырған қонақтың ішіндегі ешкі бас өткір көзді жас жігіт күйіне келіп, бабына түскен, безбүйрек қызыл шұбар қаршығадай ойнақтап отыра алмай отыр еді.
Қасындағы ұзын бойлы жасы үлкен кісі қарынан қысып қап, санынан нұқып қап, етегінен басып қап тоқтатып отырған-ды: «Майра, домбыраны қонаққа неге ұсынбайсыздар? Сіздер білмесеңіздер, бұл – Иса ақын». (Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы, 119-бума).
Исаның айтқыштық, тапқырлық өнері Е.Өмірзақовтың «Ұстаздарым – достарым» (Алматы, 1976 жыл) атты кітабындағы «Исаны көрген мына көз…» дейтін жезмойнақ естелігінен (17-29 бет) толық тануға болады:
«1914 жылы Тройцк маңындағы Оспан деген мұғалім «үзбелі домбыраны» маған сыйлаған-ды. Осы бір керемет домбырамен А.Затаевичке ән жаздырып отырғанда: «Екі көзі оттай жайнаған, жүріс-тұрысы шапшаң бір жігіт мен ән салған сайын: «Ой, бәрекелді!» деп, көтермелеп отырған. Сөйтсем Иса екен. «Домбыраны ұстаған бойда безілдетіп ала жөнелді. Біраз өлеңді құйындатып, төгіп-төгіп алды да, енді бір кезде термелетіп келіп, мені де келістіре суреттеп өтті».
«Қарашы қарағайдың еркесін-ай,
Исаның шығып кетті желкесін-ай,
Әккадай, шіркін, өтеді-ай бір күн! –
дегенде, домбыра желкесіне өрмелеп, өлеңінен айрылмай қоса жүретін. Неше түрлі құбылып домбыраны ойнақтата қасқая қарап, халыққа иілгенде, соққан шапалақ, шулаған жұрт күн күркірегендей болатын».
Орынборда Иса мен Нұрлыбек айтысқан-ды. Жарнама мәтіні: «Тоқта, жолдас! Оқып кет!». І-бөлім. Спектакль. ІІ-бөлім. Нұрлыбек ақын мен Исаның айтысы. Келушілерге есік ашық». «20 минутке жетпей Нұрлыбек желкесін сипап сахнадан кетті. Иса сахнада жалғыз кезіп жүр, көзі қызарып кеткен, желдірмені құйындатып барып тамамдады» деп жазған Е.Өмірзақов.
1926 жылы Қарқарада алтын балық үйіріндей Әміре, Иса, Қалибек, Елубай, Құрманбек, Дәулетбаев Мәжит, Ораз Жандосовтар еңбекшілермен кездеседі. Сонда О.Жандосов жалынды сөз сөйлеген. Ол шешен сөздің шебері екен. Сонда Иса дауылдатқан. Ол – шешен еді. Сахна әдебиетінің саңлағы Исаның үздік орындаушылық шеберлігі табиғи дауысы, сиқырлы, сазды үні қандай дегенде мына бір пікірдің жөні бөлек.
«Иса Байзақов сирек кездесетін дарынды, өзгеге ұқсай бермейтін ерен әнші еді. Алуан сырлы айтыс сайыстарына түскен суырып салма танымал ақын қазақтың «терме» деп айтылатын бір ырғақты ән жүйесін ұнататын. Бұл жанрдың да ол желдірме сынды түрін тапқан еді. Мен оның орындауында осы жанрға және оның жеке шығармашылығы мен орындау мәнеріне өте-мөте деп келетін «Желдірме» және «Нағашым» дейтін екі әнін жазып алдым. Оның дикциясы жақсы еді, дауысы сәл барлығып шығатын, бірақ ойнақы әсем ырғақпен, екпінмен аяғына тақағанда екпінін үдете айтатын. Оның әнінің әсері тосыннан ойнақы құбылуында. «Ги, ги, ги, га, гок», «ги, ги, ги, гак-гак, гок» дейтін секірмелі серпінді айғайында, «форте» мен «пианиноның» күрт алмасуында, көмей талшықтарының барынша керіліп, тартылуында. Мұндай кездерде созыла түскен мойнындағы тамырлары жуан жіп секілдене білеуленіп кететін, даусы әбден шегіне жете шамырқанатын. Ал «Гәккуді» ол керісінше өте жұмсақ айтатын. Тәттімбеттің «Былқылдағы» секілді мың бұралған әуеннің айшық иірімдерін жақсы сезіне отырып, қайырмасына келгенде мойнын аққудайын ғажайып соза отырып, әннің «Гәк-ку, Гәк-ку, га-га-га-га-гага-га-га…» дейтін нәзік буындарына дейін қуалай мүсіндеп, шырқай айтатын. Әлбетте, бұл оның бойына тән үздік дарынның барлық белгілерін танытарлықтай ән еді (Е.Г.Брусиловский. Дүйім дүлдүлдер. Алматы: «Ана тілі», 1995. 70-71 беттер).
Иса композиторлар Рамазан Елебаевтың «Ана сыры» мен Зайнаутдиновтың «Алатау» деген әндеріне мәтіндер жазған.

