МАЙДАН ХАТТАРЫ

Нұрперзент ДОМБАЙ
«Ana tili»

Мыс шаһары – Жезқазған қаласындағы  кезінде Жезқазған кен-металлургия, қазіргі таңда  «Қазақмыс» корпорациясы аталатын  өндіріс компаниясының мұражайы жәдігерлерге бай. Олардың әрқайсысының шертер өз сыры бар.

Мұражайда жинақталған материалдар, суреттер жүйеленіп, тиісті тақырыптарға бөлінген. Солардың бірі екінші дүниежүзілік  соғысқа қатысқан жезқазғандық майдангерлер өміріне арналған.

«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деп аталатын бөлімдегі құнды экспонаттармен таныса жүріп, сөредегі сыртында  «Майдан хаттары»  деген жазуы бар папкіге назар аудармай кете алмайтыныңыз әбден анық.Біз де бір жағы толқи, бір жағы құмарлана папкі бауын ағыттық.

Хаттарды қолымызға алып, танысып жатырмыз. Күн сайын ажалмен әлденеше рет бетпе-бет келетін жауынгерлердің оқ пен от кешсе де елде қалған жары мен балаларының, туыс-ағайындарының қамын жеп жүретіндері анық аңғарылады.Сонымен қатар кеуделеріндегі жұдырықтай  жүректері Отаным, елім деп соғатындарын, бойларын бейбіт елге тұтқиылдан тиіскен басқыншы жауға деген өшпенділік сезімі кернейтінін сезінер едіңіз. Осы бағалы дүниелерді жинақтауда жергілікті өлкетанушы Сүтемген Бүкіровтың еңбегін ерекше атап өткен жөн.

Реті келіп тұрғанда сол хаттардың бірқатарымен  таныстыруды жөн санадық. Мәтіндер сол қалпында, өзгеріссіз беріліп отыр.

***

«Ардақты сүйікті көруші Төке, апай, Балтай, Шарбан, баршаларыңызға бұяқта менен жалынды сәлем. Аман-сау, белгілі шаруашылықта жүріп жатқан боларсыздар. Мен де аманмын, денім сау, бүгін оқуды бітіріп лейтенант деген атақты алып, жол үстіне шығуға бет алып түрмын. Әзірше жол беті Москва сияқты, содан кейінгісі белгісіз. Менімен бұл жолдағы Ұлытаудың жігіттерінен бірге адамдар Қоят, Арынғазы, ал Дәулетияр кіші лейтенант деген атақ алды. Сондықтан да ол әзірше Свердловта қалды. Қайыр қош, амандықпен жолығайық.

Жазған Сәлем. 

6.1.43 жыл».

***

«Аса жақсы көретін Тоқа, Зеке, Әже, Жекен, Ажар, Елеукен (бұзау), Айтжан есен-сау боларсыңдар ма. Сәлемнен хат келе ме. Бұл жақта мен де жақсы халде жатырмын. 18. I. күні Қазандағы госпитальге әкелді. Алысымен тез хат салыңдар. Сәлемнің адресін білсеңдер жіберіңдер. Қош, амандықпен жолығайық, елдегі ағайындарға тегіс сәлем айтыңдар. Сағынып хат жазған балаларың Жүніс.

23.1. 1944 жыл».

***

«Аса қымбатты көретін анашым, сәулем Құрмет, Жібек, Амантай, Шолпан, сіздерге мен Шәріптің сағынған жалынды, жас жүрегінен сансыз сағынышты сәлемімді арнап отырмьін. Апатай, қалың калай, күйлі-қуатты отырсың ба? Балалардың дені сау ма? Шаруашылық жағдайларың қалай. Шолпан, сен де сау-саламат барсың ба? Ағайын, туған, ауыл-аймақ тегіс аман ба?

…Зеттен, Ишекеңнен хат бар ма?

Шәріп

18.V. 1943 жыл».

***

«…Денім сау. Орал облысындамыз, мен 1 номерлі пулеметчикпін. Қарамағымда бір өзбек бар.

 Тілектес, кұлының Шәріп. 

28.V. 1943 жыл».

