ҚАЗАҚ ЖАЗУЫ БІЗДІ ДЕ ОЙЛАНДЫРАДЫ

Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Ана тілі» газетінде жарияланған «Қазақ жазуының негізгі қағидалары» деген көлемді мақаласын оқыдық (20.02.2020.). Онда ол латын графикасына көшкелі жатқанымызға байланысты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері даярлап, «Егемен Қазақстанда» басылған (18.01.2019) «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелеріне» жан-жақты тоқталады. Мақалада төлие (автор) қазақ тілінде қанша дыбыс бар екені, олардың қалай таңбаланатыны, қай дыбыс сөздің қай жерінде (басы, аяғы) қолданылатыны, сөздердің түбірге және қосымшаға бөлінетіні, қосымшалардың жұрнақ, жалғау деген түрлерінің болатыны, олардың түбірге қалай жалғанатыны, қойшы әйтеуір, қазақ тілі грамматикасында айтылатын мәселелердің бәрі тәптіштеліп тұрып сөз етіледі…

Ең бастысы, өзі қазақ тілінің маманы емес, жазушы бола тұра тілді 30-40 жыл бойы зерттеген кәсіби маман тәрізді қазақ тілінің барлық заңдылықтарын, олардың дұрыс-бұрыс жерлерін ешбір шалыс басусыз түгел баяндап шығады. Астын сызып тұрып осы жерде айта кететін нәрсе, бұл мақалада Б.Нұржекеұлының көтерген мәселелері – қазақ тілі үшін, қазақ жазуы үшін аса маңызды, әрі кімді болса да ойландыратын өзекті жайттар.
Бексұлтанның қазақ тіліне, қазақ жазуына қатысты жазған мақаласы бір бұл ғана емес. Ол қазақ тіліне байланысты бұрын да әлденеше мақала жазған адам. Солардың бірі – осы жылдың қаңтар айында «Ана тілі» газетінің екі нөмірінде (№3 және №4) қатарынан жарияланған «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген мақаласы. Ол мақаласында жазушы қазақ дыбыстары мен әріптерінің дұрыс жазылуына кесірін тигізіп жүрген бір ғана «құмалақты» емес, дәл сондай бес бірдей «құмалақты» санамалап тұрып талдап береді.
Бексұлтан өзінің жазып жатқан жаңа романын тоқтатып қойып, алтын уақытын бөліп, көз майын тауысып, қазақ тілі туралы мақала жазуының сыры неде? Мақтаныш үшін бе? Жоқ. Б.Нұржекеұлының мақтанатын дүниелері бір басына жетерлік. Ол Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер. Б.Нұржекеұлы «Алаш» және «Мұқағали Мақатаев» атындағы сыйлықтардың да иегері.
Мүмкін ол бұл мақалаларды жазу арқылы өзінің қазақ тілін жақсы білетінін дәлелдегісі келген болар? Бұл да емес. Оның қазақ тілін жақсы білетінін өзі де, ел-жұрты да баяғыдан-ақ біледі. Қазақ тілін жақсы білмесе, оқырмандары қолдарынан түсірмей оқып жүретін оншақты роман мен повестерді ол жаза алмаған болар еді.
Жазушы Б.Нұржекеұлының қазақ тілі туралы, ондағы сөздердің жазылуы туралы мақалалар сериясын жазу себебі: біріншіден, латын әліпбиінен кирилл әліпбиіне көшкеннен кейінгі қабылданған емле ережеміздің (1957 жылғы) талабы бойынша, қазақ сөздерінің жазылуы орыс тілінің қағидаларына қарай икемдел кетуі. Орыс тіліндегі «әр сөз өз түбірін сақтап жазылады» деген ережені басшылыққа алып, бұрын үндестік заңы бойынша айтылып, жазылып жүрген көгөніс, көзғарас, Қазағыстан, шегара тәрізді сөздер кеңестік Ережеде де, қазіргі Ережеде де көкөніс, көзқарас, Қазақстан, шекара болып жазылатын болды. Бұрын қарағаш, сарағаш, сарала, Саржайлау деп жазылып, біріккен екі сөздің түйіскен жеріндегі қатар тұрған екі дауыстының бірі (алдыңғысы) түсіп қалатын сөздер кейінгі Ережелердің екеуінде де қараағаш, сарыағаш, сарыала, Сарыжайлау деп жазылатын болды. Орыс тілінде Ы-дан басталатын сөз болмайды. Соған еліктеп, емле ереже бойынша қазақ тілінде о баста ырас, ырай, ылай, ылас, т.б. деп жазылып жүрген сөздердің басындағы дауыстыларды түсіріп тастап, рас, рай, лай, лас деп жазатын әдет таптық, – дей келіп, жазушы «Жаңа ережені жасаушылар орыс тілінің заңдылықтарын қазақ тіліне күштеп таңып отыр. Тілімізді орыс тіліне бағындырып отыр. Бұл зорлық қой» деп налиды [АТ. 2020. №4, 4-б.].
