ҒАҚЛИЯ

Жазушы Сәтімжан Санбаев ұлы ақынның «Қара сөздерін» орыс тіліне қалай аударып еді?

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Қаламгер, аудармашы, киноактер Сәтімжан Санбаев! Әдебиетімізге 60-шы жылдардың ортасында келіп, 70-ші жылдардың басында шығармашылық бар күш-қуатын айқын танытқан бұл есім сол кездегі оқырман қауымға өте жақсы таныс еді. Ол уақытта жазушы өзінің жастығына қарамастан «Ақ аруана» повесі арқылы одақтағы «Дружба народов» журналына шығып үлгерді. Мұнымен қатар ол кино өнері саласында да бақ сынап, талантты актер екенін таныта білді. Оған оның әр жылдары «Қазақфильм» киностудиясы түсірген В.Карповтың «Ұшы-қиырсыз жол» туындысындағы Әліби Жангелдинді, А.Әшімовтің «Шоқан Уәлиханов» сериалындағы Тезек төрені, С.Тәукеловтің «Батыр Баян» картинасындағы Абылай ханды сомдаған рөлдері анық дәлел. Ал Сәтімжан Хамзаұлының аудармашылық қырын сөз етер болсақ, бұл әмбебап қалам иесінің төл әдебиетіміздің М.Әуезов, Қ.Ысқақов, Т.Әбдік, Д.Исабеков секілді көрнекті өкілдерін тәржімелегені өз алдына, ұлы Абайдың «Қара сөздері» – ғақлияны орыс тілінде тұңғыш әрі толық сөйлеткені өте үлкен еңбек дер едік.
Сол Сәкең, Сәтімжан ағамен Алматыда тұрғанымызда жақсы таныс-біліс болдық. Әсіресе 1986-1996 жылдар есімнен кетпейді. Ол бұрынғы Ленин, қазіргі Достық даңғылы деп аталатын бір көшенің бойында тұруымыз еді. Міне сонда кейіпкеріміз «Самал-3» ықшам ауданынан, мен «Алатау» қонақ үйі жанындағы орамнан шығып, Көктөбе етегіне баратынбыз. Сөйтетінбіз де терренкурды бойлаған бойы ұзақ әңгімеге ерік беретінбіз. Соның нәтижесінде кейін мен жазушы, киноактер бұл ағамыз туралы «Егемен Қазақстанға» «Өзгеге ұқсамайтын өмір» атты портреттік эссе жазғаным бар. Бірақ онда шығармашылық иесінің аудармашылық қыры туралы көп айта алмағанмын. Себебі, газет көлемі мұны көтермейтін еді. Енді соны, яғни, Сәтімжан Хамзаұлының тәржімешілігі, онда да қаламгер ағаның Абайдың «Қара сөздері» – ғақлияны орыс тіліне толық аударудағы еңбегі жөнінде айтудың реті келген сияқты. Өйткені ұлы ақынның 175 жылдығы қарсаңында мұны елеп-ескермеуге болмайды. Осы мақсатпен 1995 жылғы қойын дәптерге түскен сұрақ-жауап сұлбасына үңілгенімізде, жадымызда төмендегідей ой үзіктері жаңғырығын қоя берді.

– Аға! Әр нәрсенің өз себеп-салдары болады ғой. Сондықтан «Қара сөздерге» қатысты әңгімені бастамас бұрын өзіңіздің бала кез бен жастық шағыңызда танып-білген Абай жөнінде аз-кем сөз қозғасаңыз.