***

«…Менен амандық білмек болсаңдар есен- саумын. Қуатты сүйікті Отанымызды дұшпаннан аянбай корғаудамыз. Апа, көп уайымдама, тағдыр жазса немісті кұртып елге барып қалармыз.

Шәрібің, 

26.VII. 1943 жыл».

***

«…Госпитальда жатырмын. Комыл деген қалада, жара шүкір жазылып келеді.

Шәріп.Дала почтасы 92547. 

1/1,1944 жыл». 

***

Қалманбай   баласы   Шәріптің  армияда,    Отан  соғысында    жүріп    ауылдағы    ағасы Бұлдыбайға   жазған    өлең   хаттары

Бұлдеке, арнап сізге жазамын хат,

Қалыпша есен сау ма? Ел-жамиғат.

Көп күндер көрмегелі болып өтті,

Қуатты, күйлісіз бе? Сау-саламат.

Сағынып жазған хатымды Бұлдыбайға

Жасымнан еркелеткен ағатайға,

Қосылып сауық-сайран ететұғын.

Айқасқан кұлын-тайдай құрбы қайда?

Өкініп өткен күнді ойлағанмен,

Жігітке құр уайымнан болмас пайда.

Ауылда жүрген күндер еске түссе

Ұйықтамай ұзақ түнде қалам ойда.

Сағындырдың сен мені,

Атамекен, жер-суым.

Қайран халқым көре алмай,

Тарығып жаздым бұл сырым.

Хат-хабар елден ала-алмай,

Құрып тұр менің ындарым.

Кішкентайдан ойнаған,

Қайғысы қатты құрбының.

Сол күндер түсіп есіме,

Мінезін етем жындының.

Бәрін жазып қайтейін,

Таусылмайтын көп жырым.

***

Сағындым мен Арқаның самал желін,

Балалық балғын дәурен өскен жерім.

Аялап алтын бесік құшағында,

Өсірген амансың ба, қайран елім.

Қайран ел қош аман бол қалған бізден,

Хат алмай қапыдамын халқым сізден.

Ел мен жер туып-өскен еске түсіп,

Еріксіз ағады жас қара көзден.

Арқаның желі жібек, суы қаймақ.

Еркелеп сенде өсіп ем еркін ойнап.

Қаз қонып, аққу жүзген шалқар көл-ай.

Туған жер сағындым-ау бір сені ойлай.

Жыланды, Үштаған мен Түйемойнақ.

Төменде Арал төбе тұр, бөрі ойнақ,

Баласы Асан, Саңырық мекен еткен,

Қыс қыстап Сарысу бойын, қырқа жайлап.

Самалды Сарыарқаның бір саласы ет,

Құлын-тай, құнан атша өскен бойлап.

Шалқаркөл шалғайына көшіп қонып,

Жаннатты шіркін жер-ай жүрген жайлап.

Қызықтың қызығымен қыз бозбала,

Думанды шірқін ел-ай жүрген тойлап,

Сол күнді елестетіп есіме алдым,

Шыдатпай жүрегімнің қаны қайнап,

Еске алдым Арқа түнін бұлақ қаққан,

Кетпестей жүрегіме отын жаққан.

Сырласып, әзілдесіп  достарыммен,

Жамылып түн көрпесін құрбы баққан.

Сол түннің шын жаршысы-табиғат,

Тойыппең қызығына жан құмартқан.

Қақбақ тас, Қара су мен Теректі ата,

Қырқада жер шүйгінін мұңарытқан.

Жамылып өлкелердің  жанат тоғай

Сылдырлап күміс бұлақ тастан аққан.

Балталы, Бағаналы неше арыс боп,

Саласын сол қырқаның жайнап жатқан,

Жазушы атым Шәріп қайран жер-ай.

Бір кезде жаным сенен рахат тапқан.

Сәлем айт Жауғаштының баласына.

Жасы үлкен, жаны дос бар арасында.

Шерлінің шерін қозғап жазған жыры.

Тілінен өскен жерге тарасын да.

Қарт, қария жасы келген ғазиз ана,

Отырсың дұға ғой боп баласына.

Бірге өскен қатар құрбы еске түсіп,

Тербелтіп Еуропаның даласында.

Сағынып ел мен жерді тірі жүр деп.

Ақ қағаз осыны айтып барасын да.

