ТЕАТР КӨБЕЙСЕ – ТҮРМЕ АЗАЯДЫ

Үлкен шаһардың үлгі болар, көңіл аулар дүниесі көп: ойын-сауығы, театры, кинотеатрлары, демалыс орындары дегендей қызығы таусылмайтын өнер ордалары жеткілікті. Театрға сүйікті актерін, ұнаған спектаклін, тіпті бір көрген ойынын қайта көруге ұмтылатын көрермен бар. Ауылды жердің оған мүмкіндігі аз, әрине. Науқан сайын даланың қайнаған тіршілігі ойын-сауыққа, демалысқа мойын бұрғызбайды. Бірақ бұл шаруақожалығының еңбеккерлері, шөп шауып, мал бағып, егін еккен диқан мүлдем дем алмайды деген пікір емес. Кеңес дәуірі кезінде жаз жайлауға, қыс қыстауға, қой қырқым, шөп шабу кезінде қостың басына, күзде қырман басына барып, жүк мәшинесінің артқы жағын айқара ашып жіберіп, сахнаға айналдырып, халық театрлары, көркемөнерпаздар үйірмелері өнер көрсететін. Әр ауданның, әр ауылдың өзінің Тұңғышбайы, өзінің Қыз Жібегі, өзінің Құдайберген, Тоқсыны бар еді. 

Халық театрларының репертуар саясатын қадағалап, тың дүниелерді ұсынып отыратын мәдениет министрлігінде бөлім болатын. Олар арқылы облыстың халық шығармашылығы орталықтары да белсенді түрде жұмыс істейтін. Қазір кейбір облыстарда «Облыстық халық шығармашылығы үйі» дегендер бар, көпшілігі тек облыс орталығында өтетін, қаланың алаңдарында өтетін «Наурыз», Жаңа жыл мерекесіне ғана ат салысып жүргені. Оның өзінде оның бар білері көбіне қаладағы шығармашылық топтар ғана. Аудан, ауылдан өнерпаз келе қоймайды. Қолдарында қаладағы оқу орындарының, кәсіпорындардың, мектептердің өнерпаздарының тізімі бар, ауыл жайлы жарты бет ақпараты да жоқ. Облыс әкімшілігінің де ауыл мәдениетіне көңіл бөлу форматы да өте сараң. Жылына бір орталықта аудан күндерін өткізеді, облыстық бір-екі фестиваль өткізген болады, сонымен бітеді. Ең күлкілісі – халық театрлар байқауына шақырылған театрларға өлшеулі уақыт беретіні. Концерттік бағдарлама болса онысы жөн болар еді. «Қырық минут немесе бір сағаттан аспасын» десе, концертті созу, қысқарту оңай. Ал енді театрда қойылатын драмалық шығарма уақыты әр қалай ғой. Халық театры халықты алдау үшін құрылмайды. Әкімшіліктің регламенті үшін де репертуар таңдамайды. Драмалық туынды не трагедия, не комедия, не әлеуметтік драма болуы мүмкін. Оқиға желісі халыққа түсінікті болу үшін, қайталап айтайын, халыққа түсінікті болу үшін, әкімшіліктің асығыс уақытында бағынбайды, толық қойылады. Байқауға шақырғанда ауыл сахнасынан орталыққа жеткен өнерпаз жанын сала өнер көрсеткісі келеді. Ол өзін облыс орталығының сахнасына шыққанын мәртебе санап, оны жатқа білетін аудан көрермені емес, өзге көрерменнің алдына жаңадан танылатынына бар ынта, жігерімен дайындалып барғанда әкімшілік құрған қазылар алқасының уақыты жоқ болғаны өнерпаздың жігеріне су құйғандай болмай ма? Облыстық мәдениет бөлімдерінің басшылары өнерден сәл сауаты болса, фестиваль, байқаудың жанр, формасына, мазмұнына қарай уақыт белгілегені жөн болар еді.
