АДАМЗАТҚА АМАНДЫҚ ТІЛЕЙМІН

«Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке» деген қазақ халқының қанатты сөздерінің мән-мағынасы бүгінде арта түскендей. Қашан да татулықты, достықты, ынтымақты дәріптеп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып келген халқымыздың бүгінгі аласапыран кезеңде бірігіп, мұрат-мүддені тоғыстыратын сәті туып тұр.

Қазақстанға ғана емес, жаһанға қауіп төндіріп тұрған коронавирус індеті күн өткен сайын өршіп барады. Дертті жұқтырушылар саны да артып, қайғылы жағдайға душар етіп жатқаны да аз емес.
Елімізде бұл індеттің таралуына жол бермеу мақсатында дер кезінде қажетті іс-шаралар қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан аумағында төтенше жағдай жариялап, дүрбелең тудыруға жол бермейтінін баса айтқан болатын.
«Біз дүрбелең тудыруға жол бермейміз. Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек. Бұл – аса маңызды. Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт. Дегенмен, біз індетке шалдыққан адамдарға барлық қажетті көмекті көрсетеміз» деді ол.
Мемлекет тарапынан қойылып отырған уақытша шектеулер мен дәрігерлердің нұсқаулықтарын орындау қажеттігін әр азамат өз отбасы мүшелеріне түсіндіріп отырса қауіпті тез-ақ еңсеріп шығарымыз хақ.Төрткүл әлемге қауіп төндіріп отырған дертке немқұрайлылықпен қарамай, өзіміз үшін де, өзгелер үшін де сақтық шараларын қарастырған абзал дер едім. Адамдардың денсаулығы үшін жасалып отырған осынау іс-шараларға түсіністікпен қарап, әр азамат жауапкершілікті сезінетін болса кез келген қиындықтан өтуге болады.
Тұңғыш Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында: «Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кірісті. Тиісті сақтандыру шаралары жасалды. Мемлекеттік органдар арнаулы дайындықтан өткізілді. Өзге елдерде вирус қалай пайда болып, пандемия қалай өрбіп, өршігені бақыланды.
Соның нәтижесінде індеттің етек алып кетуіне мүмкіндігінше жол берілмей, ахуал күн сайын тұрақты назарда ұсталып отыр. Жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын болады. Игі мақсаттағы іс-шаралардың бәріне жер-жерлерде бүкіл халық болып қолдау көрсеткеніміз жөн» деп, мемлекетіміздің бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын, тиісті шараның барлығын атқаратындығын және еліміздің ешбір азаматының қамқорлықсыз қалмайтынын ашық айтты.
Осынау сын сағатта еліміздің жомарт жандары қол ұшын созып, мұқтаж жандарға көмек көрсетуде. Отандық дәрігерлер індетпен күн-түн демей күресіп, бар-күш-жігерін науқастардың айығып кетуіне жұмсауда. Құқық қорғау саласының мамандары да қауіпсіздікті сақтау жолында жан аямай күресуде. Бірлігіміз бен ауызбіршілігіміз сыналатын тұста бір-бірімізді қолдап, мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарасақ және барлығымыз соған өз үлесімізді қоса білсек деймін.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әрбіріміз жауапкершілік жүгін арқалап, әр іске ыждағаттылықпен қарағанда ғана әлемді дүр сілкіндірген дертті ауыздықтай алатынымыз сөзсіз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Усеин КАСАНОВ,
Алматы облыстық мәслихат депутаты

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.