Індетпен күресті көзімен көргендер

Карантин талаптарын сақтамау жағдайды асқындыра түсетіні белгілі. Дегенмен, елдегі қазіргі жағдай тұрақтала бастағанға ұқсайды. Індеттен айығып үйге шығып жатқандар да, шетелден оралып, ешқандай ауру белгісі табылмай қуанышы еселенгендер де бар. Осы орайда түрлі жағдайларға тап болған азаматтардды сөзге тартып көрдік… 

«Ана тілі» ұлт басылымының бұрынғы қызметкері Әсел Сарқыт Түркия Республикасына білім алуға кеткен болатын. Оқуға түскенде алғашқы оқу жылының осындай қиын кезеңмен тұспа-тұс келерін білмеген ол Түркиядағы жағдайдың қалай басталып, қалай өрбігенін баяндап берді. Сонымен бірге елге оралған студенттердің карантиндегі жағдайы мен үйлеріне жеткізілу тәртібін де айтты.

Әсел Сарқыт, Гази университетінің студенті:

«Мен Түркияның Анкара қаласында оқимын. Ол жақта бірінші вирус жұқтырған адам наурыз айының басында тіркелді. Одан кейін геометриялық өсіммен күн санап вирус жұқтырғандардың саны ұлғайып отырды. Біз ол кезде елге қайтамыз деп ойламадық. Қазақстанға вирус тасымалдаушы болып, аты жаман ауруды алып барамыз деп қорықтық,  шыны керек.  Бірақ сол аралықта Түркиядағы жағдай күн санап қиындай түсті. Оның үстіне шекаралар жабыла бас-тады. Ұшақ рейстері тоқтап қалды. Тіпті санаулы рейстер ұшқанның өзінде, билеттің бағасы аспандап кетті, миллионнан асып жығылған кездер де болды. Сол кезде жағдай ушыға бастағандықтан 3 сәуір күні біздің Түркиядағы Қазақстан елшілігі арнайы чартерлік рейс ұйымдастырып, сол жақта оқитын студенттерді елімізге қайтарды.

Арнайы рейс екі қалаға: біреуі Шымкентке, біреуі Павлодарға бағытталды. Біз Павлодар қаласына 102 студент ұшып келдік. Әуежайға қонған  сәттен дәрігерлер күтіп алып, ыстығымызды өлшеп, тексеріп, бүкіл мағлұматтарымызды алып, бәрімізді де сол Павлодардағы мекемеге (қателеспесем, туберкулезбен ауыратын балалалардың санаторийі) жатқызды. 14 күн бойы біз сол жерде бақылауда болдық. Келген бетте бір рет анализ тапсырдық және қайтатын кезде, 14-ші күні тағы бір анализ тапсырып, сол екі анализіміз де ауру белгісін көрсетпегендіктен, үйімізге қайтуға рұқсат берді. Осы ретте 14 күн бойы жанымыздан табылып, денсаулығымызды бақылаған дәрігерлерге алғыс айтамын. Олар да 14 күн бойы үйлеріне қайтпастан, көмек қолын созды.

Карантиннен шыққан соң үйге қайту мәселесі туындады. Түркиядан келген 102 студент Қазақстанның әртүрлі өңірінен едік. Павлодар облысының әкімшілігі әркімнің өз облысына аман-есен жетуін шешіп берді. Мысалы, мен Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында тұрамын. Павлодар облысының әкімшілігі Шығыс Қазақстанда тұратын студенттерді Семей қаласының блокпостына дейін жеткізіп тастады. Ол жерден  Семей қаласының әкімшілігі күтіп алып, өз аудандарымызға жетуге мүмкіндік жасады. Одан соң ауыл әкімшілігінен мамандар қарсы алып, бізді ауылға дейін алып келді».

Қазір үй карантинінде бақылауда жүрген Әсел мұның өзі үшін, отбасы мен жақындары үшін, ауылдастарының қауіпсіздігі үшін қажет екенін жақсы түсінеді.

Ал Корея Республикасынан келген 25 жастағы азамат (бұл кейіпкер аты-жөнін атамауды сұрады – ред.) алғашқыда ойында ештеңе болмағанын айтады. Алайда ол ұшақтан түскенде өзін нашар сезінген. Ыстығы көтеріліп, басы ауырып тұрған. Оны өзі ұзақ уақыт ұшқаннан деп ойлағанымен, әуежайда тексеріс жүргізген дәрігерлер бірден аурухана алып кетіпті.

«Алматыға Сеул қаласынан ұшып келдім. Елге келу себебімнің бірі – үйлену жоспарымда бар еді. Бірақ ұшақтан түскенде мазасыздана бастадым, бірден коронавирусты жұқтырды деген диагноз қойылып, ересектерге арналған жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызды.

Осы жерде айта кететін бір жағдай, біз ұшақтан түсе салысымен дәрігерлер жағдайымызды бақылап, ыстығымызды өлшеп, тексеріп алғанына қуанамын. Ол үшін ақ халатты жандарға алғысым шексіз. Олай етпеген жағдайда, ұшақтан түсіп үйге барсам, жағдай қалай болар еді? Мен мінген такси жүргізушісі, таксидегі басқа жолаушылар, отбасым, үйленемін деп жүрген аруым… Бәріне жұқтыруым мүмкін еді ғой деген ойдың өзі жанымды түршіктіріп жібереді. Алайда біздің дәрігерлер мұндай қауіптің алдын алып, бірден ауруханаға жатқызды. Мемлекетіміз үлкен қауіптің алдын алғанына шүкір..

