АСПАПТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН…

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультетінің деканы, ф.ғ.к., доцент

Біз бұл мақаламызда Әбу Насыр Әл-Фарабидің музыкалық аспаптануға сіңірген еңбектеріне шолу жасауға талпынамыз. Оның бұл  саладағы ең ірі зертттеуі – «Музыка туралы үлкен кітабында» қандай тақырыптар  қарастырылғанын айтамыз да қазіргі қазақ музыкалық аспаптануының алдында тұрған кейбір мәселелерді ғалымдар назарына ұсынамыз.

Қазақ халқының музыкалық мәдениетін қарастырған ғалымдардың кейбірі өз еңбектерінде әл-Фарабидің жәй атын атап кетсе, кейбірі оның жазғандарынан өз тақырыбына қатысты сәтте ғана дәйектеме немесе үзінді алады, ал кейбірі арнайы тоқталады. Арнайы зерттеуге бел буған ғалымдарымыздың бірегейі Ақжан Машанов (Машани). Әйгілі фарабитанушы өткен ғасырдың орта шенінен, нақтырақ айтсақ 1959 жылдан бастап үзіксіз зерттеу ісімен айналысады. Ол «әл-Фараби және музыка», «Имам әл-Фараби хаким», «әл-Фараби – музыкалық медресе», «әл-Фараби музыкасының бастауы», «әл-Фараби музыкаға енгізген табиғи санат құрылымы», «Музыка тарихынан кейбір оқиғалар», «әл-Фараби және аспан астраномиясы мен музыка», т.б.(әл-Машани Ақжан. әл-Фараби және музыка. Көп томдық шығармалар жинағы. –Алиматы: «Алматы-Болашақ» баспасы, 2011. 16-том.) мақалалары арқылы ұлы ғұламаның музыкалық мұрасын қазақ халқына жақын таныс-тырды. Жалпы Ақжан Машани – әл-Фарабидің ғылыми еңбектерімен ғана емес оның өмірбаянымен жете таныстырып қана қоймай, данышпанның қазақ топырағынан шыққандығын, түрк тамырлы, қазақ қанды екенін дәлелдеп шыққан бірден-бір ғалым ретінде есімі адамзат тарихында үлкен әріппен жазылып қалған ғалым.
Ғалымның мына бір айтқанын еске сала кетейік: «…Мен қазір осы оркестр («Отырар сазы») құрамындағы аспаптарда бабамыз Фарабидің ойнағанына күмән келтірмеймін. Жақында ғана бір кітапты қолыма түсірдім. Соның ішінде Фарабидің оншақты аспабы бар. …Сыбызғының әр түрлісі кездеседі: жұптап тескендері, асты-үстінен тескендері. Фараби «Музыканың ұлы кітабында» түйе мініп жүріп өнер көрсететін адам жайлы жазады, домбыраның үш түрін айтады. Фараби кітабында дааф (даңғыраға ұқсас) деген аспап бар. Бұл тектес аспаптардың сылдырмақтары жұп болып (4 не 6) келетіні белгілі. Ал мұнда тақ (бесеу). Егер осы деректерді ғылыми тұрғыдан қарастырсақ, Фарабидің музыкаға енгізген ұлы теориясының сыры ашылады…» (А. Машанов. «Лениншіл жас», 1970, 17 октябрь).
Әл-Фарабидің музыкаға қатысты еңбектерін таныстыруға ерекше еңбек сіңірген ғалымдарымыздың бірі – Ауданбек Көбесов болатын. Ол Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық еңбектерінде айтылған ғылыми көзқарастардағы жаңа бағыттарды саралайды. Соның ішінде ғұламаның «Музыканың ұлы кітабындағы» (А.Көбесов кейін аударылып, жарық көрген «Музыка туралы үлкен кітапты» осылай атаған.С.М.) бұрын-соңды болмаған, тек әл-Фараби ашқан тың жаңалықтарды ашып көрсетеді. (Көбесов А. Әбу Насыр әл-Фараби. Алматы: Қазақ университеті, 2004, 27-33 бб.)