Екіншіден, латын графикасына көшуге байланысты жаңа жазылған қазақ емле ережесі – Б.Нұржекеұлының сөзімен айтқанда, ол «1957 жылғы қабылданған Ереженің тонын айналдырып, қайта ұсынған нұсқасы. Бірлі-жарым орыс әріптерін (Ё, Ц, Щ, Э, Ю, Я) шығарып тастап, солардың орнын қалай толтырамыз деп ойланғандары болмаса, онда басқа ешқандай жаңалық жоқ. Бұл Ережеде де тіліміздің ұлттық ерекшеліктері толық ескерілмеген. Шындыққа келгенде, қазақ жазуының емле ережесінде тіліміздің ұлттық ерекшеліктерін (әсіресе үндестік заңын) сақтау – жаңа Ереженің ең басты қағидасы болуға тиіс еді. Бірақ ол сақталмаған. Егер тіліміздің ұлттық ерекшелігін сақтай алмасақ, онда қазақ тіл білімінің, онымен тұрақты түрде айналысатын арнайы құрылған ғылыми-зерттеу институтының мемлекетке не қажеті бар?» деп күйінеді жазушы [АТ. 2020. №4, 4-б.].
Бексұлтан Нұржекеұлы өз мақалаларында бұлардан басқа тағы екі нәрсеге ерекше тоқталаған. Олардың бірі – И әрпінің, екіншісі – У әрпінің жазылуы. Бұлар орыс тілі үшін дыбыстар болғанымен, қазақ тілі үшін дыбыстар емес, әріптер ғана. Айталық, И әрпі ы+й, і+й деген төрт дыбыстың қосындысынан тұрады. Мыс., қазақ тілінде 1940 жылға дейін ій, ійе, қый, кій, мый деп айтылып, осылай жазылып келген сөздеріміз 1940 жылы Кеңестік саясат әліпбиімізді кирилл графикасына көшіргеннен кейін жоғарғылардай сөздеріміздің барлығы и, ие, қи, ки, ми деп жазылатын болды. У әрпі де дәл осындай. Ол ұ+у, ү+у деген дыбыстардың қосындысы. Қазіргі кезде бу, су, ту деп жазылып жүрген сөздеріміз бұрын бұу, сұу, тұу деп жазылатын.
Қазақ тілінде У дауыссыз дыбысынан басқа тағы бір У бар. Ол – дыбыс емес, етістіктерден тұйық етістік жасайтын жұрнақ. Ғалымдар тұйық етістік жұрнағын жете зерттемегендіктен, қазақ тілі сабақтарында оны «бір дыбыстан ғана тұратын жұрнақ» деп оқытып келді. Шындығында, ол – әдеттегі барлық жұрнақтар сияқты (мұны -ыс/іс/с жұрнағымен салыстырып көріңіз: бар+ыс, жүр+іс, тара+с, т.б.) -ыу/іу/у деген үш түрпеттен (варианттан) тұратын жұрнақ. Егер түбір етістік дауыстыға бітсе, оған У жұрнағының қарақан басы жалғанады, мыс., сұра+у, шегеле+у. Ал етістік түбірлер дауыссыздарға бітсе, түбірлердің жуан-жіңішкелігіне қарай оларға -ыу, -іу жұрнақтарының бірі қосылады. Мыс., айт+ыу, бар+ыу, жүр+іу, кел+іу, т.б.
Бір қызығы: қазақ тілінің емле ережесін жасаушылар оқу, тоқу деген сөздердегі У-ды «дауысты дыбыс» деп түсіндіреді. Бұл – сайып келгенде, халықты алдау деген сөз. Ол дауысты дыбыс емес, дауыссыз дыбыс. Оны дауысты дыбыс етіп тұрған оқы, тоқы сөздерінің соңында тұрған Ы дауыстысы. Бұл дауыстыны «жаңашылдар» өздері жасаған емле ережесі бойынша сөз ішінде жазбай, тастап кеткендіктерінде жұмыстары жоқ.