Жазғам жоқ шешендікпен өнер тасып

Жұбаттым көңілімді кеткен жасып,

Қайыр қош, барша халқым тілектес бол.

Көрерміз бір Алладан болса нәсіп.

***

«Ардақты туысқандар, Ағай, Апай, Лена, Бәтима, Әсия, Елеш, Бибісара т. б. менен амандық естімек болған ағайын-туысқандарға мен Тұрсынбектен, сағынышты сәлем. Аман, денім сау, фронт жағдайында, қызмет бабында жүріп жатқан. Ағай сіздің 2-VІ, 7-VІ-гі екі хат жаңа тіпті 5-V хаттарыңыз маған біржолата келді. Хаттағы жазылған амандық хабарларыңызды естіп көңіл жай боп қалды.

Солардың ішіндегі 7/VІ хатыңыз маған   ұнады.  Үйткені ол бәрінен соң жазылып, маған тез келген хат боп есептелді. Ол хаттардан елдегілердің де, фронттағылардың да жағдай-хабарлары ашық түсіріліпті,   сондықтан   оларды   да   естіп қуанып қалдым. Мен жақында Пшенбектен хат алдым. Аманмын, Қозғанның да дені сау депті, жаңа менен ол   жақтың   амандығын сұрапты. Мен өзім болжауымша ел жақтың    амандықтарын толық етіп хат жазып жібердім. Біздер тайау жиекте тұрсақ та, нақ айқасуға кірісе қойған жоқ едік, минут сайын, сағат сайын әзірлікте тұрмыз. Сондықтан, осы хатты жазып болысымен соғысқа кірісіп кетеміз бе дегендей әзірліқте тұрмыз.

 Менің өз айлығымнан әр сайын сіздер алып тұратын етіп әжем атына (300 сомнан) сіздің адреске ақша шегертіп отырамын: нақ май айынан бастап оны сіздер ала-алып жүрсіздер ме? 2/VІ-дегі ашық хатыңызда «бүгін тағы жазамын, ішінде сүгіретіңіз бар» депсіз, ол маған келген жоқ. Егер жібермеген болсаңыз жіберерсіз.

Амандык, жеңісті тілегеннен басқа еш уайым, арманымыз жоқ. Қарамағымда 2 зеңбірек, 8 ат, 20 сарбаздарым бар. Өзім командир взводымын. Маңымда  менімен өз тілімде сөйлесетін ешкім жоқ. Жалғыз шалым бар еді, ол денсаулығы нашарлап тыл жаққа жеңіл еңбекке кетті. Денсаулық зор байлық, сау болып аман жолығайық. Хат жазған Тұрсынбек .

3 июль 1943 жыл».

Ескерту: Лена маған неге хат жазып тұрмайды? Хат жаза білмей ме? Хат жаза білмесе, Фатимаға қосып, биыл қайтадан «Әріп таңбаларынан» бастатып I- класқа түсіріндер. Тоғызбай Алматыда ма? Адресін жіберерсіз.

 ***

«Аса кымбатты анамызға, інім Сүтемгенге, карындасымыз Нәшімге, Ибраһім, Гүлжаһанға, Шарипаға    екі әжеме, Тамашқа, барша мені сұраған туған-туысқанға  мен   балаңыз Барақбайдан сағынған жүректен сәлемімді жолдаймын. Ал, қалқам Тамаш,   денің   сау   ма, есен  жүріп   жатырмысың. Үй-ішің аман ба, екі шешеңнің дендері сау    ма?  Сәмет ағай қалай, дені сау ма, бала-шаға тегіс аман ба?    Әшімхан қайда, үйде ме? Менен хал    білмек   болсандар,   денім    сау, орынша, госпитальде жатырмын. Жарам жазылып қалды. Мен сендерден 1.X.-3.X. екі хаттарыңды алдым. 16.X.43 ж., күні алып оқып, амандықтарыңды естіп қуандым. Сол күні хат жазып жібердім.  Қайыр қош, қош! Сау болыңдар. Хат жазған БАРАҚБАЙ деп білерсіңдер. Осы хатты алысыменен тез хат жазыңдар. Қасымда қазақтан Семейдің бір баласы бар. Мынау сағынғаннан апама жазған өлеңім.