Кейінгі кезде әл-Фарабидің музыка саласындағы еңбектері бойынша орыстілді ғалымдар да ауқымды зерттеулер жүргізе бастады. Солардың бірі – ғалым Саида Дәукеева. Ол әл-Фарабидің музыкаға қатысты ойларын философиялық таным тұрғысынан мән бере зерттеді. Әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабының» тарихи негіздерін «Мұсылман ренессансы» дәуірінен іздеу мақсатында Аббассидтер халифаты кезеңіне шолу жасап, музыка туралы ілімнің бағыттарын анықтап, ортағасырлық араб әдебиетінің бөлінбес бір тармағы ретінде қалыптасқан музыка жөніндегі жазбаларды қарастырады да музыка туралы ғылымның генезисі мен қалыптасу кезеңдеріне ой жүгіртеді, сондай-ақ сол замандарда өмір сүрген ғалымдар арасындағы білім мен ғылым туралы пікірталастарға назар аударады. Әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабына» талдау жасап, ондағы қозғалған тақырыптарды талдайды. Айталық, ғылымдар классификациясындағы музыканың орны; назариалық өнердегі білімнің рөлі; өнердің «ойланатын пішін» екендігі, музыка өнерінің пішіндері; дәлелдеудің тәжірибесі мен негіздері; кітаптағы мазмұн мен назарианың құрылымы; ондағы фәлсафалық-логикалық терминология; фәлсафалық-эстетикалық және этикалық терминология; ғұламаның музыка ғылымындағы тілі туралы; музыка өнері және оның пәні; дыбыс; интервал; тетрахорд; дыбыстық қатарлар; дыбыстық реңдер; ауысулар мен араласулар; ырғақ назариасы; ырғақ құрылысы; құрылым назариасы; әуен-ырғақ – сөз; жанрлар мәселесі; пішін; ислам және музыка; әл-Фарабидің музыка туралы іліміндегі мұсылмандық мәдениет категориялары жөнінде жан-жақты саралауға баса көңіл бөлген (Даукеева С.Д. Философия музыки Абу Насра Мухаммада аль-Фараби.-Алматы: Фонд Сорос –Казахстан, 2002.)
Әлбетте, әл-Фарабидің музыкалық аспаптануға қатысты ізденістерін бағалау біз мысалға алған еңбектермен шектелмейді. Бұл арада мазмұнымен ел назарына ілінген еңбектерді және осы ғылыммен жүйелі түрде айналысып келе жатқан және әл-Фарабидің музыка туралы іліміне назар аударған авторлардың жұмыстарын ғана тілімізге тиек еттік. Болашақта бұл шолуымыздың аясы кеңитіні сөзсіз.
Зерттеушілер музыка назариасының негізі пифагоршылардың математика-лық қағидаттарынан бастау алатын-дығын айтқанмен, олар бұл танымның Грецияға Ежелгі Азия өркениетінен келгендігін де жоққа шығармайды; өйткені Пифагор музыка назариасын Вавилонда бірнеше жыл өмір сүрген уақытында таныған болатын; музыка туралы ілім Шығыстан басталғанымен, дамуын эллиндік Грецияда жалғастырғандығы да ақиқат. Айырықша айтпағымыз – бірнеше ғасырдан кейін ол даму Батыстан гөрі Шығыста кең қанат жайған. Шығыстық ғалымдар батыстық музыка назариасын жай қайталауды жөн санамаған. Гректер жасаған ілімнің тұғырына сүйене отырып, оны одан әрі дамытқан. Сол музыка ілімін дамытушылардың көшбасында әбу Насыр әл-Фараби тұрды. Әл-Фарабидің өзі гректердің ілімін оқи келе олардағы көптеген түсініксіз жайттарды байқаған.
Әл-Фараби айтады: «…мен ертедегі-лердің еңбектерін көріп, олардың барлығында музыка өнерінің толықтай зерттелмегенін білдім. Онда айтылған көптеген назариялық ғылымдарға үйлесімді баяндау мен айқындықтың жетіспеушілігі байқалды…» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап.ауд.: Ж.Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 42-бет.)


Шындығында, ол өзіне дейінгі ғалымдардың еңбегін ерекше бағаласа да, айтылған ойлардың бәріне илана бермеген. Әр айтылған пікірге күдікпен қарап, соның ақиқатын анықтауға ерінбеген. Өзі өз қолымен тәжірибе жасағанда көргенін, байқағанын, түсінгенін, анықтағанын салыстыра сараптап барып қағазға түсірген. «Музыка туралы үлкен кітабы» – осындай ерен еңбектің айғағы. Музыканың гректік назариасынан фарабилік назарианың айырмашылығы, музыкалық аспаптар туралы танымнан да анық көрінеді. Фарабилік таным назарианы міндетті түрде амалиатпен байланыстырады. Затты қолға ұстата, көзге көрсете отырып дәлелдейді, салыстырады, анықтайды, айқындайды. Сол себептен де шығыстық ғылым, әсіресе әл-Фараби ілімі өміршең болды.