«Алатау» мәтіні былай:
Бұлт буған басыңды қарлы Алатау,
Бір заманда қайғылы зарлы Алатау.
Қойныңа жез тырнақты қолын салып,
Сұмырай сорған сүтіңді шерлі Алатау.

Қайырмасы:
Асқақтаған Алатау,
Баурың толған бақша-бау.
Май айында майысып,
Жұпар исің аңқыды-ау.

Мұзың күміс, суың бал, тасың мыстан,
Таудан бұлақ ағады алтын құсқан.
Қызыл туың желбіреп, желкілдетіп,
Қоныс алды іргеңнен Қазақстан

Салаң салқын кең әнші
Бұлақ аққан мың тарау.
Алма – миуаң жетіліп,
Бұлбұл құсың сайрайды-ау!

***

Хас жүйрік Исаның өмірі, шығармашылық өмірбаяны жөніндегі кейбір деректерді сөйлетейік: Ол 1914 жылы «Ғалия» медресесінің шәкірті Құсайын Күрлеуітұлынан 4 ай дәріс алған. 1916 жылы Том шаһарының көмір шахтасында әкесі Байзақ, ағалары Мұса, Арындармен бірге қара жұмыс істеген. 1921 жылы Керекуде Автономия тойы ұйымдастырылғанда жыр төккен, ақ боз арғымақтың үстінде қаңбақтай дөңгелеп, қосаяқша қарғып, тиінше секіріп ойын көрсеткен. Сонда «менің қолымнан келмейтін өнер кемде-кем» деген-ді. Осы жиында Қаныш Сәтбаевпен кеңескен, сол кісінің ақылымен Семейге сапар шеккен. 23 күн жұмысшы факультетінде оқыған. 1922 жылы «Ес-аймаққа» мүше болған. Осы жылы Нұрлыбек Баймұратовпен айтысқан. Алтай, Тарбағатай, Зайсан елдерінде гастрольде болған. 1922 жылы Орынборда Мұхтар Әуезов пен Жұмат Шаниннің тілегі бойынша «Бәйбіше – тоқал» спектакльінде ойнаған. Мұнда Иса Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Тайыр Жароков, Александр Затаевич сынды өнер майталмандарымен танысқан. 1924-1925 жылдарда Ташкентте САГУ-де өз бетінше лекция тыңдаған. 1925 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Қажымұқан, Қалибек, Зәрубай, Омар Иса өнеріне қаныққан. 1926 жылы «Құралай сұлу» поэмасы Ташкентте жарияланған. 1927 жылы Мәскеуде Этнографиялық концертте Әміре, Елубай, Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов, Дәлила Оңғарбаева, Құрманбек Жандарбеков, Жанбике Шанина сынды өнерпаздардың санатында өнер көрсетеді. Осы бір сапарында Иса Арал, Ақтөбе, Омбы, Семей, Қызылжар елін аралап, ән-жырымен сусындатады. 1929 жылы ҚазПИ-ге түседі. 1930 жылы Республикалық радио комитеттің әншісі болады. 1936 жылы Жұмат Шаниннің шақыруымен Оралда жұртшылықпен кездеседі. 1937-1939 жылдар Алматы филармониясында, Қазақстан Жазушылары Одағында қызмет жасайды. 1939 жылы Киевте – Днепр жағасында Тарас Шевченконың 125 жылдығы өтеді. Бұл салтанатқа М.Шолохов, А.Толстой, А.Фадеев, Н.Тихонов, Н.Анов, Серафимович қатынасқан. Мұның куәгері Әбділда Тәжібаев айтады:
– Сахнаға екі көзі жоқ екі кобзарь шықты. Ғажап дерсің! Оларға Иса қосылды. Сонда дейсің-ау! «Мына үшеу жер басып келген адамдар емес, жаңа ғана ақ қанаттарын жайып көктен түскен періште секілді. Олар ғайыптың хабарын әнмен айтып тұрған сәуегейлер секілді, бүгіннен бастап адамзат тілмен сөйлесуден тыйылып, тек әнмен түсінісетін болған секілді» десті ел-жұрт.