Анама

Құрметті хат жазайын анамызға,

Бұл тойдан жұрт жиылған қаламыз ба?

Өсірген тәрбиелеп қайран анам,

Бағыңа аман-есен барамыз ба?!

Екі жыл алмадым хат туған елден,

Кір жуып, кіндік кесіп өскен жерден.

Біле алмай амандықты жүргенімде,

Қолыма бірінші рет хатың тиген.

Үйде екен аман-есен Сүтемгенім,

Тарқады хатыңды оқып іште шерім.

Амандық арттағы елден естіген соң,

Мінекей енді менің сөйлер жерім.

Жакешжан да  сау ма жалғыз балам,

Сағынып атыңды атап хатқа салам.

Шешімді бұл хатыңда көрсетпепсің,

Жалғыз-ақ бұл қалай деп қайран қалам.

Ашып жаз үйде бар ма менің анам,

Сағынды сізді ойлап мұнда балаң.

Жүргенде мен бұл жақта кетсең өліп

Өлгенше біте қоймас іште жарам.

Қолымда қара сия, күміс қалам,

Бұл хатты, арнап анам саған жазам.

Сағынып бірер ауыз өлең жаздым,

Айағы осы менен болсын тәмәм.

Ал, туғандарым бұл өлеңді ақындықпен жазғаным жоқ. Шешемді қатты сағынып, оны мен бірде хатқа жазбағаныңа уайымдап жазғаным бұл.

Балаң Барақбай.

17 октябрь, 1943 жыл».

***

«Көке,   қалай аман-сау   жүрсіз бе? Менде ден сау.  Тамбов қаласында жүрмін. Жара жазылды. Жақында тағы да майдан барғалы тұрмын. Ал сіздің 20 декабрьде және Сейтжаннан ауылдан 25 декабрьде салған  хатын 11 январь күні алып қуанып қалдым. Ал кішкентай ағадан да бір рет хат алдым. 13 декабрьде жазған.

4 рет кірдім дейді. Ал, көке, мен сізге ақыл айтпаймын ғой. Сонда да мені, ауылды, кішкентай ағаны ойлап жүдемеңіз. Алла жазса кездесерміз. Басқа айтар сөз жоқ. Жаңа адресті барған жерден күтесіз. Сау болыңыз.

Алла аман жолығуға жазсын. Жаныңыздағы   ауылдағы  бар кісілерге тегіс сәлем.Шаһарап.

11.I.43 жыл».

Тамбов

Сақтағанов Ш.

 ***

«Көп құрметті Күлән!

Аманбысың? Қарттар қуатты ма? Русланның дені сау ма? Сабаққа үлгерімі қандай? Скрипканы үйренетін  бе? Балалардан хат-хабар бар ма?

Мен қазір далада, жорық үстіндемін. Жолдастардың бәрі де майданға жүріп кетті. Мені тек оқуға қалдырып отыр. Егер денімнің саулығы жарап оқуға енсем 6-7 ай оқу орнында болмақшымын. Бөтен не жазайын, амандықтарыңды білдір. Күлән, сені шексіз сағындым.

Досың Тәшібай.

12.III.1943 жыл».

«Күлән, «Қанжар» — деген өлеңдер жинағын баспаға бергелі отырмын. Сол жинақтан бір өлеңді саған жазып, сәлемдеме ретінде жіберіп отырмын, Қабыл көріп алар деп ойлаймын.

Көк көгершін

Көк көгершін құлаш сермеп,

Қанатыңды қарышта.

Кейде аспандап, кейде жерлеп,

Ұшып жылдам алысқа.

Тез жеткізіп, жазған менің,

Сәлемімді  жарыма.

Ой орнықсын, алсын демін,

Жай таптырып жаныма.

Жүрген болса жүрек толқып,

Ойға үнемі беріліп.

Менің жазған хатымды оқып

Қалсын көңілі серігіп.

Жаным сүйген жарым тәтті,

Нұр сәулетті келбеттім.

Білем жүр ғой істеп қатты,

Майданында еңбектің,

Жүрегімді білсін менің,

Майдандағы атыста.

Етпек болған елді менің,

Жауды қуып батысқа.

