ТАҒДЫРЛАР ТӘМСІЛІ

(Жазушы Әлібек Асқаровтың әңгімелері қақында)

Білгеніңді бағалай білу де, түйгеніңді тағалай білу де пенделік парыз.Әйтсе де, кейде оны ескере бермейтініміз болмаса… Әркез пенделік бейқамдығымыз басым түсіп жатады ғой. Аңсарымыз алысқа ауып  жаныңда жүргенді жайшылықта бағаламайтынымыз содан  шығар. Әдет боп алып, жақсыны тек алыстан іздейтініміз, алыстағыға таңдай қағатынымыз қалыпты жай секілденіп кеткенін қайтеміз. Сірә, содан шығар, көзіміз түссе де көңіл қоймаған кейбір қарапайым жандардың қабілет-қасиетіне зер салып зерделеуге келгенде «кейін бір айтармыз» дейтін әдет қалған ба, үндемеуге бейім әдетімізге тартып үстірттік танытады екенбіз.

Олай деуге себеп болған «Әйел парасаты» атты алақандай кітап. Авторы – бәріміз білетін, өзіміз өзімсініп сөйлейтін ақбейіл азамат Әлібек Асқаров. Орайы келіп ойымызды оятып кеткені – Әлібекті бір кісідей білетініміз бар. Айтуын келістіретін жанға суыртпақтайтын сырлы әңгімесі жетерлік. Балалық шағы асқақ Алтайда, жігіттік-азаматтық белесі әсембаулы Алматыда өткен Әлібектің өмір кешу жолы сыр тартуға сұранып-ақ тұрады. Әп дегеннен «Алтайдың ғажайып сұлулығына деген сүйіспеншілігі ме екен, әлде Қалихан мен Оралхан ағаларының сол таңғажайып табиғатты сөзбен сипаттаған суреткерлік құдіреті ме екен, әйтеуір қасиетті қалам әлеміне аңсары ауып тәуекелге баруы тегіннен-тегін емес-ау» деген ойдың тізгін қағары хақ. Қылқаламның қиын жолын таңдаған Әлібектің өміртану мен өнертанудың сүзгісінен өте келе қаламының қырық қатпарлы қиын жола түсуі жүрек қалауының қайсарлығын танытты. Бұл шығармашылық адамы үшін ең керекті қасиет еді. Сол қасиет Әлібек қаламының қарымын – дарынын көрсетті. Көркемдігі кемел «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» романы, «Тау самалы», «Кешегі күннің хикаясы», «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Социализм әңгімелері», «Алтайда алтын күз еді» секілді туындылары оқығанды ойға қалдыратын, сөздің кәусарына қандыратын, табиғатпен туыстыратын – таңдандыратын, жазылу бітімі бөлек туындылар. Әңгімелер циклынан тұратын «Әйел парасаты» кітабындағы дүниелердің бір ерекшелігі әйел тағдыры жайындағы әңгімелердің оқырманды бей-жай қалдырмайтыны, тіпті тақырыптық-сюжеттік, болмыстық толғауларының тосындығы. Автор әңгімелер өзегінде деректілік жатқанын аңғартқанмен әдеби баяндаудың әсері көркемдігімен көңілді баурап алады. Бұл тосындықты оқиғалар өрімі мен түйінінен көруге болады.