Сондай өміршең еңбектің бірі – «Музыка туралы үлкен кітап». Ол екі бөлімнен тұрады (Құлаққағыс: әл-Фарабидің бұдан басқа «Аспаптар туралы кітап» деген еңбегі де бар) Бірінші бөлімінің Бірінші сөзі «Музыка өнеріне кіріспе» деген және «музыка өнерінің өзі» деген бөлімдерден тұрады. Бірінші бөлімде ғалым «музыка» туралы ұғымға және оның мазмұнына, музыка өнерінің сол замандағы пішіндеріне; әуенді орындау пішіндеріне; орындау мен әуенді ойлап шығару түрлерін салыстыруға; әуеннің түрлері мен мақсаттарына; өлең әуездерінің жасалуына; музыкалық аспаптардың шығу тегіне; тәлім алу мен амалиаттық жаттығуларға; «ғылым» ұғымы және оның мазмұнына; назариялық тәлімге; дәлелдеулердің негіздері мен тәжірибесіне; музыка назариясын жасаушы ғалым жөніне ғылыми таным тұрғысынан баға береді. Бірақ көп нәрсені өзі бастаған. Өзіне дейінгі ғылымда болмаған тың ұғымдар мен түсініктерді ғылыми айналымға қосқан.
Әл-Фараби айтады: «Біз зерделеп отырған осы өнерімізде (музыка назариасы С.М.) белгісіз болып отырғаны – бірінші негіз ғана емес, осы негіздер біліміне апаратын нәрселері де беймәлім. Мұнда алдымен осы [негіздердің] басымын тануға жетелейтін жол яки осы жолға бастайтын бағыт жоқ, не ертедегі адамдардың бізге түсіндіріп қалдырған ұстанымдары жоқ, не олардың немесе олардың артынан ілескен кейінгілердің нұсқауы жоқ. Сондықтан, біз бастапқыда осы өнердің (музыка назариасының) негіздерін игеруге септігі тиетін және соларға жеткізетін кейбір мәселелерді сөз қылуды дұрыс деп таптық» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап.ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 45-бет.)
Екінші бөлім «Музыка өнері» деп аталады. Бұл бөлімнің «бірінші білім» деген тарауының «Бірінші сөз» тармағында ғалым музыка өнерінің элементтері туралы, белгілі аспаптар және олардан шығатын дыбыстар хақында, кейбір әуендердің құрылымы турасында сөз қылады. Музыка өнерінің элементтері жөнінде «Бірінші сөзде» саралаған мәселелері мыналар:
– физикалық денелердегі музыкалық дыбыстар мен әуендердің пайда болуы;
– дыбыстың жоғары және төмен үнді болу себептері;
– дыбыс себептерінің үнге әсері;
– екі дыбыс арасындағы интервал;
– ішекті бөлгендегі интервалдар ауқымы: 1) октава интервалы; 2) екілік октаваның интервалы; 3) кварта интервалы; 4)октава интервалының квартадан артықшылығы; 5) октава және квинта интервалы; 6) квинта интервалы; 7)квинта интервалының квартамен салыстырғандағы қалдығы; 8)октава интервалының квинтамен салыстырғандағы қалдығы; 9) октава мен кварта интервалы; 10) бүтін үн интервалы;11) бүтін үн интервалымен салыстырғандағы квартаның қалдығы; 12) екілік кварта; 13) октава мен екілік кварта.
– консананстар мен диссонанстарды тәжірибеден өткізу;
– қосу немесе алу жолдарымен пайда болатын интервалдардың шамасы: 1) екі еселеу арқылы құрылған интервалдар; 2) қосу арқылы құрылған интервалдар; 3) ашалау (көбейту) мен бөлу арқылы ажыратылған интервалдар; 4) пропорциялы әдіспен бөлінген интервал.
– төменнен жоғарыға қарай тізбектелген дыбыстардың шамасы;
– кварта бөлінетін әуендік интервалдар;
– тетрахордтың түрлері мен құрылымы;
– Жұмсақ тетрахордтар: 1) жұмсақ жүйелі-тізбекті емес тетраходтардың түрлері, 2) жұмсақ жүйелі-тізбекті тетрахордтардың түрлері;
– Қатты тетрахордтар: 1) екі еселенген тетрахордтардың түрлері, 2)қатты қосылған тетрахордтардың түрлері, 3) қатты ажыраған тетрахордтардың түрлері;
– Тетрахордтардың жағымды және жағымсыз композициялары деген тақырыпшаларда назарияны нақты амалиаттық әдістемемен түсіндіре тұжырымдап отырады.