Кек торынан фашистердің,

Елді, жерді босатып.

Өлтіргенім офицерін,

Жарды тастар жасартып.

Көк көгершін құлаш сермеп,

Ұшты жылдам алысқа.

Жар шаттығы  кетер көп боп,

Басқан сайын батысқа.

***

Туған-туыс,   бауырларға

Ардақты ата-ана, туған бауыр,

Асыр салып аясында өскен ауыл.

Арқаның аппақ жатқан кең даласы,

Еске алсам, көңіл жүгі болады ауыр.

Ақ сүтін адал берген анам қайда,

Бізді ойлап отыр екен қандай жайда?

Көтерген ауыр күнде, әлпештеген

Атыңды ұмытпаспын сақтай ойда.

Елестеп көз алдымда көкем түрі,

Еске алсам езіледі жүрек кірі.

Сүйреген өрден-өрге өрендікпен.

Жетпейді-ау «қалқам» деген маған үні.

Елжіреп бауыр еті бала десе

Мәз болып қарамызға күні кеше

Күніне мың толғанған туған ана,

Ақтармын ақ сүтіңді кезі келсе.

Жеткіншек жауқазындай бауырларым,

Кей кезде еркелігіңді ауырладым.

Мұң болып бір көруім осы күнде

Жанға сеп ешбір қара таба алмадым.

Айналған қарамыздан аналарым,

Ақ сақта аманатын аталардың

Туысты туған танып, қара болып

Сыйластық сеніндағы қолда барың.

Нағашы, жиендерім, дос пен жарым,

 Сізге де бір жағынан көңіл алаң.

Думанның туын тіккен жастық, орта

Аңсаймын бәріңді де не бар шарам.

Жекелеп атыңды атап еске алдым,

Сағынған сәлеміңді қабыл алғын.

Жұлдызша бәрі дағы ағып өтер,

Жайраңдап, табысар күн көріп алдым.

Жанахмет  Баяхметов.

                       9 сентябрь 1943 ж.

 ***

«Қымбатты жерлестер! Біздің қазақ елдері туған елге, оның тамаша үнін естіп, бұрынғыдан әлденеше есе жігер алып, хат жазып отырмыз. Сіздердің бауырларың, балаларың қар төсеніп, мұз жастанып, талай қиындықтарды жеңіп өтіп, неміс басқыншыларына  күннен күнге қатты соққы беруде, сүйікті отанымыздың қасиетті жерін фашист арамзалардан тазартуда. Біздер неміс басқыншыларына бұрынғыдан да еселеген күшті соққы беріп, сіздердің тапсырмаларыңызды және Бас Командашының бұйрығын мүлтіксіз    орындаймын   деп    ант береміз.

Сержант-химик Сейтжан  Ибраев

Пулеметчик Данияров

Қызыл әскер Ғабдулла   Дегенбаев

(«Қызыл кенші», 1943, 24 март, № 13)».

***

«Біздің қымбатты жерлестеріміз. Қарсақбай, Жезқазғанның жұмысшылары, біздер соғыс басталғалы қарғыс атқан неміс  басқыншыларымен  кескілескен  ұрыста  жүрміз.  Біздер немістерден қайтып алынған талай қалалар мен селолардағы айанышты халдерді көрдік. Неміс аюандары өздері басып алған жерлердегі совет адамдарын жаппай қыру әдістерін қолданған. Бейбіт халықтарды олар тұншықтырғыш машинаға зорлап мінгізіп өлтіруді системаға айналдырған. Совет азаматтарының қажырлы еңбегімен жасалған бірнеше қалалар мен селоларды көзсіз аюандарша қыйратып, кәресин құйып өртеп отырған. Зұлым жаудың бұл жыртқыштық ісін біз еш уақыттада ұмытпаймыз. Осының бәрі үшін олардан аяусыз кек аламыз.

«Батырлығы үшін» медальмен наградталған үздік байланысшылар:

Ақтай Шаңбаев, Қыдырберген Кеулов,

(«Қызыл кенші», 1943, 28 август, № 41)».

