ЖЕТІСУ – ТАТУЛЫҚТЫҚ БЕСІГІ

Тәңірберген ҚАСЫМБЕРКЕБАЕВ,
ҚР мәдениет қайраткері,
«Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» директоры

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жарқын оқиғалардың бірі 1995 жылғы 1 наурызда жаңа этносаралық қатынастар институты – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы дер едім. Құрылған күннен бастап барлық ұлттық-мәдени орталықтар мен этнос өкілдерінің басын қосып, бір мақсат – ынтымақ пен келісім аясында біріктірген Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыруда маңызды қадам болды. Өйткені, еліміз үшін сол тұста бейбітшілік пен тыныштықты сақтау өте керек еді.

Елбасы Жарлығымен 1996 жылдан жылдан бастап 1 мамыр күні Қазақстан халқы бірлігі күні ретінде аталып өтіліп келеді. Кеңес Одағындағы еңбекшілердің таптық мерекесі болған 1 Мамыр тәуелсіз Қазақстанның тарихына енгенде мүлдем жаңаша мән-маңызға ие болғаны анық. Айтулы күн этностардың бірлігіне ұлықтап, Қазақстандағы барлық ұлт өкілдерін де жұмылған жұдырықтай тұтастыруға үндеп келеді. Сөйтіп мамыр мейрамы бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні деген мазмұнда жалғасын тауып, көпэтносты елдің тыныштығы мен татулығының нышанына айналды.
Мамырдың алғашқы күні – Қазақстан халқының бірлігі мерекесін жаңа тұрпатта тойлау қажеттігін, оны еліміздің басты мерекесіне айналдыру Елбасы Н.Назарбаев осыдан біраз жылдар бұрын көтерген болатын. «Көктемгі 1 Мамыр мерекесі біздің елдегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыра түсуі тиіс. Бұл біздің туған Қазақстанымыздағы 20 жылда құрған негізгі мерекеміз болады. Бірінші мамыр – бірліктің ерекше мерекесі. Сондықтан да, мамырда тұтас ай бойы жақындасудың барлық жаңа жолдарын байқап көру керек. Ал тұрақтылық болмаған жерде даму да болмайтынына қазіргі жер жаһанда орын алып жатқан мысалдар жеткілікті. Сондықтан да, бірлікті ту еткен еліміз Қазақстан халқының бірлігі күнін басты мерекелердің біріне айналдыруды қолдап келеді. Жұмыс істеу қажет. Егер барлық облыстарда тереңінен ой-ластырса, өте қызықты шаралар жүзеге асатын болады әрі мұның елге пайдасы да зор» деген еді Елбасы.
Расында облыстық Ассамблеялар мен этномәдени орталықтар бүкіл әлемге әртүрлі этнос өкілдерінің бейбітшілікте, достық пен келісімде өмір сүріп, ынтымақтаса тіршілік ете алатынын дәлелдеді.
Тоқтаусыз зырлаған уақыт Ассамблея-ның этностарды біріктірудегі, өзара құрмет көрсетудегі, шыдамдылық танытудағы, ұрпақтар сабақтастығындағы рөлі қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Құрылғанына биыл 25 жыл толып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы тұрақты даму жолынан өтіп, халықтық дипломатия институтына айналды. Ұлы Дала еліне тағдырдың тәлкегімен жер ауып, өсіп-өнген, үрім-бұтағын жайған 130-дан астам этностың басын қосатын бұл институт республиканың тұрақтылығы мен үдемелі дамуын сақтауда үлкен рөл атқарды.
Тіпті Қазақстан Республикасының этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табыстылығын бүкіл әлемге көрсетті.
Жетісу жеріндегі тұрақтылық пен тыныштықтың ұйытқысына айналып отырған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы әртүрлі форматтағы мәні мен маңызы, тәлім-тәрбиелік ғибрат алатын, патриоттық рухта, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеуге бағытталған көптеген іс-шара өткізуде.
Мәселен, жастарға үлгі болатын «Қазақтану» жобасы бойынша ұйымдастырылған дәстүрлі «Сірге мөлдіретер» және «Қымыз мұрындық» мерекелері аясында облыстың 15 ауданынан келген әртүрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілде Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқып, мақал-мәтел сайысына қатысты.
«Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған және Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Ортақ Абай» байқауына облыстың барлық аудандарынан мектеп оқушылары қатысып, өз шеберліктерін танытты. Абай Құнанбаевтың әндері мен өлеңдерін, қара сөздерін жатқа оқыған балалардың бәрі де түрлі этностардың өкілдері. Шынында бүгінгі күні облыстағы ұлт өкілдері қазақ тілін жетік меңгеріп, емін-еркін сөйлей алады. Оған респуб­лика деңгейінде өткізілген іс-шаралар дәлел. Тіпті түрлі байқауларға қатысып, қазақ тілінен жеңімпаз атанып жүрген этностардың жетістігі Қазақстан халқы Ассамблеясының ширек ғасыр ішіндегі қажырлы жұмысының нәтижесі.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары да қазақ тілін дәріптеу мақсатында аянбай еңбек етуде. Әзірбайжан этномәдени орталығының төрағасы Аслы Осман, республикалық «Қазақстан-Корея» достық қоғамы облыстық филиалының төрағасы Клара Хан, Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов, Корей этномәдени орталығының төрағасы Владимер Ли қазақ тілінің жанашырлары деп айтсақ, артық болмайды.
Алматы облыстық Достық үйінде мемлекеттік тілді менгеруге арналған «Қазақ тілі» орталығы да тегін жұмыс істейді. Бұл басқа этностар арасында мемлекеттік тілді дамытуға ықпал етіп келеді.
Өздеріңізге белгілі, тұрақты жүргізілген сарабдал саясат пен қарқынды жұмыстың арқасында әрбір азамат этникалық немесе діни ұстанымына қарамастан Конституцияда берілген кепілдік азаматтық құқығы мен бостандықтарын толық пайданалудын арқасында ерекше сенім, ынтымақтастық және өзара түсіністік ахуалы қалыптасты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының қарқынды қызметі Қазақстан Республикасының этносаралық қатынастар мәселесін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделінің өсуіне ықпал етіп келеді. Көп жағдайда ҚХА азаматтардың теңдік принциптерін ғана емес, сондай-ақ басқа елдерде сирек кездесетін еркін діни сенім құқығын да қамтамасыз етеді.
«Байлықтан артық достық бар, достықтан артық байлық жоқ» дейді халқымыз. Біздің басты байлығымыз, оның ең құндылығы – қоғамдық келісім, елдің бірлігі, татулығы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.