Кезінде халық театрлары кейбір облыстық кәсіби театрлармен тең дәрежеде еді. Оған дәлел ретінде өзім туғалы ішінде өскен Нарынқол халық театрын айтайын. 1960 жылдардың басында Мақай Нұрқасов, қазаққа белгілі ақын ағамыз Еркін Ібітанов сынды ел ағалары ашқан театрды 1963 жылдан Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры өз қарауына алып, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Алдаберген Нұрбековтай білімді, білікті маманды режиссер етіп жібергені, ол театрды қолы бос кезде еңбеккерлер келетін үйірме емес, жеке ұжым ретінде 18 штаттық бірлік тағайындап, театрға керек барлық мамандарды: суретші, костюмер, гример, тіпті шопыр, есіктен билет тексеретін контролерге дейін қызмет ететін бөлек өнер ордасын ашуға, актерлардың кәсіби оқып, жетілуіне үлкен себеп болды. Мәдениет министрлігі арқылы жыл сайын режиссер, суретші, актерларының бір айлық білім жетілдіру курсына жолдама берілетін. Ол кездегі халық театр драматургиясына да керемет көңіл бөлінген. Үлкен театр мүмкіндігіне емес, шағын театр шамасына қарай жазылған пьесалар бар еді. Сол заманда Сафуан Шаймерденов, Оразбек Бодықов, Есенжол Домбаев, Баққожа Мұқай ағаларымыз да арнайы халық театрлары үшін пьесалар жазатын. Халық театрлары тек олармен шектелген емес. Жоғарыда айтып кеткенімдей, кәсіби театрлармен терезесі тең түсетін қойылымдар қойылатын. Нарынқол халық театрында қойылған М.Әуезовтың «Түнгі сарын» спектаклі Алматыда М.Әуезов театрының сахнасында ойналып, Орталық телевидениеге түсіріліп кеңінен таратылып еді. 1970 жылы Мәскеу қаласына барып Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты атағын алып, Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде, бірнеше концерттік залдарда өнер көрсетіп қайтқан. Менің әкем Әбдіғалым Наймантаев көп жыл режиссер болды. Ол кісі сахналаған Назым Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер», Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектакльдері республикалық байқаудың жеңімпазы атанған, қазақ театр сыншыларының назарына ілігіп «Кәсіби деңгейі жоғары қойылымдар» деген пікір тудырған еді.
КСРО халық артисі Хадиша Бөкееваның туған жері, Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданындағы халық театр сахнасына аудандық оркестрдің сүйемелдеуімен сол кезде театр ашып, режиссер болған Сағит Садықов ағамыз ауыл сахнасында тұңғыш рет «Қыз Жібек» операсын қойған! Қарапайым драма емес, үлкен операны ауыл сахнасында қоюдың қандай еңбек екенін, ол кездегі өнерпаздың білімі мен біліктілігі қазіргі күнгі фонограмма мен жеңіл өнер жетегіне ілесіп, соған еліктеген жастарға ғажап үлгі екенін осыдан-ақ пайым­дай беріңіз.
Қостанай облысы Аманкелді ауданындағы Мейрамхан Қапышев атындағы халық театры биыл, міне, 60 жылдығын тойлағалы отыр. Алғашқы ұйымдастырушысы, соңынан ұзақ жылдар режиссері болған Мейрамхан ағамыз Ғабит Мүсіреповпен тікелей қарым-қатынаста болған адам. «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклінде Ақтоқты рөлін сомдаған актриса Алтын Абылова сол жылдары «Қазақстан әйелдері» журналының мұқабасына суреті шығып, әскерде жүрген жігіт сол сурет бойынша іздеп, тауып, отау құрған. Мейрамхан ағамыздың тәрбиесін көріп, үлкен өнерге жолдама алып шыққан шәкірті кейіннен Қазақстан Республикасының халық артисі Әнуар Боранбаев екенін Торғай елі жақсы біледі. Мейрамхан Қапышев талантты өзі іздеп, жетектеп театрға әкеліп, өнерге баулиды. Алматы облысы Ұйғыр ауданының қызы Қантай Мақажанова Аманкелді ауданына баспа қызметкері болып жолдамамен барып, Мейрамхан ағамыздың көзіне түскен соң, театр актрисасы болады. Кейіннен Мейрамхан ағамыздың ісін жалғап, сол театрдың ұзақ жылдар режиссері болған. Бұл күндері жасы сексенді алқымдап, Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатыр.