***

«Біздің бөлім Ленинград блокадасын талқандаған әйгілі ұрысқа қатынасты. Қызыл армия бөлімдерімен бірге гитлершіл суайттардың «алынбайтын қамал» деп мақтаған бекіністерін көктей тіліп бұзып өтіп, Ленинград қоршауын талқандадық. Жоғарғы Бас командования бөлімшеміздің осы әйгілі ұрыста көрсеткен ерлігі мен жүректілігі, ұйымшылдығы үшін біздің бөлімшеге гвардия атағын беріп, гвардиялық Қызыл ту тапсырды.

Біз неміс-фашистерді бұдан былай да бірі болмай жойылғанша қыра береміз.

Ата-аналарымыз, апа-қарындастарымыз, сүйген жар, сүйікті достарымыз! Бізді зор жеңіспен күтіңіздер!

Сәли Дүйсенбеков.

Батарея командирі — гвардия лейтенанты.

(«Қызыл кенші», 1943, 24 март)».

 ***

«Қымбатты    жерлестерім  – Қарсақбай    мысшылары мен Жезқазған, Байқоңыр кеншілері!  Майдандағы Н. бөлімінің қазақ жауынгерлері қазақ халқының жалынды сөздерін зор қуанышпен, мақтанышпен оқыды. Бұл сөз біздің жігерімізді бұрынғыдан он есе арттырып жаңа жеңістерге жігерлендірді.

Туысқан жерлестерім! Сендердің сенім-деріңізді адал ниетпен ақтаймын, фашист арамзалар талқандалып жойылғанша тас түйін боп бекінген белімді босатпаймын, неміс баскесерлердің басын кесіп бітіргенше халқымның кегімен күресте шыңдалған қылышымды қынабыма салмаймын.

Оразбек Әшірбеков.

                                        Қызыл әскер.

(«Қызыл кенші», 1943, 24 март)».

  Енді жоғарыда тізілген хат иелерінің бірқатары жөнінде нақты деректер келтіре кетейік.

Тәшібай Әлмұханбетовтың туған жері Торғай өңірі болғанымен жастай өскен мекені Ұлытау.Ол отызыншы жылдың бас кезінде Алматыға келіп, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының әдебиет бөліміне түсіп, 1938 жылы бітіреді.Еңбек жолын Семей педтехниумында бастап, осында әдебиет пәнінен сабақ береді.Бір жылдан соң Ұлытауға келіп, мұғалімдік жұмысқа кіріседі.Бұдан кейін ұстаздық қызметін Қарсақбай мен Жезқазған кенішінде жалғастырады.

Студент кезінде   «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті»,  «Социалды Қазақстан» газеттерінде өлең, әңгімелері, мақалалары шығып тұрған. 1938 жылы Алматыда жарық көрген «Жастық даусы» деген жас ақын-жазушылар жинағына екі әңгімесі енген.

Тәшібай соғысқа 1942 жылдың қазанында аттанады.Майданда жүріп қанға сіңген өлең тудыруын тоқтатпаған.

Жігітті мақтап не керек,

Өз Отанын сүймесе,

Халқының жауын жықпаса.

Күресте қайрат көрсетіп,

Қанға бояп дұшпанын,

Жерге басын тықпаса.

Өзі тұрған жұртының,

Тілегін, мұңын, шаттығын,

Есте сақтап, ұқпаса.

Тар жерде ерлік көрсетіп,

Қоршалаған жауының,

Мойындарын қырықпаса.

Соңынан ерген қолдарын,

Түтеген оқтың аузында

Өлімнен алып шықпаса.., – деп келетін өлеңдері арқылы  жанындағы қаруластарына жігер, қайрат беріп отырған.

Тәшібай соңғы хатын 1943 жылдың 2 желтоқсаны күні туған қарындасы Бақытжанға жазған. Бұл уақыт Тәшібайдың Дон өзені бойындағы сұрапыл ұрыста ауыр жараланып, гос­питальге түскен кезі болатын. Алайда отаншыл азамат, ұлтының аяулы перзенті бір аптадан соң осы госпитальде көз жұмады. «Қара қағаз» елдегі зайыбы Күләнға келеді.

Жауынгер ақын жырлары – ел есінде.1990 жылы Тәшібай Әлмұханбетовтың «Мен өмірге ғашықпын» атты шығармалар жинағы  Жеңістің 45 жылдығы қарсаңында «Жазушы» баспасынан жарық көрді.

