Тамсандырған Талдықорған

1869 жылы Талдықорған қыстауының орнына Гавриловка ауылы бой көтерді. 1922 жылы Қапал уезінің орталығы болып, қайтадан Талдықорған аталды. 1932-44 жылдары аудан орталығы болды. Ал 1944 жылы Талдықорған қала болып құрылды. Талдықорған қала мәртебесіне Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 15 наурыздағы Жарлығының негізінде ие болды. 1944 жылы наурыз айының аяғында Талдықорған қалалық еңбеккерлер депутаттары Кеңесіне сайлау өткізілді. Бірінші сессияда қалалық Кеңестің атқарушы комитеті сайланды. Талдықорған облысының Талдықорған қалалық еңбеккерлер депутаттары Кеңесінің атқарушы комитеті 1959 жылға дейін жұмыс істеді. Алматы облысының құрамына кіруіне орай Алматы облысының Талдықорған қалалық еңбеккерлер депутаттары Кеңесінің атқарушы комитеті болып өзгертілді (Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1959 жылғы 6 маусымдағы Жарлығы). 1967 жылы 29 желтоқсанда Алматы облысы құрамынан Талдықорған облысының бөлініп шығуына байланысты Талдықорған облысының Талдықорған қалалық еңбеккерлер депутаттары Кеңесінің атқарушы комитеті болып өзгертілді.

Талдықорған қалалық халық депутаттары Кеңесінің атқарушы комитеті 1992 жылдың ақпанына дейін жұмыс істеді. Қазақстан Республикасының «Өтпелі кезеңде ҚР Конс­титуциясының жекелеген нормаларының күшін тоқтата тұру туралы» заңына байланысты Талдықорған қалалық халық депутаттары Кеңесінің 1992 жылғы 19 ақпандағы қаулысымен ол таратылып, Талдықорған қалалық әкімшілігі басшысының аппараты болып қайта құрылды.
1995 жылы ҚР жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты республикада тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің институты бекітілді. Талдықорған қалалық әкімшілігі басшысының аппараты қала әкімінің 1995 жылғы 9 қазандағы шешімімен Талдықорған облысының Талдықорған қаласы әкімінің аппараты болып өзгертілді. Талдықорған облысының жойылып, Алматы облысының құрамына кіруіне байланысты 1997 жылдың 22 сәуірінен бастап Алматы облысының Талдықорған қаласы әкімінің аппараты болып өзгертілді. 2000 жылы облыс орталығы Алматыдан Талдықорған қаласы­на көшірілді.
Талдықорған Қазақстанның оңтүстік-шығысында, облыстың орталық тұсында, Жетісу (Жоңғар) Алатауының батысында, теңіз деңгейінен 570-600 метр биіктікте, Қаратал өзенінің жағалауында орналасқан. Ең биік жері – Жетісу (Жоңғар) Алатауында­ғы Бесбасқан шыңы. Оның биіктігі 4622 метрді құрайды. Климаты континенттік. Қаңтар айының орташа температурасы -11; -13 градус, шілдеде +22; +24 градусқа дейін көтеріледі. Жауын-шашынның жыл­дық орташа мөлшері – 350-400 мм. Оның басым бөлігі наурыз-мамыр және қараша-желтоқсан айларында түседі. Жел, негізі­нен, солтүстік-шығыс, солтүстік бағыттан соғады. Жылына 50 күнге дейін қуаңшылық байқалады. Тұрақты қар жамылғысы қараша айының соңғы онкүндігінде қалыптасады, наурыздың екінші онкүндігінде ери бастайды. Қала бұта аралас сұлыбас, бетеге, боз, эфермелі-бозжусанды шөлейт белдемде жатыр. Қала аумағында шөмішгүл, қарағай, сиягүл, жаңғақ сабынкөгі, қызғалдақ, долана, шырғанақ, шұғынық гүл, кәдімгі өрік, қызыл мия, шырмауық, қарасор, алабота, жусан, т.б. өсімдіктер өседі.
Қала әкімдігі аумағына қарасты елді мекендер: Еркін, Заречный, Өтенай, Заря, Еңбек, Пригородное, 3 және 5-ші бөлімше шоғырланған.
Қаланың аумағы – 74 шаршы шақырым. Халқының саны – 141 мың адам. Орташа есеппен алғанда, әр шаршы шақырымға 1800-ден адам келеді. Тұрғындардың 55%-ға жуығы қазақтар, сондай-ақ орыстар (36%), кәрістер (4,4%), татарлар (2,2%), украиндар (1,4%) т.б. халықтардың өкілдері тұрады.