Айталық, «Задаш пен Балғаным» әңгімесі қарапайым өмір үзігіндей болып көрінгенмен, сюжеттің желісі ширатыла келіп, бірте-бірте бір отбасындағы ерлі-зайыпты егде жандар – Задаш пен Балғанымның шуақты өміріндегі бұлтсыз күнгі найзағайдай оқыс жағдайға тап келуі өмірде бәрі де ойдағыдай бола бермейтіні, оның ойламаған одағай жайының да жеткілікті екенін алға тартады. Кейіпкерлердің оны қалай қабылдап, қалай шыдас беруі – адамның өзіне байланысты екеніне куә боламыз. Оқиға желісі барлық пен шайлығы жарасқан отаудың иесі Задаштың кенеттен көңіл құпиясының «оянуынан» тін тартып түн ұйқысы төртке бөлініп мазасы қаша бастау сырына жетелеп ала жөнелді. Сүттей ұйыған отбасының шырқы бұзылады-ау деген күдік күшейе түседі. Сөйтсе, Задашты соғыста өлімші болып жараланып ес-түссіз жатқанда, шырылдап жүріп «Ағайлар, мына кісі тірі» деп аман алып қалған санитар қыз Ленаның өз тағдырының бір тамыры болып, ақыры соғыс біткен соң үйленгенін жасырып келсе де жан дүниесінен ажырамағанын жайып салады құрдасына. Соны еске түсіріп, Мәскеуге бара беретіні, іздеп таба алмауы Задаштың қартайған шақтағы жан азабына, одан ар азабына айналуы оқиғаның шынайылығына ден қойғыза отырып, көркем баяндауының әсерімен алғаусыз адами сезімге бөлейді. Осындай күйге ұшыраған отбасы хикаясында Задаштың бәйбішесі Балғаным бейнесі ұдайы ойдың бір ұшығы боп көңілден кетпей тұрады, әйел болмысының тосын қиындыққа шыдас беріп, сыр білдірмей жүруі қалай болар екен дегізіп таңдандырады. Әңгіменің сюжеттік ширығуы да осы бір Балғанымның аналық, адамгершілік парасатының кеңдігімен таңдандырып, тәнті етеді. Задаш сыры ашылып, Ленаның – Елена Николаевна болып қартайып, қайтыс болғаны, баласы Ескендірдің (Александр) табылып отбасымен, балаларымен қауышуы, Балғанымның байыпты ақылымен бәрінің ың-шыңсыз ретке келтірілуі пенделікке тән байыпты нанымдылықпен суреттеледі. «Задаш қырық екі жыл отасқан әйелін жаңа танығандай сарғыш жанары жасаурап, біртүрлі елжірей қарап қалды» деген жолдардан кейін оқырман да Балғаным ананы жаңа ғана танығандай қуанып жеңілдеп қалары сөзсіз.
Өмірдің біз білмейтін қырлары мен сырлары көп. Әдебиет әлемі, оның ішінде көркем проза болмаса оны түсінбей де, түйсінбей де өтуіміз бек мүмкін. Сол байқай бермейтін пенденің қателігі мен тағдыр кешуін қияннан көре біліп қалам ұшына ілетін қаламгерлік ой-сәуле адам тағдыры деген жұмбақтың шешуін табуға әркез тәуекел жасайды. Бұл қаламгердің айтып қалсам, жеткізе білсем деген құлшынысымен кәсіби дағдысына айналған, бәріне жанашырлықпен қарайтын құштарлығынан болса керек. Өйткені қаламгер өзі тапқан тағдырдың адамдарға ой салатынын, сезіміне сынақ боларын біледі. Міне, сондай бір тағдыр жайындағы әңгімесі «Ғаббас пен Шура» деп аталады. Әңгіменің ливмотиві жұмыр бас-ты пенденің адамдығы өмірдің сынағында көрінеді. Сыртқы кейпі мен ішкі жанын ақтарып көрсететін өмір сынағының біздің айналамызда, ортамызда көптеп кезігетіні, оны елемейін десең де өмірдің өткелең сәттерінде алдыңнан шығатыны бар екен. Осы әңгімедегі оқиға да осының бір көрінісі. «Бұл әңгімеге бірдеңе деп ойдан қосудың қажеті де шамалы еді. Бәрі тайға таңба басқандай айқын, өмірдің өзінен ойып алынған айдай