Жанкент жұрты жанындағы ауыл

Аудан орталығы Жаңақазалы стансасында тұратын, осы стансада туып-өскен Берекет Алматыдан кеше келді. Берекеттің жасы жиырманың үшеуінде, басы бос. Таныс-біліс ортасы айтпақшы, тәлім-тәрбиесі жақсы, сымбатты жас. Жаңа оқу жылы әне-міне басталмақшы.Төрт жыл бойы оқыған-тоқыған Алатау етегіндегі сұлу қаланы, бір тайпа ел сияқты жерлестерін, сондай-ақ бір бойжеткенді қимайтындай қыдырыстап жүріп қалыпты.
Кеңес заманы. Педагогикалық институттың тарих факультетін бітіргесін қалыптасқан тәртіппен аудандық оқу бөлімінің бастығына жолықты. Бастықтың айтуынша, «Жәдігер» совхозындағы онжылдық мектепте арнайы білім алған тарих пәнінің оқытушысы жоқ, күйіп тұрған мәселе, сол жерге баруына ақыл-кеңес қосты. Келесі жылы стансадағы мектептердің біріне орналастыруға уәде берді.
Ертеңіне таңертең жер түбіндегі «Жаңа құрылыс» совхозына ағаш тақтайлар, дайын есік-терезелер тиеп апара жатқан көршісі Елжан өзімен бірге ала кетті. Стансадан он шақырым жердегі Қазалы қалашығында Елжан көкесі азық-түлік дүкені жанында көлігін тоқтатты. «Жаңа құрылыстағы» ағайынының бала-шағасына екі бөлек ораған тәтті-дәмділерді базарлық ретінде алды. Сырдариядан салкеме (паром) арқылы өткен екеуі арғыбеттегі жолайрығында қоштасты.
– Мына жол «Жәдігерге» апарады. Құр қол барма, бас сұққан үйіңнің бала-шағасы дәметеді, – деп көкесі екі бөлек орамның біреуін қолына ұстатты.
Сәт-сапар тілеген, «Жәдігер» елдімекеніне бет түзеген Берекеттің арқасына асып алғаны – бірқатар киім-кешегі, кітаптары, қалам-қағазы салынған жол дорбасы. Базарлықты сол жол дорбасына тоғытты.
Жол бойындағы каналда суды тұс-тұсына ағызатын бетон мен темірден соққан тоспа жасапты. Көпірі үстінде басына қызыл орамал тартқан, бір аяғын сылтып басатын жас қыз жүр, қолында шағын сүзекі. Сәлемі түзу. Тоспа аузында шыркөбелек айналған сумен бірге ығып жүрген, қара жоны көрінген бірнеше үлкен сазанның біреуін Берекет әлгі сүзекімен тартып шығарды. Шлюз іргесіндегі бақшада теңкиіп-теңкиіп жатқан қауын-қарбыз, бақша ортасында қызыл кірпіштен соққан қос, жасөспірім қыз сүзекімен ауланған балықтарды бір-бірлеп сол қосқа тасуда. Соңғы тұрқы ірі сазанды Берекетке ырымдады.
– Балықты не істеймін? Таңертең шәй ішпей шығып едім. Шөлдеп қалыппын. Қарбыздан дәм ауыз тиейін, – деді Берекет. Бабына келіп піскен мұздай қарбыз шөлін басты. Ризашылығын білдіргенінде бейтаныс қыз сазанды алып кеткенін сұрап тұр.
– Жолыңыз болсын, тілегімді қайтармаңыз, – дейді. Арзу тілегін аттап кетсе, ұялшақ, инабатты қыз қиналып қалатын секілді.
Төбесі көрініп тұрғанымен «Жәдігерге» дейін екі шақырымдай. Күн ыстық, ұсақ қиыршық тастар төсеген жол, арқасында жол дорбасы, бір қолында сағалдырығынан сым өткізген, құйрығы жер сызған сазаны. Әлден уақытта дүрілдеген көлік қуып жетті. Жол жиегінде тұрған Берекет қолын көтермесе де тіркемесі бар «Беларусь» тракторы жанына келіп тоқтады.
