ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНІ

Тәуелсіз елімізде бүгінде әрбір этнос өкілдерінің салт-дәстүрін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетінің дамуына, тілінің жетілуіне мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында жүзеге асуда. Қазақ қашаннан да бауырмал халық қой. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген «жат жұрттардың» бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған қазақ жері көп ұлтты мемлекет болып шыға келді.

Тәуелсіз республикамызда бүгінгі таңда ұлтаралық татулық пен достық барынша нығайып, біртұтас қазақстандықтар деген ұғым санамызға сіңе бастады. Ұлтына қарап бөлмей, дәм-тұзы жарасып, тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерінен құрылған отбасыларының да өнегелі тірлігін көзімізбен көріп, көңілімізге тоқудамыз. Сондай жас шаңырақтың бірі өткен жылы Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ кентінде тұратын қазақ жігіті Мұратбек Айдос пен орыс қызы Марина Кущтың арасында көтерілген еді.
– Мен Ақсу ауданының Қопа ауылында 1995 жылы көпбалалы отбасында дүниеге келдім, – деп әңгімеге араласты Марина.
– Әкем Владимир Филлипович пен анам Людмила Геннадьевна ауылдастарының көпшілігі қазақ азаматтары болғандықтан олар қазақ тілінде ауызекі сөйлесіп жүріп, тәп-тәуір меңгеріп алыпты. Осында көрші-көлеңдерімен туған бауырларындай тығыз араласып, біте қайнасып кеткен ата-анамыз бір-бірімен дәм-тұзы жарасып, көпбалалы отбасына айналып, өмірге алты қыз, төрт ұл алып келіп, тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтеректей үлкен отбасына айналыпты. Мен – жетінші перзентімін. Біз қаршадайымыздан құрбыларымызбен ойнап жүріп, қазақшаны жақсы үйреніп алдық та, мектепте де қазақ сыныбында оқыдық. Отбасымызда орысшаны да, қазақшаны да бірдей араластырып сөйлейтінбіз. Ақиқатын айтсақ, біз ұлтымыздың ара жігін айыру дегенді білмей өстік. Ата-анамыз да адамды адамгершілік қасиетіне қарай бағалауды санамызға сіңіріп отыратын. Содан болар менің алдымдағы әпкелерім Оксана мен Лилия өмірлік жары ретінде қазақтың жігіттеріне күйеуге шықса, ағам Игорь да қазақтың қызымен тағдырын қосып, отау тігіп отыр. Олар қазір сәбилі болып, тату-тәтті тұрып жатыр. Мен де Қарабұлақ ауылының тұрғыны Мұратбекпен шаңырақ көтеріп, бақытты өмір сүріп жүрмін. Былтыр Мүсілім атты тұңғыш ұлымыз дүниеге келді. Біздің үйлену тойы кезіндегі салт-дәстүрлер мен жөн-жоралғылардың бәрі, құдалық рәсімі қазақша жасалды. Мен өзімді қазақтың келінімін деп мақтан етемін. Өмірлік жарымның анасы мені өз қызындай қабылдап, үнемі қамқорлық көрсетіп келеді. Қос тілді қатар білуімнің маған тигізген пайдасы көп. Сондықтан басқа ұлттың өкілдерін де қазақ тілін меңгеруге талаптануға шақырамын. Ең бастысы ынта мен ықылас болса алынбайтын асу жоқ екенін естен шығармау керек. Ортақ Отанымыз – Қазақстанда әрбір мейрам, әрбір мемлекеттік мереке бәрімізге, барлық этнос өкілдеріне ортақ. Біз оның бәрін бірге тойлауды қалыптасқан дәстүрге айналдырғанбыз. Себебі, «Кемедегінің жаны бір» дегендей, баршамызға өз тағдырымызды еліміздің тағдырынан бөле-жара қарай алмаймыз. Қазақстанның көпұлтты халықтары арасындағы бірлік пен ынтымақтастығы нығая берсін. Қазақтың әрбір қара шаңырағында қуаныш көп болса деп тілеймін, – деп ақтарыла сөйледі қазақтың келіні Марина.

Шора БАТЫРБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.