– Әкем мұғалім еді. Кітапты көп жинайтын. Міне, сол кісі менің орыс мектебінде оқығаныма қарамай, 4-5-сыныптан бастап қазақ ақын-жазушыларын танып-білуіме аянбай тер төкті. Солардың ең басында ұлы ақынның 1933 жылы М.Әуезов редакциясымен шыққан екі томдық кітабы тұрды. Одан кейін дала данасының 1940 жылы Л.Соболевтің құрастыруымен орыс тілінде жарық көрген жинағы қосылды. Мектепте, міне, Абайды осы еңбектер арқылы тани жүріп, 1957 жылы РСФСР-дің Орынбор қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түстім. Бірақ, бұл білім ордасында оқуын оқысам да әдебиет пен кино десе елеңдеп, ішкен асым бойыма сіңбей тұратын. Қолым қалт етсе болды, ауылымнан алып келген бір дорба кітап: М.Әуезовтің «Абай» романы мен Ғ.Мүсрепов, Т.Ахтанов және Б.Соқпақбаевтың әңгімелерін оқимын. Өстіп жүргенімде, 1958 жылы Н.К.Крупская атындағы кітапханада үлкен кеш болды. Ол сол кездері Мәскеуде өтіп жатқан қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігіне Орынбор жұртшылығының үн қосқан жиыны еді. Сонда Абай есімі құрметпен еске алынып, шығармалары жиі айтылып жатты. Солардың арасында Вельяминов деген қарт оқытушының сөзі маған ерекше әсер етті. «Абай ақын ғана болмаған, – деді әлгі кісі. – Ол кәдімгі қара сөзбен философиялық ой-пайымға толы ғақлия да жазған адам. Оның 30-жылдары ғана ел қолына тиген сол еңбегі қазақ тілін жақсы білетін біздің жерлесіміз, орынборлық казак Василий Тимофеевич Селезневтің үстелі үстінде тұратын қадірлі кітабына айналған».

– Мынау бір ғажап сөз екен!..

– Иә. Бұған кейін тағы бір айналып соғармыз. Айтайын дегенім, менің Абай жөніндегі балалық, жастық шағымдағы дүниетанымым жоғарыдағы жайттар арқылы бірден емес, біртіндеп қалыптасқан еді. Оған кейін өзім оқып бітірген институттағы ауыл шаруашылығы жөніндегі мамандығымды мүлдем тастап, жазу өнеріне біржолата бет бұрғаннан соңғы әдеби ортаның да ерекше әсері болды.

– Ұлы ақынның «Қара сөздері» көркем проза талаптарынан мүлдем өзге, құрылымы бөлек, құпиясы мол күрделі туынды ғой. Осыны біле тұра бұл еңбекті аударып, тәржіме жасауыңызға не себеп болды?

– Оған сол кезең ұрпақтарының бойындағы буырқана оянған ұлттық сана-сезім рухынан туған қажеттілік қозғау салды деп жауап берер едім. Иә, алпысыншы жылдары халқымыздың болмысын, тарихы мен мәдениетін жаңаша танып білуге деген құлшыныс керемет болатын. Мұндай жағдайда Абайды оқымау, зерттемеу, оған жүгінбеу мүмкін емес нәрсе еді. Әсіресе ол орыстанып, ана тілінен адасып қалған жас интеллигенция өкілдерінің ұлттық сезімін ояту үшін өте қажет-тін. Абайдың «Қара сөздері» – ғақлияны тәржімелеуді мен, міне, осындай кезде қолға алдым және ол өз уақытында істелген дұрыс шаруа болды ғой деп ойлаймын.

– Ақынның сөз етіліп отырған еңбегі бұрын, яғни 1970 жылға дейін орыс тіліне аударылмаған ба?

– Жекелей тәржімеленген. Толық емес. Оны Л.Соболевтің редакторлық етуіндегі Абайдың 1940 жылғы өлең, дастандары мен ішінара «Қара сөздер» бар кітаптан, содан кейін ақынның туғанына 100 жыл толу мерейтойы қарсаңында В.Шкловскийдің аударуындағы 1945 жылғы жинақтан көруге болады.

– Сонымен сіз аудармаға кірістіңіз. Жұмыс қалай басталып, қашан аяқталды?

