Бір ауылдың баяны

Түркістан облысының аумағы, тарихи мекен Ордабасы ауданының күн батыс беткейінде Мақташы ауылы бұйығып жатыр. Ауылдың атауы осы өңірде мақтаның көптеп егілуіне байланыс-ты қойылған деседі қариялар. Әйтсе де, қазіргі тіршілігінде мақта егіні бірен-саран ғана болмаса, бұрынғыдай алқапты әппақ түске бояп жататын көл-көсір өнім азайған. Халықтың тіршілігі, негізінен, егінге байлау-лы. Көктем шыға алақандай ауылымның да тіршілік қазаны бұрқ-сарқ қайнай жөнеледі. Дәл қазіргі індет өршіп тұрған уақытта да қазан астындағы от бәсеңсігенімен, түбегейлі өшкен жоқ. Өшпейтініне де сенімім мол.

Мешіттен азан үнінің естілуімен қылаң берген таңда қозғалыс та басталады. Айналасы 146 шаңырақ қатарласа орын тепкен ауылдың жалпы тұрғын саны 910 адам. Күннің көзі сығалап, жерге нұрын шашқаннан қыбыр-жыбыр тіршілік басталады, өріске мал айдаған ауыл адамдары көрінеді. Әрбір үйде қора-қопсы бар, бірлі-екілі мал ұстайды. Әдетте осындай көшедегі жүріс легін білім қуған оқушы, білім үйреткен мұғалімдер жалғайтын. Ауаға таралып, адамға жұғатын аты жаман індет ел аумағында шыққалы бұл тіршілікке кілт тоқтау салынған. Себебі, халықтың денсаулығы үшін карантин режимі орнатылды. Қалалар мен аудандардың өзіне де емін-еркін кіріп-шыға алмайсың, баяғы тыйым алдыңнан шыға келеді.


