ЗЕЙНОЛЛА СӘНІКТІҢ БІР ӘҢГІМЕСІ ТУРАЛЫ

«Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» қолдауымен «Ан Арыс» баспасы шығарған жазушының 15 томдық шығармалар жинағын 2018 жылдың көкек айының соңғы жұмасында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен қаламгер тұлғасына арналған кеште алдым. Дәл осы уақытта елордада Еуразия халықаралық кітап көрмесі өтіп жатты.
Зейнолла Сәнік маған есімі белгісіз автор емес болатын. Бес жыл бұрын «Меломан» кітап дүкенінен жазушының «Қазақ этнографиясы» атты жеке шыққан кітабын сатып алғанмын. Этнолог ғалымның бұл салада сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Әкесі Мүбарак ескіше сауатты, оқыған адам болған.
Зейнолла Мүбаракұлының шығармалар жинағындағы 9-шы томға енген новелла жанрындағы «Аю атқанның әңгімесі» атты туындысын оқи бастағанда оның тарихшы, ғалым ретіндегі қолтаңбасы айқын, ал енді жазушылығы қалай екен деген күмән аралас ой көкейімде тұрды. Небәрі үш беттік шағын новелланы оқып шыққанда көңілім толғаны қуантты. Тегінде өз басым кәсіби жазушы болғандықтан қазіргі заманғы кейбір авторлардың эпикалық прозаның кіші жанрындағы көркем туындылары ұнай бермейтінін ашық айтуым керек. Себебі көбінесе көркем прозаның бекзат табиғаты ырымға сезілмей қинайды. Жасанды ситуация, бес баттам публицистиканың ащы тұздығы, бос сөздер жиынтығы, шаблон, барымта идея, қақ-соқ ой ұрлау, солғын плагиат, журналистикаға тақырып болатын жайттан проза жасауға әуестік, бір сөзбен айтқанда, графомандық әуесқой проза гүлденіп, әдебиет меншігіне арам шөптей қаулай өсіп шыға береді. Бұған тыйым жоқ. Проза мен публицистиканың аражігін ажырата алмай қалудан көп нәрсе бүлінеді, нәрсіздік талғамды бұзады, ал бостекі әрі жансыз, құр сөздердің меңіреу шеруі кімге керек. Жалпақ жұрттың кітап оқудан қашып, кітап мәдениетінен безінуге бейімдігі бір шеті соның салдары шығар.
Зейнолла Сәнік «Аю атқанның әңгімесі» деп атауын нақ берген. Қазақ халқының сан ғасырлық елдік дәстүрінде айтушы мен тыңдаушы деген ұғым берік қалыптасқан. Көне әдебиеттің бастауында ауызша жырлау, құйма құлақтық, ұзақ жыр-дастандарды жадқа тұту жатыр. Ежелгі батырлар жырларының көп варианттылығы да есте жоқ ескі заманда тасқа басылып, қағазға жазылмауынан, әр жыршы қасынан қосып, өңдеп отырған, немесе өзіне дейінгілерді сіңіріп алғандығынан екені белгілі.
Ертеде жазу-сызуы болмаған, жады мықты қазақтар жер бетіндегі ең әңгімешіл халықтардың бірі. Оның үстіне бізде ауызша шежіре дәстүрі әбден қалыптасқан. Ертегі-аңыздардан бір бөлек, өмірде басынан кешкен оқиғаларының майын тамызып әңгімелеп беру салты күні кешеге шейін жалғасты. Жаһандану және біртекті қоғам бұл озық дәстүрді үзіп жібергені өкінішті.
Аңшылық көшпелі қазақ өмірінің тұрмыс-салтында ерекше құбылыс болатын. Новелланың кейіпкері Сәрсенбай шал. Жас кезінде аю атқан қария қартайғанда сол ерлігін балаларға әңгімелеп бергеннен рахат алады. Оның аузына телміріп, аңшының қызықты оқиғасын, әр сөзін елти тыңдап отырған бір топ бала. Сәрсенбай шалдың алып денесі, сом білектері, жалын атқан шүңірек көзі, жалпақ күміс кісесі, былғары қынды пышағы құйма құлақ баланың бірі Зейнолланың есінде өшпестей тұтылып қалған.