– Аға, отырыңыз, – дейді көзі күлімдеген ер бала. Мінезі ашық. Ата-анасы кеше қалыңдық түсірген тойдан таң алакеуімде келгесін әкесінің орнына жұмысқа шыққан жасөрім күріштік басындағы қырманға азық-түлік тасып жүргеннін айтты. Тоғызыншы класқа өтіпті, оқушы.
«Жәдігерге» келгендерінде Берекет ұзын, ақшаңқан ғимараттың мектеп екенін бір көргеннен ұқты. Есігі алдындағы ұзын отырғышқа жайғасқан жігіт ағасының үстінде шекпен, беліне буынғаны әскер белбеуі, қолында жыңғыл таяқ. Екеуі амандасқасын жәй-жапсар сұрасты.
– Менің ныспым Шапағат. Біреудің үйін іздеп жүрсің бе?
– Мектеп деректіріне сәлем беруім керек еді.
– Мен деректір.
Берекет осында келген шаруасына көшті. Орнынан тұрған Шапағат мектепке бастаған, қолында бір бума кілт. Оқу ғимаратында жан жоқ, деректір ағайы көрсеткен тарих пәні класын, кітапхананы, мектептің ұзын дәлізін де әктеп, сырлап қойғаны байқалады. Ақырында өзінің жұмыс бөлмесінде Берекеттің құжаттарымен танысып, кешеден бері ұстаған белінің құяңын сөз етті, жаздың күні иығындағы шекпеннің, қолындағы таяқтың мәнісі сол екен.
Ақ шатырлы үйі мектеп жанында. Ауласының етек-жеңі кең, бес-алты атыз пәлектеріндегі ірі торлама, шытырлақ, әйгілі қара қарбыз бақшаның ажар-көркі іспетті, қауын-қарбыздан басқа картоп, пияз, сәбіз, қызыл бұрыш сияқты көкөнісі мол. Үлкен тамына қарсы қонысжайды Шапағат ертіп әкеліп көрсетті, ауыздағысы ас бөлмесі, төргі бөлмесінде ағаш керует, кісі бойынан биік жәшік, үстел, екі орындық тұр. Берекеттің осында тұратынын айтты. Келіні болса керек, жас келіншекке пәтерді мұқият тазалауды, көрпе-төсегін қағып-сілкуді, жаймалары мен жастық тысын жаңалауды тапсыруда.
Үлкен үйден шыққан бәйбішесі Айсананың жүзі жылы, есім-сойын, жасының нешеде екенін, ата-анасын сұраған сөзі, ықыласы айналып-толғанғанмен бірдей. Берекет жартықұлаш семіз сазаны мен бағана Елжан көкесі берген тәтті-дәмдісі бар орамды ұсынды.
– Ара-тұра балық сорпасын аңсайсың, – деген Шапағат ағайы да Берекетті іштартатын сияқты, арқасынан қағып сөйлегені соны аңғартқандай.
– Қисымет көкеме барып сәлем берейін, сен де бірге жүр.
Үш аяқты мотоциклді айдап отырған мектеп жасындағы баласы Ақдидар. Ауылдан қозы көш жер қорым шетіндегі зиратқа келіп тоқтағандарына Берекет аң-таң. Шапағат қазақшалап амандасқасын, Құран аятын оқығасын белінің құяңының ем-домын сұрап жатыр. Марқұм түсіне кіре ме, әлде ауылдастарының біреуінің аузына сала ма, әйтеуір, бір амалын тауып айтатын тәрізді. Қисымет бойына емшілік қонған, емшілік шипасы дертке ем, дәтке қуат, көпшілікке қадірлі адам болыпты.