шындық-ты» деп бастаған автордың кейіпкерлеріне деген уайымы мен қуанышы соңына дейін сезімің мен ойыңды ұстара жүзінде ұстап отырады. Себебі, Ғаббас пен Шураның өмірлік махаббаты мен мехнаты қалың ғаламат қасіреті, тағдырдың өзі төзе алмастай азапты еді. Тіпті жанды тілгілеп жүректі шіміріктіреді. Ойға жетелеген оқиғаның мәні былай: Олар бір әке-шешеден екеу еді, ағасы Қалихан мен Гүлжан. Әкесі Қалиасқар – қаратабан шахтер болатын. Ғаббас – әкесі Қалиасқардың жалғыз інісі. Соғыс басталған жылы әскерге алынып майданға кетіпті. Сол кеткеннен хабар-ошар болмаған. Кейін екі рет қара қағаз келеді. Соғыс та бітеді. Күндердің күнінде Ғаббас тірі екен, келе жатыр, вокзалдан көріпті деген хабар жетеді. Гүлжанның бала көңілі алып ұшып, туған-туыс, бүкіл ауыл боп қарсы алуға шығады. Ел арбада келе жатқан майдангерді көріп Гүлжанға: «Әй, еркем, неғып тұрсың? Жүгір ағаңа… Бірінші болып сен құшақта! Жүгір!» дейді. Осы бір сәттің суреті автор қаламының сезімтал шеберлігін танытады. Бұл жасөспірім Гүлжанның балалық пәк қуанышының кенеттен қалай бұзылғанын ерекше серпінмен баяндалатын тұсы. «Арбаға алып-ұшып жақындай бергенде әлдебір қуатты қол Гүлжанды көтеріп өзінің алдына топ еткізіп жатқыза салды… Сонан көзін ашып жіберсе, масқара, төбесінде шаншудай қадалып өмірі көрмеген көз тұр. Көз болғанда – тұздай көкпеңбек, баданадай үп-үлкен… Баж етіп шыршық ата бұлқына қашты…». Ғаббас ағасын осылай көрген Гүлжанның ой-қиялы астаң-кестең болады. Кейін оның мән-жайын қанығу барысында ағасының тағдырдың қатал сынына ұшырағанын біледі. Жау тылында қалып қу жанын сүйретіп келе жатқанда Шура деген байланысшы қыз ұшырасады. Бірде теміржолды миналау кезінде, онысы жарылмай қалып қайта жалғаймын дегенде мина жарылып өлімші болып қалады. Әйтеуір госпиталда ұзақ жатады, екі көзден айырылса да сол күндердің бәрінде Шура қасынан кетпепті. Елге қол ұстасып келе жатысы соның жарасты жалғасы екен. Әңгімеде осы оқиғаның бас-аяғына қаныққанша көңіл алай-дүлей сезімге бөленеді. Өмір деген сынақ қой, қалай болар екен? Ал өмір адамның ақыл-парасатына бас иеді екен. Әңгіменің басты түйіні де осында жатыр. Қос қарашығынан бірдей айырылып, алпыс екі жыл қара түнекте өмір сүрген азаматпен бірге отау отын лаулатқан Шура жеңгей (Александра Александровна Рустикова). Екеуі он бір баланы дүниеге әкеліп, тоғызын азамат етіп тәрбиелеп өсірген жандардың ерлігі мен парасаты оқырманды толғандырмай қоймайды, біресе жан дүниені тебірентіп, біресе қатыгез тағдырдың осыншалық оспадарлығына оқырманмен бірге опына күрсініп отырасың. Әңгіме деректік негізде жазылса да көркем бояуының молдығынан, сөз иірімдерінің сұлулығынан, кейіпкерлер психологиясын танытар диалогтардың шынайылығынан жеңіл оқылады, оқырманның ықыласты ізгі көңілін баурап алады. Ендіше, әңгіменің желісі соңына дейін серіппедей ширығып отыруын идеялық ой-тізгіннің мықтылығынан деп білеміз. Оқиғаны ширату мен шынайылыққа бөлеу жағы-нан, кейіпкерлерді кейіптеу пайымынан автордың сезімді оятар тілдік қолтаңбасы анық та қанық көрінеді. Дерекпен емес, көңілдің көркем бояуымен жазып отырғанын сезіне де сүйсіне түсесің. Мұның өзі қаламгер шеберлігінің сыры мен сынын көрсетсе керек.