Новелла «Аю қытықшыл болады екен» деп басталады. Алғашқы сөйлем найзағайдың жарқылындай әсері бар, сананы селт еткізіп, дереу кейіпкерлерге жан бітеді. Аң мен адам. Аюдың физиологиялық ерекшелігін білу үшін мұны бастан өткеру керек. Ал бұл жалғанда жыртқыш аңды кім қытықтап көріпті?! Оған кімнің жүрегі дауаласын. «Аңшының екі сөзінің бірі өтірік» деген тәмсіл еске орала кетеді. Дегенмен автор драматургия жанрында құнды тәсіл – оқиға туғызатын тірі сөйлем арқылы нысанаға дөп тигізді. Ер жүрек, тәуекелшіл Сәрсенбай аюдың өкпесін көздеп атты, жыртқыш аң оқтан жығылмай, жаралы кетті. Оның қанды ізінен қуа барған аңшы олжасының сайдың ақ керішті жарына төсін төсеп тік тұрғанын көреді. Жарға жүндес кеудесімен жабысып, ашулы жүзін теріс қаратып тұрған аюдың адамша әрекеті қайран қалдырады. Аңшы оның өлі-тірісін ұқпай, тас домалатса да, аю міз бақпай тұр. Ақыры ол аюды түртіп көрсе, қозғалмайды, итеріп жібергенде қопарыла құлап түскен аңның бұрынырақ өліп қалғаны анықталады. «Сөйтсем, аю әлдеқашан өліп, жарға жабысқан беті қатып қалған екен».
Мұнысы әлбетте, аңшының қырық өтірігі дейтіндей-ақ. Сондықтан жазушы осы тұстан әңгімені басқа арнаға шебер бұрып жібереді. Бұл оқырманның осы жайтқа сенімсіздігін түбірімен жоюға бастайды. Әрі аюдың ақылдан кенде мақұлық емес екенін айқын танытады. Аюдың ақ балшыққа кеудесімен жабысуы ем үшін екен. Жараланған жері арқасы болса, онда жауырынын төсер еді. «Тау ішінде жарақатты емдейтін сулар, балшықтар болады деп естуші едім, зәуде болса бұл осындай балшық болар деп жанына келсем, шынында да ем бұлақ сияқтанады, жардан тепшіп су шығып, бір шұқанаққа қосылып, онан ары бұлаққа ұласып кетеді екен». Алтайдағы Рахман бұлағын жаралы бұғы ашқан ғой. Жаралы аю жарасын емдеуге келгені түсінікті болады. «Бұған қарағанда, хайуандарда белгілі сана, ой болады. Ол өзіне ненің жау, ненің дос, ненің пайдалы, ненің зиянды екенін біледі, – деп қария сақалын салалы саусақтарымен тарап, насыбайын атып, бір тыныстап алды». Сөйтіп, жазушы аю хикаясын шеберлікпен кілт үзіп, танымдық негізге аударып жібереді.
«Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасы» атты монографиялық зерттеу кітабының авторы Жолдасбек Мәмбетовте: «Зейнолла Сәніктің қалам тартқан жанрының бірі әңгіме жанры екенін айттық. Бірақ автор оны көркем әңгіме деп атап көрсетпеген. Жанрын «Шалқыма әңгіме – новеллалар» деп атаған. Негізінен әңгімелердің әңгімелердің көбі балаларға арналған, танымдық мәні жоғары дүниелер» (11-12 бет), – делінгені бұл пікірдің дұрыстығына айғақ бола түсер еді.
Зейнолла Сәнік «Қазақтың хайуанат туралы ертегілері жөнінде» атты зерттеу мақаласында қазіргі заманғы прозада хайуанаттар туралы ертегілерді дамытуға боларына өте мән берген. «Қазақта «Аңшының әңгімелері» деген қызықты әңгіме, өлең-жыр, күй молынан айтылады. Бұларды да дәуірге үйлестіріп, тың мазмұн қосып, хайуанат дүниесін жас ұрпаққа таныстыратын жаңа шығарма жасауға болады», – деп жазады (З.Сәнік, 12 том, 81 бет).
Сондай-ақ, «Қазақ этнографиясы» атты іргелі еңбегінде «Аңшылық фольклорының үлгілері» атты тарауда «Халық арасында аюмен айқасқан, жолбарыспен жұлысқан батырлардың, әйгілі саятшылар мен құсбегілердің өнерлері атадан балаға мирас болып, бұл дәуірге дейін жетіп отырғаны жұртқа мәлім», – деп жазады. (З.Сәнік, 7 том, 182 бет).
Сәрсенбай аңшы балаларға аю атқанының екінші әңгімесін баяндауға көшеді. «Ол да жаралы кетті, бірақ қай жері мертіккенін байқай алмай қалдым, қан жоса ізімен қуып келіп едім, бір үлкен тас үңгірге кіріп кетіпті. Қарап едім, апанның арғы түпкірінде жылтыраған көзі ғана көрінеді, өлі-тірісіне көзім жетпеді». Новелланың стилистикалық бір кемшілігі, сөйлемдері бір демде, шұбыртпалы, құрмалас күйде ұзаңқырап кетеді. Мұның ақтап аларлық бір себебі, баяндаушы ауызекі тілмен кең көсіледі. Суреттеуден ғөрі баяндау молырақ. Бірақ оқырман кейіпкермен бірге сол үңгірге қоса кіргендей әсерінің сыры тағы да аюдың физиономиялық ерекшелігін қалт жібермей, нақты суреттеуінде жатыр. Аюдың көзі қараңғыда жылтырап көрінгені шындық. Проспер Мериме басты кейіпкері граф Шеметтің көздері бір-біріне жақын әрі шүңіректеу орналасқан деп кескіндейді. Бұдан аюдың портреті шығады.