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы Шоқан Мұхамадиев атындағы Ақжар халық театры да 50 жылдан асты, тұрақты жұмыс істеп келеді. Алғаш ашылған жылдары Қазақстанның халық артисі, қазақтың тұңғыш кәсіби театр режиссері Асқар Тоқпановтың өзі осы театрға спектакль қойған. 1960 жылдары Мәскеуде, Кремль сахнасында өнер көрсеткен театр бұл. Қазіргі күні Мейрамбек Кәменжанов деген Алматы театр және көркемсурет институтында Нұрмұхан Жантөриннің, кейіннен КСРО халық артисі Шолпан Жандарбекованың класында дәріс алған кәсіби маман режиссер болып жүргеніне де 30 жылдай уақыт толып қалды. Амал қанша, 50 жылдық орасан тарихы бар театрды да шөміштен қысып, үш адамдық штатпен ұстап отыр. Міне ағайын, қазақ өнерін көкке көтеріп жүрген экраннан түспейтін «жұлдыздар» ғана емес екенін осыдан біле беріңіздер.
Халық театрларының репертуарына жазу жергілікті ақын, жазушы, журналистерге де әуес болды. Кеген аудандық «Коммунизм нұры» газетінің тілшісі, белгілі ақын Мұса Жанәділов ағамыздың әр апталық санына бірнеше бөлініп жария болған «Арманым сізге аманат» мелодрамасын жұрт сарыла күтіп жүріп оқыды. Бұл шығарма облыс, кейіннен Республика көлеміне тарады. Содан кейін Кеген аудандық халық театры сахнаға шығарды. Аудан, облыс тұрғындары соңынан қуып жүріп көрген, аңызға айналған қойылым болды. Кейіннен республикалық біршама халық театрларының репертуарына енді. Халық театры аты елге танылған тұлғалар ортасына айналған еді. Кеген халық театрының режиссері Нағима Таласбаева, жезтаңдай әншісі Жаңыл Сабаншиеваны, Тоқтар Бірімжановты, Құдайберген Ештаев, дәрігерлік қызметімен сахнаны жалғастыра жүріп, заман талабына сай «Әттеген-ай!» театрын құрып елге сүйікті актер болған Мұрат Исаділовты, Талдықорған облысынан режиссер Таубай Әбішбаев, Ұзынағаш халық театрының режиссері Қанағат Қарашевты, Нарынқол халық театрының режиссеры Әбдіғалым Наймантаев пен Рафия Райжанованы, актерлары Төлеген Мұратбеков, Қазақ радиосында диктор болған Бақытжан Атакелдиев, Мэлс Серғалиев, Клара Қалиева, Несіпхан Бектеміроваларды республика ғана емес, көрші қырғыз, өзбек ағайындар да жатқа білетін. Себебі ол кезде Мәдениет министрлігі арқылы көршілес республикаларға жылына бір рет, облыс көлеміне жылына екі рет, көрші облыстарға бір рет гастрольдік сапарға шығу міндеттемесі бар болатын. Халық театрларын жұрт таңдап, талдап қарайтын. Астаналық атақты өнер ұжымдары ғана емес, сыртқа шығып, елдің мәдениетін, өнерін танытуға халық театрларының да үлесі мол болған. Сондықтан оларға қойылатын талап та ерекше еді. Қазіргі шенеуніктер сияқты «Жарты сағат өнер көрсетсең болды» демейтін. Ауданның мерекелік шараларына танымал жұлдыз шақырып, қыруар қаржы шашпайтын. Ауданның өз театры мен көркемөнерпаздар үйірмелерінің артистерінен аспайтын ондай шаралар. Өткен жылдары біраз аудан 80 жылдықтарын атап өтіп, облыстық театрлардан режиссер, актер жалдап жатты. Бұрынғы халық театрлары өз деңгейінде жұмыс істеп тұрған кезде ондайға әкімшіліктің басы ауырмайтын болатын. Ондай дүниенің бәрі халық театрларының еншісінде еді ғой.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әкемтеатрдың белді актері Бекжан Тұрыс маған айтқан бір әңгімесінде «Әке-шешеңнің өнерін көріп өстім ғой. Солардан көңілге түйіп, үйренгенім көп болды. Тіпті ауылға облыстық театрлар келіп жатса менсінбей «Өзіміздің Нарынқол театры қашан келер екен?» деп, асыға күтіп жүруші едік» деген еді.
