ОТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЖЕТІСТІГІ

 

Қазақстандық ғалымдар қазіргі кезде ең керек заттың біріне айналған дезинфекциялық құрал жасап шығарды. Бұрын көпшілік бар-жоғына соншалықты мән бермеген осы тауар коронавирус инфекциясы кең тараған шақта қат тауардың біріне айналды. Осындай тығырыққа тірелген кезде отандық ғалымдар да қол қусырып қарап отырған жоқ. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрыновтың жетекшілігімен жедел жұмыс бастады. Көп ұзамай нәтижеге қол жетті.

«Ғалымдар карантин күндері де еңбек етіп жүр»

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы АҚШ пен Жапония ғалымдары әзірлеген вирусқа қарсы дезинфекциялау құралдарын, антивирустық санитайзерлер ұсынды. Олар барлық вирустармен қатар, дәл COVID-19 вирусын жою арқылы өте тиімді жұмыс атқарады. Алайда олардың құрамына кіретін кейбір химиялық заттар Қазақстанда жоқ немесе жеткізілуі қиын. Сондықтан олардың биологиялық антивирустық белсенділігін сақтай отырып, қолжетімді басқа химикаттарға ауыстырдық. Бұл тапсырманы Д.Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия институтының ғалымдары қолға алды. Олар ондаған түрлі химреактивті сынап, антивирустық санитайзерлердің әртүрлі дезинфекциялық құрамдарын жасады. Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық биотехнологиялық орталық пен Алматыдағы Вирусология және микробиология институтында сынақтан өткізді. Карантин күндері ғалымдарымыздың жұмыс істеуіне рұқсат еткен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының әкімдіктеріне алғыс айтамыз» дейді Мұрат Жұрынұлы.

Отандық ғалымдардың ізденісі оң нәтижесін берді. Олар санаулы күнде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен санитайзерлерден кем емес, тиімділігі жоғары және қолжетімді дезинфекциялық құрал жасап шығарды. Химиялық-биологиялық зерттеулер бұл санитайзердің барлық талапқа сай екенін дәлелдеп отыр.

Санитайзерді қалай жасауға болады?

Мұрат Жұрынұлы ең дұрысы дезинфекциялық құралды үй жағдайында әркім өзі дайындап алғаны жөн екеніне тоқталды. Себебі – осындай қарбалас шақта дәріханалардан алған санитайзерлердің сапасына ешкім жауап беріп жатқан жоқ. Академик сатып алған санитайзерлердің біз күткендегідей нәтиже беретініне күмәнданатынын айтады. Өйткені ғалымдар оның бірнешеуін зерттеп көрген. Сыртында «Құрамында 60 пайыз этил спирті бар» деп жазылып тұрғанмен, зерттегенде біреуінде 30, енді бірінде 37, тағы біреуінде 40 пайыз болып шыққан. Сынақ жасалған дезинфекциялық құралдардың ешқайсысының құрамындағы спирт 60 пайызға жетпеген. Себебі өндірушілер спиртті үнемдейді. Ақша табу үшін құтыға құйып сатып жатыр. «Тіпті құрамында 60 пайыз спирт болған күннің өзінде ол жарамсыз. Өйткені ДДҰ-ның ұсынғаны – 80 пайыз. Одан төмен болса, күткен нәтиже болмайды. Біз осыны түсіндіріп айтумен келеміз. Сол үшін әркім өзі дайындап алғанын құп көріп отырмыз. Қолдан дайындаған санитайзер сенімді. Құрамы толық сақталған. Санитайзерлердің рецепті ҰҒА-ның сайтында (http://nauka-nanrk.kz) жарияланған. Жеті түрлі құрам бар. Сол құрамдарға қарап, әркім өз үйінде бар заттармен антисептик жасай алады. Оны орта мектеп көлемінде химия пәнін меңгерген кез келген азаматтың жасап алуға мүмкіндігі бар. Тек Академия ұсынған рецепт бойынша спирттің құрамын 80 пайыздан төмен түсірмеу керек. Әйтпесе нәтижесін көре алмаймыз. Бірден айта кетейік, бұл мақсатқа арақты пайдалану жарамсыз. Оны ішу де пайдасыз, тіпті зиян. Өйткені алкогольдік ішімдік адамды өзін өзі басқару мүмкіндігінен айырып, жағдайды тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін» дейді Мұрат Жұрынұлы.

«Маска мен санитайзерлерді тегін тарату керек»

Қазіргі таңда дезинфекциялық құрал жасайтын этил спирті Шымкент химия-фармацевтика зауытында, ал изо-пропил спирті Петропавл қаласындағы Химия зауытында пайдаланылады екен. Екі зауыт та спиртті Ресейдің Орск қаласынан алады. Академик індеттің тез таралуын тоқтату үшін этил және изо-пропил спирттерін үздіксіз жеткізу мәселесін республика көлемінде шешу қажеттігін айтады. «Спирттің әр қалаға, әр ауданға жеткізілуін ұйымдастырып, дәріханалар мен жергілікті емханалар арқылы әкімдіктердің бақылауымен жұртқа тегін тарату керек. Бұл антивирустық санитайзерлердің өзіндік құны өте төмен, сондықтан оларды барлық жерде тегін таратуымызға болады. Біз осындай ұсыныс жасап отырмыз, өйткені оған мүмкіндігіміз бар. «Ғалымдар құрамында 80 пайыз спирт болуы керек деп жатыр, сатылып жатқан санитайзерлерде неге төмен?» деп тексеріп жатқан кім бар? Осыны тиісті орындар бақылауда ұстауға тиіс. Өтпей қалған арақтарды құтыларға құйып сатып, табыс тауып жатқандар да бар. Ондайларға тосқауыл қоюға тиіспіз. Ғалымдар жаңа дезинфекциялық құралды ойлап шығарды, енді билік оның орындалуын қадағалау керек. Қазақ қиын шақта ұйымдасып, бірін-бірі қолдай біледі. Арнайы ашылған қорға қомақты ақша түсіп жатыр, соны тиімді пайдалануымыз қажет. Халықтан түскен қаржының қайда, қалай жұмсалғанын ашық көрсету керек. Осындай сын сағатта сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге тиіспіз» дейді Мұрат Жұрынұлы.

Академик бізбен әңгімесінде масканы да тегін таратып, халық арасында барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сақтану шараларын күшейтуіміз керектігіне де тоқталды. Ол коронавирус өте қауіпті, жұқпалы инфекция екенін айта келіп, бұл жеңіл-желпі қарайтын нәрсе емес, өте салмақты мәселе екенін айтып өтті. Рас қазіргі шақта әркім өзін-өзі сақтауы керек. Жағдайға осындай түсінікпен қарау әрқайсымыздың міндетіміз. Бүкіл әлемді жайлаған ауыр індетті сонда ғана ауыздықтауға мүмкіндік бар.

Гүлнар БЕКТҰРСЫН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.