1940 жылы Иса қазақ-қырғыз ақындарының айтысына қатысады. Сонда Қырғыстан жазушыларының Пленумында қырғыз елінің көне тарихы, ескі көне оқиғалары, Енисей өзені бойындағы тұрмыс-тіршілігі жайында жыр төккен. Амал-нешік, хатқа түспеген. Сондай-ақ ақын-жазушылар бригадасы құрамында Түрксіб темір жолының 10 жылдығына орай Шу – Луговой – Жамбыл – Шымкент елінде алуан-алуан кездесулер де рухты жырлар толқындатқан. Ұлтқа, ұрпаққа, халыққа жанқиярлықпен қызмет еткен Иса Қызылқұмда 2 тәулік бойы боранда қалғаны бар.
Өрен жүйрік Иса, шын мәнісінде, халық жыршысы. Ел ішінде ертегілерін мөлдіретіп жатқа айтқан, желдірмелерімен желдей ескен, ел көріністерін, егінші-малшы қауымды жырға айналдырып суреттеген, бір сөзбен айтқанда, ойын-сауықтың гүлі болған… Дария суындай сырлары-жырлары ел аузында қалғаны даусыз. Солардың бірен-саранына сөз берейік. 1943 жыл, маусым айы. Иса Алматы облысы Жамбыл ауданы Шолақ-Қарғалы аулында дүркіретіп-селдетіп былайша жыр көрігін қыздырған:
Сұрасаң атым Иса, әкем Байзақ,
Бұлбұлдай халық үшін отыр сайрап.
Көңілін малшылардың көтеруге,
Келіппін ортаңызға дәм-тұз айдап –
деп, әрі қарай ешкі баққан Мырзабаевқа:
Босаға жақта отырған,
Сіріңке қара жігітім.
Бағып жүрген ешкіңнің,
Жинадың қанша түбітін?
Шыныңды айт тоқталмай,
Құдайдан болса үмітің.
Сен болсаң ешкі құлпысы,
Мен ашатын кілтің –
дегенде жиналған әлеумет күлкісіне шыдай алмай, тырсылдап, шытынай бастаған кейіпкеріне:
Намыстан ба, Әбеке,
Қатар құрбы екенсің.
Өстіп жүріп бір күні,
Дүниеден өтерсің.
Сіріңке қара дегенге
Намыс етпе, Әбеке!
Қателік болды менен де,
Қайтып алдым ей, Әбеке!
Өнеріңді шегенде,
Көмектес іспен Отанға.
Орындалар үмітің.
Ыза болмай құлақ сал,
Сізге айтар үгітім –
деп, оларды берекелі істер тындыруға шақырады (Мүсілім Нұрпейісовтың естелігі. 1950 жылдың 30-наурызында жазылған). Шабыттанған Иса жиналғандарды қыран-топан күлкіге батырған. Сонан соң «Рүстем-дастанды» жырлаған…
Халқыма жаныммен қызмет етіп,
Кетіп ем мұң-мүддесін өлеңдетіп,
Халқым да «бұлбұлым» деп сыйлаушы еді,
Жалынды жырларымен тағзым етіп.

Жаныммен халқыма мен жанасып ем,
Өнердің бәйгісіне таласып ем.
Қаулаған өрттей жанған жырымменен,
Кеңестің кең сарайын қаласып ем –
деген жан сыры анық, айқын ақиқат.
Исаның импровизаторлық тұлғасы аңызға бергісіз. Оның мейір қандырарлық мұрасы – ұлттық игілік. Ол ұлт жүрегін ізгілік пен сұлулыққа байытып, толқытып тербетті, көркейтті. Қазақ жырына өзгеше бір ұшқыр қанат, нұрлы сипат, жойқын ағын қосты.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.