– Ұлы ақынның 45 сөзден тұратын ғақлиясын тәржімелеуге кіріскенімде 28 жаста едім. XIX ғасырдың соңғы онжылдығында жазылып біткен бұл шығарма XX ғасырдың 70-ші жылдарына дейін орысшаға толық аударылмағанын жоғарыда айттым ғой. Мұны былай қойғанда ғақлияның кейбір сөздері мен сөйлемдерінің өзі ана тілімізде үнемі қысқарып, қырқылған күйде жарық көріп келген-ді. Мен сол қиянаттардың бәрінің орнын толтыруды, «Қара сөздерді» толық күйінде аударып шығуды алдыма басты мақсат етіп қойдым. Аталмыш шығарманы тәржімелеу үшін орысша сөйлейтін емес, орысша жазатын адам керек деген принцип ұстандым. Өйткені Абайды сөзбе-сөз аудару Абай шығармашылығының құнын түсірумен бірдей еді. Сондықтан ұлы ақынның «Қара сөздерін» басқа тілге тәржімелегенде, ондағы ой орамдарын көркем әдебиет заңдылықтарымен үйлестіре отырып түзіп шығуға тура келді. Солай істедім де.

Ғақлияны 1968 жылдың аяғында аударып бітірдім. Көп кешікпей «Жазушы» баспасының көркемдік кеңесінде үлкен талқылау болып, сарапшылар қолжазбаға жақсы баға берді. Сонымен оған арнаулы редактор болып Рая Арысланова бекітілді де, тиісті корректуралық, техникалық жөндеулерден соң баспаханаға терілуге жіберілді. Бірақ содан кейінгі бір жыл бойына жуық уақытта қолжазбаны қайтып көре алмай-ақ қойдық. Аударма қайда? Ол кімдердің қолында жүр? Білмейміз. Ақыры 1970 жылы Абайдың 125 жылдық тойына 4 ай қалғанда қолжазба баспаға кітап боп бір-ақ келді. Тәртіп бойынша бұлай болмауы керек еді. Таңдана отырып салыстырсақ, аударманың біраз жері өзгертілген және қысқарған. Кейін білдік, оны істеген Орталық комитеттің қызметкерлері болып шықты. Бірдеңе дейін десек, кітап өндірістен мүлде алынып қала ма деп жасқанамыз. Ақыры директор I.Есенберлин боп бәріміз: «Не де болса шықсын. Елдің қолына тисін. Кем-кетігін кейін толтыра жатармыз», – деген тоқтамға келдік. Міне, ғақлияның орыс тілінде алғаш рет толық жарық көруінің қысқаша тарихы осылай. Жоғарыдағы қолдан жасалған кедергілерді есептемегенде, «Қара сөздердің» аталмыш тілге аударылуы Абайдың 125 жылдық тойы кезіндегі үлкен оқиға болды.

– Енді мына сұраққа келейік. Сіз ғақлияны аударып-төңкеріп оқып, көз майыңызды тауыса тәржімелегеніңізде одан адам, пенде ретінде не біліп, не ұқтыңыз? Бұл сауалға деген жауапты академиялық жоғары деңгейде қозғамай, асқақ пафосқа бармай, кәдуілгі табиғи ұғыммен түсіндіруге тырысып көріңізші.