«Әйел парасаты» циклімен берілген әңгімелердің бәріне тән нәрсе өмірдің қалыпты арнасындағы кейіпкерлерінің тосын тағдырлы боп келуі және соны көре біліп ойлы оқиғамен өрнектей түюі. «Қалжан мен Ләзиза» да соның бірі болса да сыры терең соқталысы. Бастысы кейіпкері – елдің басына түскен бар забалаңды (халық жаулары, ашаршылық, соғыс, тұтқын, НКВД, Сібір-Магадан) басынан өткерген, тозағына тапталып, азабына қақталып қусүйегін сүйреткен Қалжан қарияның өмірі әңгіме желісіне тартылады. Қаламгер үшін тақырыптың кілтін табу жазар дүниенің басты сәттілігі болмақ. Кілтін табу деген – адамның жан сарайын ашуға, адамдық болмысын қалыптап көрсетуге, оқырманын ойландырып-толғандыруға бастайтын жол. Автор оны таба білуінің арқасында әсерлі әңгіме туғызып, оны көркемдікпен көмкеріп кестелей білген. Бозала таңды бозбалалық бұлаң шағында көргені мен естігені авторды әсерлі күйге бөлегендей күй кешеді. Көптің көзінен тыс, елге елене бермейтін құпия тағдырдың кейіп кескінін, адамның көңілін не қилы күйге түсіретін, санасын сансыратып жанын жанитын болмысын көз алдымызға әкеледі. Әкеледі деуге аз шығар, бізге таңсық та тұйық көрінетін Қалжан қариямен бірге бір сәт бір өмір кешуге сеп жасайды. Оқиғаны Қалжан кейіпкердің атынан баяндауы (авторлық десе де болады) әңгімеге шынайылық беретін, тақырып желісіне қан жүгіртетін қаламгер шеберлігі. Тұщынта түсері – ойының өрнектілігі мен баяндау әлібінің Қалжан мен Ләзиза өмірінің өзегі болған жайттар, сезім күйлері, сөйлеу әліптері, тұрмыс-тірліктері, табиғат көріністері бірімен-бірі қабыса суреттеліп, кейіпкердің жұмбағы жетелей түседі. Оқырманды өзіне тартып алған, бірде күйініш, бірде сүйінішке бөлейтін оқиғаны бірге қуып отырасың, аяғына жеткенше тағдыр түйінін шешуге бар ықыласың құмыл болады. Мұның бәрі қаламгердің көркемсөзбен кейіптей алуының өзіндік өрнек, ерекшелігі, шығармашылық тәсілі.
Оқиғалар өмірден алшақ жатса әңгіме желісі түзілмеген болар еді. Әлібек қай әңгімені жазса да өзіндік қаламгерлік өрнегінен айнымайды, сөз саптауына сыр тағып, ой баптауын өткірдің жүзі, қаламының ұшында ұстайды. Бұл қасиет-қарымы, шығармаларының өнбойынан анық көрінеді. Кейіпкер болып отырған тағдырлар да адамның жеке өмірі ғана емес, сол дәуірдің дидары, тіршілік тынысы, жадау жағдайы, қиянат-қиыншылығы қаз-қалпында көрінеді. Оның бәрі суреттеумен қатар, шынайы диалогтар арқылы беріледі, оқиғаны оймен өзектей өрбітеді. Ойдан құрылған оқиғалар емес, шынайы тағдырлардың бастан кешкен жайын желі етіп алғандықтан оқырман тағдыр иесімен бірге толғанып, бірге тебіреніп отырады. Баяндау тәсілінің барынша шыншылдығы әңгіменің қызғылықты оқылуының өзегіне айналады. Сол өзектің басты тіні қарапайым адам екені белгілі. Әлбетте, адам бар жерде тағдыр бар. Гәбі анық: адам – тағдыр. Ал адамға тән қасиет – өмірді сүю. Адам қандай жағдайға ұшырап, тағдыр тәлкегіне түссе де өмірді ақырғы тірегіндей көреді, жарық сәулесін жүрегінің сыйы деп біледі, жадағай жүрісін тірлікке ілесу емес күресу деп түсінеді, ақыр соңында қам көңіл қанағаты адами арманына айналады. Әңгімелердегі Зияш пен Балғанымның, Ғаббас пен Шураның, Қалжан мен Ләзизаның тағдырларындағы драмалық шиелініс жекенің басындағы кеп болғанымен, кешегі кеңестік – тоталитарлық қоғамның халыққа жасаған қатыгездігінің көптің басына түскен ортақ зардабы, анығы қолдан жасалған зобалаңы екенін айғақтайтын арқауынан астарлы ойдың өзегі жатқанын көреміз. Бұл орайда ойының оралымдылығы мен тілінің құнарлылығына қаныға түсесің. Мұның бәрі алдымен оқырманға керек, оқырманның ойын баурау үшін керек. Автор мұны жақсы біліп, қаламын қапысыз сілтеуімен шеберлік ұстанымынан айнымай бағады.