Кенет жел тұрып, таяқ тастам жерде шыркөбелек айналған, ұшар басы көкке шаншылған құйын көтерілді. Төңіректің астан-кестенін шығарған тентек жел аяқ астынан тыныштық тапты.
– Қисымет көкемнің рухы, – деді Шапағат қатты толқып.
Қайтып келе жатқандарында көлікті тоқтатқан деректір ағайы есек мінген ақсақалмен амандық-саулық сұрасқан. Күнделікті есегімен барып су тоспасына бас-көз болып жүретін Әбдіғазиз ақсақал шлюз қарауылы көрінеді.
Үйге келісімен Берекет жол дорбасындағы киім-кешегін жеңіл-желпі үтіктеп, үлкен айнасы бар жәшікке іліп, кітап-қағаздарын реттестіріп қоюға кірісті. Еденіне дейін жуып-тазалағасын екі бөлменің сәні кіріп қалыпты. Көп ұзамай мотоцикл айдаған ұл дастарқанға шақырып жатқанын айтты. Жайнатып қойған қонақ бөлмесінде Шапағат ағайы сөз бастады.
– Ерулікке ертең шақырамыз. «Жәдігер» көп елдімекеннің бірі болғанымен туын тіккен жері тарихи орта. Іргемізде Қорқыт баба туып-өскен Жанкент шаһарының жұрты, жақсы ауылға келдің, қарағым.
Сонан қазанға қамыр кеспесі мен түрлі көкөніс қосып асқан балықты әкелгенінде сазанды қайдан алғанын қызықтағасын Берекет шлюзді, басына қызыл орамал тартқан жас қыздың сақилығын әңгімелеп берді.
– Басына қызыл орамал тартқан, бір аяғын сылтып басатын қыз емес пе?
– Иә, танисыз ба?
– Ол қыз осы ауылдың киесі. Бәрімізге сырттай таныс, тілегі – ауылдың ынтымақ-бірлігі. Есімі – Кәделі. Ара-тұра атын атап құрбандық шалу дәстүр-салтымыз. Өзіме жолықпады, бірақ кездескендер, жақсылығын көргендер бар.
«Жәдігерге» келгелі бері екі күн де өте шықты. Бірінші қыркүйекте оқу басталды. Жас маманға мектепті бітіретін оныншы кластың жетекшісі міндеті жүктелгесін тұңғыш сабағы осы класта өтті. Оқу ісінің меңгерушісі Берекеттің аты-жөнін, қай пәннен сабақ беретінін, қайда оқығанын қысқаша айтқасын қайта шығып кеткен. Балалар тым-тырыс, қыбыр етпестен отыр. Берекет класс журналы бойынша оқушыларымен жеке-жеке танысты. Тарих пәнінің мән-маңызы туралы кіріспе сөз сөйледі. Оныншы кластың ұлдары мен қыздарының сұрақтары көп, оқу-білімге ынталары іштей қуантты. Шапағат ағайының қамқорлығы, жұма күнгі түске дейін бүкіл сабақтарын өткізгесін жолаушы көлігімен аудан орталығына қайтады. Дүйсенбідегі сабақтары түстен кейінгі кестеде.
Сонымен алғашқы аптаның жұма күні Берекет стансасына қайтты. Жолаушы көлігінде адам аз. Жолда шлюзден тұс-тұсына тарайтын үш үлкен арықтың біріндегі суды бөгегесін екіншісіне ағызып жатқан Әбдіғазизді көрді. Бұрыннан таныс-біліс пе? Әлде ағайыны ма? Көлігін тоқтатқан жүргізуші Әбдіғазиз ақсақалмен емен-жарқын әңгіме соғуда. Аяқ жазуға түскен Берекет те Әбекеңмен қос қолын созып сәлемдесті.
Бір аяғын сылтып басатын әулие қыз кездескен шлюз көзіне ыстық. Бір ғажабы, шлюз іргесінде қызыл кірпіштен соққан қос та, қауын-қарбызы теңкиіп-теңкиіп жатқан бақша да жоқ екен.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.