Ал бұр, бүк, бық, тік дегендер сияқты дауыссыздарға біткен сөздерге -ұу/үу, -ыу/іу жұрнақтарының бірін қосып, оларды бұрұу, бүгүу, бығыу, тігіу деп өзгертсек, міне, бұл сөздердегі У-ды дауыссыз дыбыс деуге болады. Өзіміздің жеңіл ойлылығымыздың кесірінен тіліміздегі бір ғана У дыбысын бірде дауысты (бу), бірде дауыссыз (бау) деп, өзімізді де, өзгелерді де шатастырып жүрміз. Бұл – дүниежүзінде ешбір елде жоқ сорақылық. Ең дұрысы: аталған сөздерге жоғарыда көрсетілгендей -ұу/үу, -ыу/іу жұрнақтарының бірін қосып жазсақ, қазақ тілінің ұлттық табиғаты сақталған болар еді дейді мақала иесі. Біз де осы пікірдеміз.
Б.Нұржекеұлының айтуынша, «қазақ тілінің емле ережесіндегі ый/ій дыбыстарының тіркесін И әрпімен, ұу/үу дыбыстарының тіркесін У әрпімен белгілеу – тіліміздің төл табиғатына балта шабу, қазақ тіл білімінің негізін қалаған А.Байтұрсынұлының дұрыс қағидасына қарсы шығу. Емле ережесін жасаушылар сырттан зорлап ендірген И, У әріптері сөздеріміздің жазылуын бүлдіріп, тіліміздің табиғи ерекшеліктеріне орасан зор зиян келтіріп жүр. Тілді қолдан жасалған ережеге күшпен бағындыруға болмайды. Әр тілдің өз заңдылықтары бар. Ереже тілдің сол заңдылығына бағынуы керек. Сондықтан жоғарғы екі әріпті әліпбиіміздің құрамынан мүлде алып тастаған абзал» деген ұсыныс айтады автор (АТ. №3, 4-б.).
Бұл пікірді жалғыз Бексұлтан ғана айтып жүрген жоқ. Оны біраз басқа тілші ғалымдар да айтып жүр, мен де айтып жүрмін. Бірақ мұндай ой емле ережені жасаушылырдың санасына кіретін емес. Қайдағы бір «ықшамдалу заңы» дегенді тауып алыпты. Ол заңды кім шығарды? Қай тіл үшін шығарды? Онда жұмыстары жоқ.
Рас, ықшамдау, үнемдеу қашан болса да, кімге болса да керек. Бірақ ол тілдің табиғи ерекшелігіне зиянын тигізбеуге тиісті. Жарайды-ақ, әдебійет, мый, сыйыр сөздерін ықшамдап, әдебиет, ми, сиыр деп жаздық делік. Бұдан не ұттық? Кім ұтты? Кім ұтылды? Есесіне сөздеріміздің айтылу, жазылу тұрпаттары бұзылып, қазақ тілі өзінің үндестік заңынан, жағымды әуезділігінен айырылып қалды.
Бексұлтан Нұржекеұлының өз мақалаларында көңіл аударған тағы бір мәселесі – шет тілінен келген сөздердің жазылуына байланысты. Бұл мәселеге қатысты Кеңестік кезеңдегі қазақ тілінің емле ережесінде: «Орыс тілі арқылы енген сөздерді орыс орфографиясы бойынша қабылдауымыз керек» делінген. Осы ереже бойынша шетел сөздерінің бәрін орыс тілінде қалай жазылса, біз де солай жазатын болдық. Мыс., аорта, реалист, бланк, градус, т.б. Осында көрсетілген сөздерге қараңыздаршы: Бір сөзде екі дауысты (ао, еа), екі дауыссыз (рт, ст, бл, нк, гр) дыбыстар қатар тұр. Мұндай жағдай қазақ тіліне мүлде жат.
Қазақ тілінде екі дауыссыз дыбыс сөз басында ешқашан қатар тұрмайды. Сондықтан да, орыс тілі арқылы енген брон, кремль, минстр сөздері қазақ тілінде бырон, кіреміл, міністір деген түрде айтылады. Соған қарамастан емле ережені жасаушылар қазақ тілінің заңдылықтарын табанға басып тұрып, жоғарға сөздерді орысша қалай жазылса, солай жазуды ұсынады.
Орыс тілінде Ы дыбысы сөздің бас жағында қолданылмайды. Сондықтан ол халық облыс, трактор деп айтады және солай жазады. Ал бұл сөздер бізде обылыс, тірәктір деп, ы/і-мен айтылады. Ендеше, ол сөздерді «Қазақ тілінің емле ережесінде» неге осылай жазбаймыз?! Орыс тілінде Б, Г, Ғ, Д дыбыстарына аяқталатын сөздер мыңдап болмаса да жүздеп есептелінеді. Ал қазақ тілінде бұлай болуы тіл заңына қайшы. Соған қарамастан қазақ тілі емле ережесін жасаушылар араб, баб, клуб, педагог сияқты сөздерді осы жерде көрсетілгендей түрде жазғанды дұрыс деп біледі.