– Атап айтатын нәрсе, Абай әлемі шексіз. Алдымен ол сезіміне селкеу түсірмей өлең жазды. Содан соң сайын дала аспанын сазды үнге бөлеп ән қалықтатты. Ал көңіл көкжиегіндегі заман, уақыт, қоғам туралы туындаған пікір-пайымдаулары келе-келе ойшылдыққа ұласты. Демек, Абай ақын, композитор, философ. Бұл біз сөз етіп отырған тұлғаның бәрімізге белгілі қырлары. Ал былайғы жұртқа беймәлімдеу жағы ол әкімшілік қызметте де болған және соған он жылын арнаған адам. Өмірінің бұл кезеңінде ақын тағдыр тәлкегіне ұшыраған адамдардың басына түскен ауыртпалықты өз басына түскен істей көріп дауға араласуға, көптеген руаралық тартыстарды шешуге тура келді. Бұл орайда Даланың этикалық конституциясын ескеріп отырмаса болмас еді. Ойшыл ақын көшпелі өмір салтын ұстанған елінің тіршілігіне реформа жасауға әрекеттенді. Ал бұл арада патшаның отарлық жүйесіне бітіспес күрес жариялау керек еді. Болмады. Сөйтіп өмірінің сол кезеңінде Абайдың барлығына демесек те көп нәрсеге көзі жетті. Ол кезде ақын жас та қайратты еді. Жарқылдаған жалын сөзді шешендігі өз алдына, дәлелдері анық-қанығымен таңғалдыратын. Бірақ ол тау етегіндегі тасты өрге домалатып шығарамын деген Сизифтің ауыр тағдырын бастан кешті.

Осыдан соң Абай сөз әлеміне қайта оралды. Сұңғыла ақыл-ойдың иесі ретінде ол өмірдің мәнін жан тәнімен сезініп: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа?» – дегенді шынайы көңілмен айтуға кірісті. Осы арқылы өмірге дендей енген ол адам дүниеге келген соң қызық пен қиындықтың, бейнелеп айтқанда «жұмақ пен тозақтың» да қоса жүретінін білді. Оның даналар айтқан: «Рухани кемелдену ақылмен жасалар әлем тіршілігіне бастайды», – деген ой өмірлік қағидасы болатын. Егер Абай сөздің Құдайдан басталатынына, ал өз ойын жүректен өткізетініне сенбеген болса, жазған дүниелері таза тәжірибелік ұғым сияқты болып көрінер еді. Осы себепті ақынның «Қара сөздерінде»: «Мен адамның денесінің патшасымын. Қан менен тарайды, жан менде мекен етеді. Менсіз тіршілік жоқ», – деп жүректі символдық тұрғыда сөйлеткені содан.

Жә, сөзімді түйіндеп айтсам, ғақлия – ақынның жылдарға созылған ой-толғаныстарының, ізгілікке деген ұмтылыстарының жемісі. Олар философиялық-моральдық, қоғамдық-саяси және сатиралық сындардан тұрады. Қысқасы, біз дүние мен адамзат тіршілігі саналуан қырларынан қарала отырып, әңгімеленетін кітапқа иеміз.

– «Қара сөздерді» аударып отырғанда қиындықтар болды ма? «Абай ғақлияны не үшін жазған?», – деген сауалды өзіңізге сан қайтара қоя отырып, ондағы сөздердің астарынан қандай жаңа ұғымдарды тауып, тың тұжырымдарға көз жеткіздім деп ойлайсыз?

– Ақын аталмыш туындыларына он жылға жуық өмірін арнады. «Бірінші сөзінің» жазылуын 1890 жыл деп белгілесе, соңғы «Қырық бесінші сөзінің» жазылу уақыты 1898 жыл делініп тұр. Аудармамен жұмыстағы күрделілік Абайдың өзіне, оның дүниені, адам ерекшеліктерінің көріністерін ой елегінен өткізу әдістеріне, ойды баяндау тәсілдеріне, мысалы, осылай деу мүмкін болса, сөздердегі алуан мағыналық өлшем – терминологиялық тізілімдерді, жекелеген ұғымдардың өзін түсіндіру тәсілдеріне барып тіреледі.

Абай сөздері күрделі, алуан мағыналы. Сондықтан да «Қара сөздерді» орыс тіліне аудару барысында шығарманың жалпы астарына үңілу және әрбір сөздегі композиция мен ойды үнемі солармен түйістіріп отыру керек болды. Өйткені тақырып жағынан бұл сөздердің бірі – адам баласының ерекшеліктеріне, екіншісі – адам бойындағы қайсыбір келеңсіздіктердің пайда болу табиғатына, үшіншісі – айталық, отырықшы және көшпелі өмір салтындағы жандардың ойлау машығын салыстыруға, төртіншісі – адамдардың рухани шыңдалу жолдарының бірі ретінде төзімділік рухына табиғи түрде ұмтылуына арналған.