Халық театры өнерге ұмтылған жастарға үлкен мектеп бола білді. Өзім білетін Нарынқол халық театрынан түлеп ұшқан Тұрақан Сыдықова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сұлушаш Нұрмағанбетова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл сынды өнер иелері осы халықтық өнерден сусындап шыққан майталмандар.
Біраз уақыт бұрын Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов әңгіме үстінде «Асеке, ауыл түгілі, аудан орталықтарында интеллигенция жоқтың қасы, зиялы орта ойсырап қалған, оңашада ой бөлісер, шер тарқатар сырлас жоқ» деген жағыңнан шапалақпен осып жіберердей пікір айтты. Құптадым…
«Халық театры» ауыл мәдениетін көтеріп қана қоймай, ауыл интеллигенциясын қалыптастыратын, зиялы қауым топтасатын орын болады. Жоғарыда таңдай қаға баяндаған ауыл сахнасындағы опера, үлкен классикалық шығармаларды қазір де сахналай алатын жас ұрпақ жоқ деймісіз? Бар, болады, туады. Тек ол өнерге өгей көзқараспен қарап, мереке, мейрам сайын өткізген шарасын ғаламторға суретін салып, «Қатырып жатырмыз, жүзеге асырып жатырмыз!» дейтін жалған ақпарат беретін мекемеге айналдырмай, көргенде көз тоятын, мазмұны маңызды, құрамы сапалы өнер орталығын ашу қажет. Өзім гастрольдік сапарға республика көлемінде көп жүремін. Мен барған аудан, ауылдағы мәдениет қызметкерлері маған жиналған көрермендерді сан қырынан суретке түсіріп жүреді. Әуел баста мені түсіріп жүрген құрметі деп ойлайтынмын. Сөйтсем, «Аға, облыстық мәдениет басқармасы берген жоспар бойынша жылына бәленбай шара өткізуіміз керек. Мәдениет үйіндегі төрт-бес адам қашанғы концерт бере береміз? Осы Сіздерге келген көрермендердің суреттерін бірде оң жағынан түскенін, бірде сол жағынан түскенін ғаламторға салып, жоғары жаққа «фотоотчет» бере саламыз. Оның рас-өтірігін тексеріп жатқан олар жоқ. Біз оларды, олар өздерінен жоғарыны алдап келеміз осылай» дейді. Міне, қазіргі ауыл мәдениетінің бір көрінісі. Кейбір мәдениет үйлерінде су жаңа аппаратура бар, жөнді істемейді. «Неге, айналайын, жаңадан алыпсыңдар ғой?» десең, «Иә, жаңасы жаңа ғой, бірақ мына «Госзакупка» дегенің бәле болды. Не керекті тізіп жазып береміз, қыруар ақша кетеді. Нәтижесі мынау – қытайдың арзанқол дүниесі келеді. Қарсы дау айта алмайсың, құжат бойынша бәрі дұрыс. Бір ай өтпей күйіп жатады. Оны айтсаң, «Күні кеше ғана су жаңасын әпердік, күтіп ұстамаған өздерің! Енді бес жылдан соң аласың, жеткіз соны!» деген жауап аламыз…» дейді. Ақкөңіл, аңғал өнерпаз осындай да күй кешіп жатыр ауылда.