Нақты бір қажеттілік болмаса, арлы-берлі жол жүруді доғарған. Бетперделі ағайынның қатары артып, сақтықтың шаралары да сақтала бастаған. Сірә, адам баласы үшін өмірден қымбат не болсын? Көктем де шығып ауа-райының жылынып та суып та жатқаны бар. Сәуірде жауған ақ ұлпаға таңырқап, терезеден қарастық. Мың құбылған дүние, әйтеуір…
Облыс аумағында короновирус жұқтырғандар саны күн санап артып келеді. Тіпті, ауылдан 35 шақырым жердегі Бадам стансасында тіркелгені тағы бар. Сондықтан жайшылықта жұрт көше бойынан көрінбейді. Ауыл үстінде Шымкент–Арыс арасын жалғайтын күре жол жатыр. Күндіз-түні ағыл-тегіл жүйткіген қозғалыс саябырсыған, ара-тұра ғана гүрілдеген дауыс естіледі. Кешкілік ауылға көрік берген әсем шамдар жарқырайды. Бірақ, көше-көшені қуалап ойнаған топ-топ бала тағы көрінбейді.
Көгілдір жәшіктегі ақпарат армиясы қызу тірлікте. Күндіз-түні жарығы бір өшпей тұратын теледидардың жаңалығы да таусылар емес. Сағат сайын «Індет жұқтырғандар саны мынаншаға жетті» деп қалың елге хабар таратады. Анамыз ондайда: «Құдай сақтасын, ертерек жазылып кетсе екен. Індет жоламасын» деп жаулығының ұшымен көзін сүрткіштейді…
Ауыл арасында көре қалса көкелер әзілдеп «жөтеліп жүрген жоқсың ба?» дейді менің Алматыдан келгенімді меңзеп. Иә, нау-рыз думанға жақындап қалған кезде кенеттен шыққан қаулыға байланысты жол дорбамызды асынып ауылға асыға жеткенбіз. Мұнда табан тигізген күні, қайдан екені белгісіз, сақадай-сай жүрген медпункттегі дәрігер жетіп келіпті. Дене қызуымды өлшеп, аты-жөнімді тізімге жазып, жағдайымды сұрады. 14 күндік бақылауға алатынын айтты. Екі апта үй жағдайында отыруым-ды қадағалады. Ауыл дәрігерінің тізімінде 19-наурыздан бастап Алматы, Нұр-Сұлтан қаласынан келген 8 студент пен сол қалалардағы жұмысынан келген 9 азамат қарауда екен. Туған жерге барлығымыз құлан- таза оралыптық, шүкір дестік.
Акт залы мен спорт залы жоқ, аядай ғана ауыл мектебінде 292 оқушы екі ауысымда оқитын. Бір қабатты мектептің ішіндегі 17 кабинетте бір мектептің жұмысы жүріп тұратын-ды. Барлығы 43 мұғалім оқушының бойына тәрбие мен білімді қатар сіңіреді. Үшінші тоқсанды аяқтап қалған оқушылар демалыс мерзіміне тура келді де төртінші тоқсанды қашықтан оқитын болды. Әрбір үйдің төріндегі көк жәшіктен күндізгі сабақтарын көріп, Whatsapp желісімен ұстаздарға дәптерге орындалған тапсырмаларды жібереді. Несін жасырайын, интернет байланысы ауылда дұрыс емес. Әупірімдеп жүріп, белгілі бір нүктелерді іздеп, көше бойына шығып, телефон құшақтағандарды да көз көрді. З.Исабеков атындағы жалпы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Сәндікүл Тәңірберген: «Оқушыға тапсырма беру үшін, өзімізде телеканалдан сабақ көреміз. Түсіндірген тақырып бойынша қолымызға оқулықты алып, желідегі чатқа тапсырманы жазамыз. Баланың экран алдында көп отыруға болмайтынын да ескеріп, ауыр немесе көп тапсырма жүктелмейді. Тапсырманы орындау уақытын бекіткен соң, келіп түскен жауаптарды тексеріп, лайықты бағаларын kundelik.kz сайтына қоямыз. Ол жақтан оқушы да ата-ана да өз бағаларын көре алады. Сонымен қатар тапсырманы түсінбеген оқушыны да бейжай қалдырмай, мысал ретінде өзім де есеп шығарып көрсетемін» дейді. Карантиндегі оқушы мен мұғалімнің жай-күйі осылай өтіп жатыр. Мектепте оқитын қарындасымыз «Балапанның» біліміне сүйеніп, сабағын оқып жүр. Телефонмен ұстаздары тапсырма береді.
Екі жүзге жуық балдырғанды бөлеп отырған «Қанткүл ана» бөбекжайында баланың шулаған даусы естілмейді. Ауласында ойнап, кабинетте тақпақ жаттап, ойыншық төңкеріп жүретін балалар қазір отбасында. Бала көңілін аулайтын 32 қызметкер де жұмыстарын тоқтатқан. Әріп үйреніп, сурет салған балдырғандар енді әжесінің орамалын тартып ойнап, әрбір үйді базарға айналдырып жатыр. Тек бала көңілдің сол бір тыныштығы, алаңсыздығы баяғыша тәтті. Ал, оң-солын таныған баладан бастап еңкейген қарияға дейін теледидардың әр сағаттық жаңалығында тіркелгендер санын естіп алаңды. Дастарқанда дұға етілгенде «Тәңір індетінен сақтасын» деп абыз әжелер отырады.