Біздің ғана бейіліміз емес, бұған дейін де Әлібектің қаламына қарата айтылған лебіздердің аз болмағанын білеміз. Соның бір есте ұстар егеулі сөзіне қарайық: «Әлібектің сөз кестесі зерлі жіппен өрнектелген. Осы прозасынан алтайлық қаламдас бауырлары Қалихан мен Оралханның өрнегі сезіледі. Бірақ оларды қайталау жоқ. Мүлде басқа суреттер… Астанадағы үйлердің терезелеріне қазір түнгі қырық градустық аязда қыраудан суреттер салынады. Терезе шынылары бірдей болса да, ою-өрнектері әртүрлі. Сол өзі ғана салған ою-өрнек арқылы Әлібек сені күлдіреді де жылатады. Тұнып тұрған әдемі юмор. Сөйте тұра азынаған азап пен қасіреттен жүрегің сыздайды. Әдемі әзіл, жеңіл юмор арқылы ауыр трагедиямызды ашып көрсетіп отыр. Шын жазушы оқырманын осылай баурап алса керек-ті» депті Әлібектің сүбелі шығармашылығы жайлы сүйсініп. Артық кетіп, кем түспейтін, айтарын анығынан қайыратын Шерағаның сөзі, кесімді пікірі. Бұл Шерағанның аңыз Алтайды Әлібекше жазу керек дегені, асқар Алтайды Әлібекше танып білу керек дегені. Осы пайымнан-ақ Әлібек қаламының қарымын аңдау, көкжиегіне көз жеткізу қиын еместей. Нені тиек етсе де, демек оның қаламгерлік критерийі біліп жазу екен. Оны осы циклмен жазылған осынау дүниелерінен айқын көруге болады. Тақырыптың өзін қаншалықты еліктіріп әкеткені қаламының желісінен-ақ байқалады. Әйел парасатын қарасөзбен жырлаудың соны соқпағын салып, мұңды да сырлы жайын ақиқаттың арқауына айналдырып астарлы әдіп, мінәйі мәнерімен жеткізе білгеніне тәнті боламыз. Өзіндік қолтаңба деген осы болар…
Жалпы «Әйел парасаты» циклімен жазылған әңгімелердің өзіндік ерекшелігі бар публицистикалық қайырымдары да, көркемдігі де кенен. Әңгімелерде қарапайым қазақ әйелінің бейнесі, парасаты мен отбасылық парызы айрықша орын алады. Әр әңгіменің темірқазығы да сол, қазақ әйелі ошақтың отын сөндірмейтін от-ана құдіреті ретінде қабылданады. Әр әңгіменің ерекше болатыны да осыдан. Әңгімелердің өңбойында: өткен күндердің ащы шындығы, айтылмаған сыры, сол кезеңдердің сипаты, зары мен зобалаңы, қасіреті мен қуанышы араласқан өмірдің – тағдырдың маңдай тер, табан ізі жатыр. Соның бәрі астарлы сөйлем, оралымды ой, ұтқыр диалог, штрих, деталдар – баяндауды байыта түсер көркемдіктерге айналып қаламгердің ішкі ойымен ұштасып жатады. Автордың әңгіме түйінін қайыруы да толғақты аңсарға толы: «Сонда деп ойладым мен, қыстың ұзақ кешінде Қалжан айтқан әңгіменің ендігі тірі куәгері өзім ғана екем-ау? Мінезі ауыр, жұртпен жұғыса бермейтін Қалжан таңды таңға асырған әлгіндей хикаятты біреуге айтты дейсің бе? Әй, кім білген… Айдауда жүрген жиырма бір жылда шалының көрген-білгенін бәйбішесі Ләзиза да толық естімеген шығар… Қалжан айтқан әңгімені білетін мен ғана екенмін. Ендеше ол әңгімені мен жазбағанда кім жазады? Ауылдас қос мұңылықтың ғажайып тағдырын мен айтпағанда кім айтады!» дейді. Қаламгер өзінің парызын орындаған осындай рәуішті халді оқырманы да ортақтасып бастан кешкендей күйге түсері хақ.
Әлбетте, қаламгер адам тағдырының қайталанбастығы мен адам құдіреттілігін танытатын қарапайым әңгіме – баянның астарына үңілуді, ой түюді оқырманның еркіне қалдырғандай көрінеді. Бұл да қаламгер шеберлігінің бір қыры. Сайып келгенде Әлібек әңгімешіл екен. Тағдырлар тәмсілі іспетті әңгімелері қарапайым қоңыр әуезіне бөлеп, сырлы баяны ой-аңсарыңды аулап та алады, баурай да біледі. Сонысымен ерекшеленетін Әлібек Асқаровтың әңгімелерін оқыған жанның оған көзі жетіп, көңілі тоғаяры сөзсіз.

Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ,
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Алашыбай

    оте тамаша талдау аса шеберлигин,сауаттылыгын улкен толганыс журектен шыккан шындыкты бинелейды,арине мен жазушы емесбингой Дэкеге улкен алгыс рахмет!!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.