Жанахмет Баяхметов 1922 жылы Ұлытау ауданының Кішітау аталатын жерінде туған.Мектепті Қарсақбайда бітіреді. Қарағандыдағы педагогтік институтты тәмамдаған.Мұғалімдікті Ұлытауда бастайды.

1943 жылы Байқоңыр ауылында ұстаздық етіп жүргенде майданға алынады.Белоруссия, Украина, Польша жерін  гитлершілдерден азат етуге қатысады. Соңғы өлеңмен жазған хаты 1944 жылдың 30 мамырында, сосын кешікпей тағы бір хаты келеді. Одан әрі хабарсыз кетіп, ақырында Польша жерінде жерленгені анықталады.

Жанахмет те өлең-жырға бала кезінен құмар болған.Мектепте жүргенде-ақ өлеңдері жергілікті басылымдарға шығып тұрған. Ол өлеңге жауапкершілікпен қараған. Оны белгілі ақын Бүркіт Ысқақовтың мына естелігінен аңғаруға болар еді: «Жанахметке жолыққанға дейін де мен өлең жазғанмын. Ол өлеңдердің кейбіреулері газет беттерінде басылып та жүрді. Бірақ Жанахметтің айтуынша шын өлең, нағыз поэзия бұдан гөрі басқарақ,одан гөрі жоғарырақ.Оған жету үшін табиғи дарынмен қоса,талмай оқу керек,ерінбей іздену қажет. Ол шын өлең, нағыз поэзия деп маған Қасым Аманжолов пен Абдолла Жұмағалиевтің кейбір  өлеңдерін оқып берді. Ол өлеңдердің неліктен шын поэзия екенін айтып, түсіндірді. Өлеңді жалпылама жазбау керек, құр айғай, бос даурығу, құрғақ ұран, арзан ақыл өлең болмайды. Өлеңді белгілі бір сюжетке, оқиғаға немесе ойға құру қажет. Әр өлеңнің өз арқалаған жүгі, яғни айтайын деген ойы болуға тиіс. Өлең ой мен сезімнен туу керек деді. Жанахметтің бұл сөздері менің құлағыма жағып, миыма қонып кетті. Енді бұдан былай өлең жаза қалсам, оны ең алдымен Жанахметке көрсетіп алып, редакцияға апаратын болдым».

Жанахметтің әкесі Баяхмет Алдабергенов Байқоңыр көмір шахтасында атақты кенші болды. Ол кісі соғыс жылдарында тылда жанқиярлықпен еңбек етті. Қажырлы еңбегі арқасында Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Зайыбы екеуі азаматтығы да, адамгершілігі де мол бес ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Солардың бірі әлгінде біз тілге тиек еткен, туған елі үшін қасық қаны қалғанша шайқасып,  жау қолынан  мерт болған жаны жайсаң Жанахмет еді.

Шәріп Қалманбаев Ұлытау ауданының Аралтөбе ауылында 1909 жылы дүниеге келген. Сауатты азамат болған. Колхоз мүшелеріне хат танытып, білімге жетелеп отырған. Майданға 1941 жылдың тамызында шақырылады. Көп кешікпей соғысқа ағасы Ишан, інілері Жәлел, Зет те аттанады. Елде анасы Күнжамал, зайыбы Шолпан, бір жасар ұлы Құрмет қала береді.

Шәріп  майданнан хатты көбіне өлеңмен жазған. Оны ағасы Бұлдыбайға жолдап отырған. Бұлдыбай да өлеңмен жауап қайтарады.

Атпал азамат 1944 жылы ауыр шайқас кезінде қаза табады.

Шаһарап Сақтағанов та жастайынан өлеңге ынтық боп өскен. Балауса жырлары газеттерге шығып тұрған. Ол да соғыстан аман-есен оралғанда елге танымал ақын болар ма еді. Амал нешік, 1943 жылдың 16 ақпанында  жаумен алысып жүріп жан тапсырады.

…Майдан хаттары. Біз үшін бұлардың әрқайсысы қымбат.Оларды көздің қарашығындай  сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру парыз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.