Ал егер мұндағы пайдаланылған сөздің алуан мағыналылығы туралы айтар болсақ, онда, мысал үшін «надан», немесе «надандық» деген ұғымдарды алғанда, оларды тікелей осы мағынада түсіну шарт емес. Қандастарым ұлы ақынға кінә артып шамданбай-ақ қойсын, бұлар кейде шалағайлық, өмір туралы алдамшы түсінік ретінде көрінсе, көбіне Абай жоғарыдағы атаудың кайсыбір әрекеттің салдарын, айталық асығыстықты, салғырттықты, өзіне қатаң талап қоя білмеушілікті немесе өзге адамдардың, тіпті бүтіндей бір халықтың тәжірибесіне ден қоймаушылықты сыйдырады.

«Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ», – деп жазады Абай «Жетінші сөзінде». – Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күретамырымызды адырайтып кетеміз».

Мірдің оғындай тұжырым. Мұндай пайымдау далалықтар өмірінен алынып отыр ғой. Сондықтан Абайды ағайындарына әділетсіз көзқараста болды деп санайтын бірқатар қандастарымның өкпе-реніші астарында не жатқанын түсінемін.

Жалпы осы тұжырым неғұрлым кеңірек түсіндіруді талап етеді. Егер Абайдың «қазақ надан» дегенін, сонан соң іле-шала «қазақ та адам баласы ғой» деп бекемдей түсетінін ескерсек, онда оның жалпы адам жөніндегі әңгімеге салмақ салып отырғанын аңғаруға болады. Салтыков-Щедрин өз кезінде Ресейде сексен миллион бюрократтанған кеудемсоқ жан иелері жосып жүр деп бүкіл Русьтегі қандастарын сын тезіне алған ғой. Немесе «Өлі жандардағы» өзінің кейіпкерлеріне бірде-бір жөні түзу фамилия қоймаған Гогольді алайық. Ресейліктердің намыстанғаны соншалық, оған, яғни, авторға деген пікірі де кереғар болды емес пе. Иә, гуманист адам зерттеуге өзіне етене жақын объектіні алады да, туған халқын бүкіл адамзаттың құрамдас бөлігі ретінде қарастыра отырып, оның бойындағы кемістікті жойып, жетілдірудің жолдарын іздейді. Жоғарыда аталған ұлы тұлғалардың арасында, міне осындай тіке рухани интуиция бар. Ар-ұжданды бәрінен жоғары қоятын олар туған халқының бойындағы титімдей кемшіліктің өзін өлімге пара-пар келеңсіздік деңгейіне көтереді. Халық өзінің мұндай күйіне ұялатын болсын, олардан арылуға ұмтылсын деп ойлайды. Бір сөзбен айтқанда, Абай жоғарыдағы еңбегін «Тағылымдар» трактатын жазған француз ойшылы Мишель де Монтень сияқты өзінің көзқарасын қуаттайтын, демек жаны өзімен бірдей сыздайтын оқырманға арнап жазды.

– Әңгімеңіздің басында сіз Абайдың өткен ғасырдың 30-шы жылдарында шыққан «Қара сөздерін» қазақ тілінде оқыған орынборлық орыс Василий Селезнев туралы айтып қалған едіңіз. Ол кісі кім? Тәржіме барысындағы ізденіс үстінде бұл адамды анықтаудың сәті түсті ме?