Тас лақтырып, сырықпен қозғап көріп, аңның өлі-тірісін анықтаған соң аңшы оны жарыққа алып шығып, терісін сойып алмақ болғанда «өлген аю» бас салады. Дүлей аң мен одан гөрі күші аз адам алысады, жанталаста аңшы қынындағы пышағын жұмсайды, аюдың қарнын есіп жібереді. «..бір қолыммен аюды езуден алып, оның тісін бетіме дарытпауға тырыстым, сонда байқаусызда мына екі саусағым аюдың аузына кіріп кеткені, – деп екі мұжық саусағын көрсетті». Сәрсенбайдың жасында аюмен алысқанының белгісі – екі саусағының басы жоқ. Жаралы аюды аңшы артынан «кегім кетті» деп із кесіп жүріп өлтіреді. Өйтпесе, ашынған аң қауіптірек.
«Алла-ай, аю сізді жеп қоя жаздапты-ау!» – деді балалардың бірі діріл аралас қорқынышты үнмен».
Сәрсенбай аюдың адамды өтірік «өлген» болып алдаған айласы мен қытықшылдығын осы тұста жанды деталь арқылы айтып береді. Әңгіменің шытырман һәм қатерлі қызығына есі кетіп, елтіген балалар одан «Аюдың адам жейтіні рас па?» деп сұрайды. Аңшы мұны растамайды. Әңгіменің реалистік сипаты және автордың гуманистік көзқарасы осы ұстанымнан сезіліп қояды. Егер қария әу бастан өтірікті судай сапырса, қорқыңқырап отырған аңқау балаларды одан әрмен шошыта түсер ме еді. Ол жалған сөйлеп, тажал қылып танытып, түз тағысы аң баласына жала жауып, бекер қиянат қылмайды. «Өз басым аюдың адам жегенін көрмедім, ол да ет жүректі хайуан емес пе, адамнан сескенеді, әсіресе, қарулы адамды, үлкен мен кішіні парықтап біледі. Бала кезімізде әйелдер мен балалардан қозыны тартып жегені көргенім бар. Аю оттан қорқады, сонда олар қораға от жағып, қозыны сол отпен қорғап қалатын».
Автор мұны ауылда өскен, жылдың төрт мезгілінде табиғат аясында өмір кешетін көшпелі қазақ – жылқышы, қойшылардың балаларына сақтық қорған болуымен қатар қайсарлық, көзсіз батылдыққа баулу үшін айтып отырғаны білініп қалады. Түйіні – «Құдай сақтанғанды сақтайды», әрі тіршілік бітпейтін күрес, ұл балалар ер жігіт болып өсуі өмірдің заңдылығы деген елдік дүниетаным. Жағда Бабалықұлы Қасымхан Бегманға берген этнографиялық деректерінде аюды «шеңгел тұяқ аю» деп сипаттайды, аюдың тырнағының мықтылығын, орып жіберетінін айтады.
Аю туралы небір классикалық әңгімелер дүниежүзілік әдебиетте бар. Простер Мерименің «Локис» атты фантастикалық новелласы, Иван Алексеевич Буниннің «Железная шерсть» атты мифологиялық әңгімесінің бестиарийлік астары, иррационалды-поэтикалық сарыны ғажап. Зооморфты стихия табиғат құбылыстарына табынған көпқұдайлылық дәуір, пұтқа табынудан бастау алса, адам жанының азғыруға ергіштігі, күнәһарлығы христиандық ілімде терең қамтылған. Адам мен жануар, жаратылысы хайуаннан сәл бөлектеу адамзаттың қос жарылған санасы, тірі табиғат пен өктем өркениеттің ымырасыз талас-тартысы бір-біріне ұқсамайтын қос туындының тілмен айтып жеткісіз трагедиясын, мистикалық құдіретін ашады.
Баласын тірі туып, сүтпен асырайтын сүтқоректі жануарлардың физиологиясында ұқсастық көп. Адам сүтқоректі. Мұны әсіресе ғалымдар жақсы біледі. Зейнолла Сәніктің новелласындағы аюдың қытықшылдығы оны адамға ұқсатып жібереді. Аюды адамнан азған деген ежелгі аңыз бар. Мериме мен Бунин жазған прозаның негізінде жатқан жұмбақтың бір ұшығы сонда жатыр. Батыс және славян мифологиясында «оборотень» – «құбылғыш бейне», «оборотничество» – «хайуанға айналып кету» деген ұғым бар. Сиқыр арқылы адамның хайуанға, аң мен құсқа, түрлі заттарға айналуы. Шаманизмде бақсы бұтақтың басында қарға болып қонақтап отырады. Тылсым дүниемен қарға-құзғын кейпінде трансқа түседі. Қазақтың классикалық әдебиетінде Мағжанның «Қойлыбайдың қобызы» атты поэмасы осы құбылысты шебер суреттейді.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы, кинодраматург, әдебиеттанушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.