«ӨЗІҢЕ СЕН, ӨЗІҢДІ АЛЫП ШЫҒАР…»

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

Абайдың осы сөзінің тура мағынасына-ақ үңіліп көрейікші. Күллі әлемді бір тарының қауызына сыйдырған, ел мен жердің жайы баршаны алаңдатып тұрған сәтте біз өзімізге сене алдық па? Тәжтажал деген ат иемденген індет салған ылаңнан шығар жолды іздеп аласұрған мәртебелі ғалымдардың, құрметті дәрігерлердің, жауапты азаматтардың тамшылап төгілген терінің өтеуіне біздің қатар жауап қандай? 

Олардың бізге айтқаны бір-ақ ауыз өтініш: «Мүмкіндігінше үйлеріңізден шықпаңыз». Иә, заң жүзінде бәріміз үйімізде отырмыз. Іс жүзінде ше? Заң демекші, елдің құқықтық мәдениеті туралы зілмауыр ойды да оқырманмен бөліскіміз келеді. Бұл індет, біздіңше, халықтың құқықтық мәдениетіне ауыр сынақ болып қадалды. Дұрысы, біздегі құқықтық мәдениеттің деңгейін көрсетіп берді. Қазір әлеуметтік желілерде Алматыда, Нұр-Сұлтанда, еліміздегі өзге де ірі шаһарлардың ауласында емен-жарқын қыдырып жүрген жұрттың, асыр салған баланың видеосын көптеп табасыз. Сол ағылған адамдар елде карантин жарияланғанын білмейді дейсіз бе? Әлде осы қыдырыстарымен ауру жұқтыру мүмкіндігін елемей ме? Иә, елейтін бір дүние бар екен. Аулаға жақындаған полиция көлігінің дауысы естілісімен, барлығы тым-тырақай үйлеріне тығылады. Мұндай жағдайда құқықтық мәдениет, жақыныңа деген жауапкершілік туралы әлдене айтудың өзі қиын. Елдің еңсесін басқан індет полиция қызметкерлеріне, дәрігерлерге немесе мұғалімдерге ғана керек пе еді?
Тағы бір мысал келтірейік. Қашықтан оқу басталғалы жүйкесі жұқарған ата-ананың дауысы қатты-қатты шыға бастады. Мұғалімін сағынған бала, мектебіне барғысы келген оқушы көбейді. Сөйтсе, біраз ата-ананың туған баласына сабақ беруге шамасы да, бәлкім, сауаты да, жүйкесі де жетпейді екен. Тағы да бәріне жауапты – мұғалім болып шыға келеді. Осы кезге дейін мектепке барып, ұстаздың басына әңгір-таяқ ойнатып кеткен қаншама оқиғалардың шет-жағасын естіп жүрміз ғой. «Баламның киімі көк, тамағы тоқ, ал оның оқуы, тіпті тәрбиесі дұрыс болмаса мектеп пен мұғалім кінәлі» деген қаншама ата-ана бар еді. Енді міне, олар өз перзенттерімен бетпе-бет қалғанда тәрбие де, білім де ең әуелі отбасының жауапкершілігінде екеніне куә болып отыр. Бұл да осы бір індеттің адами құндылықтарды өзгерткенінің бір көрінісі болар. Енді мұғалімнің қадірі артып, «Алты алаштың басы қосылғанда орны қайтадан төрден табылар».
Таңның атысы, кештің батысы үй көрмей, жұмысында жүріп үйреніп қалған қаншама жан өз ошағында отыз күн отыруға да шыдамы жетпейтінін дәлелдей түскен оқиғалар да көбейді. Адамның адамдар ортасында ғана емес, ең аяулылары – отбасы, жақындарының ортасындағы қадір-құрметі де сыналған шаққа келдік. Отбасылық зорлық-зомбылықтың үдей бастағанын да оқшауланған күндері көптеп естіп жүрміз. Отбасылық құндылықтарды қайта қарастырып, өзара түсіністік пен үйлесімге жаңаша ұмтылудың жолын іздеткен індеттің бұл да бір сынағы болар.
Карантиннен шыққан Қытай елінде ажырасу көрсеткіші күрт көбейгенін айтатындар көп. Біздің жағдай қалай? Қоғамның тамырын басқысы келетіндер бұл жайттың алдын алып, түрлі психологиялық көмектер ұсынғысы келіп жүр. Ол да керек шығар-ау! Иә, бұдан кейін біз бақсы-құшынашқа емес, нағыз өзі ісінің адал берілген маманына көбірек иек артатын боламыз. Түрлі мамандықтардың құрметі артты, қадірін сезіндік.
Бұл індет біздің тазалыққа деген ұстанымымызды да әйгілеп кетті. Төтенше жағдай енгізе салысымен Алматыда бетперде таққандардың қарасы көбейді. Жөн-ақ. Алайда бұрыш-бұрышта, орталық көшелерде шашылып қалған, қоқыс жәшігіне жетпей, жерге тасталған бетперделердің де саны артқаны өтірік емес қой. Біз індеттен қорқып бетперде таққанымызбен, оны шешкенде арнайы қоқыс жәшігіне тастамасақ, тазалық сақтағанымыздан не ұтпақпыз?
Бұрын полицияға, мұғалімге, дәрігерге, мамандарға кінә көп артатын едік. Себебі, қоғам тәрбиесіне, бала тәрбиесіне, адам саулығына солар ғана жауапты секілді көрінетін. Енді, міне, ел-жұрт індетпен бетпе-бет келгенде, әркім өз отбасы, үйелменімен өз ошағында қалғанда, сол жауапкершілік жүгі адамның жеке басына артылып, біраз жайттың басы ашылып қалғандай көрінеді.
Бұл індет бізді ажыратқан жоқ, біріктіре түсті дегенге сенгіміз келеді. Адамдардың өз-өзіне деген сенімі артып, жауапкершілік жүгі де ең алдымен өзінде екенін түсініп, құқықтық мәдениеттің қабырғасы қатая бастаған шақ осы болар…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.