Ауыл, бүркіт сөздері қазақ тілінен орыс тіліне ауысқан. Бірақ олар бұл сөздерді бізше ауыл, бүркіт деп емес, аул, беркут деп орысша айтады және солай жазады. Неге? Өйткені олардың тілдік заңы солай. Біз оларға «Біздің сөздеріміз үндестік заңына бағынады. Сіздер де ол сөздерімізді біздегідей етіп жазыңыздар» демейміз ғой. Деген күнде де, олар қазақ тілінің ережелерін емес, өз тілдерінің ережелерін сақтайды. Ал біз болсақ, «орыс тілінде автор, аэрофлот, резерв, газет деп жазады екен, ол сөздерді біз де солай жазайық» дейміз. Неге?! – деп, ренішін білдіреді жазушы.
Б.Нұржекеұлы орыс тіліне емес, орыс тілі арқылы келген осындай кемшіліктерге, қателіктерге, сорақылықтарға қарсы. Қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерінің бұзылғандығына қарсы. Әйтпесе жазушының қазақ жазуы туралы мақала жазып, қымбат уақытын қор қылып несі бар.
Бұл айтылғандар – қазақ тілінің қыр-сырын жақсы білетін, «қазақ тілі менің тілім, менің ұлтымның тілі» деп, оны қастерлейтін көптеген адамдардың (тілші ғалымдардың, жазушылардың, жұрналшылардың) көкейінде жүрген пікірлер. Рас, кейбіреулер ол ойды айтып, жоғарғыларға ұнамай қалғысы келмейді. Кейбіреулердің айтқысы келсе де, оған батылы, ерік-жігері, тілі жетпейді. Үшінші біреулер бар, олар – егемендік алғанымызға 30 жыл болса да, әлі күнге дейін құлдық санадан арыла алмай жүргендер.
Елдің көпшілігі қазақ әліпбиі мен қазақ жазуына байланысты айтпаған, айтқысы келсе де, айта алмай жүрген ойлары мен пікірлерін жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы ешкімнен қорықпай, жасқанбай айтса, жазса, ол кісінің өз ана тілінің ерекшеліктерін жақсы білгендігінің ғана емес, қазақ тілінің табиғи заңдылықтарын терең түсінгендігінің де белгісі деп ұғуымыз керек. Сонымен қатар, өзінің жазушылық өміріне «қару етіп» пайдаланып жүрген қазақ тілін қорғауға, оның тазалығын сақтауға жанын пида етуге даяр тұрғандығы деп те түсінеміз. Мұндай адамды әдетте батыр деп атайды.
Біреу суға ағып бара жатса, оны құтқарған адамды батыр дейміз. Біреу отқа оранған үйден шыға алмай жатса, оны алып шыққан адамды батыр дейміз. Жеке біреуді емес, қазақ халқын халық атандырып жүрген құдіретті қазақ тілінің заңдылықтарын, табиғи қалпын сақтап қалуға бар күшін салып, жан ұшыра күресіп жүрген адамды неге батыр демейміз?!
Қорыта айтқанда, Б.Нұржекеұлының тоқ етер ойы мынау: Қазақ тілінің жаңадан жасалған «Емле ережесінде» қазақ тілінің түп негізі – үндестік заңы ескерілмей (сақталынбай), орыс тілінің заңдылықтары бойынша жасалғандықтан тіліміздің ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық табиғаты бұзылды. Осы кемшіліктерді түзетіп, қалпына келтіру үшін, бірінші кезекте, орыс тілінде бар, бірақ қазақ тілінде жоқ И, У, В, Ч әріптерін қазақ әліпбиінің құрамынан шығарып тастау керек. Екінші кезекте, тілімізге енген шетел сөздерін мүмкіндігінше қазақша дыбысталуы бойынша жазуымыз қажет. Сонда ғана қазақ сөздері де, олардың емле ережелері мен жазылуы да табиғи қалпына келіп, тіліміздің ұлттық ерекшеліктері сақталынады дейді ол.
Біз де осы пікірді жақтаймыз. Олай етпесек, келешекте қазақ тілінен ұлт тілі ретінде айырылып қалуымыз ғажап емес. Өйткені емле ережеде тіліміздің ұлттық ерекшелігін елемеу, ескермеу – жаңа емле ережесінің негізгі кемшілігі. Егер бұл ескертпені құлаққа ілмейтін болсақ, Міржақып Дулатовтың сөзімен айтсақ, «Сөзіміздің сазды үні бұзылады, Тіліміздің тамыры үзіледі» дегеннің дәл өзі болып шығады.

Байынқол Қалиұлы,
филология ғылымының докторы,
профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.