Ерсұлтан Бектұрғанов, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» фракциясының мүшесі: Қиын сәттер артта қалады

Мемлекет басшысының еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасайтынын естіген ел: «Сәуір айы да бітті. Карантин мамырдың аяғына дейін созыла ма? Енді қалай болар екен?» деп алаңдаған еді.
Еліміздегі карантин уақытының мамырдың 11-іне дейін ұзартылуы елдің көңілін жұбатқандай болды. Себебі сәуірдің 30-ынан мамырдың 11-іне дейін он күннің ішінде жеті күн демалыс, мереке күндері екен. Сондықтан қырқына шыдаған ел-жұрт қырық біріне де шыдайды деп ойлаймын.
Президент өз мәлімдемесінде елдің көкейінде жүрген көп сұраққа жауап беріп, халықты сабырға шақырды. Дүниежүзінде 3 миллионнан астам адам осы ауруға шалдыққаны айтылды, ал біздің елімізде бүгінгі көрсеткіш бойынша 2791 адам ауыру жұқтырып, өкінішке қарай, 25 науқас қайтыс болғаны БАҚ-та мәлімденді. Оның ішінде 820-дан астам денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, яғни дәрігерлердің бірінші болып, халықты құтқарамын деп жүріп, өздерінің жұқтырғаны, осы ауруға шалдыққаны өкінішті жағдай. Сондықтан қазіргі қабылданып жатқан сақтық шаралары өте дұрыс, бұған түсініктікпен қарауымыз керек.
Барлық медицина, денсаулық сақтау саласына жағдай жасалып жатыр. Екі аптаның ішінде жұқпалы ауруларды емдейтін аурухана салынды. Бұл біздің мемлекетіміздің мүмкіндігін көрсетеді.
Карантин уақытының созылуы өз қауіпсіздігімізді сақтауға, Қазақстанның әр азаматына қажет. Елімізде бірден тиісті шаралар қолданғанның, өзімізді өзіміз қорғағанымыздың арқасында қиындықтардың біразын еңсердік және ауырудың өршіп кетпеуіне тосқауыл жасадық. Менің пайымдауымша, сәуірдің аяғынан бастап індеттің азаятыны жөнінде сараптама бар.
Қиын кезеңде мемлекет тарапынан елге көмек беріліп жатыр. Бюджеттен бизнес саласына, әсіресе шағын және микробизнеске, жұмыссыз қалғандарға, бүгінгі таңда 4 млн 750 мың адам көмек алды. 570 мың азамат азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Коммуналдық төлемдер жеңілдетіліп, бір жарым миллионнан астам адамға көмек көрсетілді. Несие алғандар да шет қалмады, оларды кейінгі қалдыру мәселесі шешіліп жатыр. Әрбір шағым, әр адамның өтініші жерде қалып жатқан жоқ. Мұны Президенттің аппаратынан бастап, Үкімет, Нұр-Отан партиясы, әкімшіліктер күнделікті бақылап, мониторинг жасап отыр.
Мәлімдемедегі тағы бір маңызды мәселе – жұмыс орнын және еңбекақы көлемін азайтпау мақсатында ірі компанияларға көмек көрсету мәселесі көтерілді және оның тізімін қазір Ұлттық экономика министрлігі жасап жатқандығы, ол тізімге тек аса маңызды компаниялар ғана енгізілетіні сөз болды. Бұл мәселе дер кезінде дұрыс назарға ілінді деп есептеймін. Енді оны ашық түрде, жариялы түрде өткізу өте маңызды. Себебі қазір әлеуметтік желілерде көп сыналып, кейбіреулердің айтуына қарағанда, табысы үлкен компаниялар да тізімге кіріп жатыр деген сан алуан пікір қайшылықтары айтылып жүр. Соған байланысты бұл егжей-тегжейлі қаралып, тек қана тиісті компанияларға, оның ішінде қажеттігі жоғары, негізінен ауыл шаруашылығы,тамақ өндіретін компанияларға ғана беріледі деп ойлаймыз.
Мәлімдемеде карантин біткеннен кейін, бүкіл әлемдегі дағдарысқа байланысты бізге де дағдарыс жағдайына дайындалу қажеттігі, Елбасының 24-сәуірде Қауіпсіздік кеңесіндегі жүктеген тапсырмаларын жүзеге асыру жайы ескертілді.
Жоғарыда тиісті компанияларға, еліміздің экономикасына өздерінің қомақты үлесін қосатын компанияларға көмек беру қарастырылғанын атап өттім ғой. Бұған еліміздің толық мүмкіндігі бар. Қазір біздің Ұлттық қорымызда үш жылдық бюджеттің қаржысы сақталған. Дәл қазіргі уақытта бюджетке жетіспейтін жағы сол қордан қарастырылуда.
Өздеріңіз білесіздер, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қандай қиындық көрдік. Ол кезде инфляция 2500 процентке дейін жетіп, айлық, зейнетақылар алты айға дейін кешіктіріліп берілген кезеңнен де өткенбіз. Кейінгі жылдардағы әлемде болған дағдарыстар да сол Ұлттық қордың арқасында біз қиындықты тезірек еңсердік. Бүгінгі күні де Ұлттық қордың арқасында сондай көмек болады, болып та жатыр.
Азық-түлік қорына келетін болсақ, Қазақстан әрбір адам басына есептегенде дүниежүзінде бес алдыңғы мемлекеттің қатарына кіреді. Бір ғана мысал келтірейін, бізде жылына әр адам басына шаққанда 1 тоннадан астам бидай өндіріледі. Азық-түліктің атасы да, анасы да сол наннан тұрады. Бұдан басқа да азық түлік қоры баршылық. Сондықтан кез келген жағдайда біздің тығырықтан шығуға мүмкіндігіміз бар. «Бірлігі күшті ел озады» деп даналарымыз айтқандай, бүкіл ел болып, бір-бірімізге иық тіреп, қолдау көрсетсек бұл уақытша қиындықтан да лайықты шығарымыз анық.
Сәуір айының аяғы мен мамыр айының басына қасиетті Рамазан айы дәл келіп отыр. Бұл бүкіл мұсылман қауымға, қазақстандықтарға жақсылық, бақытты күндер сыйлайтын ай болсын. Әр отбасындағы ниет-тілек қабыл болсын. 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні, 9-мамыр Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, осы мерекелерді өткізіп, сәл шыдап, бір-бірімізді сабырға шақырып, карантиннен аман-есен өтіп, өмірімізді бейбіт, жақсы күндерде жалғастыратын болайық.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.