Келесі тарау «Екінші сөз» деп аталады. Осы «Екінші сөзде» ғалым мына мәселелерді қарастырады:
– квартаға бөлінетін интервалдар;
– толық дыбыстық қатарының шеткі тараптар арасындағы интервал;
– квартаның шеткі дыбыстарының толық дыбыстық қатар шектерінің арасында орналасу тәртібі;
– түгел қосылған толық дыбыстық қатар;
– құбылмалы және тұрақты дыбыстық қатар;
– толық дыбыстық қатардағы үн шырайларының атаулары: 1) толық ажыраған дыбыстық қатардың үн шырайлары (мұны схемамен көрсетеді), 2) толық ортаңғымен қосылған дыбыстық қатардың үн шырайлары (мұны да схемамен көрсетеді), 3) толық үн интервалы кварталардың арасында орналасқан тұрақты дыбыс қатарының үн дәрежелері (мұның да схемалық жобасын көрсетеді), 4) ортаңғымен қосылған ундецима дыбыстық қатарындағы үш үн шырайы (мұның да схемасын ұсынады);
– толық дыбыстық қатарлардағы тұрақты және құбылмалы үн шырайлары;
– толық дыбыстық қатарда қайталанатын интервалдар мен тетрахорд түрлері;
– толық ажыраған тұрақты дыбыстық қатардағы интервал түрлері;
– октаваның түрлері;
– ұқсас интервалдар;
– ұқсас интервалдары бар дыбыстық қатардағы үндер мен дәрежелер;
– табиғи, сондай-ақ жоғарғы және төменгі транспозициялар;
– транспозициялар негіздері;
– орта төменгі транспозициялардың негіздері;
– әртүрлі транспозициялардың интервалдары мен дыбыстардың орын алмасуы:1)дыбыстардың орын алмасуы, 2) әр түрлі транспозициялардың орын алмасуы, 3. Тетрахордтардың ауысуы;
– тетрахордтардың араласу нәтиже-сінен пайда болатын дыбыстардың саны;
– Дыбыстық қатар тектерінің араласуы;
– өту негіздері;
– ырғақ тектері: 1)ырғақ ұзақтығы: 2) қосылған әл-һазадж ырғақтары: 3) тең емес, қосылған ырғақтар: 4) тең емес, ажыраған ырғақтар.
– ажыраған ырғақ тектері: 1) бірінші ажыраған ырғақтар: 2) екінші ажыраған ырғақтар: 3) үшінші ажыраған ырғақтар.
– Үн мен тетрахордтарды және дыбыстық қатарды тәжірибеден өткізу үшін ескі аспапты суреттеу.
«Екінші сөзді» ғалым «Музыка назариасы жөніндегі сөзді қорыту»деген тақырыпшамен аяқтайды.
«Музыка туралы үлкен кітаптың» екінші тарауы белгілі аспаптар және олардан шығатын дыбыстар жайында. Осы екінші тараудың «бірінші сөзі» белгілі аспаптардан дыбыстарды шығару туралы амалиаттық сынамалар арқылы көз жеткен ақиқаттарды назариалық таным арқылы тұжырым-дап, анықталған ұғымдар мен түсінік-терді қорытындылап отырады.
Кітаптың «Үшінші білім» деп аталатын бөлімінің «бірінші сөзінде» мына мәселелер қарастырылады:
– бірлі-жарым әуендердің композициясы;
– әуеннің бірінші тегі туралы;
Тұрақты дыбыстық қатарлардағы үйлесімді және үйлесімсіз дыбыс сандарының 12 кестесі беріледі. Одан кейін:
– әуендердің негіздері хақында;
– бірлі-жарым ырғақтардың тектері туралы;
– ырғақтағы метрикалық негіз;
– метрикалық негіздерден туындылардың уақытын шығару;
– қосылғандарды құрастыру арқылы ажыраған ырғақтарды шығару: 1) қарапайым ажырағандар, 2) күрделі ажырағандар;
– метрикалық негіздерді арттыру арқылы ажыраған ырғақтарды жасау; ритм негізінде болатын өзгерістер;
– арабтардың музыкасында кең тараған: 1. Әл-һазадж әл-хафиф, 2. Хафиф әр-рамал, 3. Рамал, 4. Әс-сақиль әс-сәни, 5.хафиф әс-сақиль әс-сәни, 6. Әс-сакиль әл-әууәл, 7. Хафиф әс-сақиль әл-әууәл деген ырғақтар туралы тарқатып айтқан соң ырғақтар техникасы жөнінде түсіндіреді. Осы «Бірінші сөзде» қарастырылған ырғақ пен дыбыстар композициясы жайындағы айтылғандарды қорытындылап, Үшінші білімнің (тараудың) «Екінші сөзіне» көшеді. Мұнда ғалым мынадай мәселелерді сөз етеді:
– әуендердің екінші тегі; – дыбыстардың сапалық қасиеттері; – дауысты және дауыссыз фонемалар; – ырғақты фонема бөліктері және соларға ұқсағандар; – сөз түрлері; – әуендердің жасалуы және олардың сөз фонемаларымен қосылуы; – толық дыбыстардың әуендері; – бос дыбысты әуендер: 1. Дыбыстардың фонемаларға тең тарауы, 2. дыбыстардың фонемаларға тең тарамауы; – толық және бос дыбыс-тармен араласқан әуендер; – ырғақты әуендердің бөлімдері және олардың сөз бөліктерімен араласуы; – әуен бастамалары мен оларға кіріспе; – әуендердің соңы және оның бөліктерінің арасынан өту; – күйзелісті көрсететін дыбыс-тармен әуенді ажарлау; – сөздермен қосылған кемел әуендердің тектері; – әуеннің мақсаттары және олардың адам қызметіндегі орны;
Ғұлама ғалым осы еңбегінің соңына таман: «ол (яғни кітап – С.М.) өз ішінде музыка өнерінің элементтерін, кең таралған аспаптар мен әуен композициялары жайындағы бөлімдерді қамтыды. Онда (яғни кітапта – С.М.) осы өнерде қалыптасқан ұстанымдар мен негіздерден келіп шығатын нәрселер жүйеленді және ертедегі кітаптарда айтылған мәліметтер келтірілді» дейді.
Шындығында, музыка назариасы мен амалиатына жан-жақты әрі терең талдау жасалған орасан бұл еңбек заманнан заман өтіп, сан ұрпақ жаңғырса да өз маңызын төмендетпей бүгінгі талғамымыз бен таныммызға аса қажет болып отыр. Әл-Фараби ұлылығының бір сыры осы жасампаздық еңбегінде.
Сонымен, біз өз уақытымыз бен мүмкіндігіміздің аясында әл-Фарабидің музыкалық аспаптану әлемін тануға аз-кем талпыныс жасадық. Осы талпыныс нәтижесінде мынадай тұжырымдарға келдік:
– ортағасырларда музыкалық аспапты жасау, тарту, сипаттау қатар дамып, биікке көтеріледі. Бұл өркендеудің көшбасында біздің жерлесіміз әрі қандасымыз Әбу Насыр әл-Фараби тұрды;
– қазақ музыкалық аспаптануы – арнайы жан-жақты зерттеуге тұрарлық қажетті тақырып. Десек те, қазақ музыкалық аспаптары әлі жүйелі зерттеліп болған жоқ. Зерттеудің әдістемелік негізінде ұлттық ерекшелік бірінші орында тұруы керек. Осы тұрғыдан келгенде Әбу Насыр әл-Фараби негізін қалаған музыкалық аспаптанудың құрамдас бір саласы — қазақ музыкалық аспаптануының туу, қалыптасу және даму кезеңдерін адамзаттық өркениетпен және түркілік тарихи болмыспен бір арнада зерттеу маңызды. Өйткені тарихы антикалық дәуірлерден бастау алатын музыкалық аспаптану, яғни аспапты жасау; аспапты тарту; аспапты сипаттау қазақ халқына да тиесілі;
– әл-Фараби жолымен қазақ музыкалық аспаптануын екі бағытта – назариалық және амалиаттық бағытта қатар қарастыру тиімді: Сондықтан, музыкалық аспаптардың құрылыс-құрылымын, әр бөлшегінің атқаратын қызметін, физикалық-акустикалық қасиетін; орналасу құпиясын, құрас-тырылу амалдарын, жасалатын заттың табиғи ерекшелігін, қалай жасалатынын, қандай-құралдармен жасайтынын ғылыми жолмен тану да қажетті бағыт.
– бір аспаптан дыбыс шығару әдіс-амалдарын, шыққан дыбыстардың өзіндік ерекшелігін, яғни тембрін, диапазонын, интервалдарын, жылдам-дығын, ұзақтығын әл-Фараби секілді келесі бір аспаптардың дәл осындай ерекшеліктерімен салыстыра отырып, арнайы зерттеу – қазақ аспаптануы үшін тың тақырып.
– әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабын» қазақтілді кәсіби мамандардың музыкалық таным тұрғысынан сарапқа сала зерттеуі – күн тәртібінде тұрған қажетті де өзекті мәселе.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.