14 күн ересектерге арналған жұқпалы аурулар ауруханасында жаттым. Дәрігерлер күндіз-түні жағдайымды тексеріп, денсаулығымды бақылап отырды. Ауру жеңіл өтті. Біріншіден, жігіт адамның жігері мықты болады ғой, жазылатыныма, бәрі жақсы болатынына сендім. Екіншіден, жаспын әрі бұған дейін ешқандай созылмалы ауруым болған жоқ. Ал 28 наурызда үйге шығарылдым» дейді ол.

Коронавирус диагнозы қойылған жігіт екі аптаның ішінде дерттен айығып, үйіне шығарылған. Дегенмен, ол үйінде де медицина қызметкерлерінің бақылауында 14 күндік карантинде болған. Қазір жағдайы жақсы, отбасының ортасында. Бізбен әңгіме барысында ол барша қазақстандықтарды карантин талаптарын сақтауға, үйден шықпауға кеңес берді.

«Коронавирус деген өтірік» деп жүргендер де, «бұл жаман ауру екен» деп қорқып жүргендер де бар. Құдай сақтасын! Бұл аурудың бар екені рас. Жазылған соң қандай қауіптен Алла сақтағанын түсініп, шүкір етіп жүрмін. Ал қатты қорқып жүргендерге де негізсіз алаңдамаңыздар дер едім. Бізде медицина бар, Үкімет бар, халық бар. Қазір бәрі бірігіп жұмыс істеп жатыр. Ауырғандар шетінен жазылып, мен сияқты отбасына оралғандары да бар. Ең бастысы, жеке бастың тазалығын сақтап, бәрі тынышталғанша, отбасымызбен, үйден шықпай отырағанымыз абзал» дейді.

Сонымен бірге, Covid-19 дертін жұқтырғандармен байланыста болған адамдардың да бақылауда болатыны белгілі. Дәрігерлер ондай азаматтарды да бақылауға алып, карантинге жабады. Арнайы бақылайтын бөлім бөлініп, ол жерде «Қауіптілігі орташа» карантиндік стационарлардағы дәрігерлер қызмет етеді. Яғни науқастармен байланыста болған азаматтарды күндіз-түні бақылау режиміне алады. Алматы облысында дәл осындай бақылауда болған 52 жастағы әйел науқаспен қандай байланыста болғанын, отбасылық жағдайы қалай өрбігенін айтып берді.

«Ұлым Египеттен наурыз айында ұшып келді. Ол кезде Қазақстанда Төтенше жағдай жарияланбаған. Тіпті коронавируспен тіркелгендер жоқ уақыт қой деймін. Үйге келген соң, бірнеше күннен кейін әлсірей бастады. Басы ауырып, ыстығы көтерілді. Өзінің бұрыннан ангинасы болатын. Сол бойынша әдеттегі ем-домын жасап беріп жүрдім. Тағы бірнеше күн өткен соң жағдайы қиындай бастады. Жергілікті амбулаторияға жүгіндік. Олар да антибиотик екпелер жазып берді де, мүмкін болса жедел жәрдем шақыруымызды сұрады. Жедел жәрдем қызметі ұлымды бірден Еңбекшіқазақ аудандық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызды.

Ал ұлыммен байланыста болған мені және қызымды осы аталған аурухананың карантиндік стационарына жатқызды. Баламды жергілікті амбулаторияда қараған мейірбикенің жағдайынан хабарым жоқ.

Байланыста болғандар бөлек бөлімде жатады. 14 күн бойы бақылауда болдық. Күніне екі рет ыстығымызды тексереді, сыртқа шықпауымызды, ешкіммен байланыспауы-мызды қадағалайды. Қызым екеуімізден екі рет анализ алды, екеуінде де коронавирус белгілері анықталған жоқ. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді ғой. Қатаң тәртіп пен сақтық шараларының күшімен, дәрігерлердің еңбегімен, Құдайға шүкір, ел қатарына қосылып, үйге шығарылдық. Одан кейін де 14 күн үй карантинінде болдық. Өйткені біз ауырмағанымызбен, тасымалдаушы болуымыз әбден мүмкін екенін түсіндірді. Сондықтан өзімізге де, өзгеге де зиянымыз тигенін қаламаймыз» дейді байланыста болған ол.

Қазіргі таңда коронавирус дертімен бүкіл әлем елдері күресіп жатыр. Бұл қиын кезең мемлекеттің ең басты құндылығы халықтың денсаулығы екенін тағы бір сезіндірді. Әлемдік тәжірибеде әрбір мемлекеттің азаматтары бұл жаман дертпен үш ай ауыратынын көрсетіп отыр. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымымен, басқа да мемлекеттердің Денсаулық сақтау министрліктерімен, ғылыми-зерттеу ұйымдарымен тікелей байланыста жұмыс істеп жатыр. Сондықтан қазақстандықтардың індеттен аман шығуы үшін карантин талаптарын қатаң сақтап, үйден шықпау арқылы көмек беруін сұрайды. Бұл аты жаман дертті сонда ғана ауыздықтай алуымыз әбден мүмкін.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.