Бірлі-жарым мәдениет үйінде тіпті «Халық театры» да бар. Қызметкері екі-ақ адам! Бұл қалай? «Облыстың бергені сол. Бір директор, бір көркемдік жетекші штаты ғана. Басқаларын ауыл­да тентіреп жүрген талантты жастар бар шығар, соларды «бірдеме ғып» қатыстырыңдар. Үнемі спектакль сұрамаймыз ғой, жылына бір рет келіп, атақтарыңды қорғап кетсеңдер болды емес пе?» дейтін көрінеді. Көзбояушылық емей не, енді бұл?! Қазір анау шенеунік айтқандай, «бірдеме ғып», тегіннен-тегін кімді жұмыс істетесің? Шағын көрініс даярлау үшін де бір ай уақыт керек. Бір ай түгілі бір күн тегін істетіп көрші. Ауыл жастарын еңбекпен қамту деген де бағдарлама бар емес пе? Соған орайластырып, талантты жастарға неге театрдан штат қосып бермеске?.. Мұны да ел аралап жүрген соң көресің, көрген соң көңілің құлазиды…
Біраз жыл бұрын Алматы облысы Панфилов ауданында да халық театры ашылып, 15-ке жуық штат берілді. Ал, енді осы театрдың көрші аудандарға, облыс көлемінде өнер көрсетіп жүр дегенін естігем жоқ. Топырлаған штат Жаркенттің халық санына орай беріле салған болып отыр ма сонда? Ол театр кезінде сол ауданның Үшарал кохозында Қазақстанның халық артисі, әйгілі Дәнеш Рақышев ашқан театрдың орнына ашылып отыр. Дәнештің кім болғанын исі қазақ жақсы біледі. Үшарал театрын байтақ Қазақстан білуші еді. Облыстарға гастрольге бара қалсаң «Облыстық әкімшіліктің, мәдениет басқармасының рұқсат қағазын» талап етеді. Арнайы хат жазып, екі-үш күніңді жоғалтып, аудандарға рұқсат алып, бір ауданына бара қалсаң – төрт, бес асабадан құрылған аты жоқ театр, тойда танылған әншілер, «Анау әкімнің танысы, мына дөкейдің туысы» деген ауызша, телефонмен алынған «рұқсатымен» бей-берекет өнердің әтіуерін кетіріп, халықты алдап, шала концерт қойып жүреді. Әдеп сақтап, рұқсат алу үшін жоғалтқан уақытыңа өкінесің содан!
Үкімет кейінгі жылдары қаншама мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізді, қаншама жаңа мәдениет сарайлары аудан орталықтары мен ауылдарда салынып жатыр. Зәулім сарай тұрғызып алып, ішінен қарауылы мен еден жуушысын қосқанда, төрт-ақ адам шығып жүргенін де көз көріп жүр. Сол қарауылы Наурызда Қыдыр ата, жаңа жылда Аяз ата, еден жуушысы Ақшақар. Ауылда өнерлі жас өріп жүр, екі қабат ғимаратта штат жоқ. Қалай ішің ашымайды осығын?!
Тарихқа бойлап отырған себебім, халық театрына қазір бюрократиялық кеңсе ашқандай көзқараспен ден қоймау керек, одан өрелі, өнегелі өнер талап ету керек. Ол үшін қазіргі кейбір облыстар сияқты «Театр» деген шаңырақ ашып, оған бір, екі штаттық бірлік тағайындау көз бояушылық екенін ұғынып, ауыл мәдениетінің өркендеуіне жоғарыға беретін ақпарат үшін ғана емес, елдің ертеңін ойлайтын азамат тәрбиелеу үшін өте маңызды Орда деген ұғыммен қайта қарау керек. Мен оншақты жыл бойы жөнсіз жабылып қалған сол баяғы Нарынқол халық театрын қайта қалпына келтіру үшін шапқылап жүрмін. Биыл, міне, Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов бауырымыз қолдап, Алматы облыстық мәдениет басқармасы да оң қабақ танытып, сол мәселе жөнге келіп жатыр. Жаңағы айтып кеткен штат беру мәселесі осы кезде есте болса екен деймін. Тек Нарынқол театры үшін ғана емес, болашақта кез келген ауылда осындай өнер ошағы ашылып жатса назарға алар пікір деп есептеймін. Себебі «театр» деген үлкен ұжым. Ауылда өнерлі жас көп. Штат мәселесі дұрыстап шешілсе өнер қуған бала қалаға келіп, тентіреп, той аңдыған асабалар армиясының санын толықтырмас еді деген ой ғой менікі.