Халықтың көпшілігі үйде отырса да, егін-жайларын ұмыт қалдырмаған. Себебі, күнкөрісі сол егіншілікте емес пе?! Кетпенін алып, егістігін аралап жүрген бірен-саран ауыл адамдары «қыстың қамын жаз ойлайды». Жер жыртқан трактор да тынар емес. Жұрт Рамазан айы келсе де ауызашар жасауды, үйіне қонақ шақыруды, үйме-үй қыдыруды тоқтатқан. Әйтсе де, ешкім үйінде ерігіп жатқан жоқ. Қаланың жағдайынан ауылдың тіршілігі мүлде бөлек. Күнделікті үй шаруасы, егіншілік пен малдың қамы бар. Қалаға кеткен ұл-қыздар оралып, үй мен түздің шаруасы қатар тынып, төрт көз түгел дастарқан басына отырады. Мезгілсіз келген демалыс, мезгілсіз келген бақыт та шығар ауылға!..
Онлайн оқуға көшкен студент атаулының кейбірі қала маңындағы туған-туыстың үйіне кетіпті. Өйткені, интернет байланысының нашарлығынан «онлайн» оқу қиын. Карантин режиміне жабылмас бұрын қалаға жетіп үлгергенмен, енді үйіне қашан келетіні белгісіз. Не де болса шаңырақта қалып, байланыс нашарлығынан бірде «онлайн», бірде «офлайн» да отырып оқитын студенттің бірі – мен. Түннің жарымында ғана жарытып шығатын интернет пен тапсырмаларды жіберіп әлек боласың. Содан кейін ғана ұйқың тыныш.
Әлеуметтің жыры болған 42500 теңгеге жұмыссыз тұрғындардың барлығы өтінім берді десек те болғандай. Әйтсе де, халықтың құжаттық сауаттығы жоқтығынан, біріне түсіп, біріне түспей қалған. 146 шаңырақта орта есеппен алғанда екі адамның қанжығасын құр қалдырмапты. Үйіндегі бала-шағасының ризық-несібесі болар, әйтеуір құр қол қалғандар көп емес. Бастапқыда «Жұлдыз» деген ауыл поштасында жұмыс күндері адам қарасы көп болатын. Себебі, халық үшін өтінім беретін жалғыз мекеме – осы. Онлайн өтінім беру деген ауыл халқына арман ғой, балалары сабағын әрең оқып жүргенде…
Иә, біз үйдеміз. Кеше ғана осы ауылдан арман қуып кеткен жас өрен едік. Тіпті, қаланың тіршілігіне бой үйретіп те алғанбыз. Әйтсе де, ауыл аңсатпай тұрсын ба? Енді міне, туған жердің төсінде тыныстайтын шақ туды. Ерікті де еріксіз түрде. Аялы ана алақанын аңсап жүріп, ашыққанға да, торыққанға да бой үйреткен екенбіз. «Үлкен» деп атайтын өмірдің лебін сезіне бастағанымыз шығар. Десек те, әке пейілі мен ана жылуын біршама сезіне тұрсын деді ме Құдай, қайта айналдырып бала қылып қойғандай. Отбасының төрт көзі түгел, бауыры бүтін болып дастарқан басына қайта жиналдық. Кішкентайымызда ойнап, сыйыспай отырар аға-бауырмен азамат болып иық тіресіп қалыппыз. Анамыз құрақ ұшып, дәмді асын, тәтті шайын даярлап бәйек болады. Бейне бір осы ұлдарының тойына қамданғандай. Араға қанша уақыт салып, ат ізін салмай кеткен ұлдарын ана жүрегі сағынған да шығар… Біз де сағынбадық дей алмаймыз.
Әкеміз қора жақты айналып, малға қарағансып, шағын егістікке шығып қайтады. Күнделікті шаруаны жайластыру, әдетте біздің мойнымызда болатын. Енді арасында келіп, шаруасын бақылап, бәлкім әкелік көңілмен сынай қарап, «балам, былай істе» деп ақылын айтып қояды. Кешкілік телеэкран алдына жиналып бәріміз сериал көреміз. Дәл бір бала кезіміздегідей.
Шаңырағымызда берекенің лебі есетіндей. Көшеге аттап басып, көз қиығын салуға да болмайды. Жол жиегінде орналасқан үйіміздің алдынан көліктер үзілмейтін. Енді байқасақ, құлағымыз тынышталып қалғандай екен. Күн ұясынан шығып, адамдар қайда кеткен деп іздеп, ұясына алаңдап бататын сияқты.
Ертеңгі күннің қайда апаратыны алаңдатпай тұрмас. Өйткені дәл мынадай қысылтаяң шақтың соңын ала дағдарыстың да лебі сезілуі мүмкін. Қарапайым халықтың күнкөріс қамы қайта қалпына келгенде бәсекелестіктің де неше алуан түрі шықпақ. Тек бізде ғана емес, дүние-жаһанның дидарын өзгерткен тәжтажалдың серпіні бөлек. Тәңір тілеуімізге жеткізіп, тіршілігімізді оңынан қылсын.
Көптің көңілін алаң, жұрттың өмірін қараң еткен коронавирус әлі де өршіп тұр. Ауыл бұқарасының дәл қазіргі хал-ахуалы осындай. Таң бозарғаннан кеш қарайғанша тіршілік саябырласа да, тоқтамаған. Бұл ауылдың көңілі ауаны тыныш. Сырттан келіп-кетіп жатқан адам да жоқ. Тек күнкөріс қамының уақыт өткен сайын қиындап бара жатқанын ескеру керек. Өйткені тұрғындардың көпшілігі нанын жеке жұмыспен тауып отыр. Індетпен келген бұл көктем күндері білінбей де, білдірмей де, сырғи береді. Амандықта болайық деген тілек көкейімізден кеткен емес…

Әзімбек ҚОЙЛЫБАЙ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Журналистика факультеті,
Баспа ісі және редакциялау кафедрасының
2-курс студенті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Дастан Қастай

    Жарайсың!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.