С.Сейфуллин атындағы қалалық кі­тапхана, қалалық балалар кітапханасы, В.Маяковский атындағы кітапхана, М.Ты­нышбаев атындағы өлкетану музейі, І.Жансүгіровтің әдеби музейі, Жансүгіров атындағы мәдениет сарайы, 7 халықтық көркемөнерпаздар ұжымы бар. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, медициналық колледж, К.Байсейітова атындағы музыкалық колледж, 3 кәсіптік-техникалық лицей мен мектептер, жалпы білім беретін 22 мектеп жұмыс істейді.
Қала аумағындағы автомобиль жолы­ның ұзындығы – 352 шақырым. Талдықорған арқылы Алматы-Өскемен, Семей-Алматы, т.б. бағыттарда автокөлік өтеді. Талдықор­ған қаласынан Астана қаласына дейінгі қашықтық – 758 шақырым, Алматы қа­ласына дейін 279 шақырымға тең.
Қалада 19 емдеу-сауықтыру орындары: қалалық емхана, жүрек ауруларын емдейтін орталық, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық станция, облыстық онкологиялық диспансер, әйелдерге дәрігерлік көмек беретін орталық, облыстық перинаталдық орталық, облыстық аурухана, облыстық балалар ауруханасы, жұқпалы аурулар ауруханасы, туберкулез диспансері, облыстық наркологиялық диспансер, қалалық жедел жәрдем көрсету станциясы, қалалық қан орталығы, қалалық бөбектер үйі жұмыс істейді.
Алматы облысында Балпық би Дер­бісәліұлы, Ескелді би Жылгелдіұлы, Қарасай Алтынайұлы, Наурызбай Құтпан­бетұлы, Сара Тастанбекқызы, Қадырғали Қосымұлы Жалайыри, Тезек төре және Бөлтірік шешен, қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Ілияс Жансүгіров, актер Ыдырыс Ноғайбаев, елге танымал композиторлар Нұрғиса Тілендиев, Құдыс Қожамияров, т.б. танымал тұлғалар дүниеге келді.
Мәселен, осы өлкеде өмірге келген Қабан жырау (Қабылиса Асанұлының) толғаулары бүгінгі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Сондай-ақ орта ғасырдағы қазақ ғалымы, белгілі биі Қадырғали Жалайыридің «Жылнамалар жинағы» атты шежіресі ертедегі қазақ тілінде жазылған тұңғыш тарихи шығарма болып саналады. «Сөздің пірі – Сүйінбай» деген қанатты сөзге сүйенсек, кезінде көрнек­ті жазушы М.Әуезов Сүйінбайды «Айтыс өнерінің алтын қазығына» теңеген еді. Халық арасында «Ескелді би айтты» деген ұлағатты сөздер кеңінен таралған. Ол жөнінде бір кезде Бақтыбай Жолбарысұлы, Тезек төре, Сара Тастанбекқызы, Арыстан, Жүсіпбек, Әсет, Бейімбет, т.б. айтыс ақындары жырға қосқан. Демек, күллі Жетісу өңірі – өлең-жырға сұранып тұрған көркем өңір.
«Ағашы тұнған жеміс екен, шаруаға жайлы қоныс екен» деп қазақтың да­нагөй абызы Асан қайғы сүйсінген жер таңғажайып табиғат көріністеріне, рухани жәдігерліктерге, ежелгі ескерткіштерге бай. Мәселен, республикалық дәрежедегі М.Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану, Черкасск қорғанысы, Ескелді би кесенесі, М.Төлебаев мемориалды, Сүйінбай әдеби-мемориалды мұражайлары ерекше көз тартады. Талдықорған қаласында ақын Сара ескерткішінің тұруы да көңілді көкке өрлетеді. Белгілі шипагер-емшілер Құртқа Сұлтанқожаұлы, Құттыбай Байет­ұлы, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы секілді тұлғаларды дүниеге әкелген Талдықорған облысының мәртебесі биік.
Өзіндік тарихы бар, архитектуралық ес­керткіштерге толы Жетісу өлкесі басын тауға, аяғын көлге, арқасын құмға төсеп, 4 мыңжылдықтан астам уақыт бойы тарих көшіне ілесіп келеді.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.