Облыстық фестивальді бекерге қозғап отырғамын жоқ. Мен сынға алды екен деп оны мүлде пайдасыз деуге болмайды. Бойындағы құдай берген дарынымен, арнаулы өнер оқуларын оқымай-ақ көпшіліктің көңілінен шығып жүрген табиғи дарын иесінің өнерін бағалайтын осы фестивальдердің өзі дәтке қуат. Облыстық байқауларды тілге тиек қыла отырып айтар әңгімем осы халық театрларының фестиваль, байқаулары республикалық деңгейде өтсе деген тілекке ойысса дегім келіп отыр. Қазақстанның халық артисі «Қазақстан театр қайраткерлері одағының» төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыздың өтінішімен өткен жылдың аяғында осы одақ арқылы ұйымдастырып, өткізілетін «Республикалық халық театрлар фестивалінің» тұжырымдамасын жасап, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігіне жіберген едік. Ол екі кезеңнен тұрады; бірінші – іріктеу кезеңі облыс орталықтарында өтіп, жеңімпаздары екінші кезеңге, республикалық фес­тивальге жолдама алады. Мына індетке байланысты карантин шаралары кедергі болды-ау. Әйтпесе қазіргі Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова келгелі біршама келелі істер қолға алынып, белгілі өнер майталмандары арасында «Мәдениет министрлігі енді жөнге келді» деген пікір қалыптасты. Біздің бұл ұсыныс та жерде қалмас деген сенімдеміз.
Дегенмен, халық театрларына министрлік тарапынан көңіл бөлу фестивальдің өтуімен ғана шектелмесе екен. 2018 жылы Мәдениет министрлігінің берген ақпаратына қарасақ: «Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша 1 мыңнан аса «халықтық» атағы бар көркемөнерпаздар ұжымы бар. «Олардың ішінде театр ұжымдарының саны 200-ге жуық. Өңірлердегі театрлардың ең көбі Шығыс Қазақстан облысының үлесінде, аймақта 28 театр жұмыс істейді. Қарағанды облысында – 18, Жамбыл мен Атырау облыстарында – 17. Мысалы, Павлодар облысы бойынша «халықтық» (үлгілі) атағы бар 7 ұжым бар. Театрлардың репертуарында көптеген театрландырылған көріністер мен әдеби-музыкалық кештер, пьесалар мен спектакльдер бар» делінген.
Байқайсыз ба, 200-ге жуық халық театры бар екен. Бұл дегенің халықтың еңсесі көтеріліп, көкірек көзі ашылып, рухани жан дүниесі талап еткеннен болған ғажап емес пе!? «Рухани жаңғырудың» үкімсіз, бұйрықсыз халықтың өз қалауымен іске асып жатқандығы ғой бұл!
Мәдениет министрлігінің халық шығарма-шылығын қарайтын бөлімінің жанынан барлық облыстың мәдениет басқармасы басшылары мен білікті мамандардан құрылған кеңес ашып, қатары көбейіп келе жатқан халық театрларының тыныс-тіршілігін, репертуар саясатын, республика, облыс көлемінде гастрольдік сапарға шығу кестесін, білім жетілдіру курстарына баруын реттеп отыратын болса деген ұсынысым бар. Мен өз тарапымнан білгенімді аямас едім. Қазіргі өзім қызмет етіп жатқан Алматыдағы «Bilte akademy» жанынан бір апталық халық театрлар мамандарын, оның ішінде режиссерін, суретшілерін, актерларын оқытып, білім, тәжірибе жетілдіретін курстың 48 сағатқа арналған бағдарламасын жасадым. Үміткерлер болса Алматыда бір аптада біраз мамандардан, театрлардан, танымал режиссер, актерлардан сабақ алып, тәжірибе жинауға мүмкіндігі бар.
Халық театры – бүгінгі күні халықтың қалауы арқылы өздігінен дүниеге келіп жатқан, халықтың өз ортасынан шыққан дарындардың бас қосқан ортасы. Демек, халықтың қалауына қарсы тұрмай қолдан келгенше қолдап, қолғабыс жасау зайырлы елдің, зиялы қоғамның міндеті деп білемін.

Асқар НАЙМАНТАЕВ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, режиссер, актер

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Аноним

    Керемет айтылған алып қосар ештеңе жоқ кәзіргі ауыл мәдениеті жайлы ерекше анық тайға таңба басқандай етіп жазылған қуана қуана қостаймын

  2. Қайрат

    Керемет айтылған алып қосар ештеңе жоқ кәзіргі ауыл мәдениеті жайлы ерекше анық тайға таңба басқандай етіп жазылған қуана қуана қостаймын

  3. Асқар Найиантаев

    «АНА ТІЛІ» — көкейде жүрген ойымды елге жеткізуге үлкен себеп болды! Рахмет!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.