– ХХ ғасырдың басы мен орта кезіндегі талай оқиғаларға куә болған ұлт зиялысы Ғалым Ахмедовтің айтуынша Василий Тимофеевич Селезнев өлкетанушы екен. Өңірлік, аймақтық деңгейдегі халық ауыз әдебиетін жинаумен шұғылданыпты. Ботаниктерге еліктеп өсімдіктер әлеміне ден қойыпты, Қазақ тілін жетік білген. Далалық экспедицияларға қатысқан. Мұны көрнекті ғалым Тұрсын Жұртбай да растайды. Міне, орынборлық сол қарт казак Абайды қатты құрметтеген ғой. 30-шы жылдары қолына тиген «Қара сөздерді» жата-жастана оқыған. Оқып қана қоймай, пікір де жазған. Бізге жеткен солардың бірінде: «Философ Абай, – дейді ол кісі, – өзінің еңбектерінде өткенді, қазіргіні және болашақты бір жерге түйістіруге ұмтылады. Кейбір келеңсіздіктер келешекте адамдардың, әсіресе қазақтардың өмірінде белең алмаса екен дейді».

– Соңғы сауал… Сіз аударған жоғарыдағы ғақлия және сол кездегі орыс тілді оқырмандар. Олар оны қалай қабылдады?

– «Жақсы!» – деп айтар едім. Мұны елдің аталмыш кітапқа деген сұранысы анық көрсетті. «Қалай?» – дейсің ғой. «Қара сөздер» алғаш, яғни 1970 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді емес пе. 56 800 данамен. Міне, сонда ол тез өтіп кетті. 1975 жылы, ақынның туғанына 130 жыл толу мерейтойында да солай болды. Дүкен сөрелерінде көп тұрған жоқ. Ал 1982 жылы… Иә, сол жылы менің аударуымдағы бұл дүниені «Жалын» баспасының 99 000 данамен шығарғаны есімде. Демек, елге керек, сұраныс мол болғаны ғой. Әйтпесе, жоғарыдағыдай тиражды бекітуге ешкім тәуекел ете алмас еді.

…Сәкеңнің, жазушы Сәтімжан ағаның Абайдың бір кездегі өзі аударған ғақлия кітабы жөніндегі бұдан көп жыл бұрынғы айтқан әңгімесін осымен аяқтаймыз, құрметті оқырман. Автор ретінде айтарым, қаламгердің сол 1995 жылғы «Қара сөздерге» байланысты баяндаған сөздерінің үзік-үзік нұсқасы қойын дәптерімізде жазулы тұр. Мұны Сәкең туралы 1996 жылғы біз жазған «Өзгеге ұқсамайтын өмір» портреттік эссесіне газет көлемі көтермегендіктен кіргізбегенімізді осы мақала басындағы алғысөзде айтқанбыз. Бұған қосарымыз, ақынның туғанына 150 жыл толу мерейтойы қарсаңында ол кісі «Абай» деген тақырыппен үлкен зерттеу мақала жазған еді. Онда қаламгер дала данасының ақындық, композиторлық, ойшылдық, қайраткерлік қасиеттеріне жан-жақты тоқталған-тын. 1995 жылғы 20 және 27 маусымда «Российская – казахстанская газета» апталығында жарияланған сол дүниеден қазақ оқырмандары хабардар болсын деп әріптесім Орынбек Жолдыбаев екеуміз аталған жылдың 15 шілдесінде оны «Халық кеңесіне аударып басуға талпынғанбыз. Бірақ ол тәржімеміз көлемді материалдың бір кішкене үзігі ғана болатын. Егер бүгінгі газет-журналдар тарапынан қызығушылық туып жатса, олар биылғы Абай жылында біз көрсеткен «Российская – Казахстанская газетадан» оны түгел тәржімелеп басуларына болар еді. Осыны айта отырып жазбамызға өзек болған жоғарыдағы ой-пікірлерімізді жазушы Мұхтар аға Мағауиннің әңгімелерінің біріндегі түйін сөзбен тиянақтаймыз. Иә, сонымен…

…Тәмәт-тәмәм.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.